ҚАЗАҚТЫҢ ҚАРА АЛТЫНЫНА ПОЛЯКТАР ДА ҚЫЗЫҚТЫ
ҚАЗАҚТЫҢ ҚАРА АЛТЫНЫНА ПОЛЯКТАР ДА ҚЫЗЫҚТЫ
АҚШ пен Батыс, Қытай мен Ресей сынды алпауыттар көз төккен қазақ мұнайынан поляктардың да үмiтi бар. Алайда, энергетикалық шикiзат өндiрудегi ең төте әрi арзан жол ретiнде Қазақстандағы мұнай мен газды таңдаған Польша Ресеймен есептесуге мәжбүр. Өйткенi, орталықазиялық аймақты бауырына басып, етпеттеп жатып алған Кремль поляктарға қазақ мұнайын оңайлықпен татыра қоюы екiталай.
Польшаның ең iрi «Орлен» концернi қазақстандық энергетикалық нарықты игеру мақсатында Каспий теңiзi аймағындағы мұнай кенiштерiнiң жұмысына қатысуға мүдделiлiк танытты. Ресми деректерге сүйенсек, компания басқармасы ендiгi мұнай өндiру саласына қатысты жоспарларын дайындап қойған көрiнедi. «Орленнiң» вице-президентi Цезарий Филипович каспийлiк аймақты игеруде Қазақстанның басымдыққа ие болатынын мәлiмдедi. Сарапшылар қауымы поляктардың ең iрi мұнай компаниясы өткен жылы 9,5 миллион тонна мұнай өндiрген алпауыт – «ҚазМұнайгаз» компаниясымен бiрлесе отырып жұмыс iстеуi мүмкiн деп болжауда. Ескеретiн жайт, кезiнде Литваның Мажейкяй қаласындағы мұнай өңдеу комбинатын иемденуде бәсекелес болған екi мекеменiң өзара қатынасы айтарлықтай жақсы емес. Оның үстiне, қазақ мұнайын экспорттауда орыстардың маңызды рөл атқаруы да поляктардың жүгiн ауырлата түскендей. Халықаралық сарапшылар энергетикалық шикiзат өндiруде поляктарға ресейлiктермен қоян-қолтық жұмыс iстеу аса тиiмдi екендiгiн айтады. «Орлен» концернiнiң өкiлдерi сарапшылар кеңесiне құлақ асуға мүдделi. Өйткенi, Таяу Шығыстағы қара алтынның ауылы оларға тым алыс, ал Қазақстандағы мұнай көлемi жаңа ойыншыларды көптеп тартатындай, аса iрi емес. Осы себептен, егер Польша қазақ мұнайын игеруге оңай қол жеткiзгiсi келсе, Кремльмен арадағы байланысты жақсартуға тырысуы тиiс. Еуропалық Одаққа мүше Польша Солтүстiкатлантикалық альянстың да құрамында бар. Үстiмiздегi жылы Шенген аймағына енудi жоспарлап отыр. Сондықтан ел президентi Лех Качиньский орыстармен серiктестiк қатынастарды дамыта отырып, дау тудырған мәселелерде келiссөздер көмегiне жүгiнудi қалайды. Бiрақ президент келiссөздердiң екiжақты ғана емес, көпжақты, Еуроодақтың қатысуымен болғанына көңiл аударып отырады. Себебi, мұның пайдалы жақтары көп. Мысалы, кезiнде Латвия Еуропалық комиссияға «Вентспилстегi мұнай құбырын жауып тастады» деп Ресейдiң үстiнен шағым айтқан болатын. Латвияның орыстарға қатысты дауды шешуiнде еуропалықтардың көмегi тигенi анық. ЕО-ға арқа сүйеген поляктар да бiр кездерi Ресей мен Германияның Солтүстiк-Еуропалық мұнай құбыры құрылысын салуына кедергi жасау туралы Брюссельге өтiнiш бiлдiрген. Аталған жоба жүзеге асырылатын болса, Польша территориясы арқылы өтетiн қара алтыннан түсетiн қаржыдан қағылмақ. Оның үстiне, газ бағасының қымбаттауы да арқаларына аяздай батқан. Польша жыл сайын шамамен 11 млрд. текше метр табиғи газды сырттан тасымалдайды. Оның 90 пайызы – орыстардың «көгiлдiр отынының» үлесiнде. 1996 жылы «Газпром» мен поляктардың мемлекеттiк мұнай-газ компаниясы 2020 жылға дейiн жалпы көлемi 250 миллиард текше метр энергоқорды жеткiзiп тұру туралы келiсiмге қол қойған болатын. Алайда соңғы жылдары күн тәртiбiнен түспей жүрген энергетикалық қауiпсiздiк пен энергетикалық тәуелсiздiк мәселесi поляктардың да түн ұйқысын төрт бөлiп жүр. Кейiнгi кездерi кәрi құрлықпен, сонымен қатар табиғи ресурстарға бай орталықазиялық аймақпен тығыз қарым-қатынас жасауға деген талпынысы орыстардан iргенi аулақ салуға тырысатынын байқатады. «Бiрде – бие, бiрде – түйе» Кремльдiң кердеңiнен шаршаған поляктар Францияның «Gaz de France» компаниясымен бiрлесе отырып, жыл сайын 3-5 миллиард текше метр газды қабылдай алатын теңiз терминалы құрылысын жүзеге асыру туралы келiссөздер жүргiзуге бел байлаған едi. Айтпақшы, Варшава Еуроодақтан мұнай мен газ мәселесiне қоса орыстар елiне жеткiзiлетiн поляктардың кейбiр ауыл шаруашылығы өнiмдерiне салынған тыйымды алып тастау жайлы да өтiнiш айтты. «Бiр оқпен екi қоянды ату» дегенiңiз – осы.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