МӘСЕЛЕ СУРЕТТЕ ЕМЕС, ҚҰНЫНДА!
МӘСЕЛЕ СУРЕТТЕ ЕМЕС, ҚҰНЫНДА!
Мәселе теңгенiң сыртқы пiшiнiнде емес, оның құнында. Алғашында қатемен басылды, екi тiлде болғаны несi деп валютамыздың жаңа пiшiнiне наразы болғанмын. Банкноттарға терең үңiлген соң асығыстық жасағанымды түсiндiм. Мемлекетiмiздiң рәмiздерi, ресми түрде бекiтiлген шекара, терең тарихымыздан сыр шертетiн Есiкте табылған алтын адам, Елордамыздың сәнiн келтiрiп тұрған сәулеттi ғимараттар, мұның барлығы ақшамызды қолына алған шетелдiктерге де естелiк болып, жадында қалатын бейнелер.
Бiр қарағанда, банкноттардағы белгiлер мен суреттер тым көп көрiнгенмен, бұның барлығы заман талабына сай қорғаныс белгiлерi екенi тайға таңба басқандай. Бiреулер үйренiп қалғандықтан, неге Әль-Фараби жоқ деп болмас дауды өршелене өрбiтiп жүр. Мәселе онда емес. Еуропаның евросын алыңыз, онда да осындай тiк сызықтар бар. Онда тұрған ештеңе жоқ. Шындығымды айтайын, әуелi мен де жаңа теңгенiң сыртқы кейпiне мейлiнше қарсы болдым. Бiр қосылып кеттiм де, мына теңгенiң шығуы дұрыс емес, екi тiлде, тiптi, қате бар деп бiраз құптамай жүрдiм. Қанша адам болса, сонша пiкiр болады ғой. Бiз сыртқы бейнесiн емес, теңгенiң бағамын ойлауымыз керек, Сосын көптеген адамдар мынау қолдың қажетi қанша, неге алақан жайылған деп те қарсы болуда. Алақан мәселесiне келсек, көне дәуiрден келе жатқан алақан ол. Мысалы, белгiлi археолог Алан Медоевтың «Гравюры на скалах» деген кiтабында осындай алақандар көрсетiлген. Кiтапта жазылғандай,бұндай алақан белгiсi тас дәуiрiнен келе жатыр. Алғашқы адамдар үңгiрдiң iшiнде қызыл бояумен алақандарын қалдырған. Яғни, көне дәуiрдегi бейнелеу өнерiн бiлдiредi. Осындай алақандар Батыс Қазақстан облысында табылған Шақпақ ата деген жер асты мешiтiнде де кездеседi. Бұл ашықтықты көрсетедi. Мiне ашықпын, қару жоқ деген түсiнiк. Сондықтан да онда тұрған ештеңе жоқ.
Ал, «К» әрпiнiң дұрыс басылмауына келсек, ол бара-бара түзетiлетiн шаруа. Оған бола байбалам салу жөнсiз. Техниканың аты техника. Компьютердiң iстен шыққаны алдағы уақытта мұқият болуды қажет етедi. Бәрiнен де сол жаңа теңгенi қолымызға ұстап, тезiрек көрсек екен. Газеттерден, теледидардан көрген бiр басқа, қолына алып жұмсағанға не жетсiн. Себебi, осындай ұлттық нақышта жарық көрген өз ақшаң бойыңа рух берiп, бiр серпiлтiп тастайды. Он үш жыл бұрын төл теңгемiз жарық көрген күн әлi есiмде. Сол мезеттi ешқашан ұмытпаспын.
Өйткенi, Совет одағы ыдырағаннан кейiн көп қиыншылық болды бiзде. Ақшаның құны түсiп кеттi. Ресейлiктер ол кезде рубльдерiн шығарып жатты. Басқа мемлекеттер де солай қамданды. Ал бiздер әлi сол Ресейдiң рублiмен жүрдiк. Әлi есiмде, өзiм қараша айының жиырма екiсiнде Новосибирьскiде докторлық диссертация қорғауым керек едi. Командировкаға кетiп бара жатырмын. Сол жолда естiдiм, он бiрiншi қараша ма екен, он екiсi ма… Әрине мен бiр жағынан қуандым. Семей қаласына жеттiм де вокзалға тарттым. Қалтамда ескi ақшамен отыз мың рубльдей бар Ресейге келгеннен кейiн ол ақша түкке жарамай қалды ғой. Ол жақта оны ешкiм қабылдамайды. Қайта, таныстарым, Оңтүстiк Кореяның ғалымдары кездесiп қалып, солар көмектескен.
Ақша ауысқан соң жалақымды теңгедей алғанда рухымыз бiр көтерiлiп қалды. Содан берi он үш жыл өттi, жылдан жылға құны жоғарыламаса, теңге бағамы пәлендей түскен жоқ. Егер бiздiң экономикамыз төмен деңгейде болса, онда бiз ақшаны жаңарта да алмайтын едiк. Ал, өзiмiздiң мемлекетiмiзде қазiр, Құдайға шүкiр, ақша шығаратын зауытымыз бар. Тәжiкстан да ақшаларын бiзде басады деп естiдiм. Шынын айту керек, басқасын былай қойғанда ақшамды мүмкiндiгiнше теңгемен сақтаймын, долларға сенiм жоқ.
Осыдан он жыл бұрын машина, iрi көлемде зат сатып алсақ бәрiн доллармен есептейтiнбiз. Қазiр оны кездестiрмеймiз. Бiз патриот болуымыз керек! Бұл жәй сөз емес. Өзiмiздiң теңгемiздi сақтап, қорғауымыз керек.
тарих ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих факультетiнiң деканы.