ДЕРНОВОЙ МЕН КОРЖОВА МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛДI МОЙЫНДАМАЙ МА?

ДЕРНОВОЙ МЕН КОРЖОВА МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛДI МОЙЫНДАМАЙ МА?

ДЕРНОВОЙ МЕН КОРЖОВА МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛДI МОЙЫНДАМАЙ МА?
ашық дереккөзі
169

Депутат мырзалар!

Осыдан бiраз уақыт бұрын Оңтүстiк Қазақстан облысын шулатқан СПИД Вич инфекциясынан кейiнгi екiншi үлкен оқиға болды. Облыстық денсаулық сақтау департаментiнiң жаңа басшысы Вячеслав Дудник мырза қаланың бас дәрiгерлерi бас қосқан жиында «мен қазақша бiр ғана сөздi осы Шымкентке келiп үйрендiм, ол – «ақша, ақша» деген сөз» деп мәлiмдептi. Оның бұл «қанатты» сөзi бiрнеше газеттiң бетiнен орын теуiптi. Бәрекелдi! Өзiнiң қазiргi материалдық қуатын нығайтуға өте қажеттi сөздi үйренiптi. Тек жалғыз ғана сөз үйренгенi бұрынғы немесе қазiргi мемлекеттiк қызметiне сай келе қояр ма екен? Осы жағын талдап көрелiк. В.Дудник Қазақстанда туып-өскен. Бұрын Астана қаласы денсаулық сақтау департаментiнiң бастығы болып қызмет атқарған. Сөйте тұра Дудник мемлекеттiк тiлге назар аударуды мүлде қажет деп таппаған. Ең берiсi тiлге құрмет күн сайын өзi қоян-қолтық араласып жүрген ұлт өкiлдерiне құрмет екенiн де назарға iлгiсi келмеген. Осындай өкпенi бiз Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрi Анатолий Дерновой мен Қаржы министрi Наталья Коржоваға да айтуға толық хақымыз бар. Биыл қазақ тiлiнiң мемлекеттiк тiл мәртебесiн иеленгенiне 18 жыл толмақ. Жоғарыда аттары аталған Дудник те, Дерновой да, Коржова да осы 18 жыл iшiнде, әр жыл сайын бiр сөзден үйренгеннiң өзiнде ұлы Абайдың тiлiнде 18 сөз бiлiп шығар едi ғой. Мысалы, Дудник «ақша» деген сөзден гөрi «Саламатсыздар ма», «Қадiрлi әрiптестер», «бауырлар» деген жүрекке жылу құятын бiрнеше сөз тiркестерiн меңгерген болса республика есiмiн иеленген ұлт азаматтарының мұншалықты ашу-ызасына жолықпаған болар едi. Оларға «аз уақыттың iшiнде мемлекеттiк тiлде сайрап кетуге тиiстiсiң» деп жағадан алып отырған ешкiм жоқ. Мәселе, ниет пен көңiлде. Мысалы, Парламент Мәжiлiсi төрағасының орынбасары Сергей Дьяченко, осы палатадағы комитет төрағасы Сергей Жалыбин бiздiң көз алдымызда аз уақыт iшiнде мемлекеттiк тiлде тәп-тәуiр сөйлеу мүмкiндiгiне ие болды. Тiптi олар «Аз соз алтын, коп соз комир», «Жастарга – жумыс, карттарга — кумыс» деп мақалдатып сөйлеп ала жөнелгенде ризашылық сезiмiңдi алға шығармай тұра алмайсың. Жалпы Қазақстанда мемлекеттiк қызметте жүрген кейбiр орыс ағайындар Кеңестiк тоталитарлық жүйе кезiнде қалыптасқан базбiр астамшылық сезiмдерден неғұрлым ертерек босанса солғұрлым өзiне де, өзгеге де дұрыс болары хақ.

Президент бекiткен тiзiм бойынша Денсаулық сақтау министрлiгi мемлекеттiк тiлге 2007 жылы көшуге тиiс едi. Бiрақ министрлiктiң бұл маңызды шараны қолға алуға талпынысы байқалмайды. Дерновой мырзаның министрдiң орынтағын иеленгенiне бiрнеше айдың жүзi болды. Мемлекеттiк тiлде оның тым құрыса бiр рет «Саламатсыз ба» деген сөзiн есiтсем құлағым керең болсын» дедi министрлiктiң бiр қызметкерi.

Қазақстан Үкiметiнiң 2006 жылғы 23 қарашадағы №1115 Қаулысы бойынша бас дәрiгерлердi аттестациялау барысында толып жатқан кемшiлiктерге жол берiлген. Тестiлеу кезiнде мемлекеттiк тiл көпе-көрiнеу шегерiлiп барлық сұрақтар тек қана орыс тiлiнде әзiрленген. Елбасының Қазақстан халықтары Ассамблеясындағы мемлекеттiк тiл саясаты туралы айтқан тапсырмалары мен талаптары мүлде негiзге алынбаған. Осыдан бес жыл бұрын мемлекеттiк тiлге көшкен Оңтүстiк Қазақстан облысындағы бас дәрiгерлердiң бәрi орыс тiлiнде тест тапсыруға мәжбүр болғандықтан 286 тапсырушының 76-сы ғана өткен. Тестiлеу барсында облыстық денсаулық сақтау департаментiнiң бастығы В.Дудник бiреулердiң сыбырлауымен кейбiр ыңғайсыз бас дәрiгерлердi тайдырып, олардың орнына нақ бiр оңтүстiк топырағында кадр жоқтай сонау Қостанайдан, Астанадан шақыртып, мемлекеттiк тiлден мүлде бейхабар адамдарды тағайындаған. Тестiлеу Қазақстанның басқа аймақтарында, әсiресе, Оңтүстiк Қазақстан облысында дұрыс өтпегенiн мойындап Денсаулық сақтау министрлiгi жаңа шешiм де шығарыпты. Облыста елдiк, ұлттық мүддеге терең тамыр жiберген Икрам Төлеев секiлдi бiрнеше бас дәрiгер осы мемлекеттiк тiлдi менсiнбеу науқанының зардабын тартып отыр. Олар мемлекеттiк тiлде қайта аттестацияға жiберiлуi тиiс. Кезiнде Мәжiлiс депутаты Ерасыл Әбiлқасымов пен осы облыстан сайланған сенат депутаты Қуаныш Айтаханов та бұл төңiректе кеткен кемшiлiктердi саралап, министрлiкке депутаттық сауал жолдаған болатын.

Бiз денсаулық сақтау жүйесiндегi Дерновойша тестiлеу мәселесiне ғана тоқталдық. Ал осы тестiлеу басқа министрлiктерде қалай жүрiп жатыр? Мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi З.Тұрысбеков басқаратын агенттiк мұндай келеңсiздiктерге неге көз жұмып қарап отыр?

Республикамыздың жаңа Премьер-министрi Кәрiм Мәсiмов мырза министрлiктерде өткiзген кездесулерiнде елiмiзде тек сөз жүзiнде ғана жүргiзiлiп келе жатқан мемлекеттiк тiл саясатына жаңа көзқарас, жаңа бағыт қалыптастыруға, яғни сөзден iске көшiруге уәде бердi. Ендеше Премьер-министр кей салаларда мемлекеттiк тiлсiз өтiп жатқан тестiлеу, аттестациялау мәселелерiндегi олқылықтарды жоюға нақты тапсырма берiп, қабылдаған шешiмiмен менi хабардар етер деп сенемiн.

Мұхтар ШАХАНОВ,

Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаты

24 қаңтар 2007 ж.

Астана, ҚР Парламентi Мәжiлiсiнiң үйi.

Серіктес жаңалықтары