«ЖАС ҚАНАТҚА» ТАЛҒАМ ҚАЖЕТ

«ЖАС ҚАНАТҚА» ТАЛҒАМ ҚАЖЕТ

«ЖАС ҚАНАТҚА» ТАЛҒАМ ҚАЖЕТ
ашық дереккөзі
196

Осымен 15-iншi рет өткiзiлген «Жас қанат» байқауы өзiнiң негiзгi мақсатын аяқтауға жақындап қалғандай болып көрiндi. Өйткенi, «Жас қанат-2006» жарқ еткен таланттан тапшылау ма деп қалдық. Бұл, әрине, ұйымдастырушылардың орындаушыларды таңдауына тiкелей қатысты дүние. Байқау бiз күткендегi дәрежеде өтпедi. Тiптi соңында «Жас қанаттан» «қанат қағатын» орындаушыларды тыңдаймыз деп Конгресс-холда күнiне екi- үш сағаттап зая еткен уақытымызды аядық. Бұл байқаудың соңына дейiн шыдауға тек журналист ретiндегi мамандығымыз ғана себеп болған едi.

«Жас қанаттың» өзгермейтiн продюсерi Мұрат Ерғалиев мерейтойлық 15-iншi байқауға өзiндiк өзгерiстер енгiзiп-ақ бағыпты. Мәселен, байқауға қатысушыларға негiзгi әдiл қазылардан өзге, көрермендерден құралған топ та баға берiп отырды. Сонымен, бiрiншi орын Қызылорданың тумасы Қайыржан Оспановқа бұйырды. Оның қазылар алқасының мүшесi Төлеген Мұхамеджановтың әнiн шырқағанын қаперге алмағанда, аса ерекшеленiп тұрған ештемесi жоқ. Екiншi орын оралдық әншi Жаңылсын Хасановаға бұйырды. Оның бойындағы таланты, ән шырқау мәнерi Қайыржан Оспановпен салыстырғанда көш iлгерi болып көрiнген. Ал үшiншi орынды шымкенттiк Айгүл Әдiханова алды. Бұл өнерпаздан: «қай тiлде ән шырқамақсың деп сұрағанымызда, «мексикан тiлiнде» деп жауап берген, бiздiң «мексикан тiлi емес, бәлкiм, испан тiлiнде шығар дегенiмiзге, «жоқ, аргентин тiлiнде» деп дауласпақ болған, бiр сөзбен шырқайтын әнiнiң қай тiлде екенiн дұрыс бiлмейтiн Айгүлдiң дауысы да, өзiн сахнада ұстау мәнерi де жетiмсiз болып көрiндi. Бiрақ, шымкенттiк үмiткердiң орындаған шығармасының өлеңi мен сөзiн өзi жазғаны әдiл қазыларға жағымды әсер етсе керек. Ал бiздiңше, сөздерi қарабайыр, әнi түрлi композициядан құралғандай әсер еттi.

Байқауға қатысатындар жайлы алдын-ала ақпараттармен танысқанда, олардың әрқайсысының музыкалық бiлiмге ие екенiн естiп, «Жас қанат – 2006-ны» ойымызша ерекшелей түскенiмiз бар едi. Тiптi, Мұрат Ерғалиевтiң «Алматыдан байқауға қатысуға ниет бiлдiргендер көп болғанымен сыннан өте алмады. Негiзi, бүкiл таланттар ауылдардан шығады» дегенiне қарап, Алматыдан ешбiр қатысушылардың iлiкпегенiне аса мән де бере қоймағанбыз. Бiрақ, Ерғалиевтiң үкiлеп отырған орындаушыларын тыңдап, дәрежесiне куә болғаннан кейiн «өнер, мәдениет ордасы Алматыдан мыналарға балама әншiлердiң шықпауы мүмкiн емес. Бұл арада бiр түсiнiксiздiк болған шығар» деген ой келген. Әрiптестерiмнiң бiрi «Алматы Ерғалиевтi «Азия дауысынан» айырды емес пе? Бәлкiм, соның әсерi шығар» деп қалды. Сол арада, Ерғалиевтiң «Алматыда оқитын үмiткерлер байқауға өздерiнiң туған жерiнiң атынан қатысуға бел буды» деп нығыздағаны еске түстi. Негiзiнен, қатысушылардың қимылына, олардың шешiмiне, айтатын әнiне ұйымдастырушылар әсерiнiң мол болатынын байқадық. Мәселен, конүмiткер Мнаш Жанболатова: «Екi ән айтамын. Бiреуiн өзiм таңдадым. Екiншi әндi, Төлеген Мұхамеджановтың өлеңiн айтуды маған ұсынды» деген-дi.

Сөйтiп, «Жас қанат» секiлдi «аса биiк талғамдағы» байқауға Алматы секiлдi өнер ордасынан еш орындаушының қатыспағанын қазылар алқасы жуып-шаюға тырысты.

Жоғарыда әдiл қазы мүшесiнiң әнiн орындаған конкусанттың бiрiншi орынды иеленгенiн және екiншi бiр орындаушыға сол композитордың әнiн таңдап бергенiн жаздық, Қайыржан Оспанов пен Мнаш Жанболатова Мұхамеджановтың әндерiн орындаған күндерi аса жоғары балл алып жатты. Бұған ән авторының жюри мүшесi екендiгi әсер етпедi ме деген ойымызға әдiл-қазылар алқасының төрағасы, Астана қаласы әкiмiнiң орынбасары Сәбилә Мұстафина: «Оның композиторлығы конкурсқа әсер еткен жоқ. Тiптi, әндерiнiң орындалу мәнерiне оның өзiнiң көңiлi толмады» деп жауап бердi. (Баспасөз мәжiлiсiнде Мұхамеджановтың өзi болмады.)

Сонымен, үш күндi сарп етiп көрген конурста әдемi әндi нақышына келтiрiп айтумен балқаштық Нұрсаят Серiкбаев қана ерекшелендi. Ол Тұрсынжан Шапайдың әнiн орындаған. Ұйымдастырушылар Тұрсынжан Шапайды сыртынан «Байқауға шырқалған ең әдемi әннiң авторы» деген жүлдемен марапаттады.

Немiс қызы Эльдана Габерманның қазақ тiлiнде ән шырқағаны әдемi естiлдi. Мемлекеттiк тiлге моральдық тұрғыдан оң әсер ететiн қадам. Бiрақ, сол мемлекеттiк тiл «Жас қанаттан» жалпы дұрыс көрiнiс таппады. Мұрат мырзаның байқау кезiнде орындаушыларды сұрақпен қазғылайтыны бар екен. Сұрақтар әлбетте орыс тiлiнде қойылады. Ал қатысушылар тiлдерiн бұрап, сол Ерғалиевтiң сауалдарына жауап берiп жатты. «Жас қанаттың» мектебiн көрген Медеу Арынбаев пен Маржан Арапбаева да концертте бiрде жекелей, бiрде қосыла ән айтып, ресми тiлдiң шырағын жандыра түстi.

Байқаудан ұлттық рух көре алмадық. Әндердiң жартысының қазақ тiлiнде шырқалғаны ғана көңiлге медеу болды. Тiптi, соңында, Роза Бағланова бастаған әдiл-қазылар мүшелерi де ресми тiлде сөйлей бастағанда, залдан «қазақ тiлiнде сөйлеңiз» деген дауыстар естiлiп жатты. Бұл қоғамда мемлекеттiк тiлде ақпарат алуды қалайтындар шоғырының көбейе түскенiнен хабар берсе керек. Тек, байқауды ұйымдастырушылар тарапынан естiр құлақ болса. Бiрақ, сұраныстың ұсынысты тудыратынын ескерсек, мемлекеттiк тiлге мойын бұрмаса, Мұрат Ерғалиевтiң «қанаттары» ертеңгi күнi ештемеге де төтеп бере алмай қалуы мүмкiн.

Сонымен, «Жас қанатты» Ерғалиев мырза, әйтеуiр өткiздi. Әншi апамыз Роза Бағланова өзi таңдаған қатысушыларға жүлде тағайындауы арқылы байқауға сияпат жасады. Бағланованың 150 мың теңгелiк жүлдесi қызылордалық Мәрзия Нұрланға бұйырды. Астана қаласының әкiмi Шөкеевтiң 150 мың теңгелiк жүлдесiн Нұрсаят Серiкбаев иелендi. Мәдениет және ақпарат министрлiгi үшiншi орын иегерi Айгүл Әдiхановаға кез-келген бiр халықаралық байқауға қатысуға қолдау көрсететiн болды. Қазылар алқасының мүшесi Ренат Ғайсин ақсайлық Мнаш Жанболатоваға сөзi де, әуенi де түсiнiксiз «Қанаттарым менiң» деген әнiн тарту етiп, өз студиясында тегiн ән жаздыруға мүмкiндiк беретiнiн айтты. Негiзi, Ренат Ғайсиннiң қазақ тiлiндегi әндерi түсiнiксiз болғанымен, шоу-бизнесте үлкен сұранысқа ие. Музыкасын былай қойғанда, мұны сөздерiнiң жеңiл-желпi екендiгiмен байланыстыруға болар. Құрамының 85 пайызы «ойлай берме» деген сөзден тұратын әнiнiң кезiнде әжептеуiр таралғаны есiмiзде.

Қазiргi күнi эстрадада жүргендердiң арасында тiлдiң тереңдiгiн көрсететiн әннен өздерiн қашықтау ұстайтындары етек жайып алған. Бұл, әсiресе, жас орындаушыларға тән жайт.

Бiрақ, әннiң маркетингi тiкелей халықпен байланысты болғандықтан, ондай жобалар ұзаққа бармайды. Ән тыңдаушы қауымның, «mixure» (аралас-құралас), әуенi түсiнiксiз, қазақ әндерiнiң табиғатына жат әндердi дұрыс қабылдамайтынын басқаны былай қоғанда, Конгресс-холдағы мысалдан-ақ аңғаруға болар. Мәселен, павлодардық Эльдана Габерман шырқаған «Өмiр — аңыз», түркiстандық Мөлдiр Оңдасынова айтқан «Елес. Уайым. Бақыт» және өзге де аралас-құралас әндердi тыңдаған қауым елең етпедi. Ал Нұрсаят Серiкбаевтың шырқаған әнiнен қазақы әуеннiң лебi шығып, кең даланың рухы байқалған соң, көрермендердiң ыстық ықыласын туғызды. Көрерменнiң көңiл-күйi әннiң айтылған тiлiне де байланысты өзгерiп отырды. Ресми және халықаралық тiлде айтылған әндер көрерменнiң тарапынан анау айтқандай ықыласқа ие болмады.

Гүлнәр Мұқанова

Серіктес жаңалықтары