ТЕҢГЕ МYШЕЛГЕ ТОЛДЫ НЕМЕСЕ СӘЙДЕНОВ СИНДРОМЫ
ТЕҢГЕ МYШЕЛГЕ ТОЛДЫ НЕМЕСЕ СӘЙДЕНОВ СИНДРОМЫ
Қош, сонымен бүкiл халықты шулатқан, ұлттық рухымызға сын, қостiлдi мемлекет екендiгiмiздi танытып, қос тiлде жазылған, оның мемлекеттiк тiлдегiсiнде қате кеткен ұлттық теңге кешеден бастап айналымға ендi.
Көптеген халық қалаулылары мен ел зиялыларының, қоғамның оның қабылдануына қарсылығына қарамастан, жаңа теңге өмiрiмiзден ойып тұрып орын алатын болды. Ұлттық банкiнiң шенеунiктерi ұлттық рухтан гөрi теңгенi жасауда кеткен 8 миллион ақшаның шығынын артық санады. Сөйтiп, ұлттық тiлiмiз бен дiлiмiзге қыңыр қарайтын шенеунiктерiмiз халықтың пiкiрiн аяқасты еттi.
Ал, Қазақстанның Конституциялық Кеңесi Қазақстанның бiртiлдi я екiтiлдi мемлекет екендiгiн ашып айтып бере алмаған күйi үнсiз қалды. Демек, елдегi солқылдақ ұлттық саясаттың салдарынан бiз әлi де мемлекеттiк тiлдiң статусын айқындай алмай жүрмiз. Сөйтiп, төл теңгемiз қос тiлде жарық көрдi. Мемлекеттiк тiлде қате кеттi. Айдай әлемге осылай рухсыздығымызды паш еттiк. Бұған кiм кiнәлi? Әрине, теңгенiң дизайнын жасаған, оны халықтан жасырын шығарған және бұнысы үшiн бетi бүлк етпеген Ұлттық банкiнiң төрағасы Сәйденов кiнәлi.
Әнуар Сәйденовтiң теңге дауына орай талай рет Парламент қабырғасына келiп, түсiнiктеме бергенiн экран арқылы көзiмiзбен көрдiк. Қалай айтсақ та, Сәйденовтiң негiзгi мұраты – ұлт рухы емес, қарын қамы екенiн байқадық. Cәйденовтiң пiкiрiнше, теңге – ұлттық символымыз емес, тек қана қаржы құралы. Елдiң елдiгiн, мемлекеттiгiн паш ететiн 5 түрлi символы болады, олардың бастысы әрi бiрегейi – тiлi мен территориясы, шекарасы мен ақшасы. Ендеше, теңгеге тек төлем құралы ретiнде ғана қарауға болмайды екен. Ол төлем құралы бола тұрып, елдiң тарихи жадында паш етуi тиiс. Алайда, Сәйденов және онымен пiкiрлестер үшiн «ұлт» мәселесi күн тәртiбiнен ысырыла тұрады. Тiптi, оған Қазақстанның жеке мемлекеттiгi, тәуелсiз ел екендiгi бес тиын сияқты. Теңгенi қос тiлде жариялаған ол, Қазақстанды Ресейдiң бiр провинциясы сияқты қарайтын көрiнедi. Демек, Ресей не, Қазақстан не, екi елде де орыс тiлi дәуiрлеп тұр. Яғни, мемлекеттiк тiлде кеткен қате де, теңгенiң мәтiнiнiң қос тiлде жазылғаны да бәрiбiр.
Сәйденовтер теңгедегi қатенi компьютерге жауып әлек. Бiрақ, миға сыймайтын бiр мәселе – компьютерде «к» мен «қ» екi жерде таңбаланған. Әдейiлеп «қ»-ны баспасаңыз, «к»-нiң орнына ол өзiнен-өзi түсiп кете қоймайтынын өзге түгiлi мектеп оқушысы да бiледi. Ендеше қатенiң кеткенiн компьютерге жаба салып қарап отыру жөн емес.
Ең бастысы, Сәйденов өзi мемлекеттiк тiлде жұмған аузын ашпайды. Ал, Елбасы Қазақстан халықтары ассамблеясына ХII сессиясында Қазақстан қоғамында мемлекеттiк тiлдi бiлмеген адамның мемлекеттiк қызметке келе алмайтындығын шегелеп айтқан жоқ па? Демек, сәйденовтерге ендi Қазақстан билiгiнен орын болмауы тиiс. Сәйденов өзi қазақша бiлмедi делiк, ал орынбасарлары қайда қарап отырған, тiптi бiр ауыз сөйлемдi қаратып алатындай қазақ тiлiнiң маманы табылмай қалды ма? Түсiнiксiз, тағы да құлықсыздық деймiз де. Сәйденов халық алдында ақталарда бет перде ретiнде Елбасын ұстайды. Жарайды, Елбасы теңгенiң жаңа дизайнымен танысқан болсын, көз елегiнен өткiздi делiк, алайда Елбасының әрбiр әрiптiң қатесiне шұқшиып отыруға уақыты жоқ қой. Ендеше, неге жауапкершiлiктен тайқып, өзге бiреуге кiнәнi аудара саламыз. Кейбiр ақпарат көздерi (Мәселен, КТК телеарнасы) теңгедегi қатеге бейжай қарауға шақырады. Бұндай қателiктер Францияның, т.б. да елдердiң ұлттық валюталарында орын алған екен дейдi. Алайда, бұл елдер қатенi валюталары айналымға енгеннен кейiн анықтаған, айналымға енбес бұрын көзiқарақты бiреу байқаған болса, онда олар кеткен шығынның қанша екендiгiне қарамастан, ұлттық валютасын жарыққа шығармас едi. Ал, бiз көзiмiздi бақырайтып отырып, бүкiл жұртты шулатып теңгенi айналымға жiбердiк. 8 миллион халықтың пiкiрiне құлақ асқан жан болсайшы.
Ең өкiнiштiсi, Қазақстан қоғамында Сәйденов синдромы басым болып тұр. Тәуелсiз ел болғанымызға 15 жыл толғанына қарамастан саяси билiкте Сәйденов сияқты ұлттық рухтан жұрдай шенеунiктер отыр. Бұқараны билеушi топтың ұлттық рухты аяқасты етуi халықтың шамына тиетiндiгi де ақиқат. Қостiлдiлiк бүгiн теңгеде орын алса, ертең Конституцияға тiркелмесiне кiм кепiл. Елбасының маңайындағы кеңесшiлерiнiң көбi мемлекеттiк тiлдiң маңызынан гөрi, ресми тiлдi қосамжарландыруға үнемi кеңес берiп отырады. Соның салдары бүгiнгi қоғамда нақты көрiнiс тауып отыр.
Биыл қазақтың ұлттық валютасы – теңге мүшелге толып отыр. Алғашқы кезеңмен салыстырғанда қазiр оның қабырғасы қатып, буыны бекiдi. Қазақ экономикасын алға сүйрейтiн де, ұлттық рухты аспанға шығаратын да осы теңге. Сол себептi де оның ғұмырының ұзақ болатындығына, қазақтың экономикасы мен ұлттық рухы үшiн қызмет етедi деген үмiттемiз.
Есенгүл Кәпқызы