ТIЛДI YЙРЕНУГЕ НИЕТ БАР. БIРАҚ?!

ТIЛДI YЙРЕНУГЕ НИЕТ БАР. БIРАҚ?!

ТIЛДI YЙРЕНУГЕ НИЕТ БАР. БIРАҚ?!
ашық дереккөзі
231

Астананың Мемлекеттiк тiлге деген пейiлi аса жоғары емес. Елдiң ордасы болып отырған Астанадан мемлекеттiк тiл жатырқайтындай ма, қалай өзi? Басқаны былай қойғанда, қоғамдық көлiктердiң жүргiзушiлерi де радиодан қазақ тiлiнде ән айтыла қалса, бүкiл салондағылар емес, тек өздерi еститiндей ғана етiп, дауысын бәсеңдете қояды. Мұны сол мемлекеттiк тiлдiң Астанадағы деңгейiнен хабар беретiн факт деп есептесек болар. Қазақ тiлiнiң Астананың жылы кабинеттерiнiң табалдырығынан әрi аса алмай жүргенiн айтпағанның өзiнде… Ойдан-қырдан жиналған қарапайым халық асфальтте өскен шенеунiктерге қарап тұр.

Алайда, Астанадағы Тiлдердi дамыту басқармасының бастығы Оразгүл Асанғазықызы «астаналық шенеунiктер қазақ тiлiн үйренуге аса ықыласты» дейдi. Осы мәселелер Оразгүл Асанғазықызымен арада болған бiр- екi ауыз сұхбатымызға арқау болған едi.

– Мемлекеттiк тiлдiң Астанадағы қазiргi ахуалын қалай бағалар едiңiз?

– Қалалық әкiмшiлiк өз қызметкерлерiне мемлекеттiк тiлдi бiлетiндiгi үшiн ақша төлей бастады. Құдайға шүкiр, бүгiнде тiлдi бiлетiндер көбейiп келедi. Мен осы жұмысқа алғаш келген кезде қазақ тiлiнде жаза алатындардың саны 12 адам едi, сосын 24 болды, ендi олардың саны 78 адамға жеттi. Сол 78 адам айлығына үстемақы алып жатыр. Баяғыда жиырма алты басқармада жиырма алты аудармашы ғана мемлекеттiк тiлде жаза алатын болса, қазiр сол жиырма алты басқармада жетпiс сегiз адам қазақша жазады. Көш жүре түзеледi ғой, бiрден бәрi ойлағаныңдай болмайды. Алла жазса, осы жылы бiз мына компьютерлерге Мемлекеттiк тiлдi үйрететiн бағдарламалар енгiзбекшiмiз. Компьютерлердiң барлығына сол басқармаға қатысты сөздердi кiргiзiп қоямыз. Мәселен, қазiр орысша жазғаныңыздың қатесiн түзеп беретiн бағдарлама бар ғой, сол секiлдi «Тiлмәш» деген бағдарламаға ұқсаттырып, қатесiн түзетiп отыратын жоба қызметкерлерге бiраз септiгiн тигiзетiн болады. Тiлдi дұрыстап үйренуi үшiн мультимедиа кабинетiн алып жатырмыз. Ол мультимедиа кабинетi бiздiң электронды Үкiметке қосылады. Жалпы, кiм де болса, осы компьютер арқылы тезiрек үйренедi деп жоспарлап отырмыз. Сондықтан, менiңше, барлық мәселе ниетке келiп тiреледi ғой. Қазiр ниет түзелдi. Басқа ұлттың өкiлдерi де тiлдi үйренуге аса ниеттi. Ендi несiн жасырайын, мен осы қызметке алғаш келiп, тiл мәселесiн көтергенде тiлге қырын қарап жүргендер де болды. Ал қазiр болса, «Оқиықшы, қайтсек тез сөйлей аламыз, қай жерде жақсы үйретедi?»—деп iздеп жүрiп оқитын болды. Шүкiршiлiктен басқа айтарымыз жоқ. Мысалы қазiр таза орыстiлдi мекемелердiң басшылары да өз ақшаларын шығарып, тiл үйренуге мүдделi болып жүр. «Аппаратпен бiрге оқыған бiзге ұяттау»— деп, өздерi iзденiп оқуда. Бұған қуанбағанда қайтесiң. Яғни, ниет түзелдi. Барлық нәрсе пейiлде ғой.

– Бұрынғы әкiм мен қазiргi әкiмнiң мемлекеттiк тiлге көңiл бөлуiнде қандай айырмашылық немесе нендей ерекшелiк бар?

– Жалпы мен өзi бiтер iстiң басына келдiм-ау деп ойлаймын. Шөкеевтiң кезiнде осы қызметке менi тағайындалуының өзi оның мемлекеттiк тiлге деген оң көзқарасынан болуы керек деп ойлаймын. Менiң бұрынғы iстеген қызметiм де жақсы едi. Астана қаласындағы Сарыарқа ауданы әкiмiнiң орынбасары болдым. Аудан деген аты болмаса, бұл Астананың екi ауданы бiр облысқа бергiсiз ғой. Өйткенi, Ел ордада атқарылар iстер мол. Сарыарқа ауданында сегiз-тоғыз жыл iстедiм. Бiрақ, «тiл қажеттiрек, қаладағы тiлдi алға жылжыту осы кiсiнiң қолынан келедi-ау»— деп, осы басқармаға бастық етiп қоюының өзi мемлекеттiк тiлге деген жанашырлығынан шығар. Бiр оқиға есiме түсiп отыр. Астанадағы «Мемлекеттiк тiл» қозғалысы шеру өткiзiп, қаладағы тiлдiң жағдайын көтерген. Олар «Шөкеев тiлге көңiл бөлмей отыр!»- дегенде, «Айналайындар-ау, тып-тыныш отырған Оразгүлдi әкелiп, оттың ортасына қойғанының өзi Шөкеевтiң қазақ тiлiне деген жанашырлығы емес пе?»— дегенiм есiмде. Ал ендi Шөкеев қанша дегенмен, Москвада оқыған адам. Бұған қоса, Астанада өзге ұлттың өкiлдерi көбiрек. Тiл мәселесiн бiрден шешiп жiберуге сәл дауаламаған да болуы мүмкiн. Алайда, менiң ұсыныстарымды қолдады. Қаржылық жағынан да қолдау бiлдiрдi. «Жасаңдар. Жұмыс iстеңдер» — дедi. Бiрақ, бiр әттегенайы, өзi бiр көсiлiп қазақша жиналыс өткiзбей-ақ кеттi. Менiңше, ең өкiнiштiсi осы. Одан басқа қолдау жағынан кенде болған жоқпын. Тоқсан сайын, Мемлекеттiк тiлдiң дамуына ниет танытқан мекемелерге үстемақы төлеу үшiн ақшасын шешiп беретiн. Екi- үш күннiң iшiнде бiздiң басқарманың материалдық-техникалық базасын жасап бердi. Қаладағы тiлдi дамыту үшiн не керек болса, соның бәрiн жасап тастады. Ал ендi Мамин туралы айтсам, Асқар Ұзақбайұлымен бұрыннан қызметтес болдық қой. Қаланы Әдiлбек Жақсыбеков басқарған кезде, ол кiсi әкiмнiң орынбасары болған. Ол уақытта Маминнiң мемлекеттiк тiлде сөйлейтiнiн көрмегенмiн. Әкiм болып тағайындалғаннан кейiн, қаланың активi өтiп, сонда есеп берейiн деп мiнберге шықтым. Алдын-ала айтатын есебiмдi әкiмнiң алдына қойғам. Ендi ол қазақ тiлiндегiсi емес, орыс тiлiндегi есебiм едi. Сөйтiп, ендi сөйлейiн деп оқтала бергенiм сол едi, әкiм қазақ тiлiнде:«Оразгүл Асанғазықызы, есебiңiздiң қазақ тiлiндегiсi қайда, мынау орыс тiлiнде ғой!» — демесi бар ма. Сондай ұялып кеттiм. Сол кезде-ақ, ол кiсiнiң мемлекеттiк тiлге пейiлi кең екенiн түсiндiм.

Бұған қоса, Елбасының мемлекеттiк тiлдi қолдауға шын белсене кiрiскенiн айта кету керек. Тiлдi мұндай жоғарғы дәрежеде көтеруiн өзiмiз өте көп күттiк қой. Ендi, Астанадағы мемлекеттiк тiлдiң ахуалы жақсарады деп сенiммен айта аламын.

– Рахмет!

Гүлнәр Мұқанова

Серіктес жаңалықтары