САТЫП АЛДЫ... ҚАЙТАРЫП БЕРДI! ӨЙТКЕНI ТАУАРДЫҢ НҰСҚАУ ҚАҒАЗЫ МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛДЕ ЖАЗЫЛМАҒАН
САТЫП АЛДЫ... ҚАЙТАРЫП БЕРДI! ӨЙТКЕНI ТАУАРДЫҢ НҰСҚАУ ҚАҒАЗЫ МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛДЕ ЖАЗЫЛМАҒАН
Таяуда қарапайым тұтынушы Спандияр Ақайұлы Алматыдағы «Технодом» дүкенiнен «Samsung» теледидарын сатып алған едi. Бiрақ теледидардың нұсқау қағазы бiр тiлде – орыс тiлiнде ғана жазылыпты. «Тiлдер туралы» Заң бойынша нұсқау қағаздары мiндеттi түрде мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде жазылуы керек. Бiрақ мемлекеттiк тiлде нұсқау қағазы болмаған соң тұтынушы теледидарды дүкенге қайтарып беруге мәжбүр болған. Бұл орайда бiз тұтынушы Спандияр Ақайұлы мен сатушы «Технодом» өкiлдерiн де әңгiмеге тартқан едiк.
Спандияр Ақайұлы, Қазақ терминшiлерi қауымдастығының президентi, филология ғылымдарының докторы:
– Менiң теледидарды дүкенге қайта өткiзген себебiм – онда мемлекеттiк тiлде нұсқау қағазының болмауы. «Тiлдер туралы» Заңның 21-бабында: «Шетелдерден әкелiнетiн тауарлардың нұсқау қағаздарын сол әкелушi мекеменiң есебiнен мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде толтыру қамтамасыз етiледi» – делiнген. Мен теледидарды апарып өткiзгенде, дүкен қызметкерлерi: «Қағаздың орысшасы бар ғой» – деген сияқты уәж айтты. Мен: «Маған орыс тiлiндегiсi керегi жоқ, маған нұсқау қағазының мемлекеттiк тiлде болғаны керек» – деп тұрып алдым. Ең бастысы, «Тiлдер туралы» Заңды негiзге алдым. Олар iс жүзiнде бұған қарсы ештеңе де жасай алмады.
Бiр қызығы, мен мұны көрсетсiн деп, телеарналарға телефон соққанымда, «Хабар» телеарнасындағы қазақтiлдi азаматтар: «Бұл сiздiң жеке проблемаңыз» – деп, бұл туралы сюжет түсiрмедi. Бұны басшы боп отырған адамдардың өздерi айтты. Есесiне мұны «КТК» телеарнасының қазақ редакциясы түсiрiп, бiрнеше рет көрсеттi. Менiңше, бұл менiң ғана проблемам емес. Тiл мәселесi – мемлекеттiк мәселе ғой.
Бүгiнде бiз мемлекеттiк тiл туралы көп шу көтеремiз. Бiрақ iс жүзiнде, шынайы өмiрде «Тiлдер туралы» Заңның орындалуын талап етпеймiз. Сөзiмiз көп те, нақты iсiмiз жоқ. Егер әркiм заңның орындалуын талап етiп жатса, бәрi ойланар едi. Түптеп келгенде, нұсқауларды мемлекеттiк тiлде толтыру iрi компанияларға тиын тұрады. «Қазақша толтырдым» деп оның құнын айтарлықтай өсiрмейдi де. Бiрақ мұны бiздiң өзiмiз талап етпеймiз. Әрекетiмiз өте нашар. Мен мұны үлгi болсын деп жасадым. Әсiресе жастарға нақты iстерiмiздi көрсету үшiн жасадым. Мемлекеттiк тiл өндiрiске өзiнен-өзi енбейдi. Мемлекеттiк тiлдi өндiрiске мемлекеттiң өзi де ендiре алмай отыр ғой. Ал, ендi оның енуiн бiз қалайтын болсақ, неге әркiм өзi жеке-жеке әрекет жасамайды?!
Бiзде қазiр заңды өзгертемiз деген бастама көтерiлiп жатыр. Бәлкiм, заңды өзгерту де дұрыс шығар. Бiрақ заңды қанша өзгертсе де, оның талаптарын орындамайды ғой. Бiз заңның көп талабын жүзеге асыра алмай отырмыз. Ең алдымен, бiз заңды жүзеге асырып алуымыз керек. Бұл мәселенi саяси деңгейде емес, тұрмыстық, азаматтық деңгейде шешуге болады. Қасқыр алатын ит қасқырдың iзiнен үндемей шабады емес пе?! Сондықтан бiз де заңды ұстана отырып, әр жерге талап қоя бiлсек едi. Бiрақ талапты заң аясында орынды қоя бiлген жөн.
– Сiздiң бастамаңыз кiмге үлгi бола алады?
– Бүгiнгi таңда жоғарғы оқу орындарында қазақ топтары баршылық. Өкiнiшке қарай, қазақ топтарына студенттер түскенiмен, мемлекеттiк тiлде толыққанды бiлiм ала алмайды. Өйткенi қазақ және орыс топтары құрылады да, бала аз болса, екi топты қосып, орыс тобына айналдырады. Мұны мен жақсы бiлем. Өзiм де жоғарғы оқу орнында жұмыс iстеймiн. Оралмандарды былай қойғанда, ауылдың балалары орысша бiлмейдi. Сабақ түсiнетiн деңгей түгiлi сөйлесетiн деңгейде бiлмейдi. Дегенмен, олар орыс тобында оқып жүр. Бұған грантқа түскен балалар да, ақылы оқитын балалар да қарсылық танытпайды: өз құқықтарын талап ете алмайды. Осы жерде ең белсендi топ – қазақ жастары өз құқықтарын талап ете бiлсе деймiн.
Марина Бульдиштейн, «Технодом» компаниясы бөлiмшесiнiң операторы:
– Сiздiң айтып отырған мәселеңiз, ең алдымен, өндiрушi компанияға қатысты болуы керек. Яғни, «Тiлдер туралы» Заңның талаптарын өндiрушi компания орындауы тиiс. Өндiрушi компания нұсқау қағазын жасаған кезде, оны қазақ тiлiнде де шығаруы керек. Бiз дайын өнiмдi ғана аламыз, оның өз iшiнде нұсқау қағазы болады. Бiз нұсқау қағазын жасамаймыз.
– Неге онда сiздiң компанияңыз «Тiлдер туралы» Заңды орындамайтын өндiрiс орнының өнiмiн алады? Неге бiр тiлде жазылған дайын өнiмдi аласыздар? Мәселен, ауыл қазақтарына да теледидар керек, бiрақ нұсқау қағазы орысша болса, олардың Конституциялық құқы бұзылмай ма?
– Бұл жөнiнде офистен сұраңыз.
Офисқа хабарласып, мынандай ақпар алдық.
Елена Владимировна, компания заңгерi:
– Бiз осы мәселенi бөлек алып қарауымыз керек. Ол үшiн оқиғаның анық-қанығын бiлiп алу керек: теледидар қайдан сатып алынды, қашан, қандай маркiлi теледидар деген сыңайлы. Ол үшiн тұтынушының қолында чек болуы керек.
Әрине, заңның талаптары бойынша, нұсқау қағаздары орыс және қазақ тiлдерiнде жазылуы тиiс. Бiз осы жағдайды жiтi қарап, бәлкiм, осы арқылы тұтынушылар мүддесiнiң кейбiр тұстарын қарай алатын шығармыз. Әйтеуiр барлық тұстарды қарауға тырысамыз.
Қазақстан Республикасының «Тiлдер туралы» Заңының (11.07.1997 ж.) 21-бабы:
«Шетелде өндiрiлген тауарлардың арнайы мәлiметтер көрсетiлген тауарлық жапсырмалары (этикеткалары), таңбалары, нұсқаулықтары импорттаушы ұйымдардың есебiнен мемлекеттiк тiлдегi және орыс тiлiндегi аудармасымен қамтамасыз етiледi».
Кәмшат ТАСБОЛАТОВА