ПАРЛАМЕНТТIҢ РӨЛI ҚАНДАЙ?

ПАРЛАМЕНТТIҢ РӨЛI ҚАНДАЙ?

ПАРЛАМЕНТТIҢ РӨЛI ҚАНДАЙ?
ашық дереккөзі
272

Жаңа Премьердiң тағайындалуы бiзге бiраз жайттың басын ашқандай болды. Бұған дейiн де Парламенттiң тәуелсiздiгi, оның қоғамдағы рөлi жайында алып қашпа сөздер жиi естiлетiн. Өзге емес, тiптi депутаттардың өздерi өз билiгi жайында айтысып та қалып жүрдi. Парламенттiң 10 жылдығы қарсаңында депутаттар өзара Парламент билiгiнiң пәрмендiлiгi жайында сөзге келiсiп те қалған едi. Бұдан кейiн дау шешiлген сынды болған.

Алайда, Мәжiлiс депутаты Ерасыл Әбiлқасымовтың «Бұған дейiнгi Парламент «карманный» едi, бұл Парламент «супер карманный» болды» деген сөзi кейбiр әрiптестерiнiң шымбайына тисе де, мәжiлiсменнiң бұл сөзi өз жағдайына ашынғандықтан айтылған сынды. Премьердiң кiм болатындығын Елбасы алдын-ала «Нұр-Отан» партиясының Парламенттегi фракциясы мүшелерiмен ақылдасып, партия лидерлерi журналистермен жасырынбақ ойнап жүргенiнде «31 канал» телеарнасының журналистерi болашақ Премьер Кәрiм Мәсiмов туралы депутаттардың пiкiрiн бiлiп үлгерген болатын. Сонда Амангелдi Айталы, Ерасыл Әбiлқасымов сынды депутаттар Кәрiм Мәсiмовтiң кандидатурасын қолдамайтындығын айтқан едi. Дауыс беру барысында Парламент мүшелерiнiң барлығы бiрдей 100% Мәсiмовтiң кандидатурасын қолдағаны анықталған. Ал, Мәжiлiс депутаты Мұхтар Шаханов «қалыс қалғандығын» айтып таң қалуда. Демек, аппаратураның дұрыс iстемейтiндiгi жөнiндегi бұған дейiнгi даудың тағы да расталып жатқандығы.

Мәселе – аппаратураның iстейтiн-iстемейтiндiгiнде емес, депутаттардың рөлiнде болып тұр. Әрине, Қазақстан күштi президенттi ел. Оған дау жоқ. Алайда, заң шығарушы билiк ретiнде Парламенттiң рөлi аса жоғары болуы керек едi. Бiрақ, Парламенттi атқарушы билiк менсiнбейдi. Айталық, бұған дейiн Парламент депутаттарының бастамасымен дайындалған заң жобалары Үкiмет тарапынан әлi қолдау тауып көрген жоқ. Тәуелсiз Қазақстанның тарихында депутаттар ұсынған балама жоба iшiнен I шақырылымда сайланған депутат Әкiм Ысқақтың «Халықтың көшi-қоны туралы» балама заңының жобасы ғана қолдау тапқан екен. Одан басқа заң жобаларының барлығы Үкiметтен керi қайтып отырған. Яғни, Үкiмет бұған дейiн өздерi дайындаған, өздерiнiң ыңғайына лайықты заң жобаларын тықпалап келген әрi оның қабылдануына мүдделi болған. Сондай-ақ, соңғы кездерi Үкiмет мүшелерi, Премьер, министрлер депутаттық сауалдарға да мұрнын шүйiре қарайтын болып жүр. Ол ол ма мәжiлiсмендер Үкiмет сағатын өткiзуге келетiн министрлердiң ешбiр дайындықсыз келетiндiгiн айтып шағынуда. Бұл да Парламентке деген құрметтiң азайғандығының көрiнiсi болса керек. Депутат Амангелдi Айталы өткен жылғы екi үкiметтiк сағатқа қарнының ашқандығын айтады. Оның бiрi Қаржы министрi Наталья Коржованың, екiншiсi – Iшкi iстер министрi Бауыржан Мұхамеджановтың қатысуымен өткен үкiмет сағаты.

— Менiң сауалдарыма қалай болса солай жауап бередi, IIМ-iнiң негiзгi атқарып жатқан iс-шарасын таныстырудың орнына министр Мұхамеджанов халықты қалай қорқытып-үркiтетiн, келiсiмге шақыратын техникасының сырымен таныстыруға күш салды.

Сондай-ақ, Коржова ханымның өз саласының кейбiр мәселелерiн түсiнбейтiндiгi депутатты қынжылтқан көрiнедi.

