СҰҢҚАР

СҰҢҚАР

СҰҢҚАР
ашық дереккөзі
452

Совет Одағының Батыры, штурман-ұшқыш Плис Қойгелдiұлы Нұрпейiсов туралы мен газетiмiздiң 2003 жылғы 24 сәуiрдегi №17 санында “Жүрек жұтқан” деген тақырыппен бiр бет материал жариялаған едiм. Содан берi де 3 жылдай уақыт өттi. Қаншама iзденiстер жасалынды. Ұшқыштың iнiсi, бүгiнде зейнеткер қарт Жүсiпбай Нұрпейiсовтың көптен жоғалтып жүрген дәптерi жуырда Қарақалпақстандағы қарындасының үйiнен табылды. Онда өткен ғасырдың 70 жылдарының басында Плистiң майдандас досы, Совет Одағының Батыры Константин Дунаевскийдiң iнiсi Евгенийдiң Смоленскiдегi 36795 “Д” әуе полкi мұражайынан жiберген тарихи деректер бар едi. Бүгiнгi әңгiме сол деректер негiзiнде жазылды.

— Плис, майдан шебiне дейiн қанша шақырым бар? – Шлемафоннан ұшқыш Константин Дунаевскидiң дауысы естiлдi.

Штурман картасына көз тастады.

– Елу шақырым.

“Пе-2”-нi ұшқыштар “пешка” деп атап кеткен. Ұшақ ақырындап көтерiле бердi. Төменде түтiлген мақтадай будақ-будақ ақша бұлттар көсiлiп жатыр. Кабинадағы аппараттың биiктiктi көрсететiн тiлi алты мың метрдiң белгiсiне жеттi. Аздан соң бұлттардың да қатпар-қатпар жiктерi ажырап, сетiнеген шетiне де шықты.

Плис төменге көз жүгiртiп:

– Костя, бiз майдан шебiндемiз,–дегенi сол едi, ұшақтың қапталдарынан снарядтар жарқылдап жарыла бастады.

– Фашист иттер байқап қалды. – Дунаевский ұшақты тағы да биiкке көтерiп, жылдамдықты барынша арттырды. Бiресе оңға, бiресе солға жалт берiп, зенитшiлердiң нысанасына iлiндiрмеуде. Снаряд жарылыстары басылған кезде Дунаевский атқыш-радист Волковқа:

– Алексей, полк штабына хабарла. Майдан шебiнен өттiк. Вильнюске жақындап келемiз.

“Пешка” төрт мың метрге дейiн төмендедi. Вильнюс қаласының биiк үйлерi, тар көшелерi анық көрiндi. Дунаевский шлемофоннан:

– Плис, фотоаппаратты iске қос,–дедi.

Ұшақтың астыңғы қақпағы ашылып, қаланың ауқымды бөлiгi таспаға жазылып жатты. Ұшқыш “пешканы” темiржол желсiне қарай бұрды да, биiктiктi үш мың метрге дейiн қысқартты. Вокзалдың алды қаз-қатар тiзiлген әскери эшолондар. Оларға ауыр соғыс техникалары тиелiптi. Танктер мен алысқа ататын зеңбiректердi артқан эшалон шұбытыла созылып, жыландай иретiлiп, шығысқа қарай жылжып барады. Алаңдағы құжынаған немiс солдаттары қызыл жұлдызды ұшақты көрiп, тым-тырақай қашты. Жау пулеметтерiнен атқылаған оқ тiзбектерi “пешканың” жан-жағынан ысылдап өтуде. Қанатына, тұла бойына тырс-тырс тиiп жатқандары да бар. Дегенмен қос матор үнiнен жаңылған жоқ. Ұшақ атылған оқтардан сытылып шығып, Смоленскiдегi аэродромына қарай беттедi. Дунаевский:

– Алексей, орталыққа хабарла. Темiржол желiсi толық фотофильмге түсiрiлдi. Алдымызда майдан шебi, –деп бұйырды.

– Құп болады, жолдас қомандир!–Шлемафоннан Волковтың жауабы жарқын шықты.

“Пешка” майдан шебiне iлiнгенше сегiз жарым мың метр биiктiкке көтерiлдi. Жерден атылған зенит санрядтарының бiрi төменнен, бiрi жоғарыдан жарылуда. Ауа жетiмсiздiгiнен демалыстары тарыла бастаған шақта, тыныстық маска киiп, жасанды ауаны пайдаланды. Ұшақ оң мен солына алма кезек ауытқып, снарядтарды дарытпауда. Бiрнеше минуттардан соң майдан шебiн де артқа тастады. Дуаневский штурвалды алға итерiп, аппарат алты мың метрдi көрсеткенше құлдилады. Маскасын шешiп:

– Плис, жарақаттан амансың ба?–деп дауыстады.

– Костя, саумын. Тек бағыттан солтүстiк шығысқа қарай отыз градусқа ауытқып кеттiк.

– Қазiр түзеймiн. – Ол ұшақты оңтүстiкке қарай жайлап бұрды. Содан соң ұшақтың артқы жағындағы бөлек кабинада отырған атқыш-радиске. – Алексей, сен ше?

– Жараланған жерiм жоқ, дiн аманмын.

– Ендеше полк штабына хабарла. Тапсырма орындалды. Өз аэродромымызға беттедiк.

Волков радиограмманы жөнелттi. Плис:

– Костя, дауысың бiртүрлi ғой. Өзiң ондайдан саумысың?

– Оқ тигеннен аманмын. Бiрақ денемде аздап ыстық бар секiлдi. Тамағым жұтындырмай келедi.

Күн бата олар өз аэродромына қонды. Дунаевский эскадрилья командирi Анатолий Поповқа тапсырманың ойдағыдай орындалғанын баяндап, фотоаппарат таспасын табыс еттi. Капитан оның солғын жүзiне шошына қарап:

– Дунаевский, реңiң қашып кетiптi ғой. Сырқаттанып қалғаннан саумысың?–дедi.

– Түк те емес, жолдас капитан. Көңiл бөлуге тұрмайтын болмашы дене ыстығы.

Попов басын шайқады.

– Жоқ Дунаевский, жоғарыдағы сәл ғана ауа жетiмсiздiгi, денеңдегi елеусiздеу ыстықтың өзiнде есiңнен тандырады. Саған емделу керек.–Ол шағын қорапты автокөлiктiң жүргiзушiсiн шақырып, ұшқышты тез санитарлық бөлiмге жеткiзудi бұйырды.

Дунаевскийдiң дене ыстығы тым жоғары екен. Ендi кешiксе сандырақтайтын қалге жетiптi. Дәрiгерлер “Тамағындағы баспа ауруы қатты асқынған” деп анықтама жазды. Оның бiрнеше күн жатып емделуден басқаға амалы қалмады.

Ертеңiне кешке Жоғары Әуе Әскери Күшiнiң Бас штабынан барлаушы ұшқыштар полкiне генерал Гренальдың бұйрығы түстi. “Фашистер Балтық теңiзi арқылы Вильнюске тағы да тың күштерiн шоғырландыруда. Олардың соғыс қаруының түрлерi мен санын анықтайтын жаңа фотомәлiметтер аса қажет. Бүгiн түннен қалдырмай бiзге шұғыл жеткiзiңiздер!”.

Полковник Тюрин эскадрилья командирi Поповқа:

– Анатолий, бұл аса жауапты iс. Дунаевскидiң экипажы кеше сонда ұшып барып келдi емес пе? Жер жағдайымен таныс. Тапсырманы орындауды соларға жүктейiк.

– Трофим Денисович, ұшқыш Дунаевский сырқат. Дәрiгерлер көкке көтерiлуiне рұхсат етпейдi.

– Ендi қайттiк!.. Жетпегенi осы едi!.. Ондай алғыр ұшқышты алмастыратын бiзде кiм бар?–Тюрин қабағын шытып, оған тесiле қарады.

– Штурман-ұшқыш Плис Нұрпейiсов.

– Анау орта бойлы, қою қасты, жалғыз қазақ жiгiтiн айтып отырсың ба? – Полковник аз-кем ойланып қалды. – Бiлемiн, ол жақсы штурман.

– Жолдас полковник, Нұрпейiсов тамаша ұшқыш та.

Тюрин оған көкшiл көздерiн сығырайта сынай қарап:

– Солай де. – Үстөлдi қолындағы қаламымен тықылдатып тағы да бiр сәтке үнсiз отырды. –Жарайды, ұсынысыңмен келiстiм. Бiрақ ескертемiн! Тапсырма орындалмай қалса, өз басыңмен жауап бересiң. – Үнi қатқыл шықты.

Қою қараңғылық түсе Нұрпейiсовтың экипажы аспанға көтерiлдi. Көз ұшында суық ызғар шашқан жұлдыздар. Майдан шебiндегi жау радарлары бұларды алыстан-ақ сезген екен. Қуатты жарық сәулелерiмен түн-түнектi ерсiлi-қарсылы, айқыш-ұйқыш тiлгiлеп, қамал құрды. Қараңғылықты тiмiскiлеген ұзын сәулелер “пешкаға” түссе болды, ұшқыштың көзiн шағылыстырып, амал-айласын жасауға мұршасын келтiрмей, зениттердiң оғына байлап берерi хақ. Онда қашып құтылуың екiталай.

Нұрпейiсов сол сәулелерден жалт берiп, ара-арасынан жол тауып, арпалысып бақты. Ұшақ бiресе оң жағына, бiресе сол жағына жантаяды. Кейде жұлдыздарға қарай қайқайып, биiктiктi үдете түстi. Олар солай жанталасып жүрiп, майдан шебiнен де өттi-ау. Ауытқыған бағытын нысанаға қайта түзедi. Нұрпейiсовтың бұйрығымен атқыш-радист Волков полк штабына: “Майдан шебiнен өттiк. Тапсырма бағытында ұшып барамыз” деп радиограмма жолдады.

Тосын келген ұшақты қала маңындағы жау зенитшiлерi өздерiнiң истребителдерiмен шатыстырды ма, алғашқыда үнсiз қалды. Мұндай оңтайлы сәттi шебер ұшқыштар мүлт жiбермейдi. Нұрпейiсов те “пешканы” мың метрге дейiн күрт төмендетiп, Вильнюстiң үстiн көктей ұшып, терiскей жақ бетiндегi Балтық теңiзiне қарай созылып жатқан темiр жолдардың желiсiне бұрды. Экипаж ара қашықтығын бес шақырымнан ұстанған бiрнеше әскери эшоландар тiзбегiн қуалай фотоаппаратқа түсiрдi. Немiстер қарауытқан эшалондардың кейбiр ашық, жайдақ вагондарына қондырған қорғаныс пулеметтерiнен атқылай бастады. Шоқтай болып, доғалдана ұшқан оқ тiзбектерi сәт сайын ұзап бара жатқан ұшаққа жетiп, жетпей қараңғылық құрдымында сөнiп жоғалуда.

Нұрпейiсов ұшақты алыстан орағытты.

– Штурман, фотоаппарат зақымданған жоқ па?

– Ақаусыз жұмыс iстеп тұр.

Нұрпейiсов “пешканы” жерге екi жүз метрге дейiн төмендеттi. Штурман мұны түсiнбегендей абдырап:

– Командир, жерге тым жақын ұшқанымыз, қауiптi емес пе? Фотоаппартқа өте сезiмтал таспа лентасы салынған. Екi жарым мың метр биiктiктен де жақсы тартады, – дедi. Ұшқыш оның көңiлiнiң қобалжып, жүрексiнгенiн байқады.

– Штурман, маған оғаштау бiр ой келдi.

– Қандай?–Үнi күмiлжiп шықты.

– Бiз вокзал алаңындағы эшалондарды фотоға түсiрiп қана қоймай, шабуылдасақ ше?

– Түк түсiнсем бұйырмасын. Бiздiң мiндетiмiз барлау емес пе?

– Дұрыс айтасың, барлау. Бiрақ соғыста табан астында шешетiн жайлар да болады.

– Жалғыз өзiмiз атқылап, бұлардың қайсы бiрiн жайратамыз. Бiз мәлiмет жеткiзейiк, бомбалаушылар өз мiндеттерiн атқарсын.

Сөзге Волков араласты.

– Командир, сонда қалай шабуылдаймыз?

– Вокзалдағы жанармай құйылған цистерналарды атқылаймыз. От тұтанып солар жарылса, бүлiнген темiр жолдарды жөндеп, алаңды қираған эшалондардан тазарту үшiн фашистерге кемiнде екi тәулiк уақыт керек. Қаңтарылып тұрып қалған әскери эшолондарды бiздiң бомбалаушылар да оп-оңай нысанаға алады.

Штурман:

– Әй, қайдам! Бәрi де солай болып шықса қанеки…

– Сол үшiн тәуекелге барамыз,–деп Нұрпейiсов радиске дауыстады. – Алексей, солай ма?

– Командир, не бұйырсаң, соны орындаймын.

Штурман күдiктi ойдан арыла алмай, үнсiз қалды.

Вокзал алаңы кешегiдей екен. Шығар жолда кептелiп, қатар-қатар тұрған әскери эшалондар жиынтығы. Төбелерiнен төнiп, тажалдай көрiнген ұшақтан қатты сасқан фашистер қым-қиғаш, абыр-сабыр күйге түстi. Бiрi қорғаныш iздеп қашып, бiрi жайдақ вагондардағы ұзын тұмсық қаруларына қарай ұмтылды. Тұрған эшалондардың қақ ортасынан бiрнеше цистерна тиеген паравоз түтiнi будақтап баяу қозғалуда. Нұрпейiсов соның үстiнен қуалай ұшып, гашетканы басты. Қос қанаттан жалыны жалақтаған пулеметтiң шоқтай қызыл оқтары цистерналарға тиiп жатыр. Қас қағым сәтте дүниенiң астан-кестеңi шықты. Жанармай цистерналары бiрiнен соң бiрi жарылды. Жан-жаққа шашырай ұшқан сынықтар мен жалын жалқылары қапталдарындағы әскери эшалондарды да лезде от құшағына орады.

Штурман шлемафоннан саңқ еттi.

– Жарайсың, командир! Бәрi де өзiң айтқандай болды!

Қаланың қорғаныс шебiнен шыққан соң Нұрпейiсов:

– Волков, штабқа хабар бер.

Полк радиостанциясындағы сержант Якубов “Тапсырма орындалды. Майдан шебiне бет алдық” деп жазылған радиограмманы Поповтың қолына ұстатты.

Нұрпейiсов ұшақтың жермен ара қашықтығын алшақтата түстi. Сәлден соң аппарат алты мың метр биiктiктi көрсеттi. Кенет шлемафоннан атқыш-радистiң шошынған үнi естiлдi.

– Командир, соңымызда қуғыншылар! Екi “Мессершмитт” жақындап келедi.

Ол “пешканың” газын басып, жылдамдықты арттырды.

– Алексей, ыңғайын тауып ат.

– Көздеу мүмкiн емес. Жарықтары бет қаратпайды. –Олар айтып ауыз жиғанша, “пешканың” екi жақ қапталынан бiрiн бiрi қуған қып-қызыл оқ тiзбектерi ағып өттi. Ол “пешканы” оң жақ қапталына қарай жалт бұрды. Қараңғылықты пайдаланып, iзiнен адастырмақ .Фашистердiң де көз жазып қалар түрi жоқ. Әне-мiне дегенше соңына қайта түстi. Волков та атып жатыр. Қалайда истребительдердi “пешкаға” жақындатпауы керек. Нұрпейiсов ұшағын құлдилатып барып қайта көтердi. Өкшелеген жау истребительдерi соңынан қалар емес. Екеуi алма кезек оқты боратуда. “Пешкамен” жарыса ұшқан оқтың кезектi бiр дүркiн атылғаны, сол жақ қанатына тасырлай тиген дыбысы құлағына анық естiлдi. “Матор iстен шықты-ау” Өкiнiштен iшi ашып, өзегi өртенгендей күй кештi. Ондайда ұшақтың тұла бойы дiр етiп, жылдамдығы бәсеңдейтiн. Бұл жолы олай болмады. Матор үнiнде өзгерiс жоқ екен. Алдындағы аппарат көрсеткiштерiнен де қауiптi ештеңе байқалмады. Көңiлi орнына түскен Нұрпейiсов: “Ал ендi қуып жетiңдер, фашист иттерi!” – деп ұшақты төмен қарай ағыза құлдилатты. Жерге жете бере бауырлай ұшып, қайта жоғарылады. Майдан шебiне жақындаған кезде ғана қуғыншылар өз зенитшiлерiнiң атқылауынан сескенiп, кейiн қайтты.

Нұрпейiсов экипаж мүшелерiне:

– Майдан шебiнен өте жоғары биiктiкте ұшуып өтеуге тура келедi. Маскаларыңа жасанды ауа жеткiзетiн түтiктердi жалғаңдар, –деп ескерттi де штурвальды өзiне қарай тартты. “Пешка” тоғыз мың метр биiктiкке дейiн көтерiлдi. Тас қараңғы түндi тiлгiлеген қуатты жарықтар ұшақты iздеп әлек. Сонау қараңғылық ұйығын тұңғиықтан, зеңбiректердiң үңiрейген оқпандары аспанға қарай жалын шарпып жатыр. Көзсiз тұспалмен атылған снарядтар ұшақтың тұс-тұсынан жарылуда. Нұрпейiсов ерсiлi-қарсылы дамылсыз қозғалып, ұшақты шарқ ұрып iздеген ұзын сәулелерге ұстатпаудың амалымен қанаттарын оңды-солды шайқап, жылыстап ұзай бердi. Майдан шебiнен алыстап, снарядтар жарылыстары тоқтаған кезде, ол “пешканы” алты мың метрге дейiн құлдилатты. Штурман аузы мен мұрнын жапқан маскасын алып:

– Уһ,–деп терең күрсiндi. – Құтылдық-ау әйтеуiр!

Нұрпейiсов:

– Алексей, штабқа майдан шебiнен өткенiмiздi хабарла. Моторда ақау жоқ,–деп шлемафонының бауын шешiп, артына қарай ысырды. Маңдайынан шып-шып шыққан тердi, қолғабының сыртымен сүрттi.

– Командир, штаб радиограмманы қабылдады. – Волковтың үнi жайдары.

Ол жоғарыға көз жiбердi. Қараңғылықтың арғы жағынан самсаған жұлдыздар бiр сөнiп, бiр жанып жымыңдайды. “Қарақалпақтың аспаны да осындай едi-ау!” Есiне анасы Әлпештi, бауырлары Жүсiпбай мен Әметбайды алды. “Көптен берi хат келмедi. Жағдайлары қалай екен?”

– Командир, аэродромға бес шақырым қалды. –Штурманның үнi ойын бөлiп жiбердi. Шлемiн қайта баса киiп, бауын байлады. Ұшақ бiрсiн-бiрсiн төмендей бердi. Штурман басқару аппаратының кiшкене тетiгiн басты. Қанаттарының астындағы қақпақтар ашылып, артқы және оң жақ доңғалақтар тiкесiнен тұрды да сол жақ доңғалақ жартылай түсiп, қиғаштап тұрып қалды. Аппараттағы қауiптi жағдайды ескертетiн қызыл жарық жанды. Штруман тетiктi қайта iске қосты. Доңғалақ не әрi , не берi қозғалмады.

– Командир, сол жақ доңғалақ толық ашылмайды.

– Неге?

– Себебiн бiлмедiм.

“Пешка” жер бауырлап барып, қайта жоғары өрледi. Аэродром үстiнен айналып ұшты. Шлемафоннан Поповтың дауысы естiлдi.

– Нұрпейiсов, неге қондырмай жүрсiң?

– Жолдас капитан, сол жақ доңғалақта ақау бар. Соны орнына келтiруге әркеттенiп жатырмыз.

Ұшақ аэродромды тағы да екi айналды. Сол кезде полк командирi Тюрин, барлаушылар бастығы Морозов, инженер Фисак та жеттi. Олар Поповтың баяндауынан мән-жайға қанықты. Фисак ұшаққа басын шалқайта қарған Тюринге:

– Жолдас полковник, маған бәрi де түсiнiктi, – дедi.

– Не бiлгенiң бар? Айт!

– Доңғалақты төмен түсiрiп, көтерiп тұратын гидротүтiктi снаряд жарқыншақтары тесiп кеткен. Былтыр ұшқыш Вано Гахарияның тап осындай жағдайға ұшырап, ұшақты сыңар доңғалақпен қондырғаны есiңiзде болар.

– Иә, ол ержүрек ұшқыш едi ғой.–Тюрин ауыр күрсiндi. Эскадрилья командирiне бұрылып. – Ұшақтың жанармайы ендi қанша уақытқа жетедi?

– Әрi десе бес минут. – Попов күмiлжiп, басын төмен салды.

Әрбiр минут қымбат. Шұғыл оң шешiм қабылдамаса, орны толмас өкiнiштiң опындыратынын полк командирi сездi. Поповтың қолындағы байланыс құралын алып, қарауытып ұшып жүрген ұшаққа қарады.

– Балам, менi естiп тұрсың ба?!

– Естiп тұрмын жолдас, полковник! – Нұрпейiсовтiң қоңырқай үнiнен көңiл қобалжуын аңғармады. “Неткен сабырлы жан!”– Ендеше тыңда! Ұшақты сегiз жүз метр биiктiкке дейiн көтер. Фотоаппараттан таспа қорабын шығарып, өздерiң ауа қалықтағышымен (парашетпен) секiрiңдер. Маған сендердiң амандықтарың керек,–дедi.

Нұрпейiсов штурман мен атқыш-радистке:

– Полк командирiнiң сөзiн естiдiңдер ғой. Қазiр мен ұшақты соншалық биiкке көтергенде сендер секiресiңдер.

– Плис, өзiң ше? – Сұрақты Волков қойды.

– Мен ұшақты қондыруға тырысамын.

– Онда мен де сенiмен бiргемiн.

Сөз соңын штурман iлiп алды.

– Командир, мен де сендермен бiргемiн.

Плис жермен байланыс желiсiн ажыратып тастады.

– Балам, ағаттық iс өкiнiшке ұрындырады. Қалықтағышпен секiрудi бұйырамын!–Тюриннiң дегбiрi қашып, қатты дауыстап, сөзiн тағы қайталады.

Радист Якубов:

–Жолдас полковник, олармен байланыс жоқ. Желiнi үзiп тастаған,–дедi.

– Қап, әттеген-ай! Ажалға көзсiз ұрынатын болды-ау! – Тықыршып, бiр орнында тұра алсайшы.

“Пешка” аэродромның батыс жағынан бәсеңдей бердi. Нұрпейiсов жылдамдықты мейлiнше азайтты. Ұшақтың бауыры биiк қарағайдың басын шала аэродром алаңына жақындай түстi. Жиналған жұрт бар демдерiн iштерiне тартып, тапжылмай тына қалған.

Қалықтай төмендеген “пешканың” әуелi артқы шолақ доңғалағы жерге тидi. Сол жақ қанатын сәл ғана көтере ұстап, алдыңғы оң доңғалағы да жерде шыр айналды. Нұрпейiсов ұшақтың екпiнi баяулап басылғанша, қос қанатты тең ұстады. Ұшақ алаң шетiне жете бере сол жағына жантайып, жарты шеңбер жасай, айналып барып тоқтады. Жұрт өз көздерiне өздерi сенер-сенбесiн бiлмегендей сiлейiп тұр. Тыныштықты ұшқыш Николай Остапенконың саңқ еткен дауысы бөлдi.

– Бауырлар, Нұрпейiсов ұшақты қондырды! Бұл ерлiк!

Сол кезде ғана ұшқыштар ұйқыларынан оянғандай “Уралап!” ұшаққа қарай лап қойды. Олар жүгiрiп барған бойда кабинадан шыққан Плис Нұрпейiсовты көтерiп алып, бiрнеше рет аспанға атты. Дабырласа сөйлескен көңiлдi ұшқыштар мен механиктер берi қарай жүрдi. Нұрпейiсов бастаған экипаж мүшелерi колдарын шекелерiне апарып, полк командирiне әскери iзет танытты.

– Жолдас полковник, тапсырма толық орындалды! Баяндап тұрған штурман-ұшқыш Нұрпейiсов.

Тюрин үшеуiнiң қолдарын қысып, арқаларынан қағып, дән ризашылығын бiлдiрдi. Содан соң Нұрпейiсовке:

– Нағыз ұшқыш екенсiң, балам! – дедi. Жан қалтасынан “Беломорын” шығарып, үшеуiне шылым үлестiрдi. Өзi де шылымын тұтатып, көк түтiндi құмарта сорды да. – Мұндай жағдай полкте осымен екiншi рет қайталанып отыр. Қырық екiншi жылы Вано Гахария марқұм ұшақты тап осындай күйде қондырып едi. Бiрақ күндiз болатын. Ал сен бiрiншi рет түнде жүзеге асырдың. Мiне, шеберлiк!

Инженер Фисак ұшақ доңғалағының ақауын анықтады. Тюринге әлгiндегi айтқаны дәл келгенiн жеткiздi.

Полк фотошеберханасы Нұрпейiсовтың экипажы түсiрген таспадағы жаңа мәлiметтердi Жоғары Әскери Әуе Күшiнiң Бас штабына радиограмма арқылы жолдады. Таңғы сағат төртте қорғаушы истребительдердiң көмегiмен майдан шебiн жарып өткен бомбалаушы ұшақтар, Вильнюс темiржол желiлерiнде тұрып қалған әскери эшолондардың тас-талқанын шығарды.

Ертеңiне Жоғары басшылықтың тапсырмасын ойдағыдай орындағаны үшiн полковник Тюрин штурман-ұшқыш Плис Нұрпейiсовтың экипажына генерал Грендальдың алғысын жеткiздi.

Плис Нұрпейiсов түстiк астан соң, штаб жанындағы бомбадан құлаған ағаш үстiнде оңаша шылым шегiп отырған, полктiң барлау бастығы Морозовты көрiп, солай қарай беттедi.

– Жолдас майор, сұрақ қоюға рұхсат па?

– Құлағым сенде, лейтенант.

– Вано Гахария қалай қайтыс болды?

– Отыр, лейтенант. – Иегiмен оң жағын меңзедi. Шылым ұсынды. Ол жайғасып, шылымын оттықпен тұтатқан кезде әңгiмесiн бастады.

– Гахарияның ерлiктерi туралы көп айтуға болады. Алайда оған уақыт қайда. Ол күтпеген жерден қапияда қаза тапты, – деп тағы да бiр сәт үнсiз отырды. – Қырық екiншi жылдың көктемi кештеу шықты. Қар ерiп, жер қарайып, күн едәуiр жыли бастаған шақ. Гахария анау Андреапол аэродромынан ұшағына қосымша жанар май құйып, осы Смоленскiнiң шығыс жағындағы жау бекiнiсiн барлауға аттанады. Несiн айтайын, жаудың “Смоленскi қақпасы” деп аталған қорғаныс бекiнiсi сол кезде “шағылмайтын жаңғақ” едi. Оның үстiнен тек Гахария секiлдi асқан талантты ұшқыштар ғана басып өтетiн. Аспан алашарбы бұлт. Ол сол түйдек-түйдек бұлттардың iшiмен ұшып бара жатқан. Осташково қаласының маңында жау ұшақтарын торауылдап жүрген “Як” истребителi оны көз ұшынан байқап қалады. “Пешка” мен “Мессершмитт-110”–ның сыртқы түрлерi өте ұқсас. Бұлттан бұлтқа өтiп, бiр көрiнiп, бiр көрiнбей бара жатқан ұшақты “мессер” деп ойлап қалған ол соңынан қуады. Оқ жетер қашықтықтан гашетканы басып-басып жiберген. Пулеметтен екi дүркiн атылған оқ тiзбектерi қос маторды да iстен шығарып, Гахарияның өзiн ауыр жараландырған. Ұшақ жалынға оранып, жерге шаншыла құлайды. Ол жау десе көздерi ызғар шашып, көрiктей көкiрегi кек кернеп тұратын жiгiт едi. От едi. Отқа оранып кеттi. – Морозов шылымының тұқылын жерге тастап, табанымен ездi.

– “Як” истребителiнiң ұшқышы жас па едi?

– Жоқ, майор шенiндегi офицер екен. Қатардағы жауынгер дәрежесiне түсiрiлген. “Күнәмдi шайқаста жуамын!”–деп майдандастарына ант берiптi.

Анадай жердегi шоқ ағаштың iшiне ұшқыштар жиналды. Ортасындағы көне орындыққа аға механик Сельантев жайғасты. Қолында тiлдерi ұзын сырнай. Ол “Дунай толқындарын” тартты. Морозов әуенге елiтiп, көзiн бiр ашып, бiр жұмады. Тамсанып:

– Неткен ғажап саз! Жаныңды тербейдi!–дедi. Содан соң әлдене есiне түсте ме, өңi бiрден өзгерiп. – Эһ, қарғыс атқыр соғыс! Ертерек бiтсең екен! –Тынысы тарылды ма, омырау түймелерiн ағытты.

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары