ҚАЗАҚҚА МЫҢ ЧЕМПИОН ДА КӨП ЕМЕС!
ҚАЗАҚҚА МЫҢ ЧЕМПИОН ДА КӨП ЕМЕС!
Елдiк, ұлттық құндылықтарды үзбей тақырып етiп отыратын «Түркiстан» газетi менiң үйiмнiң құтты қонағы. Құрметпен қарсы аламыз, талдап оқимыз, қажетiн қиып алып, сақтап қоямыз. Келiсетiнiмiз бар. Таласатынымыз бар. Талқыға салатынымыз бар.
Газеттiң биылғы жылғы 24 тамыз күнгi санында шыққан «Чемпиондар шеруi. Кiм бiрiншi болды?» деген мақаланың авторы Аққали Көптiлеуовке рахмет. Аққали мырзаның жазған жайдан әлi де бiлерi көп болғанмен, айтарының басты бағалылығы соңғы ойтүйiнде жатыр: «Қазiр патриоттық тәрбие деген мәселе көтерiлiп жатыр. Оны Бiлiм және ғылым министрлiгi көтеруде. Тiптi зерттеулер жүргiзiлген көрiнедi. Олардың нәтижелерiне қарағанда, Қазақстанда тұрып, өздерiн бiздiң елдiң азаматымын деп есептемейтiн қандастарымыз да бар көрiнедi. Бұндай да болады екен. Бiрақ қазақтың атын әлемге паш еткен осы Шәмiл Серiков, Әлжан Жармұхамедов сияқты ұлы перзенттерiн бұқара халық iшiндегi азаматтарының бiрi бiлiп, бiрi бiлмейтiн елде патриотизм сезiмiнiң әлсiрегенiне таңданудың қажетi жоқ шығар. Ал, ұлы жетiстiкке жеткен спортшылардың өзi қарапайым адамдар. Олар насихатталмаса, тез ұмытылады. Бiрақ бұдан бiздiң бәрiмiз ұмтыламыз. Өйткенi, халық болғасын, оның әлемдiк деңгейден көрiнген тұлғалар ретiндегi жалпыұлттық символдары болуы керек» деп жазады автор. Керемет шындық. Ащы сабақ. Аса қажеттiнi нұқып көрсету. Бағдарлама. Аққали мырзаның мақаласына үн қосуға қозғау салған да осы салмақты себебi, маңызды мағынасы. Сонымен…
Сонымен, ұлт символы болар ұл-қыздарымыз жайлы жиi-жиi айту да, жазу да қажет. Ол тақырыпты ұлт мектептерiне арнайы сабақ немесе, тоқсандық баян ретiнде енгiзiп қойса артық емес. Арман арқалаған ұл-қыздарымыз кiмдерге елiктейтiнiн сол бiлiм ұясынан-ақ бiлiп ұшса артық емес. Және де ол символдар тек қана спортта емес қой. Бұл бөлек тақырып.
Спортқа келсек, Көптiлеуов мырзаның газет бетiнде көтерген мәселесi өте жақсы да, тек «чемпионды» анықтау әдiсi күмәндiлеу. Бүгiнгi спортта «әлемдiк деңгейдегi чемпион» деген анықтамалық нақты емес. Неге десеңiз, бүгiнде әлем, құрылық чемпионаты, Олимпиадалық ойындарға қоса ондаған, жүздеген әлемдiк жарыстар ойлап табылды. Мысалы, бокста — әлем Кубогы, футболда — конфедерациялар Кубогы, клубтық әлем чемпионаттары, жеңiл атлетикада — әлемдiк, алтын лига жарыстары, велосипед спортында — Тур де’ Франс, Джиро д’ Италия, «Вуэльта» көпкүндiгi, каратэ, самбо, кикбокс чемпионаты т.б. бар. Ол салада да қазақтан шыққан чемпиондар жоқ емес… Сондықтан да Аққали мырза көтерген мәселенi нақтылап алып, соған нақты жауап iздеу жөн ғой деп ойлаймыз. Өйткенi көтерiлген тақырып маңызды, яғни оның жауабы да маңыздылығын жоғалтпағаны жөн. Қорыта келгенде бүгiнгi таңда қоғамымызда «Қазақ ұлтынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы кiм және тұңғыш Олимпиада чемпионы кiм?» деген сұрақтар өз жауабын iздеуде.
Кезiнде ресми тiркелмегенмен Қажымұқандай балуан бабамыздың сол кездерi бiрнеше әлем чемпионатында жеңiмпаз болғанын болашақ ұрпаққа жыр етiп те, аңыз әңгiме, ертегi етiп те айтып отырудан жалықпау қажет. Ал, қазақ ұлтынан шыққан тұңғыш ресми әлем чемпионы — Шәмiл Серiков. Ол классикалық курстан 1978 жылы әлем чемпионы атанып оралды. Көптiлеуов мырза жазғандай, сол кездегi «Лениншiл жас» газетiнде «бөрiктi аспанға атқызып» жазған журналист — сол кездегi «ЛЖ» спорт бөлiмiнiң тiлшiсi мен едiм. Қазақ баласы әлем чемпионы болды дегенде, ғұмырын осындай хабар күтiп өткiзуге бел байлаған аса ұлтшыл мен және мұндай оқиғаны қалт жiбермейтiн нағыз ұлтжанды бас редактор Сейдахмет аға Бердiқұлов отырған газеттiң тiлшiсi бiрiншi әрi бұрын баруға тиiс болатын оқиға орнына. Солай болды да. Ел «е, бiр қазақ әлем чемпионы болыпты» деп тамсанып жатқанда мен сол кезде әкесi Кәрiм темiржол бойында жұмыс iстейтiн Серiковтердiң үйiн тауып барып, шешесiмен сөйлесiп, газетке чемпион шыққан шаңырақтан репортаж жазғанмын. Iстiң анық-қанығы осы. Қазақ ұлтынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы — балуан Шәмiл Серiков. Шәмiл келесi жылы Еуропа чемпионы және тағы да әлем чемпионы атанды.
Ендi Олимпиадалық ойындарға келейiк. Олимпиадалық ойындар да әлемдiк дәрежеде өткiзiлгенмен, оны әлем чемпионаты, әлем Кубогы жолындағы жарыстармен қатар қоюға болмайды. Бүгiнгi қара жер үстiндегi спорт жарыстарының шыңы — Олимпиадалық ойындар. Бұл жарыстың күмiс жүлдесiн сонау 1960 жылы Римде желаяқ бауырымыз Ғұсман Қосанов жеңiп алған. Ол КСРО құрамасының эстафеталық құрамында қысқа қашықтыққа (4х100 м) жүгiруде Л.Бартенов, Ю.Коновалов және Э.Озолиндермен бiрге тұғырдың екiншi сатысына көтерiлген едi.
Жасыратын не бар, ұзақ мерзiм бойы бiз қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы балуан Жақсылық Үшкемпiров деп келдiк. Ол чемпиондық атақты 1980 жылы Мәскеу Олимпиадасында жеңiп алды. Рас, бiз сол кезде-ақ баскетболшы Әлжан Жармұхамедов жайлы әртүрлi әңгiме естiдiк. Бiреу оны қазақ дедi, бiреу өзбек дедi, бiреу қырғыз дедi — анық ақпарат болмады. Бәрiн ашып айтатын ел спорткомитетi де бұл тақырыпқа ешқашан ашық ештеме демейтiн. Бұл сол кезеңнiң саясаты ма, болмаса, жеке бiр адамдардың өз қажеттiгi үшiн шындықты жасыруы ма, оны мен бүгiн де түсiнбей жүрмiн. Болмаса, орталық журнал жазған ақпаратты ел спорткомитетi бiлмеуi мүмкiн емес. Ал, қолтоқпақтай Жақсылық көз алдымызда өстi, Олимпиадасында да бiрге болдық, содан да болар, бiз бiрiншi Олимпиада чемпионы атағын Жақсылықтан өзгеге қимаушы едiк. Әрi ол кезде «жер астындағыны» бiле беретiндей спорт журналистикасы да ерекше өркен жая қоймаған, тiзгiн де қолда емес кезең едi.
Жасыратыны жоқ, кейiннен бұл қателiк түзетiлдi де. Спорт журналисi Қыдырбек Рысбекұлы Әлжанды Тәшкенге iздеп барып, жолығып, үлкен сұхбат жасап, «Лениншiл жас» газетiне жариялады. Сол сұхбатта Әлжанның қазақ ұлтының өкiлi екенi нақты айтылды. Аққали мырза жазғандай, Әлжанның анасы орыс ұлтынан екен ғой. Несi бар, Шәмiл Серiковтiң анасы да татар әйелi. Не десек те, екеуiнiң де ата қаны қазақ қой.
Сонымен, бiр бiрiмен жарыстыру емес, қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы деп Әлжан Жармұхамедовты атауға болар. «Арыс» баспасынан 2004 жылы орыс тiлiнде шыққан «Спортивный Казахстан» атты энциклопедиялық анықтамалықта Әлжан Жармұхамедовты 1944 жылы 2 қазанда Оңтүстiк Қазақстан облысының, Табақсай ауылында туған деп көрсетедi. Ә.Жармұхамедов бұған қоса екi дүркiн әлем чемпионатының жүлдегерi, бес дүркiн Европа чемпионы. Одақ көлемiнде Әлжекең алған жүлделерде есеп жоқ.
Жақсылық Үшкемпiровтi қазақ жастарының арасынан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы деп айту да шартты. Неге десеңiз, сол Мәскеу Олимпиадасында араға күн салып Шәмiл Серiков те Олимпиада чемпионы атанды. Әдетте Олимпиада чемпион болудың мерзiмi сол жарыс болған жылмен, немесе, Олимпиаданың рет санымен анықталады. Яғни, Жақсылық та, Шәмiл де 1980 жылы, Мәскеу Олимпиадасында чемпион болды. Екеуi егiз чемпион да секiлдi. Күнiн, айын, сағат-минөтiн санайтын туып жатқан нәресте емес қой. Әйтсе де әлемнiң бар ұлты Олимпиада чемпионы боп жатқанда қазақ қашан чемпион атанады деп зарығып жүрген бiз ғой Жақсылықты «бiрiншi», «тұңғыш» деп жалаулатып жүрген. Мұнда тұрған айып та жоқ: қаласақ — бiрiншi болды дейiк, артық десек — екеуi де 1980 жылы Мәскеу Олимпиадасының чемпионы дейiк. Бұған бола қолтоқпақтай Жақсылықтың Олимпиада чемпионының бастауындай боп көрiнетiн әсерi еш төмендемеуi қажет. Керiсiнше!
Аққали Көптiлеуов мырза Шәмiл Серiков әлем чемпионы боп келген кездегi қуанышымыз бен Әлжан Жармұхамедов жайлы деректi қарсы қойып қателеседi. Тiптi, Әлжан қазақ азаматы дегеннiң өзiнде, ол — Олимпиада чемпионы! Олимпиада чемпионы атағы әлем чемпионы атағынан да жоғары. Бiрақ Шәмiл Серiков қазақ жастарының арасынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы ретiнде тарих парағына жазылғаны жазылған. Сонау 1972 жылы Олимпиада чемпионы атанған Әлжан Жармұхамедов те Шәмiлдiң бұл атағына көлеңке түсiре алмайды. Дәл осы жерде түсiнiктi болу үшiн айтатын анықтама мынау: әлем чемпиондығы мен Олимпиада чемпиондығын қатар қойып, салыстыру дұрыс емес. Жалпы мұндай салыстырма қажет те емес. Мұндайда сұрақ та дұрыс қойылуы шарт. Мысалы: «Тұңғыш Олимпиада чемпионы кiм?», «Тұңғыш әлем чемпионы кiм?», «Тұңғыш Азия чемпионы кiм?» т.с.с. Аққали мырзаның ниетiнде терiстiк жоқ. Тек спорт әлемiнiң өз ережесi, талабы, жөнi бар екендiгiн ескерсе болғаны.
Жақсылық Үшкемпiров — Олимпиада чемпионы, Европа чемпионатының жүлдегерi. Ол әлем чемпионы атағын 1981 жылы жеңiп алды. Әлжан Олимпиада чемпионы, бiрнеше дүркiн Еуропа чемпионы, ал әлем чемпионатының екi дүркiн жүлдегерi. Шәмiл Серiков болса екi дүркiн әлем чемпионы, Олимпиада чемпионы және Еуропа чемпионы. Сондықтан мұны бұл саңлақтардың чемпион болған мерзiмiн бiлу үшiн ғана анықтамасақ, бiр бiрiнен алға қою үшiн тiмiскiлеп iздеудiң қажетi жоқ дер едiк. Болмаса, аз чемпиондарымызды бiр бiрiнен асырамыз деп жүрiп, тағы бiрдемесiн бүлдiрiп аламыз.
Ұлтымыздан шыққан Әлжан, Жақсылық, Шәмiл секiлдi тағы ешқашан ұмытпайтын бiраз саңлақ бар. Олар, әрине, өмiрден ерте кеткен табиғи талант, боксшы Бекзат Саттарханов, тағы бiр Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов және атақ-даңқтары да, спортта қол жеткiзген биiктерi де ешкiмнен кем емес, боксшы Серiк Қонақбаев пен балуан Дәулет Тұрлыханов. Кезiнде әлем рингiнде теңдессiз қолтаңба қалдырған Серiк Қонақбаев Еуропа чемпионы, әлем Кубогының жеңiмпазы, әлем және Олимпиадалық ойындардың күмiс жүлдегерi атақтарын жеңiп алған. Кезiнде Серiк бiрнеше рет Европадағы үздiк боксшы атанды. Грек-рим деп аталатын күрестен әлемдi аузына қаратқан балуан Дәулет Тұрлыханов болатын. Сонау өткен ғасырдың 80-шi жылдарынан 90-шы жылдарының екiншi жартысына дейiн өз салмағында Дәулеттен асқан балуан болған жоқ. 1988 жылғы Сеул Олимпиадасында Дәулет спорттағы әдiлетсiздiктiң құрбаны боп кеткенiн бiз түгiлi қарапайым жанкүйер де бiледi. Олимпиада өтiп жатқан елдiң балуанына өз елiнiң тарихында тұңғыш олимпиадалық жеңiс қажет болып, осы «идея» үшiн ұйымдастырушылар бар, төрешiлер бар бәрi жиналып Дәулеттi жығып бергенiн көз көрдi. Ким Нам атты балуан сол «жеңiсi» үшiн Дәулетпен мәңгiлiк дос болып, бүгiн де бiздiң ұлдың құшағында жүр. Бұл достық Намнан гөрi Дәулеттiң ғажайып адамгершiлiгiне куә. Амал не, ғұмырында бiр-ақ рет болатын бұл ұлы жеңiстi спорттағы жыл санап айқын бiлiнiп келе жатқан алыпсатарлық ағын бiздiң баламыздан тартып әкеттi. Бiрақ бұл «жеңiлiс» те Дәулет Тұрлыхановтың спорттағы тағын аласарта алмайды. Дәулеттiң «рекорды» — ол үш бiрдей Олимпиадаға қатысқан қазақ. Әрi оның екеуiнде жүлдегер атанып, үшiншiсiнде төртiншi орынға ие болды. Мұндай жанкештiлiкпен мақтана алатын спортшылар әлемде де саусақпен санарлық қана. Оған қоса, Дәулет екi дүркiн әлем чемпионы, Европа және әлем Кубогы жолындағы жарыстың жеңiмпазы, Азия ойындарының, Азияның чемпионы, Дәулеттiң күрестегi аты күндей күркiреп, «әлем чемпионы болудан КСРО чемпионы болу қиын» деген аңыз айтылған КСРО-да 7 дүркiн чемпион болуының өзi көп сұраққа жауап.
Бiр сөзбен, ұлтымыздың спорттағы мақтаныштары дегенде осы топ спортшыны батыл түрде төбеге көтере беруге болады. Оларға Болат Ниязымбетовтi, Мәулен Мамыровты, Болат Жұмадiловтердi қоса айта жүрген жөн.
Рас, чемпиондық атақ жақсы. Әйтсе де елiмiзде, ұлтымыздың қалың ортасында әлем, Олимпиада чемпионы болмай-ақ атақ-даңқымен спорт саласының символы болған жандар аз емес. Егер бiз тек чемпиондарға ғана бас иiп, дәл соларды әлгiндей биiкке бастайтын символ болған спортшы аға-аталарымызды ұмытсақ, бұл елдiгiмiзге де, ұлттық болмысымызға да сын болады. Олардың көшбасында тағы да Қажымұқан бабамыз тұрады. Оған Балуан Шолақтай ерен күш иесiн қосқан жөн. Одан берi келе гүрзi жұдырық боксшы Әбдiсалан Нұрмахановты, жел жетпес жүйрiктер Ғұсман Қосанов пен Әмин Тұяқовты, әуедоптың ғажап шеберi Октябрь Жарылғаповты, Қажымұқан атасына тартып туған қазақтың көзi тiрi түйе балуаны Әбiлсейiт Айхановты, қазақ балаларына аяқдоптың көрiмдiгi боп көрiнер Тимур Сегiзбаевтарды тiзiп көрсетiп отыру қажет-ақ. Ал, бүгiнгi таңда туып жатқан әлем чемпиондары жайлы әңгiме болашақтың еншiсiнде.
Сөз соңында тағы да айтамыз: Аққали Көптiлеуов мырзаның көтерген мәселесiнiң аса маңыздылығы — ұлт жастары арасында отансүйгiштiк, ұлтжандылық сезiмдерге, сол жайлы тәрбиеге әсер ету, үлес қосу. Шын мәнiнде жоғарыдағыдай патриоттық тәрие беру iсiне журналист қауымы ғана емес, осы саладағы жауапты бар қызметкерлер араласса артық емес. Мектептерде, колледж, институттар, университеттерде арнаулы көрнекi тақталар iлiнiп, арнаулы бұрыштар ашылса, ұлттық салалық оқулықтарға сол саңлақтардың өмiрбаяны нақтылап жазылып, суреттерiмен енгiзiлсе, ол саңлақтар атындағы жарыстар көптеп өткiзiлсе және дәл сол спорт түрiнен өтетiн отандық, халықаралық жарыстарға олардың көзi тiрiлерi шақырылып, ел-жұрттың көз алдында болса, содан соң, Алматы, Астана, қалалары мен облыс орталықтарында, аудан орталықтарында, әсiресе, сол саңлақтардың туған жерлерiнде суреттерiн көлемдi етiп салғызып, мәдени-көпшiлiк жерлерге iлiп тастаса. Болмаса, осы Алматы көшелерiнен жас спортшылардың топталған суретiн көрiп жүрмiз ғой. Қазақ айтқандай «өлi арыстаннан тiрi тышқан» артық боп жүрмесiн, әрi бүгiнгiге табыну кешегiнi сыйлаудан басталатынын да ұмытпаған жөн.
Ал, кiм бiрiншi чемпион дегенге жауапты да нақты бердiк-ау деймiз. Ең бастысы «әлемдiк деңгейдегi тұңғыш чемпион» кiм деп емес, «әлем чемпионы кiм?» және «Олимпиада чемпионы кiм?» деп сұрақ қойған нақтырақ болады. Ол сұрақтардың жауабын да жаздық. Ең бастысы, бұл жауаптарды әлдебiр ұсақ мақсатқа пайдаланбай, ұлт тарихын ұлағаттау жолындағы азаматтық белсендiлiк ретiнде қарастырса қуаныш та мол болмақ. Қазаққа қанша чемпион болса да көптiк етпейдi. Тек қана олардың есiмдерiн ел болашағы болар жастарға, Аққали Көптiлеуов мырза айтқандай, дұрыс әрi жиi насихаттаудан жалықпауымыз қажет. «Қар-қылаумен, бала-сылаумен» болса, тәрбие мәселесi ерiнбей қайталап насихаттаумен мақсатына жетерi хақ.
ҚР Журналистер және Жазушылар одағының мүшесi,
ҚР еңбек сiңiрген жаттықтырушысы
P.S. Жақында Аққали Көптiлеуовтiң «Түркiстан» газетiнде (№ 40, 05.10.06) «Әлемдiк жетiстiктер ұлттық идеяға айналуы қажет» атты тағы бiр мақаласы жарияланды. Тағы да автордың ниетiнiң дұрыс екендiгiн айтып, ризашылық бiлдiремiз. Дегенмен, тасқа басылғанды балтамен шауып кетiре алмайтынымызды ескерiп, осы мақаладағы кейбiр фактiлердi дәлдей кетудi өзiмiзге парыз санадық. Мысалы, Аққали мырза атаған Ерлан Аяпбергеновтiң ең үлкен жетiстiгi – Әлем Кубогiндегi жеңiсi. Ал, Асқар Оразалинов болса, Азия ойындарының және Азия чемпионы. Нұрлан Меңдiғалиевтiң жөнi бөлек. Бұлардың бәрi командалық спорт түрiнен, яғни су добынан жеткен жетiстiктерi.
Аққали мырзаның шаңғышы Қалижан Ноғамбаев жайлы жазғанында да қате бар. Қ.Ноғамбаев әлем чемпионы болған жоқ. Ол 1987 жылы 4X10 шақырымдық бәсекеде жасөспiрiмдер арасындағы әлем бiрiншiлiгiнiң жеңiмпазы атанған. Бұл екi атақтың арасы жер мен көктей. Ал, жалпы А.Көптiлеуовтiң ортаға салған ойларының маржаны – өз саңлақтарымызды танып қана қоймай, оларды ардақ тұтайық деген сөзi, алтын ойы.