Амангелдi Айталыны әрiптестерi Амангелдi Таспихов пен Оңалбай Аяшев та қолдап отыр.

— Бiзге келетiн заң жобалары шикi, оны таныстырушы министрлердiң өздерiнiң одан хабары аз. Оларды сынап немесе күрделi сауал қоятын болсақ, салалық комитеттердiң басшылары оларды қорғап шыр-пыры шығады. Конституция бойынша бiз сенiмсiздiк вотумын жариялауға ерiктiмiз, бiрақ, оны әлi қолданған жоқпыз, — дейдi Амангелдi Таспихов.

Сенiмсiздiк вотумы демекшi, қазақ парламентаризмiнiң тарихында депутаттар кезiнде Үкiметке вотум жариялағаны бар. Бiрақ, соған қарамастан депутаттардың жан-тәнiмен қарсы болған «Жер кодексi» бiрнеше өзгертулермен ғана қабылданып кеткен. Одан кейiн ерiн бауырына алып тулаған ешкiм жоқ. Бұл екiншi шақырымның депутаттары кезiнде болған оқиға едi. Кезiнде 2-шi шақырым депутаттарын бiлiктiлiгi мен бiлiмдiлiгi жағынан ешкiм сынай алмаса да, ақиқатты тiлiп айтар қайсарлығы жағынан, ұлтқа жаны ашымайтындығы жағынан жиi сынға ұшырайтын. Бiрақ, III шақырылым жасақталғаннан кейiн көп саясаткерлер «бұрынғы депутаттармен жылап көрiсетiн болдық, қазiргi депутаттардың қайраткерлiгi шамалы» деген пiкiр айтқан. Айтса айтқандай болар, қазiргi депутаттардың арасында ойын ашық бiлдiретiн немесе атқарушы билiкке соңына дейiн қарсы тұратын депутаттар саусақпен санарлық. Бiздiң депутаттар арасында да қалғып-шұлғып уақытының аяқталмауын тiлеп, жайлы пәтер, жылы кеңсе, жүрдек машинамен жүре тұрсам дейтiндер жетiп жатыр. Депутат Мұхтар Тiнiкеев әрiптестерiнiң атқарушы билiкке қажеттi деңгейде талап қойғаны былай тұрсын, тiптi, Парламенттегi Үкiмет сағатына жөндеп қатыспайтындықтарын айтып қынжылады.

— Үкiмет сағатына 20-дай адам ғана қатысады. Жұмыс орнында болмаған әрiптестерiм үшiн мен ұяламын. Егер дүйсенбi кейбiр депутаттар үшiн ауыр күн болса, мүмкiн үкiмет сағатын басқа күнге ауыстырармыз. Жұма күнi бәрi жан-жаққа тарап кетедi, дүйсенбi келiп үлгермейдi. Сонда не iстеймiз? – деген сауал тастаған ол.

Яғни депутаттардың өздерi өз әрiптестерiнiң мимырт жүрiсiне көңiлдерi толмайды. Дегенмен, депутаттар жаңа теңгенiң айналымға түсуiне қарсы болды. 40-қа жуық депутат қол қойып, оның айналымға енбеуiн өтiнiп, Үндеу жариялады, бiрақ, көзге iлiп, құлақ асқан ешкiм болмады. Яғни, депутаттар өздерiнiң байлаулы бұзаудай бұйдалы өмiрiн сезiнедi, сезiнедi де, бұға тұрғанды жөн санайды-ау деймiн. Бұның сыры депутаттардың сайлануына тiкелей араласып, олардың депутаттық мандат алуына мұрындық болған атқарушы билiк өкiлдерiне қарсы келудi жөн санамайды. Егер қарсы келсе, сайлану мерзiмi осымен аяқталды дей бер, ал алдыда тағы да сайлау келе жатқан жоқ па? Сондай-ақ, Парламентте билiк партиясы «Нұр-Отанның» өкiлдерi басым дауысқа ие, 90%. Демек, Парламентте пiкiр алуандығы жоқтың қасы, олар бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығаратын баяғы Коммунистiк партияның мүшелерi сынды. Басшылары не айтса, соны қостайды. Бұл да Парламент мүшелерiнiң атқарушы билiкке қарсы келуiне мүмкiндiк бермейтiн сынды. Яғни, Парламенттiң тәуелдiлiгi – тәуелсiз сайлаудың жүргiзiлмегендiгi салдарынан болып отыр. Сол себептен де Парламент атқарушы билiкке жалтақтайды, ел тағдыры шешiлер сәтте барлығын билiкке итере салып, өздерi сүттен ақ, судан таза болуға тырысып бағады. Бiрақ, Парламенттiң ел алдында, сайлаушылар алдында жауапкершiлiгi ауыр екендiгiн сезiнбейдi.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары