“АНА КӨКIРЕК САРҚЫЛМАЙТЫН АҚ БҰЛАҚ...”
“АНА КӨКIРЕК САРҚЫЛМАЙТЫН АҚ БҰЛАҚ...”
Мариям Хакiмжанованың қазақ поэзиясында ғана емес, оның адами махаббатының қамқорлығын көрмеген қыз-келiншектер санаулы-ақ. Өзiнiң ұзақ жылғы шығармашылық ғұмырында талайларға қол ұшын берiп, қанатының астына балапанша баулыған шәкiрт-ақындары баршылық. Солардың бiрi – Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттiк сыйлықтың иегерi Фариза Оңғарсынованың тiкелей араласуымен Үкiметтен қолдау тапқан ақынның 100 жылдық мерейтойы кеше Қостанай өңiрiнде басталып та кеттi. Ал Алматыда қараша айының соңында өтедi деп белгiленуде.
15 қараша нағыз туған күнi болғанмен, өмiрден өлердей жақсы көрiп өткен тұңғыш немересi – Айдардың туған күнiн өз туған күнiне айналдырып, 16 қараша деп құжат алыпты. Өзiнiң өмiрбақи қайталаудан жалықпай кеткен: «Айдарым – қуанышым, байлығым, құлазып жүргенде көрген қызығым, мұрагерiм» дейтiнi де сондықтан. Айдар – тұңғыш немересi, бүгiнде биология ғылымдарының кандидаты, елдiң, жердiң тағдырын терең ойлайтын бiлiмдi азамат ғалым. Бәлкiм, өз туған күнiн тойлаған сайын менi де ұмытпасын, мәңгi есiнде жүрейiн деген аналық махаббаты болар…
Мәриям Хакiмжанова өз өмiрiнде үш кезеңдi де – революциядан кейiнгi социалистiк құрылыстың алғашқы дәуiрiн, Ұлы Отан соғысы кезiндегi қанды, қаһарлы жылдарды, және бүгiнгi берекелi бейбiт күндi, яғни ғылыми-техникалық прогресс заманын да өз шығармаларында толық қамтыған кемеңгер ақын. Ол өз творчествосында заманауи тiрлiктiң бiр пендеге аз жүк болмайтын талай қиындықтарына мойынсұнбай, өз хал-қадiрiнше өмiрдiң тек шынайы болмыстарын ғана арқау еттi. Әсiресе, жақсылықтары өз бастарынан аспайтын, даналықтары өз әулетiне ғана жарап жататын бүгiнгiдей мейiрiм шапағаты аздау қоғамда Мариямдай мейiрiмдi, салауатты жазушылар санаулы-ақ десек, базбiреулер тiксiне қарар. Олай демеске тағы да лажымыз жоқ. Бiрiнiң iзiне бiрi шам алып түсiп, төрде тек өзi ғана отырсам деп армандайтын кейбiр жазушы ағалар тiрлiгi осындай ой айтуымызға түрткi болғандай.
«Сенiң махаббатың» –
…Биiк тұрған бiр күш бар,
Дидарына Жер де құштар,
Күн құштар: ол – нәзiктiк,
мәңгi шуақ, нұры – құт,
сарқылмайтын жылылық,
ОЛ – тiршiлiктiң қуаты –
ӘЙЕЛ атты ұлылық! – деп өзi жырға қосқандай, әйелдiң ғана қолынан келетiн шынайы сүю, ғашықтық та, адалдық та, кезi келгенде қатыгездiкке де бара алатындығын шығармаларынан кездестiрiп отырамыз. Қазақ совет әдебиетiнiң алыптары қатарында отыз жылға дейiн жалғыз әйел-ақын атанған Мәрия Хакiмжанова кейiнгi отыз жылында Тұрсынхандар бастаған бiр топ қыз-келiншектердi әдебиетке өзi әкелдi. Бүгiнгi жыр дүлдүлдерi атанған поэзиядағы шоқ жұлдыздар – Тұрсынхан, Әмина Шалабаева, Қанипа Бұғыбаева, Марфуға Айтхожина, Фариза, Күләштар, прозадағы Шәрбану мен Мағиралар да сол кiсiнiң үлкен махаббатына бөленген, тәлiм-тәрбиесiнiң бiр көрiнiсi iспеттес. Бойындағы барын қалтқысыз үйретуден жалықпаған, олардың «тұңғыштарына» шексiз қуанған да сол табиғатының жақсылыққа, қуанышқа зәру боп өскен қиын да қысталаң тағдырынан көретiн-дi. Көрегендiктiң шынайы белгiсi, көргенiн iштарлық етпей үйретуден жалықпайтын қайсарлығының белгiсi едi бұл. Тағы да өзiне жүгiнсек: «…ұстамдылыққа, тапжылмайтын табандылыққа, ерiнбейтiн еңбекқорлыққа үйреткен Бейiмбет пен Сәбит сияқты аяулы ағаларымның тәрбиесi. Менi олар туған қарындастарындай көрдi. Олардың мақсаты – еңбекшi қазақ әйелдерiнен совет әдебиетiнiң өкiлiн дайындау едi…» дейтiнi бар.
Иә, өзi де осы үрдiске көзi тiрiсiнде адал болғанын, жалғастырғанын жоғарыда аты аталған кез келген ақын әпкелерiмiз растайды. Аталы, қисынды сөзге қарсы тұрар дәрмен де, күш те болмаған. Өйткенi, адал жар, үлкен жүректi ақын тәрбиесiнен нәр алып, сусындап өскен қазiргi қазақ әдебиетiнiң, қазақ мәдениетiнiң алып аналар көшi оған дәлел болса керек!
Қазақ совет поэзиясының тұңғыш ақын қызы – Шолпан Иманбаевадан кейiнгi Мәриям бастаған көш осылай өз сәнiн де, әнiн де жоғалтқан емес. Өйткенi, олар – ақын-аналар! Ана жүрегi, ана махаббаты мәңгi өшпейтiн алау.
Бүгiнде ғасыр жасап, ел-жұрт, өз оқырманы торқалы тойын тойлап жатқан қазақтың бiртуар данагөй анасы Хакiмжанованың кiтаптарының «Ана махаббаты», «Ана көктемi», «Ана жүрегi», «Ана мейiрiмi», «Бөбегiм менiң – өлеңiм менiң» атануы да тектен тек емес шығар. Шығармаларының тамызығына айналған өтiмдi де өткiр тақырыбы да осы отбасы, ошақ қасы аналардың бiтпес бейнетi мен зейнетi. Әсiресе, шоқтығы биiк Шығыстың екi жұлдызының бiрi – «Мәншүк» туралы поэмасын тебiренбей, толқымай оқу мүмкiн емес.
… Мәншүк үшiн төктiм талай жасымды,
Мәншүк үшiн тердiм сөзден асылды.
Iздеп барып, қабiрiне батырдың,
«Мен – анаң» деп иген едiм басымды, — дегенi осынау балғын да батыр қыздың анасымен сырлас-сыйлас бола жүрiп, оған деген асыл да шексiз аналық махаббатына поэманы оқыған сайын жүрегiң елжiрейдi.
Мәриям Хакiмжанова — әлi толық оқылмаған, зерттелмеген ақын. Ашылмаған құпиясы мол, көрген қиындығынан көрмеген жақсылықтары ұшан-теңiз, тағдырдың талай соқпақтарынан жаза алмай, жазылмай кеткен поэзиясыз жылдары өзегiн өртеген қазақ ақыны.
… Ана көкiрек сарқылмайтын ақ бұлақ,
Кеудем фонтан,
жатыр көкке атқылап.
Дауылға да, жауынға да бой бермей,
Маңдайымда жарқыл қаққан қос шырақ.
Көңiл жүйрiк, қалар емес жарыстан,
Орап әкеп, ой салады алыстан
Бұл тiрлiктен мәңгi кеткiм келмейдi,
Зарыққанда,
Тарыққанда табысқам…
Не деген өкiнiш! Не деген жоқтау! Жетiмдiк пен жесiрлiктiң қамытын былай қойғанда, қазақтың талай маңдай алды арыстарының мойнындағы қыл бұрау ақын-ананың да тағдыр жолында талай тұсау болғаны әр жыр жолдарынан-ақ хабар бередi.
Әлi де оқырман қолына толық жетпей жатқан дүниелерi қаншама! Кезiнде жазушы Мағира Қожахметоваға «Түбi менiң шығармаларымды ақтаратын сен боларсыңды» да тегiн айтпаса керек.
Торқалы тойы алдында мемлекеттiк тапсырыспен «Ана тiлi» және «Жазушы» баспаларынан Мағира Қожахметованың құрастыруымен үш томдық шығармалар жинағы жарық көрдi. Алғы сөзiн жазған да өзi. Осынау «өлермен» жазушының үнемi жұмысбастылығына қарамастан, мүмкiндiк тауып Жан-апасының аманатын орындауы аруақ алдындағы бiр ғана парызы iспеттi…