ҰЛЫТАУ ТУРАЛЫ ТОЛҒАУ

ҰЛЫТАУ ТУРАЛЫ ТОЛҒАУ

ҰЛЫТАУ ТУРАЛЫ ТОЛҒАУ
ашық дереккөзі
851

Туған өлке тарихы – туған Отан тарихының бастауы. Елбасымыз Н.Назарбаев: «Әрбiр аймақ, әрбiр ауыл көлемiндегi қоныстардың, таулар мен өзендердiң тарихын қайта жазу қажеттiлiгi туындап отыр… Соларға байланысты қандай тарихи аңыздар бар, мiне, осылардың бәрi де бiздiң тарихи зердемiздi ұлғайтады. Бiз соларды жазатын болсақ, халқымыздың тамаша мәдени мұралары ешқашан да жоғалып кетпейдi», – деп қадап айтқан болатын.

Осы тұрғыдан келгенде Астанадағы «Фолиант» баспасынан «Менiң Отаным – Қазақстан» сериясы аясында жарық көрген жазушы Қуаныш Ахметовтың «Ұлытау» атты кiтабы әрбiр қазақ үшiн киелi де қастерлi Ұлытау ұлағатын ұрпақ санасына сiңiруге қосылған үлкен үлес десек, ақиқаттан алшақтамаймыз. Еңбектiң ең басты құндылғы – онда келтiрiлген деректер тұтасымен балталасаң бұзылмайтын ресми құжаттар негiзiнде баяндалып, солар арқылы тың тұжырымдар жасалынған. Тұтас бiр өлкенiң тарихын жазып шығу кiмге де болсын оңай шаруа емес. Кiтап мазмұнына бойлай келе Ұлытау тарихын ширек ғасырдай зерттеп-зерделеп келе жатқан қарымды қаламгердiң алға қойған мақсатына жету үшiн талай-талай аса маңызды мұрағат құжаттарының шаңын қағып, ғылыми айналысқа түсiргендiгiне көзiмiз жетiп, көңiлiмiз толды. Бұл – нағыз зерттеушiге ғана тән, биiк өренiң нақтылыққа құштарлықтың, өз шығармашылығына жауапкершiлiктiң, оқырманның обал-сауабын ойлаудың, ақиқатқа адалдықтың шынайы көрiнiсi. Ұлт ұясы – Ұлытаудың кемел келбетiмен таныссам деген ұрпақ бұл кiтаптан бұрын еш жерде айтылмаған талай соны деректерге жолығады. Қызылдар қуғынына ұшырап, саналы ғұмырын шет елдерде өткiзген еуразиялық қозғалыстың айтулы көсемдерiнiң бiрi Н.Н.Савицкий 1957 жылы Л.Н.Гумилевке жолдаған хатында: «…Қазақстанның iнжу-маржаны Ұлытау қандай керемет! Мұғалжар қандай ғажап!… Бұлардың бәрi – байтақ даладағы қорықтар, жай ғана дамудың орталықтары емес, этностардың өсiп-өну орталықтары, «киелi орындардың» ең бiр құдыреттiлерi», – дептi. Ұлытаудың адамзат тарихындағы орнына нақты терең және батыл баға берген ғұлама ғалымнан қалған осы аталы сөздi iздеп тауып, рухани игiлiгiмiзге айналдырудың өзi неге тұрады?! Сол секiлдi Қ.Ахметов кiтабында келтiрiлген тағы бiр еуразиялық қозғалыстың негiзiн қалаушы, белгiлi эмигрант-тарихшы Г.Н.Вернадскийдiң 1913 жылы С-Петербург университетiнде оқыған лекциясынан алынған «Алаш» атауына қатысты тың әрi тосын мәлiмет те аса құнды, айрықша бағалы. Г.Н.Вернадский Монғол империясының 1331 жылғы картасында орыс жерi де «Алаш» құрамына кiретiндiгiн, оның империяның қиыр солтүстiк батыстағы ажырамас бөлiгi екендiгiн атап айтады. Осы деректiң өзi-ақ тарихшыларымызға бұл этнонимның түп-төркiнiне бүгiнгiден мүлдем басқа таным тұғырынан, мағына мұнарасынан қарауды талап етедi. Сондай-ақ автордың орыс жылнамаларындағы бұлтартпас айғақтар негiзiнде Александр Невскийдiң өзiмiзбен қандас, бауыр, Ұлытауда бiрнеше рет болған қайраткер екендiгi жайлы тиянақты тұжырымдары – үлкен iзденiмпаздық, ерең еңбекқорлықтың жемiсi. Сан ғасырлар бойы айбарлы мазарлары Ұлытау өңiрiнде асқақтап тұрған Алаша хан мен Жошы хан жайлы осы еңбекте Қ.Ахметов келтiрген соны пiкiрлердiң көтерiп тұрған жүктерi туған өлке тарихы үшiн тiптi қомақты. Әсiресе, қыруар деректердi алға тарта отырып, Алаша хан тұлғасы төңiрегiнде бiлдiрген салмақты да салиқалы ойлары осы атаудың қайдан, қалай шыққандығына байланысты айтқан тың мағлұматтары – кiмдi де болса ойландыратын аса күрделi мәселе. Сонымен бiрге Шыңғысханға байланысты деректердi саралау арқылы Жошы ханның 1173 жылан жылында өмiрге келгкендiгiн (тұңғыш ұлы туғанда әкесi Шыңғысхан 18 жаста болған, ал «Ұлттық энциклопедияда» Жошы хан 1187 жылы Шыңғысханның 32 жасында туған деп көрсетiлген) толық дәлелдеп бергендiгiнiң өзiн тарихқа қосылған қомақты үлес деп бағалауымыз керек. Тағдырлары тоғысқан Ұлытау өңiрiнде халқымыздың тарихынан қалған таңбалар көп, кешегi-бүгiнгi өткен қабырғалы қайраткерлерден түскен өшпес iздер мол. Кiтапта аудан тарихы толық қамтылып, оның өркендеуiне айтулы үлес қосқан азаматтардың үлкен шоғыры жайлы әңгiмеленедi. «Менiң Отаным – Қазақстан» сериясының ақылдастар алқасы оқырмандарға арнауында: «Алатау мен Атыраудың, Жайық пен Жетiсудiң, Есiлкөл мен Гүлстанның арасын алып жатқан Қазақ елiнде тарихымен таң қалдырар, табиғатымен тамсандырар жоталы жерлер, өнегелi өлкелер, айтулы аудандар жетiп артылады. Ұшы қиыры жоқ, ана шетiнен мына шетiне ұшқан құстың қанаты талатын Атамекенiмiздiң бедерлi бейнесiмен, кемел келбетiмен, тұғырлы тұлғасымен бүгiнi тәуелсiз елiмiздiң төл перзенттерiн барынша кеңiрек таныстыру – кезек қүттiрмейтiн күрделi мәселеге айналғанын өмiрдiң өзi көрсетiп отыр», – деп мәселенiң мәнi мен мақсатын айтқан екен. Осы тұрғыдан келгенде «Фолиант» баспасынан шыққан өлкетану тақырыбындағы көркем безендiрiлген сериялы ктiптардың беташар томы – «Ұлытау» оқырман қауымды Жошы ұлысының отауы тiгiлген, Алтын Орда мемлекетiнiң алғашқы астанасы орналасқан, Дештi Қыпшақ мемлекетi мен Қазақ хандығының уығы шаншылып, шаңырағы көтерiлген ежелгi Ұлытау өңiрiнiң айрықша бай шежiресiне бойлайтындығына сенiм зор. Қорыта айтқанда, ұлттың рухын көтерiп, жан дүниенi туған Отанға деген iңкәр сезiмге, мөлдiр махаббатқа бөлейтiн, ел тарихы мен мәдениетiнен тың мағлұматтар беретiн бұл кiтап – бүгiнгi және келешек ұрпақ тәрбиесiне елеулi үлес қосатын маңызы зор еңбек. «Менiң Отаным – Қазақстан» деп соғатын жүректерге жылу төгетiн исi қазақ азаматтары үшiн аса бағалы дүние.
Тұрсын ЖҰРТБАЙ, профессор, филология ғылымдарының докторы  

Серіктес жаңалықтары