КӘРI ҚҰРЛЫҚ НЕГЕ ШАРАСЫЗ?

КӘРI ҚҰРЛЫҚ НЕГЕ ШАРАСЫЗ?

КӘРI ҚҰРЛЫҚ НЕГЕ ШАРАСЫЗ?
ашық дереккөзі
235

Қаһарына мiнген Ресей, жүйкесi сыр берген Еуропа, «өз қолын өзi кесе алмай», дымы құрыған трансатланттық қауымдастық, «Саяси сайыс соңы не болады?» деп алаңдаған Орталық Азия, «Арзан газыңды орыстарға емес, бiзге бер» деп қазақтарды жағалаған қытайлар…

«КЕТЕМ, КЕТЕМ ДЕГЕНМЕН, КЕТЕ АЛМАЙСЫҢ СЕН МЕНЕН…»

«Газпромдық» басшылардың еуропалық астаналарды қона-түстенiп жүргенiне бiрнеше айдың жүзi болды. Алдағы онжылдықта еуропалық нарықты тұтастай игеруге мүдделiлiк танытқан «Газпром» КСРО ыдырағаннан кейiн посткеңестiк кеңiстiкке тиесiлi энергоқор тiзгiнiн қолға алған болатын. Бүгiнде Батыс Еуропадағы беделiн арттыруға жанталасқан «Газпром» осы аймақтағы ықпалын күшейтуге ден қойды. Алайда ресми Мәскеу мен Киевтiң қаңтардағы газ бағасына қатысты туындаған кикiлжiңiнен көңiлiне кiдi алып қалған кәрi құрлық ресейлiк газ бен «Газпромға» деген энергетикалық тәуелдiлiктi төмендетудi мақсат етiп отыр. Өткен аптада компания басшысы Алексей Миллердiң еуропалықтарға «Газпромның» еуропалық нарыққа дендей енуiне кедергi келтiрсеңдер, өнiмiмiздi Америка мен Азияға қарай бұруымыз мүмкiн» деп сес көрсетуi Еуроодақ көшбасшыларының көңiлiн алай-түлей еттi. ЕО Энергетика мәселелерi жөнiндегi комиссарының баспасөз хатшысы Ферран Тарраделас Эспуни Миллердiң сөзi Еуропаның шетелдiк тасымалдаушыларға деген энергетикалық тәуелдiлiгiн дәлелдейтiнiн және осы проблеманы шешудiң тиiмдi жолын қарастыру керектiгiн мәлiмдедi. Кремль мен Брюссель бiр-бiрiне алыстан айбат шегiп, жалдарын күдiрейткенмен, бiр-бiрiнен ат-құйрығын үзе алмайды. Өйткенi, «Статистикалық мәлiметтерге сүйенсек, орыс газына тәуелдi Еуропа секiлдi Ресей де сенiмдi әрi тұрақты серiктесi – Еуропаға өте тәуелдi» (Оксфордтық энергетикалық зерттеулер институты Газ нарығын зерттеу бөлiмiнiң бастығы Джонатан Стерн). «Газпром» 2005 жылы Еуропаға 25,7 миллиард долларға газ тасымалдаған. Бұл компания кiрiсiнiң 65 пайызы еуропалықтардың үлесiнде екендiгiн көрсетедi.

ҚАЗАҚТАРҒА ҚЫТАЙЛАР «ЖАҒДАЙ АЙТТЫ»…

Әлемдiк саясатта энергоқорына арқа сүйеудi мақсат еткен Кремльдiң түрлi стратегиялық жобаларға келгенде мырзалық танытуы тегiн емес. Мысалы, Балтық жағалауы елдерi мен Польша, Беларусь пен Украинаны айналып өтетiн ресейлiк газ құбыры орыстардың энергоқорын Германияға тiкелей жеткiзудi мақсат етiп отыр. Жалпы құны кем дегенде 10 миллиард долларға бағаланып отырған бұл құбыр Солтүстiк және Батыс Еуропаға жеткiзiлетiн «газпромдық» өнiмнiң көлемiн ұлғайта түсуге мүмкiндiк бермек. Немiстердiң «E.ON Ruhrgas» компаниясының басшысы Буркхард Бергманның айтуынша, алдағы 15 жылда Ресей өзiнiң энергетикалық саласына қаржылық қолдау (405 миллард доллар көлемiнде) көрсету үшiн шетелдiк инвесторлардың көмегiне зәру болмақ: «Ресейге газ, электрэнергетикалық және мұнай саласында өте iрi көлемдегi инвестиция керек. Сондықтан орыстар үшiн шетелдiк қаржы мен технологияны тарту өте маңызды».

