«БIЗ КIМНЕН КЕМБIЗ?»

«БIЗ КIМНЕН КЕМБIЗ?»

«БIЗ КIМНЕН КЕМБIЗ?»
ашық дереккөзі
124

Қазiргi таңда Қазақстандағы тууға қабiлеттi әйелдер бiр немесе екi баламен шектелуде. Көбiнесе «басына тартсаң, аяғына жетпейтiн» қу тiрлiктi, жағдайы мәз емес әлеуметтiк ахуалды көлденең тартады. Биiк мiнберлерден оқылатын жоғары көрсеткiштерге толы ресми баяндамалармен шектелетiн билiк өкiлдерi қазақтың санын көбейтумен әзiр бас қатырғысы келмей отыр. Ол аз десеңiз, былтыр депутаттар алдында сөз алған ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қамтамасыз ету министрi Гүлжан Қарағұсова Африканың әйелдерiне мемлекет тарапынан ешқандай көмек көрсетiлмесе де тууға құмар екендiгiн және қазақ аналары африкалық әйелдерден үлгi алуы керектiгiн мәлiмдедi. «Айтпаса да түсiнiктi»…

Атам қазақ «аяғы ауыр әйелдiң бiр аяғы – жерде, бiр аяғы – көрде» деп бекер айтпаса керек. Өкiнiшке қарай, өмiрге АДАМ атты ұлы күштiң иесiн әкелетiн құрсағы алтын аналардың қазiргi кезде денсаулығы мәз емес. Ресми деректерге сүйенсек, жыл сайын әр мың балаға шаққанда 42 ана перзентханада-ақ 9 ай, 9 күн күткен сәбиiн емiренiп иiскей алмай, жарық дүниемен қош айтысады екен. «Жығылған үстiне жұдырық», әлеуметтiк ахуалы мәз емес отбасыларға мемлекеттiк тұрғыда бөлiнiп жатқан қаржылай көмек те мардымсыз. Бiрақ соның өзiнде әсiресе, ауылды жерлердегi қайран қазақ келiндерi 1,5 мың мен 3 мың теңге көлемiндегi болмашы ғана жәрдемақы үшiн тууға мүдделi. Әрине, «балалы үй – базар» деген аталы сөзден қалған қазақы психологияға берiк азаматтар жетерлiк. Бiрақ жомарттың қолын байлаған қу жоқшылық демографиялық мәселеге келгенде де керi әсерiн тигiзбей қоймасы анық. Қиыр Шығысында қытайлар қауiп төндiрген, демографиялық ахуалы күрт төмендеп кеткен орыстар бала тууға қабiлеттi әйелдердi қаржылық тұрғыда қызықтыруға көштi. 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап, ресейлiк отбасында дүниеге келген әрбiр екiншi балаға үкiмет тарапынан 250 мың рубль (10 мың АҚШ доллары) көлемiнде жәрдемақы тағайындалмақшы. Дүние жүзiндегi кейбiр дамыған елдер ұстанып отырған бұл саясат оң нәтиже берерi анық. Яғни, биыл әрбiр орыс отбасында «iңгәлаған» сәби үнi көптеп естiлетiн болады. Өкiнiшке қарай, мұндай бастама бiздiң билiктiң басына әзiр келер емес (дұрысы, билiк балалардың көптеп тууына мүдделi емес). Экономикалық көрсеткiшiмiздi айтып желпiнгенде, «көкiрегiмiге нан пiседi». Ендеше неге ана мен балаға жағдай жасамасқа?! Демографиялық ахуалды жақсартудың жолдарын айқындап беруден жалықпайтын отандық сарапшылар бала тууға қабiлеттi, бiрақ әлеуметтiк мүмкiндiгi шектеулi аналарға мемлекет тарапынан мiндеттi түрде қаржылай көмек көрсетiлу қажеттiгiн айтады. Әрине, «бiр қозы туса, бiр тал жусан артық шығады» деген қағиданы аналардың құлақтарына мықтап сiңiру де аса маңызды. Өйткенi, балалары көп болса, ырысы кемiп қалатындай, жоқ жерден тарыла қалатын келiншектер жетерлiк. Оларға үгiт-насихат жұмыстарын жүргiзу артықтық етпейдi. Бiздiңше, мәселенiң бәрi ақшаға келiп тiрелмегенмен, егер Үкiмет қаржылай қолдаса, әрбiр ошақ анасы тууға мүдделi болар едi. Айтпақшы, өткен аптада осы мәселеге қатысты пiкiрiн бiлмек ниетпен, ҚР Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаты Бекболат Тiлеухан мырзаға хабарласқан едiк. Бекболат аға келесi аптада демографиялық мәселеге орай ҚР Премьер-министрi Кәрiм Мәсiмовтiң атына депутаттық сауал жолдайтынын, ол сауалын мiндеттi түрде «Түркiстан» газетiне жариялайтынын айтты. Уәдесiне берiк халық қалаулысы кеше Парламенттегi отырыста ҚР Үкiмет басшысына жолдаған депутаттық сауалынан бiздiң басылымды да қағыс қалдырмады.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары