САН БОЛМАЙ САПА ҚАЙДА!

САН БОЛМАЙ САПА ҚАЙДА!

САН БОЛМАЙ САПА ҚАЙДА!
ашық дереккөзі
282

ҚАЗАҚТЫҢ ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙЫНА КӨҢIЛ ТОЛМАЙДЫ

Сәуiр айының аяқ шенiне таман ҚР Мемлекеттiк статистика комитетiнiң мамандары елiмiзде 2006 жылдың 1 қаңтарында қалыптасқан этно-демографиялық жағдайға қатысты толығырақ айқындалған мәлiметтердi жария еттi («Доля казахов в национальном составе населения республики продолжает расти», ИНТЕРФАКС-КАЗАХСТАН, 26.04.2006 ж.). Ондағы көрсетiлген мәлiметтерге қарағанда, Қазақстандағы жалпы халық саны құрамындағы жергiлiктi байырғы ұлт өкiлдерiнiң үлесi артқан. Жыл басында ол 58,6 проценттi құраған. Яғни, қазiр елiмiздегi әрбiр бес адамның үшеуi қазақ десе де болады екен.

Осыдан 47 жыл бұрын, 1959 жылы жүргiзiлген санақта республикамыздағы халық құрамындағы қазақтың үлесi азайғанда да, төрттен бiрден сәл-ақ артық болған. Нақтырақ айтқанда, құлдырап барып 28 процентке дейiн түскен. Сонда Қазақ Советтiк Социалистiк Республикасы деп аталатын елде, шамамен алғанда, әрбiр 4 адамның 1-еуi ғана қазақ болған. Иә, бiр кезде ондай күнге де жеткенбiз. Соған қарағанда, қазiргi жағдайды шүкiр деуге де болар.

Сонымен, өткен 2005 жыл барысында елдегi бүкiл халықтың саны 144,5 мыңға ұлғайып, үстiмiздегi жылдың басында 15 млн. 219,3 мыңға жетiптi. Оның iшiнде қазақтар – 8 млн. 913,3 мыңды, орыстар – 3 млн. 979,3 мыңды, украиндар – 448,8 мыңды, өзбектер – 428,9 мыңды, ұйғырлар – 229,8 мыңды, татарлар – 229,6 мыңды, немiстер – 222,7 мыңды, кәрiстер 101,7 мыңды құрапты. Сонда бiзде қалыптасқан дәстүр бойынша негiзiнде тек орыс тiлiнде ғана сөйлейтiн еуропалық ұлттар – орыс, украин және немiс халықтары – өкiлдерiнiң ортақ саны (4 млн. 650,8 мың = 3 млн. 979,3 мың+448,8 мың+222,7 мың) тек бiр ғана қазақтардың санынан екi есеге (8 млн. 913,3 мың) жуық аз екен. Яғни, соңғы Кеңес санағы өткен 1989 жылдағы жағдаймен салыстырғанның өзiнде елдегi этно-демографиялық ахуал түбегейлi түрде өзгерiп үлгерген екен. Ол кезде қазақ пен орыс халықтары өкiлдерiнiң үлестерi (рет-ретiмен 37 проценттен және 39 проценттен астам) шамалас болған едi.

XXI ғасырдың басында өмiр сүрiп жатқан бүгiнгi ұрпақ үшiн қазiр қалыптасып жатқан этно-демографиялық жағдай қалыпты нәрсе сияқты болып көрiнетiн шығар. Бiрақ өткен XX ғасыр барысында осы тұрғыдан алып қарағанда, бiрнеше рет үрдiстi аударып-төңкеретiн күрт өзгерiстер болған. Сондықтан бүгiнгi ұлттық демографиялық жетiстiкке бола көлгiрсiп, тоқмейiлсудiң қажетi жоқ болар. Одан да өткеннен сабақ алып, абай болуды естен шығармауға үйренейiк.

1897 жылы Ресейде санақ жүрдi. Оның қорытындысы бойынша 3 миллион 787 мың қазақ есепке алынды. Шындығындағы сан бұдан бiраз көп. Олай дейтiн себебiмiз мынау. Бiрiншiден, сол кезде Хиуа хандығы мен Бұқара әмiрлiгiнде өмiр сүрген қазақтар есепке мүлдем алынбаған. Өйткенi Ресей империясында жаппай жүргiзiлген санақтың оларға тiптi де қатысы болған жоқ. Себебi Хиуа хандығы мен Бұқара әмiрлiгi патшаға тәуелдi болғанмен, жеке мемлекеттер болып есептелдi. Екiншiден, 1897 жылы Ресейде жүргiзiлген санақтың қазаққа қатысты нәтижесi деп осы күнге дейiн есептелетiн «3 миллион 787 мың» деген сан iс жүзiнде тек Степной край мен Түркiстан губерниясына енген облыстардағы қандастарымызды ғана қамтыған.

Кейiнгi, яғни осы күнге дейiнгi зерттеушiлер өз тұжырымдарын «ол кезде өмiр сүрген бүкiл қазақ тек осы аталған облыстар ауқымында ғана тұрған» деген әлдекiмдер таңған түсiнiктi негiзге ала отырып жасайтын болса керек. Қалай дегенде де, Батыстың қазақ тарихына қатысты классикалық еңбектерiнiң өзiнде 1897 жылғы қазақ саны туралы тек «3 миллион 787 мың» деген мәлiмет жағалай аталады. Бiр ғана мысал – «Орта Азия: Ресей қол астындағы бiр ғасыр” кiтабындағы Й.М.Мэтлей “Халқы мен жерi” деген атаумен жазған қазаққа қатысты III тарау (“Коломбия университетiнiң баспасы», Нью-Йорк және Лондон, 1967 ж.). Бұл әңгiме халқымыздың саны туралы алғашқы ресми дерек туралы болғандықтан, бiз оның қаншалықты ақиқатқа сай екенiн тексерусiз қабылдауға тиiс емеспiз.

Өйткенi, Степной край мен Түркiстан губерниясы бойынша есепке алынған қазақтардың саны 3 миллион 787 мың болса, бүкiл Ресей бойынша тiркелген олардың саны 4 млн. 84 мың 139 адамды құраған көрiнедi. Бұның 2 млн. 176 мың 623-i еркек болса, 1 млн. 907 мың 516-сы әйел баласы болған. Бұдан туатын қорытынды мынадай. Қазақ сол кезде тек Ресей империясындағы саны ең көп халықтардың қатарына енген. Осы жағынан алғанда қандастарымыз орыстар (55,6 млн.), украиндар (22,3 млн.), поляктар (7,9 млн.), белорустар (5,8 млн.) мен еврейлерден (5,06 млн.) кейiнгi алтыншы орында болған. Ал Ресей империясы қарауындағы Орталық Азияның басқа халықтарының барлығының басын қосқандағы саны бiр қазақтың санынан аз болған. Нақтылап айтқанда, сарттар – 968,655 мың, өзбектер – 726,534 мың, тәжiктер – 350,397 мың, түрiкпендер – 281,357 мың, қырғыздар – 201,682 мың, қарақалпақтар – 104,274 мың, тараншылар – 56,469 мың, қашғарлықтар 14,938 мың болған. Барлығын қосса, 2 млн. 704 мың 306 адам болады екен.

Әрине, бұл – сол кездегi Бұқара әмiрлiгi мен Хиуа хандығындағы халықты есптемегендегi көрсеткiш. Бiрақ олар да кейiн бөлiске түсiп, бүгiндегi Орталық Азия республикаларының құрамына қосылды ғой. Сондықтан өзбек, тәжiк және түрiкпен халықтарының кейiнгi демографиялық дамуына кезiнде сол 2 иелiкте тұрған жұртшылық та, әрине, үлес қосты. Бұқара әмiрлiгi мен Хиуа хандығындағы тұрғындар саны алғашқы рет ресми түрде 1920 жылы Қызыл Армия келiп, әмiр мен хан қашып, Бұқара Халық Советтiк республикасы және Хорезм Халық Советтiк республикасы құрылып, 1924 жылы олар Өзбекстан, Тәжiкстан және Түрiкпенстан арасында бөлiске түскенде жүргiзiлдi. Осы кезде санап келiп қалғанда, Бұқарада 1,5 миллион, ал бұрынғы Хиуа, кейiнгi Хорезмде 580 мыңдай адам тұратын болып шықты. 1924 жылғы тексерiс 1897 санақтан соң 27 жыл өткеннен кейiн жүргiзiлдi. Дегенмен, жоғарыда аталған демографиялық көрсеткiштер бұл екi монархиялық иелiкте осы мерзiм iшiнде бұрынғы күйiнде қалған болсын. Әрине, 27 жыл iшiнде өсiм болды, бiрақ азамат соғысы мен одан кейiнгi жылдары Бұқара әмiрлiгi мен Хиуа хандығынан оңтүстiкке қарай, яғни Ауғанстан жаққа көптеген адам қоныс аударды.

Сонымен, Бұқарадағы 1,5 миллион халық пен Хиуадағы 580 мың халықтың қаншасы өзбек, қаншасы тәжiк және қаншасы түрiкпен болды екен? Бұл жерде бiз американдық ғалым С.Беккердiң «Орта Азиядағы Ресей протектораттары: Бұқара мен Хиуа, 1865-1924 ж.ж.» (Гарвард университетi баспасы, 1968 ж.) атты еңбегiнде келтiрiлген мәлiметтерге сүйенейiк. Оның айтуына қарағанда, Хиуа хандығы халқының шамамен 65% – өзбек, 27% – түрiкпен, 4 % – қарақалпақ және 4% қазақ болған. Санға шаққанда, мынадай нәтиже шығады: өзбек – 377 мың; түрiкпен – 156,6 мың; қарақалпақ – 23,2 мың; қазақ – 23,2 мың. Бұқара әмiрлiгiндегi халықтың 55-60% — өзбек, шамамен 30% — тәжiк және 5-10% түрiкпен болған. Яғни сандық көрсеткiштер, орта есеппен алғанда, мынадай болған: өзбек – 862,5 мың; тәжiк – 450 мың; түрiкпен – 112,5 мың.

Ендi Орталық Азия халықтарына қатысты жоғарыда келтiрiлген сандық деректердiң басын қосса, кейiн Кеңес Одағы құрамына кiрген кеңiстiк ауқымында олардың әрқайсысының санының 1897 жылы қанша болғаны шығады: қазақтар – 4 млн. 107 мың 339; өзбектер – 2 млн. 934 мың 689 (сарттарды кеңес санағы түгелдей дерлiк күйiнде өзбек халқының құрамына қосқан); тәжiктер – 800 мың 397; түрiкпендер – 550 мың 457; қырғыздар – 201 мың 682; қарақалпақтар – 127 мың 474. Сөйткен күннiң өзiнде, бiр ғана қазақтың саны – шамамен 4 млн. 107 мың – Орталық Азияның қалған 5 негiзгi ұлты (өзбек, тәжiк, түрiкпен, қырғыз және қарақалпақ) өкiлдерiнiң жалпы санынан – шамамен 4 млн. 612 мың – тек 505 мыңға ғана кем болған. Яғни XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында демографиялық тұрғыдан қазақтардың бiр өзi бүкiл Орталық Азияның жартысына жуық болған.

Ал қазiр, яғни XXI ғасырдың басында ше? Ресми есеп бойынша бұрынғы Кеңес Одағы ауқымындағы қазақтар санына қатысты нәтиже мынадай: Қазақстанда – 8 млн. 913,3 мың; Өзбекстанда – 780 мың; Ресейде – 654 мың; Түрiкпенстанда – 85 мың. Қырғызстан мен Тәжiкстанда қазақ айтарлықтай көп емес деп есептеледi. Сонда жалпы саны шамамен 10,5 млн. болады екен. Басқаша айтқанда, бұрынғы Кеңес Одағы ауқымындағы қазақ саны өткен 109 жылдың iшiнде 2 еседен астам ғана өскен.

Ал Орталық Азияның басқа халықтары ше? Өзбектер 27 миллион адамнан тұратын Өзбекстанның 80 процентiн (21 млн. 600 мың), 6,5 миллион адамнан тұратын Тәжiкстан халқының 25 процентiн (1 млн. 625 мың), 5 миллион адамнан тұратын Түрiкпенстан халқының 9 процентiн (450 мың), 5,2 миллион адамнан тұратын Қырғызстан халқының 13 процентiн (676 мың) құрайды екен. Оның үстiне, жоғарыда айтылғандай, тағы 429 мыңдай өзбек Қазақстанда тұрады екен. Тағы кем дегенде 600 мыңдай өзбек Ресейде және ТМД-ның Орталық Азиядан тыс басқа республикаларында тұрады. Яғни бұрынғы Кеңес Одағы ауқымындағы олардың жалпы саны 26 миллионнан асады.

Тәжiктер 6,5 миллион адамнан тұратын Тәжiкстан халқының 65 процентiн (4 млн. 225) және 27 миллион адамнан тұратын Өзбекстанның 5 процентiн (1 млн. 350 мың) құрайтын көрiнедi. Оның үстiне тағы да 500 мыңдай тәжiк ТМД-ның басқа елдерiнде (негiзiнен Ресейде) тұрады. Демек, бұрынғы Кеңес Одағы ауқымындағы олардың жалпы саны 6 миллионнан асады екен.

Түрiкпендер 5 миллион адамнан тұратын Түрiкпенстан халқының 77 процентiн (3 млн. 850 мың) құрайды екен. Тағы да 300 мыңдай түрiкпен ТМД-ның басқа елдерiнде тұратын көрiнедi. Бұдан туатын қорытынды: олардың саны 4 миллионнан асқан.

Қырғыздар 5,2 миллион адамнан тұратын Қырғызстан халқының 60 процентiн (3 млн. 120 мың) құрайтын көрiнедi. ТМД-ның басқа елдерiнде тағы да 400 мыңдай қырғыз тұрады екен. Яғни бұрынғы Кеңес Одағы ауқымындағы олардың жалпы саны 3,5 миллионнан асады.

Негiзiнен Өзбекстан мемлекетiнде тұратын қарақалпақтардың жалпы саны 480 мыңға барып қалған.

Ал Орталық Азияның қазақтан басқа 5 негiзгi ұлты (өзбек, тәжiк, түрiкпен, қырғыз және қарақалпақ) өкiлдерiнiң жалпы саны 40 миллионға жақындаған. Яғни қазақтың санынан 30 миллионға жуық артық. Ал осыдан 109 жыл бұрын тек жарты-ақ миллионға артық болған едi. Басқаша айтқанда, 1897 жылы бiр ғана қазақтың саны Орталық Азияның қазақтан басқа 5 негiзгi ұлтының бiрлестiрiлген ортақ санымен шамалас болса, 2006 жылға таман олардың арасындағы айырмашылық 4 есеге жуық ұлғайған екен. Яғни, қалай дегенде де, халқымыз демографиялық дамуы жағынан көршi халықтардан көп кейiн қалып қойған.

Болашақтағы жағдай бұдан да бетер мүшкiл болатын сияқты. Өйткенi Бiрiккен Ұлттар Ұйымы демографтарының болжамдарына қарағанда, алдағы онжылдықтар барысында Орталық Азияда тек Қазақстанның халқы азайғанның үстiне азаймақ, ал аймақтағы қалған 4 мемлекеттiң халқы әрi қарай көбейе бермек көрiнедi. Бұны United Nations World Population Prospects атты бағдарламасы мәлiметтерiнiң негiзiнде құрастырылған мына бiр кестеден көруге болады.

Қазақстан халқының негiзгi бөлiгiнiң қазақтар екенiн ескерсек, бұл болжамның алдымен солардың азаятынын меңзейтiнiн түсiну қажет. Ал қалған 4 көршi елде демографиялық даму негiзiнен солардың байырғы халықтарының көбеюi есебiнен болмақ.

Аққали КӨПТІЛЕУОВ

Серіктес жаңалықтары