ДIНИ ЕМЕС ТАЗА ЖЕР ДАУЫ!
ДIНИ ЕМЕС ТАЗА ЖЕР ДАУЫ!
Соңғы жылдары Алматы облысының Қарасай ауданында кришнаиттерге қатысты көтерiлген дау-дамайдан көп бұрын олардың уағыздық дабырасы дүңкiлдеп естiлiп жатты. Естiген құлақта жазық жоқ, олардың айтуынша Кришна “Құдай” қазақ топырағында, дәлiрегi Қаскелең атырабында дүниеге келiптi-мiс. Ал, бiр ғалымсымақ қандасымыз ұлтымыздың мақтанышы дана Абайдың өзiн “кришнаит” етiп кiтап жазып, онысын оқу орындарына қосымша оқу құралы ретiнде Бiлiм, ғылым министрлiгi арқылы бекiттiрiп те үлгерген едi. Бұл жөнiнде қазақ тiлдi баспасөзде әшкерелеу тұрғысында әлденеше материалдар да жарық көргенi әлi есте.
Сөйтiп Кришна “Құдайды” қазақыландырып, қоғамдық көзқарасты “қалыптастырып” алған соң оның уағызы мен үгiт-насихатына жол ашылды. Бұған шынында да иланып қалған қандастарымыздың бiр бөлiгi Қаскелеңдi былай қойғанда, Алматының қақ ортасында “Хари Кришна” деп әндетiп, кепшiгiн қағып, аула-ауланы, үй-үйдi аралайтынды шығарды. Олар өзiне тұрғылықты ордасы ретiнде Қаскелең қаласының айналасындағы жасыл бау-баққа оранған саяжайларды таңдапты. Ел тәуелсiздiгiн алған 90-жылдардың басынан 2000-жылдарға дейiн жаппай жұмыссыздық салдарынан әлеуметтiк жағдайы төмендеген, әрi дiни сауаты шамалы халықтың осынау хал-ахуалын кришнаиттер өз мүддесiне шебер пайдаланып қалуға тырысты. Саяжайлардың иелерi болғанымен денi оған қысы-жазы аттап басуды қойған-ды. “Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетедi” деген емес пе?! Бос қалған саяжайлар кришнаиттердiң бас қосатын, түрлi жиындары мен дiни жоралғыларын емiн-еркiн өткiзуiне таптырмас орындарына айналды. Оларға Қазақстанды былай қойғанда, таяу және алыс елдерден де тiсқаққан, тәжiрибелi миссионерлерi келiп жатты. Күнi кеше ғана соңынан ит қосқандай етiп кришнаиттердi қуып шыққан Ресейдiң өкiлдерi бүгiнгi күнi соның қорғаушыларына айналған секiлдi. Олардың ойы: “Ресей кришнаиттерден құтылды, ал Қазақстан не болса, о болсын”, – дейтiндей. Бұл жағдай мұнан да әрi жалғаса түсе берер ме едi, “Кришна санасы қоғамы” дiни бiрлестiгi мүшелерiнiң заңға қайшы әрекеттерi туралы саяжайлары көршiлес орналасқан “Птицевод” бау-бақша серiктестiгiнiң тұрғындары ұжымдық түрде тиiстi орындарға шағым жасамағанда. Олардың шағымы бойынша Қарасай аудандық әкiмшiлiгi дау-дамайды реттеудi қолға алса, ал аудандық сот iс қарады. Кришнаиттер тарапынан орын алған заңсыздықтар әшкере болды. Оны қайта қалпына келтiру үшiн заңсыз салынған ғимараттарды бұзу жөнiнде үкiм шығарылды. Бұған келiспеген аталмыш қоғамның Орта Азия бойынша үйлестiрушiсi Б.Б.Говинда Свами мырза өз кезегiнде арыз-шағымды оңды-солды боратты. Онысымен тоқталмай, қазақстандықты былай қойғанда, тiптi шетелдiк бұқаралық ақпарат құралдарына да мәлiмдемелер жасап, өздерi қысым көрiп жатқандай дабыл қақты. Онысына дiни де, саяси да бояуды қоюлата жақты. Бiздегi шетел елшiлiктерiне де, адам құқы мен бостандығын қорғау жөнiндегi неше түрлi халықаралық ұйымдарға да “мұңын” шақты. Әлемдiк және дәстүрлi дiн жетекшiлерiнiң Астанадағы II құрылтайы қарсаңында олар бұл дабырасын барынша күшейтiп, тiптi бұл келелi жиынды өткiзбеймiз деуге дейiн барды. Оған “Кришна санасы қоғамының” әлемнiң әр жерiндегi бөлiмшелерi де атсалысып, айқайға қиқу қосты. Делидегi Қазақстан елшiлiгi алдында наразылық шеруiне шыққан тобыр бiздiң ел атына қоқан-лоққы жасап бақты. Мұндай наразылық Шығыс Еуропадағы кейбiр елдердегi Қазақстан елшiлiгi алдында да өткiзiлдi. Кришнаиттердiң өтiнiш-шағымына орай Америка Құрама Штаттары мен Ұлыбританияның елшiлерi Қазақстанға “Бұл қалай?” дегендей сыңаймен сұрау да салды.
Кришнаиттердiң халықаралық көлемде дабыра шу көтеруi және осы қоғам мен “Птицевод” бау-бақша серiктестiгi тұрғындарының ұжымдық арыз-шағымдарына орай былтырғы 7 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң Дiни iстер комитетi жанынан арнайы комиссия құрылды. Оның құрамына депутаттар, мемлекеттiк және құқық қорғау органдары, Бас прокуратура, мемлекеттiк және жергiлiктi атқару орындарының өкiлдерiмен қатар “Кришна санасының қоғамы”, ислам, православие дiни бiрлестiктерiнiң мүшелерi де ендi.
Комиссияның алғашқы отырысы сол құрылған 7 қыркүйекте Астана қаласында өттi.
Комиссия отырысына бақылаушылар ретiнде Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөнiндегi Қазақстан халықаралық бюросының директоры Е.А.Жовтис, Алматы-Хельсинки комитетiнiң төрайымы Н.К.Фокина, Қазақстандағы Еуропаның қауiпсiздiк пен ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) орталығының өкiлi Л.Жұмахметова, сондай-ақ, Қарасай аудандық әкiмдiгi мен “Кришна санасы қоғамының” адвокаттары да қатысты.
Комиссия мүшелерi Орталық Азия бойынша “Кришна санасы қоғамының” үйлестiрушiсi Б.Б.Говинда Свамидiң және Алматы облысы әкiмiнiң орынбасары С.М.Мұқанов ұсынған құжаттарды зерделедi.
Одан соң комиссия осы мәселеге қатысты барлық жағдайларды тексерiп, анықтау үшiн өз жұмысын жер дауы туындаған Қарасай ауданында жүргiзген.
Сол ауданның әкiмдiгiнде комиссияның үш ашық отырысы өтедi. Iле “Птицевод”, “Приозерье” бау-бақша серiктестiктерi тұтыну кооперативтерi мен “Кришна санасы қоғамының” мүшелерiмен кездесiп, арнайы ашық үш жиналыс өткiздi. Оған қатысқан екi жүзге тарта кiсiнiң үштен бiрi өз ой-пiкiрлерiн бiлдiрген.
Жиналыстарда аталған екi бау-бақша серiктестiктерi мүшелерiнiң де, “Кришна санасы қоғамының” Орталық Азия бойынша үйлестiрушiсi Б.Б.Говинда Свамидiң де, сондай-ақ, Қарасай аудандық әкiмдiгi мен Алматы облыстық жер ресурстарын басқару жөнiндегi жергiлiктi органдары өкiлдерiнiң де дау-дамайға қатысты ой-пiкiрлерi, келтiрген дәлелдерi тыңдалып, заңсыздық орын алған жердегi жағдай жан-жақты талдана келе, комиссия бiрқатар жәйттердi анықтаған. Ендi соларға ретiмен тоқталайық.
1999 жылдың наурыз айында Қарасай ауданындағы “Мерей” шаруа қожалығының басшысы Е.Әбдiхалықов 42,8 гектар жер телiмiн 900 мың теңгеге Алматы қаласының “Кришна санасы қоғамының” мүшелерi А.В.Маркин, Т.М.Хибатуллин және Н.Б.Шкловскаяға сатқан.
Соңында, жоғарыда аталған азаматтар оның 12,8 гектарын Р.К.Ерденбековаға тиесiлi 17,5 гектар жерге айырбастаған, соның нәтижесiнде олардың жалпы жер көлемi 47,5 гектарды құраған.
Сотта анықталғанындай, мемлекеттiк нотариуспен куәландырылған сатып алу-сату шартында көзделген жер телiмiнiң пайдалану мақсаты шаруа қожалығы орнына қосалқы ауылшаруашылығын жүргiзу деп келiсiм-шартты әдейi өзгерткен. Бұл қолданыстағы заңнаманы өрескел бұзу болып табылады.
Жер телiмдерiн дұрыс мақсатта пайдаланбағаны үшiн Қарасай аудандық әкiмдiгi 47,5 гектар жерге қатысты жасалған мәмiлелердi жарамсыз деп тану туралы аудандық сотқа талап-арыз берген.
Аудандық соттың 2005 жылғы 22 желтоқсандағы шешiмiмен аталған жер телiмдерiне қатысты жасалған бiрқатар мәмiлелер жарамсыз деп танылып, оны аудандық жер қорына қайтарған.
“Мерей” шаруа қожалығына Елтай ауылдық округi аумағында 1988 жылы құрылған “Птицевод” бау-бақша серiктестiгi көршiлес орналасқан. Олар “Кришна санасы қоғамының” мүшелерiне осы тұтыну кооперативiнiң саяжай телiмдерiн бiрте-бiрте сатып алуларына мүмкiндiк жасаған.
Кейiнiрек, кришнаиттер “Приозерье” бау-бақша серiктестiгi” тұтыну кооперативiн ұйымдастырып, оны заңға сәйкес тұрғылықты Қарасай аудандық Әдiлет басқармасында тiркетудiң орнына 2006 жылғы 2-ақпанда Алматы қалалық Әдiлет департаментiнде тiркеуден өткiзген.
“Приозерье” саяжай телiмдерi аумағында төрт ғимарат қайта тұрғызылып, оларды мемлекеттiк сәулет-құрылыс бақылау органдарының және жергiлiктi атқарушы орындардың тиiстi рұқсатынсыз 40, 12 және 8 адамға арналған қонақ үйлер мен жатақханаларға айналдырылған.
Аудандық соттың шешiмiне келiспеген “Кришна санасы қоғамы” мүшелерiнiң арыздарын Алматы облыстық сотының азаматтық iстер алқасы қарап, аудандық соттың шешiмiн өз күшiнде қалдырады.
“Кришна санасы қоғамы” мүшелерiнiң соттың кейбiр шешiмдерiнiң күшiн жою туралы талап-арызын қараған Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының азаматтық iстер алқасы Алматы облыстық сотының шешiмдерiн дұрыс, ал шағымданушылардың шағымын мұнан әрi қарауға жатпайды деп бұл дау-дамайға соңғы нүкте қояды.
Осы сатып алу-сату шартының негiзiнде Жер ресурстарын басқару бойынша облыстық жер комитетi сатып алушыларға жердi пайдалану құқын беретiн мемлекеттiк актiнi тапсырған. Осыдан кейiн “Мерей” шаруа қожалығының аумағында 1996 жылғы қараша айында Алматы қаласы, Абылайхан даңғылы 39, 32/33 пәтер, мекен-жайында тiркелген қалалық “Кришна санасы қоғамы” қосалқы ауыл шаруашылығын жүргiзумен қатар дiни шаралары мен уағызын белсендi түрде жүргiзе бастайды.
Қазiргi таңда ауылшаруашылығы мақсатындағы 1,5 гектар жерге орналасқан фермерлiк тұрғын үй ғибадатханаға, ал бұрынғы шаруа қожалығының сиыр қорасының үлкен бөлiгi ауылшаруашылық өнiмдерiн сақтайтын қойма мен асханаға айналдырылған. Сонымен қатар онда көп кiсiлiк дiни ғибадат рәсiмдерiн өткiзетiн арнайы алаң да жасалған.
1996 жылы қараша айында Алматы қаласында заңды тұлға ретiнде тiркелген Алматы қалалық “Кришна санасы қоғамы” қолданыстағы Дiни бiрлестiктер туралы заңнаманы бұза отырып, 1999 жылдан бастап дiни қызмет iстерiн Қарасай ауданы аумағында жүзеге асырғанын атап өткен жөн.
Облыстық “Кришна санасы қоғамы” заңды тұлға ретiнде мекен-жайы: Қарасай ауданы, Береке ауылы, “Мерей” шаруа қожалығы, 1-шi үй деп тек 2002 жылғы мамыр айында ғана облыстық әдiлет департаментiне тiркелген.
Прокуратура, мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық бақылау, сәулет және құрылыс органдары өкiлдерiнiң жүргiзген тексерулерi кезiнде бiрқатар заңнамалардың бұзылғандығы анықталған. Атап айтқанда, сәулет, құрылыс, өрт, санитарлық және экологиялық қауiпсiздiк саласындағы мемлекеттiк нормалар, құрылыс және ғимараттарды пайдалануға берудiң белгiленген тәртiбi сақталмаған, жер телiмдерi мен саяжай үйлерi заңда көзделген мақсат аясында пайдаланылмаған.
Аудандық әкiмдiк пен облыстық жергiлiктi жер ресурстарын басқару органдарының талап-арыздары бойынша аудандық сот “Кришна санасы қоғамының” мүшелерiне 15 саяжай телiмдерiн босатып, өз беттерiмен заңсыз тұрғызған 11 ғимаратты бұзу туралы үкiм шығарады.
Аудандық соттың жоғарыда аталған шешiмдерi облыстық соттың азаматтық iстер алқасында қайта қаралып, өзгерiссiз қалдырылады. “Кришна санасы қоғамы” мүшелерiнiң шағымдары қанағаттандырылмады.
Былтырғы қарашаның соңғы он күндiгiнде аудандық соттың шешiмдерiн жүзеге асыру мақсатымен сот орындаушылары заңсыз салынған саяжайдағы ғимараттардың терезелерiн бұзады.
“Птицевод” бау-бақша серiктестiгi кооперативiнiң аумағында өткiзiлген жиналысқа қатысушылардың сөздерiнен Қарасай ауданында “Кришна санасы қоғамы” үшiн арнайы жер телiмдерi бөлiнбегендiгi және дiни бiрлестiктiң Жер кадастрында жердi пайдаланушы ретiнде тiркелмегендiгi және “Мерей” шаруа қожалығы мен “Приозерье” саяжай кооперативiнiң аумағында “Кришна санасы қоғамының” алыс және жақын шет елдерден келген дiндарлары төлқұжатты тiркеу тәртiбiн бұзып, тұрғылықты тұрғын ретiнде тұрып жатқандығы да белгiлi болды.
“Кришна санасы қоғамы” елiмiздiң “Дiни сенiм бостандығы мен дiни бiрлестiктер туралы” Заңы мен Елбасының 1995 жылғы 15 наурыздағы N2126 бұйрығын бұза отырып, Алматы қаласы және республиканың басқа да облыстарынан, сондай-ақ, Ресей Федерациясы, Өзбекстан мен Қырғызстаннан көптеген адамдарды шақырып, жергiлiктi әкiмдiктен тиiстi рұқсат алмастан ауқымды дiни шаралар, фестивальдар, жиналыстар және мейрамдар өткiзудi әдетке айналдырған.
“Кришна санасы қоғамының” мүшелерi мен жергiлiктi тұрғындар арасында өзара дүрдараздық ахуал қалыптасқан. Үгiт-насихатын кең көлемде жүргiзiп, өз қатарына күшпен тарту, сондай-ақ саяжай телiмдерiн иелерiнен алу үшiн түрлi қысымдар жасау сияқты өрескел iс-әрекеттердiң “Кришна санасы қоғамының” мүшелерi тарапынан жиiлеуi “Птицевод” бау-бақша серiктестiгi ұжымының орынды ренiшiн туғызған.
Сонымен қатар “Кришна санасы қоғамының” Орта Азия бойынша үйлестiрушiсi және дiни бiрлестiктiң жетекшiсi әрi миссионер, АҚШ азаматы Б.Б.Говинда Свами жер мәселесiне қатысты даудың созылу себебiн шынайы, объективтi түрде ашып айтпай, қазақстандық және халықаралық қоғамдарда терiс пiкiрлер туғызуға барынша жанын салуын қалай түсiнуге болады? Оның сот шешiмдерiн сол аудандағы кришнаиттер қоғамына әдейi жасалған қысым және дiни сенiмiне байланысты қудалау деп байбалам салуына да жол болсын?!
Алайда, бұл мәселе “Кришна санасы қоғамының” кейбiр мүшелерiнiң республикамыздың заңнамаларын өрескел бұзуы, жер телiмiне жалған меншiк құқығын рәсiмдеуi, оны дұрыс мақсатта пайдаланбауы және “Птицевод” саяжай қоғамының басқа да мүшелерiнiң заңды құқықтарын бұзуына тiкелей қатысты деп түсiну ләзiм.
Бүгiнгi таңда Астана мен Алматы қалаларында және елiмiздiң 6 облысында “Кришна санасы қоғамының” 10 ұйымы ешқандай да кедергiсiз тiркелiп, өз қызметтерiн атқаруда. Олар конфессияаралық келiсiмдi нығайтуға бағытталған iс-шараларға белсене қатысады. Бұл ұйымдар тiркелген күнiнен бастап осы кезге дейiн ешқандай да заң бұзушылыққа бармаған, мемлекеттiк басқару органдарымен қарым-қатынастарында да келiспеушiлiк байқалмаған.
Аталған дау-дамайда ешқандай да дiни шектеушiлiк жоқ екендiгiне төмендегi жағдайлардан да көз жеткiзуге болады:
Соттағы талап-арыздар дiни және саяси көзқарастарға байланысты емес, жеке тұлғаларға қолданыстағы заңнама талаптарын бұзғаны үшiн берiлген;
“Кришна санасы қоғамы” аудандық және облыстық атқару орындарына ғибадатхана салу үшiн жер телiмiн сұрап өтiнiш бермеген;
Және Қарасай ауданы бойынша Жер кадастрында жердi пайдаланушы ретiнде тiркелмеген;
Қазiргi кезде осы аудандағы Елтай ауылдық округi аумағында “Кришна санасы қоғамының” мүшелерiне заңды түрде 15 саяжай телiмi тиесiлi. Тағы да 4 саяжай телiмдерiнiң құжаттары рәсiмделу үстiнде.
Комиссия осы дау-дамайдың көтерiлуiне оның орын алу себептерi жайлы шынайы ақпарат болмай бiржақты ғана айтылуынан туындаған деп есептейдi.
Мәселенiң тоқетерi “Кришна санасы қоғамының” кейбiр мүшелерiнiң “Дiни сенiм бостандығы мен дiни бiрлестiктер туралы” Заң мен жер кодексiн өрескел бұзғандығына тiрелiп тұр.
Елiмiздiң Сыртқы iстер министрлiгiнiң мәлiметтерi бойынша, халықаралық “Кришна санасы қоғамы” Үндiстанда бiрнеше рет фермерлiк жер телiмдерiн заңсыз иеленiп, жылжымайтын мүлiкке қатысты проблемалар туғызғаны да белгiлi болды.
Комиссия өз жұмыстарының қорытындысын шығара келе аталған даудағы жер телiмдерiн дұрыс мақсатта пайдаланбаған және өз қалауынша рұқсатсыз тұрғызылған ғимараттарды бұзу туралы сот шешiмдерi мен аудандық атқарушы орындардың iс-әрекеттерi негiздi және заңды деп тапты.
Осының негiзiнде комиссия Қарасай ауданының әкiмiне:
Елтай ауыл аумағының саяжай телiмдерiн және жердi пайдалану бойынша даулы мәселенi Қазақстан Республикасының заңнамасына сүйенiп шешу;
Келешекте Елтай ауыл аумағындағы жер телiмдерiн жекешелендiруде кемшiлiктерге жол бермеу және елiмiздiң жер мен сәулет-құрылыс туралы заңнамаларының талаптарын сақтауға қатысты тиiстi iс-шаралар қабылдау;
Жер және құрылыс заңнамаларының талаптарына сәйкес уақытша тоқтатылған саяжай және бау-бақша телiмдерiн жекешелендiрудi одан әрi жалғастыру ұсынылды.
Ал, “Кришна санасы қоғамының” басшылығына ғибадат үйiн салу үшiн жер телiмiн бөлу туралы заңнамада белгiленген тәртiпке сәйкес Қарасай ауданының жергiлiктi атқарушы орнына өтiнiш беру; жұрт алдында Құдайға құлшылық етудi, дiни жоралар мен рәсiмдердi “Дiни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiктер туралы” Заң аясында жүзеге асыру; мемлекеттiк органдарға, халықаралық ұйымдарға және бұқаралық ақпарат құралдарына осы мәселе бойынша шынайы ақпарат берудi ұсынды.
“Кришна санасы қоғамы” мен “Приозерье” бау-бақша серiктестiгi мүшелерiне екi арадағы Елтай ауыл аумағындағы жер мен саяжай телiмдерiн пайдалануға қатысты туындаған дауларды Қазақстан Республикасының заңнамаларында белгiленген тәртiптер бойынша шешу ұсынылды.
Алматы облысы әкiмдiгiнiң жанындағы дiни бiрлестiктермен байланыс жөнiндегi кеңеске және облыстық Әдiлет департаментiне туындаған осынау ахуалға байланысты Қарасай ауданындағы жергiлiктi атқару орындарының, дiни бiрлестiктер мен өзге де заңды және жеке тұлғалардың “Дiни сенiм бостандығы мен дiни бiрлестiктер туралы” Заңды орындауын үнемi бақылауға алуы тиiс екендiгiн комиссия атап көрсеткен.
Комиссияның қорытынды отырысы желтоқсан айының соңғы онкүндiгiнде Астана қаласында өткен. Жуырда комиссияның жұмыс қорытындысы баспасөз мәслихатында жария етiлдi. Онда комиссия төрағасы, Әдiлет министрлiгiне қарасты дiни комитет төрағасының орынбасары А.Мұқашев, Бас прокуратураның департамент бастығы А.Кравченко және Сыртқы iстер министрлiгiнiң бөлiм бастығы Г.Бейсеева журналистердiң көптеген сауалдарына тиянақты жауап бердi.
Жер дауына байланысты құрылған арнайы комиссияның нақты шешiмi мен ұсыныстары осындай. Мұнан белгiлi болғанындай Қарасай ауданындағы саяжайлар мен жер телiмдерiнен туындаған дау-дамайдың дiнге де, саясатқа да ешқандай қатысы жоқ. Оған неше түрлi бояуды қоюлатып жағып, одан көп конфессиялы елiмiздiң халықаралық беделiн түсiргiсi келген өрiсi тар, жеке мақсат көздеген кришнаит қоғамы басшыларының айла-шарғысы ашылып қалды.
Көп ұлт пен ұлысты, соған орай көп дiндi елiмiздiң азаматтарына сенiм бостандығы берiлген. Заң алдында бәрi де бiрдей. Әйтсе де, елiмiздегi осынау бiрлiк пен ынтымақ, өзара түсiнiстiк пен сыйластық әлдекiмдердiң мазасын алатын секiлдi. Осыған орай, тырнақ астынан кiр iздеп, сыныққа сылтау тапқысы келедi. Кришнаиттердiң де саяжайға қатысты заңды белден басып, бұрмалап қана қоймай, одан халықаралық дау туындатуға тырысуы осыған нақты дәлел бола алса керек. Сенiм бостандығын пайдаланып, жер дауына айналдырып та үлгердi. Ертең тағы бiрi мұнан үлгi алмаса деңiз.