СЫЙЛЫҚ ТА САЯСАТТЫҢ БIР ҚҰРАЛЫ

СЫЙЛЫҚ ТА САЯСАТТЫҢ БIР ҚҰРАЛЫ

СЫЙЛЫҚ ТА САЯСАТТЫҢ БIР ҚҰРАЛЫ
ашық дереккөзі
442

Бұрын ата-бабамыздың дәстүрiнде үйiне келген қонаққа, жегжат-жұрағатқа, елдiң аузы дуалы адамдарына, төркiндеп келген қызға, жиенге, тағы-тағыларына ат мiнгiзiп, кiлем, шапан жауып сый-сияпат көрсету сияқты кәде, үрдiс болғаны рас. Бiрақ, дәл қазiргiдей пәленшекеңнiң пәлен жылдығына арналған сыйлық, бiрiншi орын, екiншi, үшiншi орын сыйлығы, ынталандыру сыйлығы «Тарлан» сыйлығы, «Отан» партиясының сыйлығы, «Жыл адамы» сыйлығы деген сияқты дүркiн-дүркiн шүлен таратып отыру дегендi ешкiм естiген де, көрген де емес. Бұл бiзге Еуропа жұртынан Ресей арқылы келген «жаңалық». Рас, әр заманның өзiне сай үрдiсi болады. Бiрақ қанша жерден солай десек те соңғы жылдары, тiптi көбейiп кеткен толып жатқан сыйлық атаулының еш талғамсыз, әдiл сарапқа салынбай, «бармақ басты, көз қыстымен», пәленшекемдердiң «звоногының» арқасында өз орнын таппай, кiм-көрiнгенге берiлiп жататынына да жұрттың етi өлiп кеткен. Әртүрлi ғылым, әртүрлi шаруашылық саласын қайдам, мұндай сыйлықтар дәл бүгiнгi күнi әдебиетiмiз бен өнерiмiздiң iлгерi басуына, бұл киелi қос саланың көсегесi көгерiп, көркемдiк, шеберлiк, сапалық жағынан шырқау биiкке көтерiлуiне септiгiн тигiзiп отыр дейтiн адам табыла қояр ма екен?

Әңгiменi күлтiл-бүлкiлсiз турасынан айтар болсақ, қазiр әсiресе, әдебиет саласында мемлекеттiк деңгейде немесе белгiлi бiр партияның атынан берiлетiн атақтар мен сыйлықтар беру кезiнде негiзiнен шығарманың саяси мән-мазмұнына ғана көбiрек көңiл бөлiнедi. Мұндай атақ, сыйлықтар жөнiндегi комиссия құрамында бiреудiң өзi жақсы, бiреудiң көзi жақсы дейтiн қағидамен жүретiндер де, тiптi әлгi сыйлық иесiмен алдын-ала ауызша «келiсiм-шартқа» отыратындар да бар дегендi талай естiдiк. Мұндайда, әрине, бәсекеге түскен шығармалардың iшiнен ең бiр көркемдiгi жоғары, шеберлiкпен, суреткерлiкпен, шынайылықпен жазылған дүниенi ғана iрiктеп алайын, әдебиетiмiз бен өнерiмiзге обал болмасын, автордың да обалына қалмайық, Құдай алдында күнәһар болмайын деген имандылық мәселесi айдалада қаңғырып қалады. Яғни, мұндайда жеке мүдденiң саясаты күш алып кетедi. Қазiр кейбiр лепiрме, желдiрме журналистердiң жазғандарын оқып отырсақ, Үкiметiмiз әдебиеттiң, өнердiң дамып, гүлденуiне шынында қатты көңiл бөлiп, өмiрдiң осы бiр ең киелi салаларын өз қамқорлығына алып отыр екен-ау деп қалуға да болады. Оларға қарсы дау айтсаң, бұл сөзiнiң дәлелi ретiнде әртүрлi тақырыптарға, әртүрлi айтулы даталарға, белгiлi-белгiлi қайраткерлердiң мерейтой, мүшелтойларына арнап «бiр жыл iшiндегi» белгiленген сыйлықтар мен бәйгелердiң тiзiмi көрсетiлген қағазды мұрныңның астына тоса қоюға да дайын тұрады. Әрине, бұл шаралар мына қиыншылық заманда өнер адамдарына деген қамқорлықтың зәредей болса да бiр шарапат ұшқыны болса болар. Бiрақ сол