ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ САЛ-СЕРIЛЕР ҚЫЗМЕТI

ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ САЛ-СЕРIЛЕР ҚЫЗМЕТI

ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ САЛ-СЕРIЛЕР ҚЫЗМЕТI
ашық дереккөзі
224

Ғалым Серiк Негимовтiң бiр кiтабынан туған ойлар

Қандай ұлттың да өнерсiз өмiр сүруi мүмкiн емес екенiн айтпаса да жарар едi, бiрақ осыдан жарты ғасыр бұрынғы талай нәрсенi көзiмен көрген шау тартқандар мен мына қазiргi уақытта өмiр сүрiп жатқан жас ұрпақ үшiн қазақ халқының өткенiн сөз етер тұста кейбiрiмiзге түсiнiктi сияқты көрiнiп тұратын нәрсенiң өзiне ептеп түсiнiк беруге тура келедi. Оның мәнi ХIХ ғасырдың екiншi жартысы мен ХХ ғасырдың алғашқы елу жылындағы таным-бiлiмнiң осы күнгi бiраз кiсiнiң қалыптасқан пайымынан әлдеқайда өзгеше болғаны анық. Мәселенки қазiргi жас буынның өнердiң музыкаға қатысты озық үлгiсiнiң дүниеге келуiн әсем салынған мәдениет сарайы, опера және драма театры арқылы көз алдына елестетуiне байланысты. Өйткенi қашанда қарапайым кiсiнiң түсiнiгi замана қалыптастырған санаға тiкелей тәуелдi болмақ. Мұны ескертiп отырған себебiмiз филология ғылымының докторы, профессор Серiк Негимовтiң 2005 жылы «Ана тiлi» баспасынан жарық көрген «Қазақтың сал-серiлерi» ғылыми эсселер жинағының көтерген мәселесiне орай. Әңгiменi әрiден қозғауымыздың сыры сал-серi жайлы түсiнiк тек жалғыз өнермен ғана шектелмей, тұтастай қазақ тарихына қатысты сөз етудi қажетсiнетiндiгiнде болып отыр.

Бұл жайында кiтап авторы бiр жерде: «Ұлттық поэзия тарихында бiр басында ақындық-әншiлiк, композиторлық-орындаушылық, жыршылық-әңгiмешiлдiк, импровизаторлық-ойыншылық өнердi аса сәттi тоғыстырған әншi-ақындардың, сал-серiлердiң өрелi өнерпаздың табиғаты айрықша мәндiлiгiмен ерекшеленедi» деп ой өрбiтсе, екiншi бiр тұста: «Сал-серiлер өнерiнде театрлық-драмалық элементтер қыруар» деп сал-серiлiктiң ұлттық дәстүрге айналу себебiн тереңдетiп аша түседi. Осылайша ұлы дала құшағы кең, ауқымы үлкен өмiр сахнасына айналатынын ескертедi.

Мұның өзi дала өнерiнiң өркендеп ғасырдан ғасырға ұласуына, соның негiзiнде ұлттық сананы қалыптастыратын көптеген қажеттiлiктiң өтелуiне мүмкiндiк берген ғой. Бiрақ осы бiр дағды-дәстүр ХIХ ғасырға дейiнгi ұлы даланың мерейiн өсiрiп, абыройын асырған өнердiң бастапқы беташар бiр бөлiгi ғана екенiн ашып айту да парыз. Ал күндiзгi той-томалақ дүрлiккен думаннан кейiн желпiнген қөңiлдiң желiгiн басатын – кең даланың бүтiндiгiн сақтап, ел-жұртының бiрлiгiн уағыздайтын, қоғамдағы саяси-әлеуметтiк оқи-ғаларға ой жүгiртiп, идеологиялық қызмет атқаратын дала өнерiнiң екiншi бөлiгi басталатынын қазiргi кезде қайссымыз есте сақтап жарытыппыз. Шындығында оны таңды таңға ұрып Тәңiрiнiң тiлiнде қаумалаған халқына жеткiзетiн замана идеологы – жырау бабалар едi. Ресей самодержавиесi қазақ даласына өз үстемдiгiн толық орнатқаннан кейiн, алдымен олар жырау бiткеннiң жадындағы қазақтың орыс шапқыншылығына қарсы күресiн баяндайтын эпостарын халық арасында айтуға тыйым салудан бастайды. Ал ондай әдiлетсiз шешiммен келiспегендердi түрлi кiнарат тауып қудалауға кiрiседi. Осылайша сан ғасыр бойы сырттан тықпаланған жат идеологиямен жан берiп, жан алып жағаласқан жырау бiткен XVIII ғасырдың аяғы мен ХIХ ғасырдың басында-ақ отаршылдардың өктемдiгiне ұшырап басына қара бұлт үйрiледi. Әрине мұндай өнер адамының басына төнген қатердiң ұлттың ежелгi дағды-дәстүрiн бiрден тежемей қоймасы да белгiлi. Дегенмен сол тұстардан бастап небiр ғажайып эпостық шығарманың айтылуы сирейдi. Тiптi, кейбiрiнде орысқа қатыстысына қатаң тыйым салынып айтылмайтын болғаны да жасырын емес. Мұның өзi сол кездер үшiн тәуелсiздiкке талпынған ұлттың төрт құбыласын түгел пайымдауға әжептәуiр кедергi келтiргенi де белгiлi. Ал отаршылдар болса өздерiнiң идеологиялық бағытта осы бiр қол жеткiзген алғашқы жетiстiгiн онан әрi өрiстете түсу мақсатында ширегiнен бастап хандықтың жойылып, қазақ жерiн басқаруды аға сұлтандық жүйесiнiң енгiзiлуi, тiптi оны да көпсiнiп, артынша көп ұзамай болыстықпен ауыстыруы, бұл ендi ұлт санасындағы тәуелсiздiкке деген ұғымды жыр-дастан тыңдау арқылы жаңғыртып тұрудың жолын мүлде кесуге бағытталған iс-шара десе де кiсi қателеспейтiн. Хандықтың жойылып ел басқарудың аға сұлтан қолына көшуi жалпы ұлттың ендiгi жерде ұлттық мәселенi мемлекеттiк тұрғыдан емес, майдалап өлке-аймақ дәрежеге дейiн төмендетудiң бiрден-бiр тетiгi болды. Ал басқарудың болыстық жүйесiнiң ұлт санасын ауылдық дәрежеге дейiн құлдырауының көрсеткiшi десе де жарасатын. Осының өзi-ақ елдi тұтастай басқаратын құрылымның қүрығанын, демек тұтастық пен тәуелсiздiктi дәрiптейтiн оның идеологының да, яғни айтқанда жыраудың да қоғамдық сұраныстан шеттетiлгенiн аңғартатын.

Ең бастысы қазақ халқын тұтастай басқаратын құрылымның, оған қоса қалайда ел болу қажеттiлiгiн үнемi еске салып тұратын жыраулық өнердi қысымға алғаннан бастап қазақ халқы ұлт есебiнде өзiнiң бет-бейнесiн жоғалтты деуге де келедi. Рас ұлт зиялыларының арасынан iштей тәуелсiздiктi қалайтындары ұшырасты. Тiптi олар елдi бастап бiрнеше көтерiлiске де шыққан. Шыққанмен дерлiктей босқа қантөгумен сәтсiз аяқталғаны да мәлiм. Мұндай әрбiр шиеленiскен оқиғалардан кейiн отаршылдар қазақ халқын бұрынғыдан да бетер қанап қана қоймай қазақ ұлтын ел қорғау, жер қорғау сияқты тарихи мiндетiнен ажыратып, ешбiр мiндетсiз қалдырды десе де болатын.

Шынында да ХIХ ғасырдың алғашқы ширегiнен ХХ ғасырдың ортасына дейiнгi аралықтағы кезi қазақ ұлтының өз жерiнде жүрiп ел билiгiнен айрылып қана қоймай, елiн-жерiн қорғау мүмкiндiгiнен, оны уағыздайтын идеологиясынан да шеттетiлген қаралы кезi едi деп санайтынымыз да сондықтан. Мұндай дәрменсiздiк, мүсәпiршiлiк мыңдаған жыл бойы өнерде идеологтың мiндетiн атқарып, айлап-жылдап ерлiк пен елдiктi уағыздап келген жыраулық өнердiң тамырына балта шауып, ойын-тойларда бiр мезгiлдiк көңiлдiң қошын келтiретiн эстрадалық өредегi әншiлiк, өнерпаздық өнердiң далада кең өрiстеуiне жол ашқаны байқалады. Ер азамат бойындағы елдi қорғау сезiмiнiң құқықтық тұрғыдан қамтамасыз етiлмеуi ұлт зиялысының сал-серiлiк жолына түсiп, отаршылдардың түрлi қыспағына түскен камкөңiл халықтың көңiлiн көтерiп, ұмыт болуға айналған тәуелсiздiкке қайтадан қозғау салатын ұлттық сананы басқаша қалыптастыруға әрекет жасаса, оны өз уақытындағы батыл қадамға баламай болмайды. Бұл тұрғыдан қарағанда автор өзiнiң зерттеу кiтабында Арыстанбай Тобылбайұлы, Құлтума Өтемiсұлы, Ыбырай Сандыбайұлы, Шашубай Қошқарбайұлы, Кенiшбай Жұбандықұлы, Қалқа Жапсарбайұлы, Майасар Жапақұлы, Тайжан Қалмағанбетұлы, Болман Қожабайұлы, Ғазиз Файзоллаұлы, Шәкен Отызбайұлы, Иса Байзақұлы, Ақан Серi, Мәди Бапиұлы, Сегiз Серi, Бiржан Сал, Естай Беркiмбайұлы сияқты өнер иелерiнiң өнердегi өмiр жолынан терең мағлұмат берiп, қазақ елi бастан кешкен сал-серiлiк дәуiрдiң қилы кезеңiн жан-жақты зерттеу сөзсiз құптарлық, қуанарлық жай. Сондықтан да Серiк Негимовтiң қазақ сал-серiлерiнiң өмiрiн кiтап етiп шығаруы өнер адамының тағдырын жинақтап, бiр iзге түсiрумен бiрге, ғалымның өзi жазғандай ХIХ-ХХ ғасырдағы «бал көмей, жез таңдай, нәзiк сезiмдi тапқыр ойлы әншi-жыршы ақындардың» өмiр сүрген ортасын талдау арқылы қазақ ұлтының тарихына ой жүгiртуге мүмкiндiк беретiн бiрден-бiр ғылыми құнды еңбек екендiгi даусыз.

Адам МЕКЕБАЕВ

Серіктес жаңалықтары