ТАПСЫРМА ОРЫНДАУДЫҢ ТЕРЕЩЕНКОЛЫҚ ӘДIСI
ТАПСЫРМА ОРЫНДАУДЫҢ ТЕРЕЩЕНКОЛЫҚ ӘДIСI
Газетiмiздiң өткен аптадағы санында «Орыс мәселесi» және Қазақстан» атты мақаламыз жарық көрген едi. Онда «казак-славян ұйымдарына Ресейдiң ресми билiгiнiң тапсырмасы» жөнiнде әңгiмелеген болатынбыз. Айтып ауыз жұмғанша болған жоқ, бiздiң мақала жарық көрiсiмен-ақ, елiмiздегi орыс-славян ұйымдары тiстерiн көрсете бастады. Алдымен Орыс, славян, казак қауымдастығының төрағасының орынбасары Анатолий Чесноков Парламентке орыс тiлiнiң аясын кеңейту жөнiнде бағдарлама (кейбiр ақпарат агенттiктерiнiң таратуы бойынша — заң) ұсынған. Олардың көксегенi орыс тiлiне қазақ тiлiндей мемлекеттiк статус алып беру. Жасыратыны жоқ, қазiргi қазақ тiлiнiң мемлекеттiк дәрежесi орыс тiлiнiң көлеңкесiнен шыға алмай отыр. Егер, алда-жалда орыс тiлiне екiншi мемлекеттiк тiл дәрежесi берiлетiн болса, (оның бетiн аулақ қылсын) қазақ тiлi тұншықтырылды дей берiңiз.
Бiрақ, қазiр елiмiзде қазақ тiлiнiң қолданылу аясын кеңейту мақсатында жүрiлiп жатқан шараларға қарасаңыз, түбi бiртiлдiлiкке көшетiн сындымыз. Ең алдымен, Астана мен Алматы қалалары келесi жылы мемлекеттiк тiлге көшудi аяқтамақ. Содан кейiн, 2010 жылы елiмiз аумағы түгелдей дерлiк iс қағаздарын мемлекеттiк тiлде жүргiзуге тиiстi. Егер, осы жоспар ойдағыдай жүзеге асатын болса, орыс тiлiнiң Қазақстандағы қолданылу аясы тарылатыны да шындық. Бәлкiм, Ресей де, осындағы азшылық топ орыс, славян, казак ұйымдары да болашақты болжағаннан алдын-ала дабыл қағып отыр ма екен?! Қалай дегенмен де, олар Қазақстанның нанын жеп, суын iшiп отырғанына қарамастан, Ресейдегi жарылқаушыларының нұсқауымен жүретiндiгiн танытты.
Ал, Қазақстан халықтары Ассамблеясының төрағасының орынбасары Сергей Терещенко Қазақстан халықтарының ХII сессиясы қарсаңында Алматыда өткiзген басқосуында аз ұлттар өкiлдерiнiң билiк эшелонынан көптеп орын тебуiне жағдай жасауын сұрады. Яғни, Алматыда өткен жиында дәл осы екi мәселе жөнiнде Ресей Сыртқы iстер министрлiгi мұндағы орыс, славян, казак ұйымдарының басшыларына тапсырған болатын. Тапсырма орындала бастады. Бiздегi орыс, славян, казак ұйымдарының өкiлдерi артында iрi қорғаушысы тұрғанын сезiнiп, батыл қимылдауда. 24-қазанда Қазақстан тәуелсiздiгiнiң 15 жылдығына орай Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХII сессиясы болды. Осы сессияда да Терещенко Алматыдағы дөңгелек үстелде бықсытқан әңгiмесiн көтердi.
Ең қорқыныштысы сол, бiз Ресейдiң қандай да саяси, экономикалық, тiлдiк талаптарынан бас тарта алмай отырмыз. Егер, Ресей Федерациясы орыс тiлiне екiншi мемлекеттiк дәреже сұраса, оны берiп жiберуiмiз де ғажап емес. «31 канал» телеарнасының «Тұжырым» бағдарламасына осы мәселенi талқылау мақсатында келген Мәжiлiс депутаты Амалбек Тшан «Орыс, казак, славян ұйымдарының мұндай заң жобасын немесе бағдарлама әзiрлеуiнiң өзi сұмдық. Қазiр Парламентте қазақтың мүддесiн қорғайтындар аз. Егер, заң талқыға түсер болса, басым көпшiлiк дауыспен қолдауға ие болып кетуi де мүмкiн. Тiптi, Ресей қолқаласа, бiздiң Үкiметтiң оған қарсы тұратын иммунитетi де жоқ» дегендi айтып салды. Өзге, өзге парламент депутаттарының мұндай шарасыздығы кiм-кiмдi де секемдендiретiнi айқын. Конституциядағы орыс тiлiнiң «ресми» статусы аздай-ақ, одан мемлекеттiк дәреженi талап етiп жүрген бұл ұйымдардың қоқан-лоқысына бiрден соққы берiп, тиып тастасақ, олар екiншi бас көтермес едi. Бiрақ, амал не? Бiздiң билiк «орыс мәселесiне» келгенде әлi солқылдақтық танытып келедi.
Орыс, славян, казак ұйымдарының бұндай шешiмге келгендiгi туралы ақпаратты бiз «i1 канал» телеарнасының жаңалықтар қызметiнен тыңдап бiлдiк. Қызығы, аталған телеарнаның қазақ редакциясы бұл ақпаратты таратушы Чесноковтың қитұрқы мақсатын жерiне жете, майын тамыза әңгiмелеп берсе, орыс редакциясының журналисi бұны басқаша сипатта өрбiттi. Оның айтуына қарағанда, мемлекеттiк тiлде iс қағаздарын жүргiзу – орыстiлдi халықтың елден кетуiне түрткi болатын бiрден-бiр себеп көрiнедi. Қазақ тiлiн өзгетiлдi жұртқа үйрену үшiн берiлген 15 жыл аздай, олар әлi де асықпауды сұрайды. Тiптi, осы телеарна журналисiне сұхбат берген кейбiр орыс ағайындар:
— Қазақ тiлiнде толтырылған бланкiлердi көргенде бiрден Ресейге тартып кеткiм келдi, — деп қоқан-лоқы көрсетiп қояды.
Парламент депутаты Валерий Досқалов:
— Орыс халқы шоғырланып орналасқан өңiрлерде қазақ тiлiнде iс жүргiзуге асықпау керек, — дегендi айтады.
Жалпы, унитарлы мемлекеттi «оңтүстiк, солтүстiк» деп өңiрлерге бөлудiң соңы жақсылыққа әкелмейтiндiгiн Молдовадағы Приднестровье мысалы көрсеттi. Керiсiнше, осы өңiрлерге ұлттық саясатты молынан насихаттап, мемлекеттiк тiлдi жүзеге асыруды жылдамдату керек сияқты.
Ал, «Азаттық» радиосының тiлшiсi Данабек Жалмырзаң бұл жиынға арнайы қатысып, апталық «Паровоз» бағдарламасына репортаж дайындаған екен. Оның айтуынша, жиынға келгендердiң көбi зейнет жасындағылар, әрi 100 адамнан көп аса қоймаған. Демек, орыс, казак, славян ұйымдарының жоғарыдағы талабын елдегi бүкiл өзгетiлдi ұлттар мен ұлыстар өкiлдерi қолдамайды. Ол тек отқа май құйып, жалаулатып жүрген аз¬шылықтың ғана талабы. Қазақстан халықтары Ассамблеясының төрағасының орынбасары Жұматай Әлиев «Басқа ұлттардың бiзде тұратын өкiлдерi мемлекеттiк тiлге қос қолдап дауыс берiп отыр, оны мен Ассамблея атынан батыл айта аламын» дейдi.
P.S. 20-қазанда Мәдениет және ақпарат министрлiгi мен Қазақстан халықтары Ассамблеясының жетекшiлерi 2010 жылға дейiн iс қағаздарын толықтай қазақ тiлiне көшiрудiң тұжырымдамасымен таныстырды. Бұл тұжырымдама бойынша, Қазақстанда тұратын 15 миллион халық мемлекеттiк тiлдi тұтастай меңгеруге тиiс. Сөйтiп, 2010 жылы ел бойынша, мемлекеттiк тiл салтанат құруы керек.
Ал, 21-қазанда Астана қаласы Тiлдердi дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өткен жиында Астана қаласы 2007 жылдан бастап мемлекеттiк тiлге толықтай дерлiк көшуi керек деген мәлiмдеме жасады. Алайда Астана қалалық Тiлдердi дамыту басқармасының бастығы Оразкүл Асанғазының мәлiметтерiне сүйенсек, Астана қаласындағы шенеунiктердiң тек 10%-ы ғана мемлекеттiк тiлде iс жүргiзе алады екен. Қалай дегенмен де, сең қозғалды. Казак, орыс, славян қауымдастығы қалай қоқаңдаса да, Қазақстанда тұру үшiн мемлекеттiк тiлдi үйрену қажеттiгiне мойынсұнатын кез жеттi.
Есенгүл Кәпқызы