БАҚ-ТЫҢ 90 ПАЙЫЗЫ – КРЕМЛЬДIҢ УЫСЫНДА

БАҚ-ТЫҢ 90 ПАЙЫЗЫ – КРЕМЛЬДIҢ УЫСЫНДА

БАҚ-ТЫҢ 90 ПАЙЫЗЫ – КРЕМЛЬДIҢ УЫСЫНДА
ашық дереккөзі
390

Ресейлiк телеарналардың кез келгенiн қосып қалсаңыз, Путин мен оның әкiмшiлiгi немесе Путиндi қолдайтын «Единая Россия» партиясының өкiлдерi туралы жағымды ақпарат табатыныңызға еш күмәнданбаңыз. Себебi, ресейлiк телеарналардың 90 пайызы – Кремльдiң ықпалында…

Жуырда ресейлiк бұқаралық ақпарат құралдарының қызметiн зерттеу жұмыстарын жүргiзген Ресейдiң Журналистер одағы телеарналардағы жаңалықтардың 90 пайызы Путин мен оның шенеунiктерiне арналғанын хабарлады. Бүгiнгi таңда Мәскеу электрондық БАҚ-ты қатаң бақылауда ұстаумен шектелмей, ең басты әрi жағымды жаңалықтардың Путин мен оның командасына қатысты болғанын жiтi қадағалап отыр. Әрине, электрондық БАҚ-та министрлердiң сынға ұшырап қалуы ғажап емес. Егер Путиннiң беделi мен абыройына нұқсан келмесе ғана… Негiзiнен қазiргi уақытта ресейлiк теле-радиоарналар арқылы айтылатын сын, ескертпелер Путиннiң саяси қарсыластарына арналады.

Ресейдегi Экстремалдық журналистика орталығының басшысы Олег Панфилов өзi жүргiзген зерттеулер барысында ресейлiк телеарналардағы жаңалықтардың ақпарат емес, анекдотқа айналып кеткенiн айтады: «Мұндайда сөз бостандығы туралы айтудың өзi артық!». Алайда, құқықтары шектелген ресейлiк көрермендер қарсылық шараларын ұйымдастыруға мүдделiлiк танытпай отыр. Бұл электрондық бұқаралық ақпарат құралдарына үстемдiгiн жүргiзiп отырғандар үшiн үлкен мүмкiндiк екенi де жасырын емес. Есесiне, Еуропалық Кеңестiң Адам құқықтары жөнiндегi комиссары Альваро Хиль-Роблес Министрлер кабинетiне Ресейдегi саяси ахуал кеңiнен қамтылған баяндаманы табыс еттi. Баяндамада еуропалық комиссар Кремльдi сөз бостандығын қорғауға, Чешенстанда адамдардың iз-түзсiз жоғалып кетуiне себепкер болған кiнәлiлердi жазаға тартуға шақырды. Хиль-Роблестiң баяндамасында Путиннiң аты аталмағанмен, Ресей мемлекетiнiң хабар тарататын орталық бұқаралық ақпарат құралдарын бақылауға алғаны айтылған. 2004 жылы бiрқатар ресейлiк басылымдардың редакторларымен және танымал журналистерiмен кездескенiн көлденең тартқан Альваро мырза: «Осыдан 2-3 жыл бұрын Ресейде тiкелей эфир арқылы берiлетiн 30-ға жуық хабардың бүгiнде бiрде-бiрi қалмағанын естiгенде, қатты таңқалдым. НТВ телеарнасы арқылы берiлетiн «Сөз бостандығы» бағдарламасын көрермендердiң жоғары бағалағанына қарамастан, телеарна бағдарламаны жауып тастаған. Орталық БАҚ мемлекеттiң бақылауына көшкен. Ал жекеменшiк телекомпаниялардың жұмыстарын тоқтатуы қаржылық дағдарыспен түсiндiрiлген. Бiрақ менiңше, бұл телеарналар мен радиоарналарда хабар тарату саласында БАҚ-қа орнатылған бақылаумен тығыз байланысты» дейдi. Сонымен қатар Хиль-Роблес мырза ресейлiк басылымдарда сөз бостандығы сақталғанын айтады. Алайда, баламалы көзқарастар берiлетiн басылымдарға кез келгеннiң қолы жете бермейдi. Ресейдегi адам құқығы мен БАҚ-тағы сөз бостандығының проблемалары туралы осы елге жасаған ресми iссапарының барысында АҚШ Мемлекеттiк хатшысы Кондолиза Райс та айтқан болатын. Өкiнiшке қарай, мұндай сын-ескертпелердiң барлығын жоққа шығарып отырған ресейлiк билiк бар кiнәратты хабар таратушы журналистер мен БАҚ қожайындары арасындағы келiспеушiлiктерге жабуға тырысады.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары