ҚАЗАҚ-ӨЗБЕК ШЕКАРАСЫ: 27-шi оқиға
ҚАЗАҚ-ӨЗБЕК ШЕКАРАСЫ: 27-шi оқиға
Соңғы уақытта қазақ-өзбек шекарасы десе, я бiр жанжал, я бiр жарақат алған адамның жайы бiрден тiл ұшына орала кетедi. Онда да, Қазақстан азаматының жайы. Өйткенi, өкiнiшке қарай, оңтүстiк қақпада соққыға жығылатыны да, басы оққа байланатыны да бiздiң елдiң азаматтары болып тұр. Қазақ-өзбек шекарасындағы соңғы оқиғаны тiптi, елдiң елдiгiне күмән келтiртетiндей, дұшпанға таба қылатындай жағдай демеске лажың жоқ. Тапа-тал түсте, өзбек шекарашыларының Қазақстан аумағына кiрiп кетiп, өз шаруасымен айналысып жүрген қазақ азаматын соққыға жығып, оны мал секiлдi алдына өңгерiп, Өзбекстанға алып қайтуын бiздiң елдiң атқарушы органдары жылы жауып қоя салды.
Басынан жарақат алып, зардап шеккен Бауыржан Ахметов әлi күнге дейiн Ташкенттiң ауруханасында қылмыскер секiлдi темiр торлы палатада жатыр. Өзiн-өзi сыйлайтын ешбiр ел мұндай әрекеттерден кейiн, арқаны кеңге салмайды. Ал бiздiң елде тек Сыртқы Iстер министрлiгi Өзбекстанның Қазақстандағы елшiсi Т. Бутояровты шақырып алып, нота тапсыруымен шектелдi.
Шекарада мұнан да басқа келеңсiз оқиғалар орын алғанда, жарақат алған не тәйiрi дейтiндер де табылар Астананың жайлы кабинеттерiн жағалағандар арасынан. Шекарада кiсi өлiмi болғанда да мыңқ етпеген Астана, оңтүстiк жағымыздан әскери лек кiрiп кетсе де «көрмес түйенi де көрмес» деген кейiп танытып отыра бере ме сонда?
Қазақ-өзбек шекарасында қазақ-азаматтарының намысы аяққа тапталған инцидент осымен 27-рет болып отыр. Парламент депутаттары соңғы оқиғаның қалай орын алғандығын толық бiлу мақсатында, Ұлттық Қауiпсiздiк комитетi төрағасы А.Шабдарбаев пен Сыртқы Iстер министрi Қ. Тоқаевтi Парламентке шақырған. Бiрақ, депутаттар алдына есеп беруге лауазымдары төмендеу шенеунiктер келдi. Шабдарбаев шекара қызметiнiң директоры Б.Зәкиевтi, Тоқаев орынбасары Н.Онжановты жiберiптi.
Депутат Уәлихан Қалижанның дауысы ащы шықты. Қазақ-өзбек шекарасындағы әрбiр әлiмжеттiк жағдайдың елдiк мүдденi аяққа таптайтынын, бiздiң шекара қызметiнiң шарасыздығын ашына айтқан оның сөзiмен толықтай келiсуге болар. «Өзбекстан бiздiң елдiң тәуелсiздiгiн сыйлауды қойды. Өзбек шекарашыларының Қазақстанға кiрiп кетуге қандай қақысы бар? Көршi елдiң шекарашылары бiздiң елге өту арқылы Қазақстанның тәуелсiздiгiне қауiп төндiрдi. Мұндай жағдайда Қазақстан жағы не iстеуi керек? Зәкиев мырза, сiз басқарып отырған шекарашылар мұндай жағдайға неге жол бердi? Бiздiң шекарашылар қайда қарап тұр?» деген Қалижанның сөзiн Оңтүстiк аймағынан сайланған депутаттар ғана қолдады. Яғни, ай аралатып соққыға жығылатын немесе қаны төгiлетiн Қазақстан азаматтарының оңтүстiктен сайланған депутаттардан өзге қолдаушысы табылған жоқ. Мәселенi көтерген Қалижан болса, оны қолдап С.Есжанов пен О.Аяшев секiлдi депутаттар ғана үн қатты. Қалғандары аяқтан шалып, етектен тартудан аспады. Шымкенттен сайланған С.Есжанов пен жетiсайлық депутат О.Аяшев шекаралас аудандардың жағдайын, шекара қызметiндегi парақорлықты алға тартты.