шараларыңыздың дәл бүгiнгi күнi әдебиет пен өнерге пайдасынан гөрi зияны көбiрек тиiп жатыр ма деген де ойға қаласың. Неге десеңiз, мұндай шаралар қорытындысы бойынша берiлетiн сыйлыққа қалайда ие болу үшiн жазылған дүние ешқашан таза таланттан, кiршiксiз ақ жүрек, ақ пейiлден шыққан дүниелер емес. Бұлар негiзiнен мына заманның керемет заман болғанын, мұндай рахат қоғам бұрын-соңды болмағанын немесе мерейтой, мүшелтойы өткiзiлiп жатқан жеке бiр адамның өмiрге сирек келетiн ғажайып адам екендiгiн өтiрiк мақтаумен «жазып шыққан» сүреңсiз дүниелер. Бұл пысықай авторды екi жеп биге шығарады. Демек, әрi ақшалай материалдық сыйлыққа, әрi пәлен деген сыйлықтың иегерi деген атақ алады. Осыларды көрiп отырып, Мемлекеттiк сыйлықтан да сый кеттi-ау деп қалатын болдық. Өйткенi, осындай кейбiр шығармалардың көтерiп тұрған, не әлеуметтiк, не тәрбие-өнегелiк, не ұлттық жүгi жоқ, не көркемдiктен, не шеберлiктен мақұрым екенiн көре, бiле алатындай парық-парасатымыз бар. Әрине, бұл жерде Мемлекеттiк сыйлық алған дүниелердiң бәрi бiрдей азғын мен тозғын деуден аулақпыз. Бiрақ әлгi жағдаяттың орын алып отырғаны ақиқат. Ендi соның көңiлiмiзге түйткiл түсiретiн тұстарына бiр көз салып көрейiк. Жазушылар Одағын қаламгерлердi Мемлекеттiк сыйлыққа ұсынатын басты мекеме десе болады. Бүгiнде осы Одақтың талқылауынан өтпей қалған шығарма иесi өзi жұмыс iстейтiн мекемеден, немесе өз облысынан, ауданынан ұсынылады да, келесi жоғарғы сараптаушы комиссияға өтiп кете бередi. Осындай бей жүйелiлiктiң арқасында биылғы Мемсыйлыққа бiреу «Егемен Қазақстан» газетi арқылы да өтiп кеттi. Әрине кез келген ұйымның Мемлекеттiк сыйлыққа ұсыныс жасауға хақысы бар. Бiрақ бұрыннан қалыптасқан дәстүр бойынша жазушыларды тек қана Жазушылар Одағы ұсынса жөн болар едi. Сыйлыққа ұсыну кезiнде проза немесе поэзия кеңесiнiң ұйғарымын белден басқаны үшiн осы кеңес мүшелiгiнен бас тартқандар да болды. Жасыратын дәнеңесi жоқ, қазiр қаламгер қауымнан «биылғы Мемлекеттiк сыйлықты кiмдер алар екен?» деп сұрай қалсаңыз, құмалағы қате баспайтын қас балгердей «мыналар өтедi» деп қара есекке алтын таңба басқандай айтып бередi. «Мыналар» дейтiн себебiмiз, бүгiнде Мемлекеттiк сыйлықты баяғыдай екшелiп, електенiп, бiр-екi адам ғана емес, базардан көтерме бағамен сауда iстеп келе жатқандай 5-6 адам бiрден бөктерiп қайтатын болды. Жаңағы балгер оларды дөп басып айтқанда «атадан артық туған» ерекше қасиеттiлiгiнiң, көрегендiгiнiң арқасында емес, ертең сыйлық алатын адамның жоғарғы жақта кiмi бар, өзi қай жүздiң адамы, жаңағы арқа сүйерiнiң үкiметтегi салмағы қандай, кiмдермен тiкелей байланысы бар екенiн зерттеп, зерделеп, тiптi, болмаса «тыңшылары» арқылы естiп, бiлiп, сосын қорытындысын өзi шығарады. Және көп қателеспейдi, айтқаны дәл келедi. Ал бүкiл ынты-шынтын, ақыл-ойын «мұнай-газ», «экономикалық реформа» деген сияқты жалаулатқан жаттанды сөздер жаулап алған үкiмет пен өкiметтегiлерге сенiң әдебиетiң мен өнерiң өрге басып бара ма, ойға құлдилап бара ма, сыйлық шынында да өзiнiң Мемлекеттiк деген атағына лайық адамға тидi ме, бәрiбiр. Оларға, әсiресе, өздерi қол жеткiздiк деп көпiртiп те, лепiртiп айтып жүрген «жетiстiктердi» онан әрмен iлiп әкетiп, бұлбұлдай сайрап, құйқылжытып айтып беретiн жарамсақтан артық жазушы да, ақын да жоқ. Әрi-берiдесiн олар әдебиет, өнер дегеннiң , оның iшiнде ұлттық рухы бар әдебиет пен өнер, ұлттық рухы бар мәдениет дегеннiң қандай болатынына жетесi жете бермейдi. Бiзде әдеби шығармаларды Мемлекеттiк сыйлыққа ұсыну һәм оны беру шарттары әрi түсiнiксiз, әрi өзгергiш. Айталық, авторы қайтыс болып кеткен шығарманы, ол тiрi кезiнде ұсынып едi деп те сыйлыққа ұсынған жәйттер кездеседi. Өлiп қалған адамға Мемлекеттiк сыйлық берiлмейдi дегендер сол сыйлықты Төлеген Айбергенов, Жұмекен Нәжiмеденов, Жарасқан Әбдiрашев сияқты қас тұлпар шайырларға бергiзбей қойды. Тiптi, Мемлекеттiк сыйлыққа ұсынар алдында ғана апыл-ғұпыл, асығыс 30-40 дана кiтап шығарып, оның басылу деректерiне (выходные сведения) 2-3 жыл бұрын шыққан деген жалған мерзiм көрсетiп ұсыну да үрдiске, яғни, салтқа айналды. Ал, әйтеуiр халықаралық деген аты бар, «Алаш», немесе әдебиеттен хабары жоқ әлдебiр кәсiпкерлер тағайындайтын бәйге, мүшәйра емес, тiптi, «Тарлан», «Дарын» сыйлығы да емес, Мемлекеттiк деген дардай атағы бар сыйлықтың шарттарын, ережелерiн бұлайша етiкшiнiң тарамысындай езгiлей берсе, ондай Мемсыйлықта не қадiр-қасиет қалады? Баяғыда мына кiсi Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты десе, жұрт ол кiсiге кәдiмгiдей өзгеше бiр қасиетi бар, өзгеше бiр пенденi көрiп тұрғандай зор құрметпен қарайтын. Қазiр ше? Қазiр жиын-тойға, ас-садақаға бара қалсаң, Мемлекеттiк сыйлықтың, ең болмағанда «Алаш» деген сыйлықтың иегерi көсемсiп отырады. Бұлардың iшiнде ақшалы бизнесмендерге, облыс көлемiндегi әкiмдер мен әкiмшiктерге, жандайшап жалбатайларға, премьер-министрге, жәй министрге өлең арнап, әдебиеттi саудаға салып жүргендер, осы атаққа аулан түрлi жолдармен келгендер, тiптi, ар-намысын сатып неше жыл жыларман болып жүрiп алғандар бар екенiн бiлетiн жұрт оларға әйтеуiр жылы шыраймен, амандасқан болғанымен, көкiрегiнде бiр түйткiл тұрады. Осы Мемлекеттiк сыйлықтар жөнiндегi комиссияны кiм тағайындайтыны да ойланарлық iс. Олар шын әдебиеттiң шын бiлгiрiн, нағыз талантты тани бiлетiн, рушылдық, жүзшiлдiк деген бәлекеттерден пәк адамдарды таңдап комиссияға енгiзетiндей өздерi таза адамдар ма? Еш қаламгер еш шығармасын әдебиеттiң теорияларына сүйенiп жазбайды. Өлең де солай. Мысалы, комиссия мүшесi болып отырған үкiмет шонжары немесе сәулеткерлер, Сазгерлер одағының басшысы, ғылым кандидаты мен доктордың көбi поэзияны, оны жазған адамның жан сезiмiн сараптауға, шығарманың көркемдiк қадiр-қасиетiн сараптауға,ақын жанын жан-жүрегiмен түсiнуге өресi жететiн жан екенiне өз басым сенбеймiн. Ал күнi кеше Мағжан Жұмабаевты, Қасым Аманжоловты сыбап салған, күнi кеше кеңестiк баспа, полиграфия, кiтап саудасын басқарған, социалистiк реализмдi ең озық, ең әдiл бағыт деп езуi көпiрiп күн өткiзген, бүгiнде Мағжаншыл, Қасымшыл, Ахметшiл болып, тәуелсiз мемлекет әдебиетi дегендi тауып алған ақсақал, көксақалдар ше? Олар дегенiңiз әдебиеттегi академиялық, таптаурын, қасаң, адамды зерiктiрiп болған қатаң сүрлеуден бас тартпайтын, бүгiн де медалi мен орденiн ауыстырып тағып жүрген қарасiңiрлер емес пе?! Әрi-берiдесiн шығарманың iшкi рухын, асқақ пафосын, не жан-жүйенi езгiлеген сезiмiн, не шаттығын, не қасiрет-қайғысын түсiнетiн талғамы жоқтар да комиссия мүшесi болып жүр! Олар бүгiнде ең әрi кеткенде өлi-тiрiлердiң бiрiн мақтап, бiрiн даттап кiтап жазып, эссе деп жүргендер. Бұлардың iшiнде өзiнiң бiр кезде министр не комитет төрағасы болғанын, «көненiң көзi» екенiн, сақалы ақ екенiн сәдеттейтiндер де баршылық. Бiздiң ойымызша: Бiрiншiден, Мемсыйлыққа ұсынылған шығарма тағдырын жасырын жабық дауыспен шешудi сыбайластыққа айналдырмау мәселесiн қатаң қолға алу керек. Екiншiден, Үкiмет жанындағы Президиумға ғалымдарды, зерттеушiлердi (әдеби) енгiзу-енгiзбеу мәселесiн қарастыру керек. Өйткенi, ақын ағамыз айтқандай олардың бiрсыпырасы жазушы не ақын боламын деп бола алмай қалған, соның есесiн ғалым боп толтырмақ болып жүргендер. Үшiншiден, комиссияны әдебиеттi ардың iсi деп бiлетiн адал да әдiл бiрыңғай ақын- жазушылардан құрса қайтер едi? Ондайлар аз болса да табылатын шығар…. Төртiншiден, Мемлекеттiк сыйлыққа ұсынылған шығармалар 10 жыл бұрын жазылған болса ше? Тағы бiр ескеретiн нәрсе: егер бiр шығарма 2 мәрте ұсынылғанда сыйлыққа ие бола алмаса, ол 3-шi рет қабылданбаса… Ең бастысы сыйлық жөнiндегi комиссияның не Президиумның мүшелерi шығарманы оқымай-ақ дауыс беруiн түбiрiмен тоқтату керек. Өйткенi, бұл – оқырман жұртшылыққа да, шығарма мен оның иесiне де әрi обал, әрi қиянат. Ал, комиссия мүшесi Алла алдында да, адам алдында да күнәһар болмауды өзi ойлауы керек. Мемлекеттiк сыйлыққа ұсыну мен сыйлық беру шарттары берiк, бұлжымас тәртiпке келтiрiлуi және баспасөзде ешқандай құпиясыз жарияланып тұруы керек. Сөз соңында айтарымыз: экономикасы, тiптi, әскери күшi тұралаған мемлекет күндердiң күнi болғанда өйтiп-бүйтiп қайтадан аяғынан тұрып кетуi мүмкiн. Ал, басшылары ұлттың әдебиетiне, ұлттың мәдениетi мен өнерiне жаны ашымай, көзжұмбайлықпен қарайтын мемлекет тобырлардың орталығына айналары сөзсiз. Сондықтан әдебиет, өнер саласындағы Мемлекеттiк сыйлық болсын, басқа сыйлық болсын оларды саясаттың құралына айналдыруға болмайды. Тiптi, шынайы қаламгер, шынайы өнер адамы ондай жағдайда сезе қалса, ол сыйлықтан бас тартуы да барып тұрған тектiлiктi, ақсүйектiктi көрсетер едi.
Мырзан КЕНЖЕБАЙ  

Серіктес жаңалықтары