АЛМАТЫДА ӨТКIЗIЛГЕН ТҰҢҒЫШ ТЫҢДАУ
АЛМАТЫДА ӨТКIЗIЛГЕН ТҰҢҒЫШ ТЫҢДАУ
Бұл расында да, Алматы Алматы болғалы өткiзiлiп отырған экология мәселесiне арналған тұңғыш тыңдау. «…Алматының елiмiз үшiн де, жерiмiз үшiн де орны бөлек. Көлiк қатынасы қарқындап, өнеркәсiп оңалған сайын – қоршаған орта, туған табиғат жандәрмен күйiн кешуде. Айта берсек, әуресi мол, сарсаңы зор зауалдың саны көп. Алайда ұзын арқау, кең тұсауға салуды уақыт та, жағдай да көтермейдi. Осы ретте қаламыздың келешек келбетi, тамаша табиғаты – қабылданған құжатқа емес, ең алдымен осы отырған сiздер мен бiздiң қоян-қолтық iс-әрекетiмiзге байланысты» ,–дедi Алматы қаласының әкiмi Иманғали Тасмағамбетов өзiнiң кiрiспе сөзiнде. Шындығында да, тұңғыш рет өткiзiлген бұл тыңдаудың маңызы өте зор.
Бейсенбi күнi Алматыдағы Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайына жиналған лық толы халық қоғамдық тыңдаудың тұңғыш куәсi десек те болады. Аталмыш тыңдауға ТМД елдерiнен келген эколог-мамандар, отандық эколог-ғалымдар, Үкiметтiк емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдары, жалпы жұртшылық өкiлдерi қатысты. Төралқа алқасының құрамында қала әкiмi Тасмағамбетовпен қатар, белгiлi қоғам қайраткерi, Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО-дағы өкiлеттiгiнiң басшысы Олжас Сүлейменов және «Табиғат» экологиялық қауымдастықтары мен ұйымдары одағының басшысы Мэлс Елеусiзов, «Қазмехонабр» АҚ-тың директоры Александр Клец болды.
Бүгiнде Алматы қаласының экологиясы жылдан-жылға нашарлап бара жатқан сияқты. Оны қала әкiмi Иманғали Тасмағамбетов те жоққа шығармады. Қала әкiмiнiң айтуынша, қалада түрлi дерттермен ауыратын адамдардың саны соңғы он жылда 1,5 есеге көбейгенi, сонымен қатар балалар арасындағы тыныс алу, демiкпе және қан айналымы, эндокриния жүйелерiнiң, қатерлi iсiк ауруларының өсуi бойынша бiздiң қаламыздың республикада бiрiншi орын алатынын айқын дәлел бола алады. Бұл ең алдымен қала ауа бассейнiнiң ластануынан келiп жатқан зауал екен. Ал оның ең басты себепкерi – әрине, автомобиль көлiктерiнiнiң шектен тыс көбеюi болса керек. Шын мәнiнде, бүгiнгi таңда бiр Алматының өзiнде 420 мың көлiк тiркелген екен. Оған қоса, күн сайын қаламызға 30 мыңнан аса көлiктiң кiрiп шығатынын қосыңыз. Ал, сол көлiктерден жыл сайын атмосфераға 265 мың тонна адам өиiрiне аса қауiптi қалдықтар бөлiнедi екен. Осы ретте Иманғали Нұрғалиұлы: «Мiне, тұрғындардың автомобиль тығындарын өте жақсы көрмейтiн, сол автокөлiктер шығаратын улы газдарды өте жақсы көрмейтiн, бiрақ өзiнiң жеке машинасы болғанын өте жақсы көретiн жағдай туындады. Осы орайда бiздер қала тұрғындарының өз автомобильдерiне деген сүйiспеншiлiгiн шектемейтiн жағдайды табуымыз керек. Бұл ретте бiзге автомобильдерден бөлiнетiн улы қалдықтардың экологиялық ахуалға байланыстылығы төмен болуы қажеттiлiгiн және олардың бiздiң қалаға шынымен де таза болуға мүмкiндiк беретiн белгiлi бiр нормаларға сәйкес келуiн ойластыруымыз қажет»,–деп айта кеттi.
Қала тазалығы ең басты нәрсе. Оның ауасының таза болуы әрбiр қала жұртшылығы үшiн басты мiндет болып саналуы қажет. Қала аспанын тұмшалап тастаған зиянды заттарға әрбiр үйдiң мұржасынан шыққан түтiндер де себепкер болады екен. Оған себеп, жеке сектор тұрғындарының түрлi автомобиль дөңгелектерiн, пластикалық бөтелкелердi пайдалана бастауы. Қала аспанының тұмшалануы демекшi, өз кезегiнде белгiлi қоғам қайраткерi Олжас Сүлейменов: «Мен Алматыға үнемi ұшақпен ұшып келемiн. Сонда алдымен аппақ қар басқан таулар, таза ауа көрiнедi. Сосын қалың түтiн басқан қала байқалады. Осы орайда үнемi «Не iстеу керек?» деген сауал мазалайды. Әлемдiк тәжiрибелер бiзге мұндай мүмкiндiктердiң талайын айтады. Әлгiнде қала әкiмi қалада «90 мыңдай жеке үйлер бар» дегендi айтты. Олардың бәрiн дереу газдандыру қажет. Бұл ретте бiз алатын өзбек газы күн өткен сайын қымбаттап барады. Бiрақ бiзде басқа да жолдар бар. Атап айтқанда, осы Алматы облысындағы мыңдаған жылдарға жететiн Iле сұр тас көмiр бассейнiндегi көмiрдi сол жер астында газға айналдыру керек. Мұндай әдiс Қытай мен Америкада бұрыннан тәжiрибе жүзiнде қолданылуда»,–дедi.
Сонымен әуелгi жұмыс басталды. Ендi тек, бiлек сыбанып iске кiрiсу қажет. Қала тазалығы, қала экологиясының мәселесiн шешу, өзiмiздiң қолымызда. Дүниеге денi сау ұрпақ келгенiн қалайтын болсақ, онда экологиямыздың да соған сай болғанын қалауымыз қажет.
Гүлзина Бектасова