Оңтүстiктен сайланған депутаттар шырылдап, шекарада соққыға жылғылған Қазақстан азаматының мүддесiн, яғни, елдiң намысын жыртып жатқанда, қалғандарының соңын күтiп, жылмиып отыруы бiздiң атқарушы билiкте болсын, заң шығарушы билiкте болсын мемлекетшiлдiк рухтың төмен екендiгiн аңдатса керек. Болмаса, өзiмiз мұрын шүйрiп қарайтын Қырғызстанның өзiнде елдiң намысына қатысты жайт талқылана қалса, депутаттары ұлардай шулап кетедi.
Бiздiң атқарушы билiктегi мемлекетшiл рухқа ие жандарды да шаммен iздеп табуға тура келетiн шығар. Мәселен, қол астындағы қызметкерлерi шекараны дұрыс күзете алмаған сол шекара қызметiнiң директоры Б.Зәкиевтiң жүзiнен бiр именiс байқалмады. Салтанатты жиында отырғандай маңғаз. Шекараның аңғал-саңғал қалатынына етi үйренiп кеткендей. Тiптi, өзбек шекарашыларының ел аумағына қалай кiрiп кеткенiн мардымды түсiндiре алмады. Онысымен қоймай, «Дұрыстап, құлақ салып тыңдап алыңдар» дегендей шекара бұзған оқиғаларды депутаттар алдында тiзбектеп бердi.
Құдай бiледi, депутаттардың жан дауысы шекара қызметiнiң басшысына еш жетпедi десек те болар. «Шекара он бiр ауылдың үстiмен өтедi. Арада бес жүз үй бар. Сол үйлердi көшiргеннен соң ғана шекараны жабамыз» дейдi Зәкиев. Ал үйлердi көшiру үшiн қосымша қаржы қажеттiгiн айтуды да ұмытпады. «Екi елдiң арасында 23 застава бар. Соның бәрiн шекарашылармен толық қамтамасыз ету үшiн 1,5 млрд. теңге керек» дейдi. «2350 шақырымды құрайтын шекараны жабу үшiн 18 000 адам қажет. Ал шекарада адамның санын көбейтсек, милитарлы мемлекетке айналып кетпеймiз бе?» – деп, депутаттарға уәж айтпақ та болды.
Мәселенiң шекарадағы адам санына да, қаржыға да емес, жауапсыздыққа тiрелетiнiн мойындағысы жоқ. Әсiлi, атқарушы билiктiң қандай да бiр өкiлi Парламентке шақырылу дегендi ақша сұрау деп түсiнсе керек. Зәкиев те, өзi жауапты саланың айыбын айтудың орнына, қайта, үстемелете ақша сұраумен әуре болды.
Ақша сұрап қана қойса бiрсәрi ғой, қазақ шекарашыларының жауапсыздығы үшiн халықты кiнәлауға жақын тұрды. Оның сөзiне сүйенсек, өзбек шекарашыларының баса-көктеп ел аумағына енуi де бiздiң халықтың кiнәсiнен екен. Себебi, «тәртiптен мақұрым». Ал тәртiпке темiрдей шекарашылар бұл кезде, шекараны күзетудiң орнына ай қарап жатады.