Орыстардың Еуропаға деген тәуелдiлiгiн арттыруға ресейлiк энергияның маңызды тұтынушысы болып табылатын Қытай да мүдделi. Аспан асты елi уақыт өткен сайын энергоқорлар жолындағы күресте стратегиялық Кремльдiң басты бәсекелесiне айналып келедi. Мысалы, үстiмiздегi жылдың басында ресми Пекин Қазақстанды арзан энергоқорды Ресейге тасымалдаудан бас тартып, Қытайға тiкелей тасымалдауға үгiттеген едi. Варшавадағы Шығыстық зерттеулер орталығының сарапшылары Агата Лоскот-Страхота мен Александр Ярошевич Қазақстан мен Қытайдың ынтымақтастық қатынасы орталықазиялық табиғи газды «ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында» ұстап отырған Ресейге үлкен қауiп төндiретiнiн айтады: «Орталық Азия аймағына тиесiлi арзан газ «Газпромның» экспорт мәселесiндегi мiндеттерiн жүзеге асыруда өте маңызды».

«ЕО-ҒА ОРТАҚ ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ САЯСАТ КЕРЕК»

Кейбiр халықаралық сарапшылар пiкiрiнше, Еуропалық Одақтың «Маған кедергi келтiрсең, «шөмiштен қысам» деп қоқаңдаған Кремльге төтеп берудiң орнына, шарасыздық танытуына ортақ энергетикалық саясатының жоқтығы кiнәлi. Осыдан 2 айдай уақыт бұрын ЕО-ның энергетика жөнiндегi комиссары Пиебалгс пен бәсекелестiк жөнiндегi комиссары Крус энергетикалық саясатты қалыптастыруға бағытталған стратегиялық жоспарын жариялады. Аталған құжат энергия көздерiн жаңалауға, табиғи газды тасымалдаудың балама жолдарын табуға және Ресейге деген тәуелдiлiктi төмендетуге арналғанмен, нақты әрекеттер көрсетiлмептi. Еуропалық Парламенттiң энергетика жөнiндегi комитетiнiң төрағасы Клод Турмс Еуроодақ пен Ресей арасындағы серiктестiк қатынаста «ойын алаңының тегiс болуы керектiгiн» айтты. Батыстық шенеунiктiң емеурiнiнiң астарында орыстарды ашық бәсекелестiкке шақырған үндеу жатыр. Жалпы құрамына 25 мемлекет мүшелiкке өткен ЕО өзiнiң энергетикалық қажеттiлiгiнiң 24 пайызын Ресей, Норвегия мен Солтүстiк Африкадан тасымалданатын табиғи газдың есебiнен қанағаттандырып отыр. Мамандар қолда бар мүмкiндiктi дер кезiнде пайдаланып қалмаса, энергоқорға қатысты проблеманың ушыға түсетiнiн айтады. Өкiнiшке қарай, батыстық iрi компаниялар бағаны төмендетуге және өндiрiстi дамытуға жағдай жасаудың орнына, бәсекелестiктен тұратын нарықтың жариялылығы мен ашықтығына кедергi келтiруге тырысып бағуда. Есесiне, Батыс пен АҚШ-ты ғана емес, әлемдi «бiр шыбықпен айдаудан» кетәрi емес «Газпром» керiсiнше, ұзақмерзiмдiк жоспарға келгенде, уақытты тиiмдi пайдалана бiлдi. «Қырғи-қабақ» соғыс кезiнiң өзiнде Шығыс Еуропадағы орыстардың беделiнiң жоғары болуы соған дәлел. Ол аз десеңiз, Шығыстық зерттеулер орталығының мәлiметтерiне қарағанда, «Газпром» 2004 жылы Балтық жағалауы елдерiнен бастап, Болгарияға дейiнгi аралықта газ тасымалдауға қатысты келiсiмдерге қол қойған.

«ОРТАЛЫҚ АЗИЯҒА ТӨНЕТIН ҚАУIП ЖОҚ»

Қазiргi таңда Еуроодақ «Газпромға» төтеп берудiң тиiмдi жолдарын қарастырумен әлектенiп жатса, Польша, Балтық жағалауы елдерi сияқты Ресейге күдiкпен қарайтын бiрнеше мемлекет энергоқордың басқа көзiн табу мақсатында күш бiрiктiрдi. Польшаның экономика министрлiгiнiң баспасөз хатшысы Петр Наимски Катардан тасымалданатын табиғи газды сақтайтын терминал немесе Норвегиядан тiкелей тасымалдау үшiн құбыр салу мәселесiн қарастырып жатқанын айтты. Аталған екi жобаның екеуiнiң де құны тым жоғары. Оның үстiне, ЕО-ға мүше алпауыт елдердiң басым бөлiгi Балтық теңiзi арқылы тiкелей тасымалданатын ресейлiк газға қызығушылық танытып отыр. Германияның канцлерi Ангела Меркель Путиндi адам құқығын аяққа таптады» деп айыптағанмен, энергоқорлар мәселесiне келгенде, аталған құбырдың газ тасымалдауда тұрақтылық пен сенiмдiлiкке негiз болатындығына үмiт артады. Посткеңестiк кеңiстiктегiлер пен поляктар орыстарға төтеп беруге шамасы келгенше талпынып жатса, Ақ Үй де «қол қусырып қарап отырған» жоқ. Америкалық сенаторлар алдында сөз сөйлеген АҚШ мемлекеттiк хатшысы Кондолиза Райс энергетикалық саясаттың халықаралық дипломатияға керi әсер ететiнiн айта келе, Түркия мен Грецияны Ресейге деген тәуелдiлiктi төмендетуге шақырып, табиғи газды Әзiрбайжаннан тасымалдауды көздейтiн жаңа жоспарларына қолдау бiлдiрдi. Осы аптаның соңында АҚШ вице-президентi Дик Чейни Қазақстанға келмек. Басты себеп: Қазақстан мен Түркiменстанды Орталық Азиядағы энергетикалық қорларға үстемдiк етiп отырған Ресейдiң ықпалын әлсiретуге мүмкiндiк беретiн құбырлар құрылысын салуға көндiру. Негiзi КСРО ыдырағаннан кейiн посткеңестiк кеңiстiкке ықпал ету мәселесiнде «қолын мезгiлiнен кеш сермеп қалған» Америка олқылықтардың орнын толтыруға жанталасуда. Әрине, тұтынушылық қажеттiлiгiн оңай, арзан, сенiмдi серiктестiк жолымен шешудi қалайтын алпауыт елдер де америкалықтар мен орыстар арасындағы бәсекеден шет қалған жоқ. Посткеңестiк елдерден жиналған журналистер үшiн арнайы баспасөз мәслихатын өткiзген АҚШ Мемлекеттiк Департаментi Орта Азия мәселелерi жөнiндегi бөлiм бастығының орынбасары, Оңтүстiк және Орта Азия мәселелерi жөнiндегi бюро жетекшiсi Джим ДеХарк мырзадан: «Батыс пен АҚШ, Қытай мен Ресей табиғи ресурстарға бай орталықазиялық аймақтағы «майлы жiлiктiң» басына таласуда. Державалар мен әлемдiк билiк тiзгiнiне ұмтылған өзге елдер арасындағы саяси сайыс Орталық Азия елдерiне керi әсер етпей ме?» деп сұрағанбыз. Ол саяси бәсекенiң ашықтық пен демократияға құралатынын, орталықазиялық аймақта аталған елдердiң күштерiн сынға салатын ешқандай күрестiң болмайтынын, сондықтан бұл аймаққа төнетiн ешқандай қауiптiң жоқтығын айтты.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары