ҚАЗАҚТЫҢ КӨБЕЮIНЕ НЕ КЕДЕРГI?

ҚАЗАҚТЫҢ КӨБЕЮIНЕ НЕ КЕДЕРГI?

ҚАЗАҚТЫҢ КӨБЕЮIНЕ НЕ КЕДЕРГI?
ашық дереккөзі
570
Қазақтың көп арманының бiрi – көбеюi. Шыны керек, көршiлес елдермен салыстырғанда, бiздiң оған байлығымыз да, жерiмiз де жетедi. Әйткенмен, бiздiң халық санының азаюына талай нәубат пен зұлматтың салқыны тигенi белгiлi. Сол кездерi тағдырымыз сұрапыл соғыс пен ақсүйек ашаршылық жылдарымен тұспа-тұс келiп, демографиялық ахуалымыз күрт төмендеп кеттi. Дегенмен, мамандардың пiкiрiнше, бүгiнгiдей экономикамыз бiршама iлгерi қадам басып, заманымыздың тыныш кезiнде қазақ отбасының демографиялық серпiн туғызуға мүмкiндiгi бар секiлдi. Осыған байланысты демограф М.Тәтiмов жақында қазақтың саны дәл қазiр тура 9 миллионға жеткенiн қуана мәлiмдеген едi. Жалпы, Қазақстандағы халықтың 64 пайызы – қазақ, 23 пайызы – орыс, қалған 13 пайызы – басқа ұлт пен ұлыс өкiлдерi екен. Алайда, бұл көрсеткiшке қазақ қуану керек. Кезiнде бiз демографиялық болжам жасағанда 9 млн. деген арман болатын. Құдайға шүкiр, қазiр қазақтың қыз-келiншектерiнiң бала тууға ұмтылысы жүрекке сенiм ұялатады. Сондықтан ең алдымен ана мен бала өмiрiн сақтап қалуға бетбұрыс жасау қажет дейдi, демограф ғалым. Егер бұл көрсеткiштiң өзiне ендi жетiп, қалпағымызды аспанға атып жатсақ, 20 миллионның ауылы алыста сияқты. Ал, елiмiзде қазiргiдей әлеуметтiк-экономикалық жағдай бiр қалыпқа түскен кезде қазақ халқы санының көбеюiне не кедергi? Бүгiндегi жастарды осыдан он жыл бұрынғылармен салыстыра алмайсың. Қазiр кез келген жас «жағдайымды жасап алайын, баспаналы болайын немесе оқуымды бiтiрейiн» деп жүргенде уақыттың сынаптай сырғи өте шыққанын сезбей қалып жүр. Бiр қырынан алып қарағанда, бiреудiң босағасында телмiрiп, жоқшылықтың күнiн кешiп жүргенше, бұл да дұрыс шығар дейсiң. Шындығына келсек, бүгiн жас отбасының бiрталайы бiр бөлменi жалға алып, баласын өмiрге әкелiп, сонда асырап та жүр. Құрқылтайдың ұясындай бөлме болса да, бала сол шаңыраққа бақыт пен шаттық сыйлайтыны рас. Не десек те, мына заманда жас отбасыға, оның әлеуметтiк жағдайының оңды болып, өмiрге ұрпақ әкелуiне мүмкiндiк беруге жол ашу керек-ақ. Осы мәселеге қарай жас отбасыға, жастарға арнап не жасалды немесе не iстелу керек? Елiмiз тұрғын үйге байланысты арнайы бағдарлама жасақтағаны белгiлi. Осы тұрғыда Алматы қаласында баспанаға мұқтаж жандардың жүрегiнде сенiм оты қайта жанды. Сондай-ақ, бұрын-соңды елiмiзде болмаған ипотекалық несие бойынша үйлер де берiлiп жатыр. Мұнымен қоса бұл ипотекалық несие бағдарламасынан бөлек коммуналдық пәтер де салынып, өз иелерiн тауып жатқандығынан хабардармыз. Алайда, осындай мүмкiндiкке қол