ИРАН «ИКЕМГЕ» КЕЛЕ МЕ?
ИРАН «ИКЕМГЕ» КЕЛЕ МЕ?
Мамыр айының басында Тегеран егер АҚШ Иранға әскери тұрғыда соққы беретiн болса, Иран бiрiншi кезекте Израильдi шабуылдайтынын мәлiмдеген. Израииль де қарап қалмады, 2006 жылдың аяғына дейiн Иранның күл-талқанын шығаратынын жеткiздi… Әлем жұртшылығы: «Ұлттық мүдделерден тұратын «ұртоқпақ» саясаттың соғы не болмақ» деп алаңдайды.
Иран, Индонезия, Бангладеш, Египет, Малайзия, Нигерия, Пәкiстан мен Түркия елдерiнiнң өкiлдерi индонезиялық Бали аралында бас қосты. Негiзi 1997 жылы құрылған «сегiздiк» жылда бас қосады. Дамушы 8 азиялық мемлекеттiң былтырғы кездесуi Тегеранда өткiзiлген болатын. Конференция соңында «сегiздiк» экономика, сауда, энергетика және туризм салаларына қатысты бiрқатар келiсiмдерге қол қойды.
«Сегiздiктiң» биылғы бас қосуында талқыланған басты мәселелердiң бiрi – Иранның ядролық бағдарламасы. Ресми сапарының барысында индонезиялық «МетроТВ» телеарнасына берген сұхбатында Иран президентi Махмуд Ахмеденижад Иранның ядролық бағдарламасына қатысты туындаған дағдарыстан шығу үшiн кез келген мемле кетпен келiссөздер жүргiзуге әзiр екенiн, алайда күш көрсеткiсi келетiндердiң дегенiне көнбейтiндiктерiн мәлiмдедi. Еуропалық «үштiк» пен АҚШ-тың ирандық проблемаға қатысты ұстанып отырған саясатын сынаған Ахмаденижад: «Егер сiздердi өздерiне тиiмдi сөздердi айтуға күштесе, аталған талаптарды орындар ма едiңiздер? Бiз бас тартар едiк!» дей келе, Иранға келгенде, «екiжақты стандартты» ұстанып отырған Батысты айыптады: «Батыс Иранның әлемдiк ядролық технологияға қол жеткiзгенiне емес, Ислам Республикасының жуық арада алып державаға айналатынына алаңдайды».
Апта басында Ахмаденижад АҚШ президентi Джордж Бушқа хат жолдаған болатын. Халықаралық бұқаралық ақпарат құралдары: «Ирандық президент америкалық әрiптесiне ядролық бағдарлама төңiрегiнде қалыптасқан дағдарыстан шығу жолдарын қарастыруға ұсыныс бiлдiрдi» деп болжауда. Тегеранның ресми өкiлi Голян Хүсейн-Әлхамның мәлiмдеуiнше, 1973 жылдан кейiн аталған хат АҚШ-тың Ирандағы мүддесiн қорғайтын швейцариялық дипломатиялық қызметке тапсырылған (Иран мен АҚШ арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1979 жылы ресми түрде тоқтатылған). Президентiнiң «халықаралық проблемалар мен әлемдегi көкейкестi мәселелрдi шешудiң жаңа жолдарын қарастырғанын» айтқан Әлхам ядролық бағдарлама туралы жақ ашқан жоқ.
Өткен апта соңында БҰҰ Қауiпсiздiк Кеңесiнiң Иранға күш көрсететiн кез келген Қарарының күл-талқанын шығаратынын мәлiмдеген Ахмаденижад: «Егер халықаралық ұйымдар халықаралық заңға және өзге мемлекеттердiң еркiне қайшы келсе, олардың бiздiң ұлттық мүдделерiмiзге қауiп төндiретiн кез келген Қарарын қабырғаға шегелейтiн боламыз! Халықаралық құрылымдар әлемдiк державалардың сөзiн тәржiмалайтын тiлмаш қызметiн атқармай, ұлттардың құқығын қорғауы керек» дедi.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