Шекара қызметi бастығының бұл тектес уәждерiнен кейiн депутат Уәлихан Қалижан: «Сiз неменеге түк болмағандай сөйлеп отырсыз. Ең болмаса, ойланып жауап берсеңiзшi. Өзбекстан жағы осылай басынатын болса, бiздiң жақ неге шара қолданбайды? Неге олар Қазақстанның территориясын бұзады? Сол бұзған адамдар неге Қазақстан аумағына алып келiнбейдi? Неге солардың үстiнен қылмыстық iс қозғалмайды?» – деп, қаншама «неге» сауалын жаудырса да, Зәкиевтiң қорғанын бұзып өте алмады. Өзге бiр елде болса, шекараны дұрыс қорғата алмаған шенеунiк отставкаға кетушi едi, ал қазақстандық жағдайда, ондай шенеунiктiң ойына отставка деген жағдай кiрiп те шықпайтын шығар. Тағы бiр ерекшелiгi, атқарушы билiктегi әрбiр шенеунiктiң Парламентте өз жақтастары болады. Есеп беретiн адамды сауалмен төпелеген депутаттың өзi шабуылдың астында қалуы бек мүмкiн. Яғни, әр шенеунiктiң Парламентте өз иммундық жүйесi қалыптасқан. Қалижанның «Шекарадағы осыншама жағдайлардан кейiн өз жұмысыңызды атқара беруге моральдық құқығыңыз бар ма?» деген сауалына иммундық жүйелер тез реакция танытты. Мәселен, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiне етене жақын депутат Тоқтархан Нұрахметовтiң қылықтары тiптi қарын аштырды. Зәкиевтiң адвокаты болуға елден ерек тырысып-ақ бақты. Зәкиев болса, шекараның бұзылуына халықты кiнәлап тұра бердi. Уәлихан Қалижан соңында: «Зәкиевтiң жiберген қателiктерi үшiн сонда халық кiнәлi болуы керек пе екен? Халық оны iшiндiредi, киiндiредi, шекараны қорға деп, жұмыс бередi де соңында бәрiне халықтың өзi кiнәлi болады екен бұған? Зәкиев мырза, сiз тiптi осы шекараны дұрыстап қорғай алмағаныңыз үшiн халықтан кешiрiм де сұрамадыңыз ғой. Сiздiң әскерилерiңiз Қазақстан халқын қорғай алмай, Конституцияны бұзып отыр. Ал сiз халықты кiнәлайсыз. Ар-ұятыңыз бiлсiн» дейдi тауы шағылып.
Әшейiнде министрлiктер алып келетiн заң жобасын қабылдатып жiберуге жанығып тұратын, арнайы топтардың, компания мүдделерiн қорғаймыз деп, солардың алдында құлдық ұрып кететiн депутаттардың ел мүддесi сынға түскенде, үнсiз қалуы, ал үн қатқандардың етегiнен тартуы кiсiнiң қарнын аштырады екен.
Ел мүддесiнiң жақтаушысы болып, Өзбекстанға баламалы түрде неге қысым көрсетпеймiз деген ұсыныс екi депутаттың аузынан шықты. Михаил Трошихин: «Өзбек шекарашылары өстiп басынған сайын, бiз Қазақстанда ақша тауып жүрген өзбек азаматтарын елiне жiберейiк. Сонда ғана олар түйсiнедi. Ең болмаса, экономикалық тұрғыдан шара қабылдайық. Жыл сайын он мыңдаған өзбектер жұмыс iздеп келедi елге. Олар заңсыз жұмыс iстейтiн, гастарбайтерлер. Шекарада өзбектер әлiмжеттiк жасаған сайын, бiз де сөйтiп шара қабылдайық, мыңдап, екi мыңдап елдерiне жiберейiк. Сонда, олар Өзбекстанға барып: «Бiздi шығарып жiбердi. Сiздер сыйламасаңыздар, бiздi де сыйламайды» деп айтады ғой. Мен Үкiметтен осы мәселе бойынша айтылған бiр ойды естiмедiм. Осы жолмен болса да мәселенi шешуге талпыныс танытпады. Бұл не деген сұмдық. Ең болмаса, өзiмiздiң намысымызды осылай қорғайық та» дейдi.
Бұл ұсыныс көңiлге қонымды болғанымен, пiкiр ретiнде ғана қалды. Оны қолдай жөнелген депутатты көрмедiк.
Қазақ-өзбек шекарасында қақтығыс болған сайын, Қазақстанның өз позициясын толық танытпайтынын, елдiк намысына селсоқ қарайтынын түйсiнедi екенсiң. Бiрдi-екiлi депутат шырылдағанымен, олардың дауыстарын тұншықтыруға дайын келесi бiр депутаттар табыла кетедi. Парламенттегi мұндай атмосфера елдiң бүкiл саяси Олимпiндегi көңiл-күйден хабар бередi. Өз азаматтарын қорғайтын ниет көрiнбейдi.
Өз азаматын қорғауға жарамайтын елде мемлекетшiлдiк рухы қайдан болсын…
Гүлнәр Мұқанова