жеткiзiп жүрген басқа ұлттың босағасын сығалаған қазақ жастары ма, әлде басқа ма? Ол жағы әзiрше бiзге беймәлiм жұмбақ. Әйтеуiр, «осыншама отбасы пәтер кiлтiне ие болды…» деген ақпаратты еститiнiң болмаса, нағыз халықтың санын көбейтуге ат салысатын қазақтың күнi сол бәз-баяғы арпалыс пен қу тiршiлiктiң соңында. Әлеуметтанушылардың пiкiрiнше, бүгiнгi жастардың арасында эгоистiк қасиет басым екен. Соның зардабы кейбiр отбасының бiр-ақ баламен шектелуiне әкеп соғуда. Айталық, баспанасы бар, қызметi, жақсы жалақысы бола тұрып, бiр-екi баланы ғана өмiрге әкелетiн ата-ана көбейiп кетiптi. Статистика бойынша ер мен әйелдiң тұрмыс құрудағы жас айырмашылығы үш жас. Ал жиырма бестен асқан қыздардың өзiнен үш-төрт жас үлкен бойдақ жiгiттi кездестiру қиындау боп барады. Оның үстiне жас ұлғайған сайын олардың бала туу қабiлетi азая бередi. Сондықтан олар өз уақытында тұрмыс құрмағаннан кейiн бiр-екi баламен ғана шектелуiне тура келедi. Ал, бұл бiр-екi баланың демографияға қаншалықты үлес қосатыны айтпаса да түсiнiктi ғой. Ендiгi бiр мәселе жәрдемақының, әсiресе, жас отбасыға аса қажеттiгiнде болып отыр. Осыған байланысты мына әңгiменi айта кеткiм келедi. Ауылда өзiмiзбен iргелес тұратын көршi келiншек болды. Қалаға оқуға кеткенiмде, олардың бiр ғана баласы бар едi. Одан жыл сайын демалысыма барып-келiп жүргенде, небәрi төрт жылдың iшiнде төрт баласы бар екендiгiн естiп, таң қалғаным бар. Сөйтiп жүрiп, әлеуметтiк жағдайы мәз болмаса да, отағасының тапқан табысымен сол балаларды асырап, ел қатарлы киiндiрiп, оқытты да. Дегенмен, сол кезде ауылда жәрдемақының берiлуiне байланысты ерекше дүмпу болғанын айту керек. Анам ауылдың жаңалығын айта отырып, «Бiздiң келiншектер егер төрт балаға жеткiзсеңдер, жәрдемақы төленедi деген жаңалықты естiгелi берi бiрiмен-бiрi жарысып, дүниеге қарадомалақтар әкелiп жатыр» деп қалжыңдағаны есiмде. Байқасақ, сол аз мезгiлдiң iшiнде кейбiр отбасында ең кемiнде 4-5 баладан дүниенiң есiгiн ашыпты. Мiне, көрдiңiз бе, азын-аулақ тағайындалған жәрдемақының өзi өмiрге қаншама қазақтың келуiне себеп болды! Дәл осы жәрдемақы мәселесiн кейiнгi кезде халық қалаулылары да жиi көтеретiн болды. Жасыратыны жоқ, ауыл тұрғындарының бiразы осы жәрдемақыны демеу етiп, күнделiктi тұрмысқа талшық ететiнiне көзiмiз жеттi. Алайда, осыны бiле тұра, халықты әлеуметтiк қорғау министрi Г.Қарағұсова бұл халық тарапынан түскен сауалға «Қолында бiр сиыры бар ауыл тұрғындарына жәрдемақы берiлмейдi» деп бiр-ақ кесiп жауап бердi. Министр ханымның сөзiнен үнемi ауыл тұрғындары қалалықтарға қарағанда жақсы өмiр сүредi, ал егер қиыншылықтың ауыртпалығын көрiп жатса, оған өздерi кiнәлi деген ойдың түп-төркiнiн аңғаруға болады. Демек, министрдiң бұл пiкiрi, ауыл халқы енжар, жалқау деген пiкiрге сайып отыр. Шынымен, ауылдағы ағайын қала тұрғындарынан едәуiр молшылықта тiршiлiк кеше ме? Сондай-ақ жан-жақты жағдайы бола тұра, соншалықты жалқау немесе енжар ма? Сiрә, бұл көзбен көрiп, анық-қанығына жеткен адамның сөзi емес сияқты. Оның үстiне «Ауыл жылы» деп үш жылды атойлатып өткiзiп, ендi бұл атаулы жылдан да әне-мiне дегенше құтылдық деген сыңайда айтылған әңгiменiң жемiсi. Ауыл атаулының үш жылда анағұрлым жарылқана қоймағандығын ескерсек, министрлiктiң ауылға жасаған қай жақсылығын айтып отырғандығы түсiнiксiз. Тiптi, мамандар тарапынан осы жылдарды қорытындылағанда ауыл жылы тек қалаға жақын шағын ауыл тектес елдi-мекенде тұратын халыққа ғана септiгi тидi деген сөздер де қылаң бердi. Әйтеуiр, қиыншылыққа қарамастан ауыл тұрғындары шама-шарқы келгенше қолдан келген iсiмен нәпақасын тауып, күнiн көрiп жүрдi. Кейде қолындағы бiр-екi iрi қара малының жем-шөбiн табудың өзi қиямет екендiгiн басшылар қайдан бiлсiн дейтiн қарапайым халық барға қанағат еттi. Ал күнi бүгiн ауылдан қалаға үдере ағылып жатқан халықтың санында шек жоқ. Егер де ауылда күн көру бiз ойлағандай оңай болса, неге олар қалаға сандалады? Осы мәселенiң байыбына үңiлдiк пе? 2002 жылдың қаңтарында ҚР «Атаулы көмек туралы»Заңы өз күшiне енген болатын. Осы Заң күшiне енгеннен кейiн әлеуметтiк көмектер қысқарып кеттi. Себебi, аталмыш көмек ешқандай кiрiс көзi жоқ болса да, ол күнкөрiс есебiнен төмен адамдарға тағайындалды. Ол үшiн көмекке зәру адам халықты әлеуметтiк қорғау бөлiмшесiне өзiнiң жалақысы немесе еш жерде жұмыс iстемейтiндiгi, осы көмекке зәру екендiгiн растайтын бiраз жерден анықтама әкелуi керек екен. Бұдан кейiн, осы тапсырған құжаттары рас немесе өтiрiк екендiгiн бiлмек үшiн арнайы комиссия тұрғындардың қорасындағы малын, астындағы көлiгiне дейiн санақ жүргiзген. Қанша жерден айтсақ та, демографиялық өсiм мәселесiн тек бiр ғана әлеуметтiк мәселеге тiреп қоюға болмайтын сияқты. Мәселен, бiзден екi есе әлеуметтiк жағдайы төмен тәжiктердiң табиғи өсу көрсеткiшi өте жоғары деңгейде екен. Бiр қуантарлығы сол, жылдан-жылға демографтардың болжамы жүзеге асып, өсiмнiң аз да болса, бар екендiгiн айтқымыз келедi. Статистика агенттiгiнiң мамандары соңғы рет 1999 жылы болған халық санағы Қазақстанда 2009 жылы өткiзiлетiнiн жоспарлап отыр. Республикалық Статистика жөнiндегi агенттiк төрағасы Қали Әбдиев 2008 жылы осыған дайындық ретiнде елiмiздiң үш ауданында сынақ ретiнде халық санағы жүргiзiлетiнiн айтқан болатын.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары