«ҰЛАН» ТIЛ ТАЗАЛЫҒЫ ҮШIН КҮРЕСЕДI
«ҰЛАН» ТIЛ ТАЗАЛЫҒЫ ҮШIН КҮРЕСЕДI
Таяуда редакциямызға Павлодар қаласында негiзiн қалаған «Ұлан» жастар ұйымының өкiлдерi арнайы келiп, қонақта болған едi. Ұйымның төрағасы Еркебұлан Алдаберген мен орынбасары Бағдат Кәрiбай «Түркiстан» газетiнiң тұрақты оқырмандары екен. Ұлттық мәселенi ту еткен ұландықтар тiл мен дiн мәселелерiн шешу жолында бiрқатар оңды iстер де атқарып үлгерiптi. Редакциямызға ат басын арнайы тiреген студенттер бiзбен де ой бөлiскен едi.
Еркебұлан Алдаберген, «Ұлан» жастар қозғалысының төрағасы:
– Бiз Павлодарда жастар ұйымын неге құрдық? Шынын айтсақ, Солтүстiк өңiр болғаннан кейiн, аға буын өкiлдерi: «Қоғамымызда қазақ жастарының үнi естiлмейдi, қазақ жастары орыс жастарына қарағанда саяси жағынан белсендi емес», – деп өкiнiштерiн жиi айтатын болыпты. Бiз қазақ халқының жаңа толқын буыны болғаннан кейiн, намысты қолға алып, «тәуекел» деп, жастар ұйымын құруға бел байладық. Мақсат – мемлекеттiк тiлдiң статусын көтеру, қоғамдағы жастардың саяси белсендiлiгiн арттыру, жастарды шетелдiк дiни экстремистiк ұйымдардан арашалау, тағысын тағылары. Оның iшiнде дiн мәселесi аса өзектi екенi даусыз. Қазiр 500 мыңдай жастар өзге ағым-секталарға иланады дейдi ғой. Бiз жастардың сана-сезiмiн жат пиғылды сенiмдерден арашалау үшiн дөңгелек үстөлдер өткiзiп, түрлi мәдени шаралар ұйымдастырып келемiз.
– «Ұлан» жастар ұйымында қанша мүше бар?
– Әңгiменiң басында айта кетсек деймiз. Бiздiң ұйымымызға тек қана қазақ жастарын аламыз, өзгесiн алмаймыз деген ой жоқ. Егер де өз ниеттерiмен бiздiң ұлттық мәселеге негiзделген мақсаттарымызды жүзеге асыруға атсалысқысы келсе, кез келген ұлт өкiлiне есiгiмiз ашық. Мәселен, бiзде Ирина Якушева, Света Шнайдер деген қазақша судай сөйлейтiн мүшелерiмiз бар. Олар да өте белсендi. Қазақ тiлiн өзге ұлт өкiлдерi арасында насихаттайды. Жалпы, бiзде 80-ге жуық мүшемiз бар. Негiзiнен бiз санға емес, сапаға көп мән беремiз. Әйтеуiр, бiздiң мақсаттарымызды қолдаушылар да өте көп.
– Ұйымның құрылғанына бiр жылдай уақыт болып қалыпты. Күнi бүгiнге дейiн нендей iстер атқардыңыздар?
– Атқарған шаруаларымызға тоқталып кетер болсақ, 2004 жылдың қараша айында Мұстафа Өзтүрiктiң 50 жылдығына орай «Сағындық, аға, өзiңдi» атты әдеби-музыкалық еске алу кешiн өткiздiк. Сол сияқты Жеңiстiң 60 жылдығына орай Қарттар үйiнде концерттiк кеш өткiзiп, қарияларды бiр марқайтып алдық. Ал, жақында облысымызда тұңғыш рет жастардың қазақша форумын ұйымдастырдық. Бұған дейiн жастар форумдары тек қана орыс тiлiнде өткiзiлетiн едi. Бұдан былай Павлодарда жастар форумдарын қазақша өткiзiп тұрамыз деген мақсатымыз да бар.
Бiздiң ұйымның жанынан «Парасат» деген пiкiр-талас клубын да ашқанбыз. Онда жастардың басын қосып, ай сайын пiкiр-таластар өткiзiп тұрамыз. Бұдан бұрын «Жастар және дiн», «Жастар және саясат» сияқты өзектi мәселелерге негiзделген пiкiр-таластар өткiзгенбiз.
– Павлодар мен Петропавл атауларының дауын тiлге тиек етсек. Жергiлiктi славян ұйымдары дабыра көтерiп, қала атауларын өзгерткiзбей қойған жоқ па? Қазiр жағдай қалай?
– Шынын айтар болсақ, қазiр жағдай ушығып тұр. «Городская неделя», «Новая газета» сияқты орыстiлдi басылымдар осы мәселеге бар күшiн салып жатыр, жергiлiктi славян ұйымдары жергiлiктi қалалық мәслихатқа хат жолдап, «қаланың атын Кереку деп өзгертудiң керегi жоқ» деп өздерiнiң наразылықтарын бiлдiрiп келедi. Бiр өкiнiштiсi, орыстанып кеткен жергiлiктi қазақтар да олардың шағымын қолдап отыр. Бiрақ қаланың атын өзгертуге байланысты мәселенi көтерiп жүрген ел ағалары да бар. Олар қала атауынан бастап, көшелерiнiң де атын өзгерту мәселесiн көтерiп келедi. Мәселен, Ерлан Арын деген ағамыз бар. Ол кiсi Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттiк университетiнiң ректоры, сонымен қатар қалалық мәслихаттың депутаты. Облыстық тiлдердi дамыту басқармасының бастығы Талғат Әбiлқасов, тарихшы ағаларымыз Жамбыл Артықбаев, Арман Қариндер де қала атауларына байланысты өз позицияларын ашық бiлдiрiп жүр.
Павлодарды бiртiндеп қазақыландыру керек. Бiз бұл iске өзiмiздiң үлесiмiздi қоспақпыз. Мәселен, жақын арада жастардың «Ұлт ұланы» деген қазақша басылымын шығаруды жоспарлап отырмыз. Себебi облыста қазақша жастар газетi жоқ. Ең басты мақсат – ұлттық бағыттағы жастарды тәрбиелеу. Марқұм белгiлi саясаткер Алтынбек Сәрсенбаев: «Ұлттық игiлiктердi жоғары қоятын ұлттық бағыттағы элитаны тәрбиелеу керек» – деген едi. Әрi ұлттық элита тәрбиелеп, әрi қазақ жастарының сана-сезiмiн ояту үшiн осындай газеттi шығаруды жоспарлап отырмыз. Сол сияқты қоғамдағы жастардың белсендiлiгiн арттыру үшiн бiз облыстық «Жалын» атты жастардың сыйлығын ұйымдастырмақшымыз. Бұл да бiздiң жобамыз. «Жалын» сыйлығы тiлге жанашыр, қоғамдық жұмысқа белсендi жастарға берiлмек. Бұл сыйлықты Тiлдердi дамыту басқармасы, Мәдениет департаментi және Iшкi саясат департаментiмен бiрлесiп шығармақшымыз.
– Бiрақ мұның бәрi қаржыға барып тiрелмей ме, әлде сендердi қолдайтын аға-көкелерiң бар ма?
– Әрине, бәрi қаржыға барып тiреледi. Бiрақ бiз күнi бүгiнге дейiн барлық iс-шараларды өз ақшамызға ұйымдастырып келемiз. Бiз – студенттермiз. Қандай да бiр iс-шара жасайтын болсақ, қалтадан 1000 теңгеден шығарып, ақша жинаймыз. Әрине, демеушiлер де кездеседi. Бiрақ әркiмнiң өз мүддесi бар ғой. Бiздiң ұйымның бiр ерекшелiгi – бiз ешкiмге де тәуелдi емеспiз. Өзiмiздiң дербестiгiмiздi мақтан тұтамыз.
Бiз, ең алдымен, мемлекеттiк тiлдiң жанашырымыз. Бүгiнде Павлодарда жарнаманы, дүкен атауларын, т.б. атауларды қазақша қате жазып жүр ғой. Бiз Тiлдердi дамыту басқармасымен жақсы қарым-қатынас орнатқанбыз. Әйтеуiр, рейдтерге шығып, қандай дүкен не жарнама жазуында қателiк кетсе, соның аттары мен мекен-жайларын жазып алып, Тiлдердi дамыту басқармасына жеткiземiз. Ал, Тiл департаментi оларға бұл қатенi түзету керектiгiн айтады. Ал, егер олар қате мәтiндердi түземесе, заңды түрде жауап бередi.
Әңгімелескен Кәмшат ТАСБОЛАТОВА