ҚАЗАҚ ҰЛТШЫЛДЫҒЫ ҚОРҚЫНЫШТЫ МА?

ҚАЗАҚ ҰЛТШЫЛДЫҒЫ ҚОРҚЫНЫШТЫ МА?

ҚАЗАҚ ҰЛТШЫЛДЫҒЫ ҚОРҚЫНЫШТЫ МА?
ашық дереккөзі

Кеңес Одағынан мұраға қалса да, Ресейдiң өзiнде идеологиялық сарынынан айрылған 1 мамыр – Халықаралық еңбекшiлердiң ынтымақ күнi елiмiзде Қазақстан халықтарының бiрлiгi күнi ретiнде аталып өтедi. Негiзi өзге посткеңестiк елдерге қарағанда, Ресей мен Қазақстанның басын қосатын ортақ мереке-мейрамдар баршылық. Бар мәселе – Кеңес заманынан қалған бiрқатар ескi мерекелер елiмiзде не бейресми түрде аталып өтедi, не ескi мерекенiң аты өзгерiп, тәуелсiздiкке сай шапан жабылып, «кеңестiк һәм қазақстандық» мерекемiз ретiнде ресми түрде тойланады. Сондай мейрамдардың бiрi – 1 мамыр, Қазақстан халықтарының бiрлiгi күнi. Заман талабына сай су жаңа боп шыққан осынау мерекенiң аты өзгерсе де, заты өзгердi ме деген сауал кiм-кiмдi де ойландырмай қоймас. Себебi дәл осындай мерекелер ұлттық мәселелерден бұрын, ұлтаралық мәселелердi туындатып отырады.

ҚАЗАҚ ҰЛТШЫЛДЫҒЫ – ФЕНОМЕН БЕ, ӘЛДЕ ЗАҢДЫЛЫҚ ПА?

Кеңес Одағы ыдырағаннан берi елiмiз экономикалық тұрғыдан ауыз толтырып айтарлықтай жетiстiктерге жетсе де, ұлттық мәселеге келгенде, кiбiртiктеп қалатын жайымыз бар. Тiл мен дiн мәселелерi әлi күнге дейiн өз шешiмiн таппай келедi. Бәрi де Кеңес заманындай… Кеше қазақтарға «махровый националист» деп айдар таққандар бүгiн бұл сөздi сәл жұмсартып, «казахский националист» деген сөздi шығарды. Елiмiзде қазақ ұлтшылы болу да айыптарлық жәйтке айналып барады. Бiрақ қазақ өз елiнде ұлтшыл болмаса, әлемнiң қай елiнде өз құқықтарын талап ете алады?! «Бiзде 130-дан астам диаспоралар тұрады» – деп көкiрек қағамыз. Орыс диаспорасы – елiмiздегi ең iрi диаспора. Ресей өз iшiндегi қазақтарды жарылқап отыр ма?! Есесiне Қазақстандағы орыс тiлiнiң жағдайына риза болудың орнына, жергiлiктi скинхедтер бiрнеше қазақ азаматын бауыздап кеткен. «130 ұлттың» iшiне қытайлықтарды да қосып алдық. Қазiр «барахолкада» жергiлiктi қазақ тiлiнен гөрi ханзу тiлi басымдау естiледi. Әлемнiң түкпiр-түкпiрiнде «Чайна таундарды» ашқан қытайлықтар қазақ жерiнде де жайылып барады. Өзге елдерге қарағанда, Қазақстан Қытайдың бiр бүйiрiнде тұрған соң, «Чайна таундардың» бiзде пайда болуы – үлкен қауiптiң басы болмасына кiм кепiл?! Ал, бiзде ұлт болашағына алаңдау асыра ұлтшылдық болып саналады.

«Қазақ ұлтшылы болу – ұят. Бiз көпұлтты елде тұрамыз ғой, өзгелердi ренжiтiп алмайық» – деген психологияның халықтың бойына сiңiрiлiп келе жатқанына да аттай 15 жыл?! Билiктiң төбесiнен бастап, халықтар Ассамблеясына дейiн уағыздалатын «көп ұлттылық саясат» қазақтың ұлттық мәселелерiне қарсы қойылатын басты нысанаға айналған сияқты. Бiрақ түптеп келгенде, қазақтың ұлтшыл болатындай да ретi бар. Себебi түптiң түбiнде Қазақстан – қазақтың жерi, қазақтың елi. Мұнда ұлтшыл болу деген сөз – Ресейдегiдей скинхедтердiң тобырын дәрiптеп, өзге ұлт өкiлдерiн жаншу деген сөз емес. Өкiнiшке қарай, бiзде тiл мәселесiн көтеру де, дiн мәселесiн көтеру де асыра ұлтшылдыққа баланады. Бiрақ қазақ ұлтшылдығы әлемде бұрын-соңды болмаған феномен, «жаңалық» емес қой. Қытайда қытай ұлтшылдығы, Францияда француз ұлтшылдығы, Арабияда араб ұлтшылдығы бар болса, мұны бәрi заңдылық ретiнде қабылдайды. Себебi олар өз елдерiнде. 15 жыл бойы тiл мәселесiнiң шешiлуiн күте-күте шаршап, бүгiнде соттан-сотқа жүгiрiп жүрген Дос Көшiм де, Парламент деңгейiнде тiл мәселесiн көтеретiн Мұхтар Шаханов та, Амангелдi Айталы да – жақсы, оң мағынадағы нағыз ұлтшылдар. Орыстiлдi БАҚ-тар оларды «казахские националисты» деп кемсiтiп айтады. Бiр қызығы, орыс тiлiнде «казахский националист» сөзi мiн тағарлық сөздей айтылады. Тiптi, «көп ұлттылық саясаттың» дәрiптелiп жатқаны соншалықты, «қазақ ұлтшылы» деген сөз қазақ тiлiнде де айыптарлықтай мағынаға ие боп барады. Онда мемлекеттiк тiл мен дiн мәселесiн кiм көтередi? Ұлтшылдық – iшкi түйсiк, ұлттық сезiм, ұлттық сана. Бiрақ оған неге бiздiң қақымыз жоқ. Қазақ ешқашан да шовинист болмаған. Ұлтжанды, ұлтшыл халық. Бiрақ қазiргi жағдайда, өкiнiшке қарай, ұлтшыл болуға қақы жоқ халық…

КӨПҰЛТТЫЛЫҚ – МӘЖБҮРЛI ТУЫСТАСТЫҚ ПА, ӘЛДЕ САНАЛЫ ДОСТЫҚ ПА?

Қазақстанда әрбiр жиын, әрбiр халықаралық кездесу, әрбiр бүкiләлемдiк форумдар «Қазақстан – бiрлiгi жарасқан көпұлтты мемлекет» деген жарнамалық брендтi айтудан басталады. Бiз бұны айтудан шаршамасақ та, шетелдiктер мұны тыңдаудан шаршаған сияқты. Осыдан бiраз уақыт бұрын елiмiзге бельгиялық депутат Хермен де Кроо арнайы ат басын тiреген едi. Құрметтi мейманды Астанада қарсы алған сенатор Нұртай Әбiқаев баяғы «сценарий» бойынша: «Қазақстан – көпұлтты мемлекет» – дегенi сол-ақ екен, Херман де Кроо: «Надо быть скромным!» – деп мырс еттi. Оның үстiне Қазақстандағы ұлтаралық жағдайды «мәжбүрлi туыстастыққа» балағандай болды. Шынымен-ақ, құрметтi мейманның сырт көзбен айтқан бағасы көкейге қонатындай. Бiзде ұлттық жағдай шешiлмеген соң, ұлтаралық жағдай да мәз емес. Бiзде жағдай төмендегiдей: Мемлекет иесi – қазақ ұлты бар. Ең iрi диаспора – орыс диаспорасы. Санаққа сенсек, бұдан тыс елiмiзде 129 ұлт өкiлi тұрады. Сол 129 ұлт өкiлi қазақ пен орыс диаспорасының арасында жүрген азшылық топ. Бiрақ олардың бiразы орыс тiлiнде сөйлейдi. Дiндерi де әрқилы. Мұнда бiр айта кетерлiгi, көптеген диаспора өкiлдерi өз ата-баба дiндерiн емес, орысқа жақын немесе шетелден келген миссионерлiк дiндердi ұстануға құштар сияқты. Ол түгiлi, өткен Пасха мерекесi православие дiнiне қазақтардың да көп иланатынын көрсеттi. Бiзде қазақтан бастап кейбiр өзге ұлт өкiлдерi де қай тiлде сөйлеп, қай дiндi ұстанатынына назар аудармайтындай. Неге? Өйткенi нағыз ұлттық саясат жоқ. Мемлекеттiк идеология солғын. Есесiне «қазақстандық ұлт» бiртiндеп қалыптасып жатқандай.

Елдiң имиджi үшiн 30 пайыздың ар-жақ, берi жағындағы диаспора өкiлдерiн бiз дабырайтып көрсетiп, «бiз көп ұлттымыз» деп шулаймыз. Бұл ұран шетелдiк үкiметтiк емес ұйымдар мен миссионерлiк ұйымдардың жақсы «қолшоқпарына» айналды. Қит етсе, шетелдiк ұйымдар адам құқықтарын алға тартумен қатар, «Қазақстанда аз диаспоралардың құқы бұзылып жатыр» деп дабыл қағады. Ал, сол аз диаспоралардың көбi тегi бойынша ислам дiнiн ұстанады. Одан кейiн православие мен католик дiнiн ұстанатын азды-көптi ұлт өкiлдерi тұрады. Бiрақ бiзде Иегова куәгерлерi де, кришнаиттер де, протестанттықтың 40-тан астам әрқилы шiркеулерi де «көпұлттылық» саясат шекпенiнiң астына тығылады. Сонда аталған бренд – елiмiздiң имиджiне қалайша жақсы әсер етiп жатыр? Керiсiнше, «Қазақстан – бiрұлтты мемлекет, мемлекет иесi – қазақ» деген саясат жүргiзiлгенде, шетелдiк үкiметтiк емес ұйымдар мен миссионерлiк қозғалыстардың бiздiң елге айтар уәжi болмас едi. Бiрақ, амал қанша…

«ЖАСТАР ЖӘНЕ ҰЛТАРАЛЫҚ САЯСАТ» НЕМЕСЕ «SUPERSTAR.KZ» ЖОБАСЫНДАҒЫ КIЛТИПАНДАР

Жастар – ұлт болашағы деймiз. Сол «ұлт болашағы» бүгiнгi идеологиямен кетсе, қазақ мәселесi ертеңгi күнi де «көп ұлттылық саясаттың» ығынан шыға алмайтын сияқты. Бiзде Кеңес Одағынан қалған «ақ, сары, қара» саясаты iрiктеу жобаларында әлi күнге дейiн iстейдi. Екi теле-жүргiзушi болса, оның бiрi – қазақ, екiншiсi – орыс болуы керек мiндеттi түрде… Сол сияқты бiраз уақыттан берi күллi жастардың көзайымына айналған «Superstar.kz» жобасы да «ақ, сары, қара» саясатының бiрден-бiр кепiлi iспеттi. Бiзде қазақ болсын, орыс болсын, оның талантына емес, ұлтына қарай iрiктейдi.

«Superstar.kz»-тiң ең алғашқы жобасында өте талантты жастар жиналды. Көбi – қазақ. Бiрақ финалға – бiр қазақ, бiр орыс, бiр кәрiс өттi. Үш ұлттың өкiлi – Алмас Кiшкенбаев, Роман Ким және Ирина Котлярова көбiне-көп бойларында таланттары болғаннан емес, үш түрлi ұлт өкiлi болғандықтан өткен сияқты. Себебi олардан тыс нағыз таланттар Айқын Төлепберген мен Мақпал Исабекова бұл сыннан өте алмады. Неге? Өйткенi финалға бiр ғана қазақ жетуi керек едi. Абырой болғанда, аталған жобада еленбеген Мақпал Исабекова Юрмаланы бағындырып, қазақтың даңқын көтерiп келдi. Егерде бәрi әдiлеттi болғанда, финалға үш түрлi ұлт өкiлi емес, үш түрлi талант иесi шығуы керек едi. Екiншi «Superstar.kz» байқауында да бұл сценариий бұлжымай қайталанды. Финалға Қайрат Түнтеков – қазақ, Алишер Каримов – өзбек, Расул Супиев – ұйғыр ұлт өкiлi жеттi. Қазiр өтiп жатқан реттiк саны бойынша үшiншi «Superstar.kz» жобасы да өзiнiң түрлi-түстi құрамымен ерекшеленедi. Биылғы бестiкке төрт бiрдей ұлт өкiлi жеттi – Нұржан Керменбаев (қазақ), Ринат Малцаков (татар), Анастасия Усова (орыс), Евгений Гартунг (немiс) және Алтынай Сапарғалиева (қазақ) жеттi. Финалға екi қазақ, бiр орыс жетiп едi, бiрақ бiр қазақты ұшырып түсiрдi. Себебi – «ұлтаралық теңдiк» саясаты бар. Ал, қазақтың байырғы ұлт ретiнде Қазақстанда көпшiлiк екенiн ешкiм елемейдi. Бiз өзiмiздiң «түрлi-түстiлiгiмiздi» қалай болған күнде де дабырайтып көрсетуге тырысамыз… Бұл жобаны бiз бүгiнгi мемлекеттiк құрылымның бiр мысалы ретiнде айтып отырмыз. Егерде билiк те дәл осындай саясат бойынша бөлiнсе, өзге тiлде сөйлейтiн диаспора өкiлдерi «орыс мәселесiнiң» сойылын соғып кетпесiне кiм кепiл?

Билiкте түрлi ұлт өкiлдерiнiң отыру қажеттiгi биiк мiнберден де айтылып жүр. Оның үстiне көп ұзамай халықтар Ассамблеясының статусы өсiп, ол да мемлекеттiк құрылымға айналуы ықтимал. Қазақ тiлiнен жұрдай ассамблеяның құзыры өссе, бүгiнгi күнiмiздi де аңсап кетпеймiз бе деген үрей де жоқ емес.

Сонау Кеңес заманынан берi бiз өзге ұлт өкiлдерiн қамқорлап, қолдап, көтермелеп келемiз. Репрессия мен соғыс жылдары соңғы нанымызға дейiн бөлiстiк. Тәуелсiздiк жылдары ата-тегiн ұмытпасын деп, ұлттық-мәдени орталықтарын ашқыздық. Ендi оларды билiкке шақырып жатырмыз… Бiрақ олар қазақтың жасаған жақсылығын қашан қайтарады? Қашан қазақты сыйлап, мемлекеттiк тiлде сөйлейдi? Қашан қазақ проблемаларын шешуге ұмтылады?

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА