ЖЕТПIСI КЕШIГIП ТОЙЛАНҒАН ҚАЛАМГЕР

ЖЕТПIСI КЕШIГIП ТОЙЛАНҒАН ҚАЛАМГЕР

ЖЕТПIСI КЕШIГIП ТОЙЛАНҒАН  ҚАЛАМГЕР
ашық дереккөзі
229

Көрнектi сатирик Оспанхан Әубәкiров жайында аңызға бергiсiз әңгiмелер көп. Ол әңгiмелердiң көбiн ел аузынан естисiз. «Оспанхан айтыпты» деген сөздер ауызекi тiлде өрiп жүредi. Оны жинақтап, еске түсiрiп жүргендер бiрен-саран сатириктер ғана. Өмiрi аңызға айналған қаламгердi бiз неге еске ала бермеймiз? «Өлi риза болмай, тiрi байымайтынын» неге ұмыта беремiз?! Белгiлi қаламгердiң мерейтойы да кешiгiп тойланыпты. Неге? Осы орайда Оспанхан ағаның жолдасы Нұрсұлу апаймен әңгiмелескен едiк.

– «Ешкiмдi ренжiтпе, ешкiмге ренжiме» дейтiн едi Оспанхан ағаң. Қай жерден кiм көмек сұрап келмесiн, ең алдымен соларға жәрдем беруге тырысатын. Өзiнiң жұмысының бәрiн тастай салып, солар үшiн жүгiретiн, соларға қолұшын беруге ұмтылатын. Жас ақын-жазушылардың шықпай жатқан кiтаптары болса, соны шығаруға бар күш-жiгерiн арнайтын, ақшадан қиналып тұрса, оны да табуға көмектесетiн. Өкiнiшке қарай, осындай ағаң анадай жасында өмiрден ерте кетiп қалды ғой, – деп әңгiмесiн бастаған Нұрсұлу апа қолымен қабырғадағы суреттi көрсеттi. Суреттегi бейнеге қарасаңыз, ағаның елулерге келiп қалған кезi сияқты. Бiр иығына қарай басын қисайтып, жымиып тұр.

– Оспанхан ағамен алғаш қалай таныстыңыз? Сол уақытта ол кiсiнiң аты белгiлi ме едi?

– Екеумiз бiрге оқыдық. Ол театр факультетiнде, мен консерваторияның вокалында. Корпусымыз бiр жерде. Ол кезде әншiлер де, әртiстер де, барлығы бiр жерде оқитын. «Сибирский 35» деген жерде жатақханамыз болды. Онда Абай көшесiндегi қазiргi жатақхана әлi салынбаған. Сол ескi жатақханада Шәмшi ағаң бар, Асанәлi, Сәбит Оразбаев, Райымбек Сейтметов, Раушан Әуезбаева, Мәриям Жақсымбетова, Нүкетай Мышбаева, Фарида Шәрiпова бәрiмiз бiрге оқып, бiр жатақханада жаттық. Театр институтының алғаш ашылған кезi де сол жылдар ғой. Жастарымыздың көпшiлiгi соған қызығып, оқуға түсiп жатты. Сол жастардың арасында ағаң да бар. Актер болғысы келiп, құжаттарын тапсырған ғой. «Тым болмағанда, режиссер болатын шығармын» деп ойлапты.

– Бiрақ, аға актерлiктi де, режиссерлiктi де емес, күштiлердiң қаруы – сатираны таңдапты…

– Театр институтын бiтiргеннен кейiн, екi үш жылдай концерт ұйымдастырушы болып қызмет атқарып жүрдi. Жамал Омарова апаның концертiн жүргiзгенi де есiмде. Жамал апа қайда барса да, жанында жүрiп, концерттерiн дайындайтын, жүргiзетiн. Кейiнiрек, ол жұмысты да тастап, журналистикаға кеттi ғой.

– Студент кезiнiң өзiнде қалжыңға жүйрiк, әзiлкеш кiсi болды ма?

– Қалжыңпаздығын бiлмеймiн. Консерваторияда оқып жүргенiнiң өзiнде ағаң студенттердiң қабырға газетi «Актердi» шығаратын. Газеттiң редакторы – Асанәлi, ұйымдастырушысы – Оспанхан едi.. Жазу, мақала жинау, студенттерге тапсырма беру жағын Оспанхан ұйымдастыратын. Әр мереке сайын қабырға газетi жарық көредi. Студенттер жабылып, таласа-тармаса сол газеттi оқып жүретiнбiз. Сол кездiң өзiнде-ақ, өзiнiң болашақ сатирик екенiн дәлелдеген болатын. «Актердiң» бетiнде Оспанханның эпиграммалары, қалжың шумақтары, шымшымалары жиi жарық көретiн. Кейiнiрек Асанәлi өзiнiң бiр сұхбатында: «Мен оған редактор болып жүрсем, Оспанның өзi ақын, жазушы екен ғой. Мен оны қайдан бiлейiн» деп айтқанын оқығаным бар.

– Журналистикаға қалай келдi?

– Ағаң бiрден «Қазақстан пионерi» журналынан бастады. Сол журналда жүргенде балаларға арнап, түрлi сықақтар жазып, күлдiргi шумақтар әзiрледi. «Қағаз-қалпақ» кiтабының шығуы да, сол «Қазақстан пионерi» журналымен тiкелей байланысты. Сонда жүргенде жазған сын-сықақтарының көбi, осы кiтабына ендi. Сөйтiп, Оспанханның сатириктiгi жеңiп кеттi. Кейiнiрек бiр жылдай Мәскеудегi Горький институтын оқып келдi. Онда бiздiң үйленген кезiмiз. Азамат дейтiн ұлымыз бар. Қанша жыл пәтерде жүрдiк. Ағаң, бiр қызығы, күнi бойы ойланып, толғанып жүредi де, елдiң бәрi ұйқыға кеткен кезде, үстөлге отыратын. Таңғы 4-5-ке дейiн сол үстөлден тұрмайтын. Ойындағылардың бәрiн қағазға түсiредi де, содан кейiн барып, ұйқыға кетедi. Ағаңның бүкiл шығармашылығы осылай туды. «Қоңырау», «Көктайғақ», «Күлемiз-ау» деген алғашқы шағын кiтапшаларының шыға бастағаны да сол кез. «Қағаз-қалпақ» деген кiтабына Сәбит Мұқанов атындағы сыйлықты бердi. «Қазақстан пионерiнен» кейiн «Лениншiл жасқа» ауысты. Одан соң барып, «Араға» келдi ғой. «Арада» кете-кеткенше жұмыс iстедi.

…Нұрсұлу апа әңгiмесiн осы жерден кiлт доғарды да, есiне бiрнәрсе түскендей, жалма-жан орнынан тұрып, келесi бөлмеге қарай, асыға жөнелдi. Сөйтсек, Оспанхан ағаның бүкiл қағаздары, кiтаптары сақталған шағын шкафтың аузын құлыптап қойыпты. Оның кiлтiн Нұрсұлу апа жасырып қояды екен. Апа дабырлап жүрiп, құлыптаулы шкафтың есiгiн ашты да, алдыма Оспанхан ағаның сақтаулы тұрған бүкiл мұрасын жайып салды. Бiрi – сарғайған, бiрi – жапсырылған, бiрi – қайта көшiрiлген қағаздардың арасында кiтаптары да жүр. «Қоңырау», «Көктайғақ», «Қағаз-қалпақ» сияқты шағын кiтаптарының бәрi буылып, түйiлiп, тап-тұйнақтай болып жиналған. Отбасына арнап жазылған өлеңдерi, сықақтары, әзiл-шумақтары да бөлек түйiлiптi. Сарғыш түске боялған әрбiр қағазда Оспанхан ағаның қолтаңбасы қалыпты. «Мынау пәлен жылы шыққан кiтабы, мынау пәлен уақытта жазылған өлеңi, мынау пәленшеге арнап жазған әзiл-шумағы, мынау әндерге жазылған мәтiндерi» деп әр қағаздың қай кезде жазылғанына дейiн дөп басып айтып отырған Нұрсұлу апаның есте сақтау қабiлетiне таң қалдым. Апамның қолына түскен әр қағазды қызықтап мен отырмын. Осыдан жиырма-отыз жыл бұрын жазылған дүниелер болған соң ба, көбi сарғайып кетiптi. Олардың кейбiрiн қайта жазып, қайта көшiрiлгенiмен, көбi қаз-қалпында сақталған.

– Мәскеуде оқып жүргенде, ақша жiберiп тұрамын ғой. Балалардың iшiп-жемiнен артылдырып, тiрнектеп жинап, жiберетiн ақшаларымды ағаң тез бiтiрiп қояды. Тез бiтiредi де, қайта ақша сұрайды. Сөйтсем, Мәскеуде оқитын қазақтың ұлдары мен қыздарына дастархан жасап, тамақ әперiп жүредi екен ғой. Оны кейiн бiлдiм. Қазiр «Мектеп» баспасының орыс редакциясында редактор болып жұмыс iстейтiн бiр келiншек бар. Сол келiншек менi көрген сайын: «Апа, Оспанхан ағаның бiзге жасап берген дастарханын әлi күнге ұмытпаймын. Қарнымыз аш, ақшамыз болса таусылған. Елден жырақта жүргенде көрген жақсылықты ешқашан ұмытпайды екенсiң. Сонда Оспанхан аға барлығымызды жинап алып, үлкен дастархан жасап, бiр тойғызып едi-ау. Оспанхан аға өте қайырымды, жақсы адам болатын» деп жиi айтады. Бiр күнi ағаң Мәскеуден телефон шалып тұр: Амандық-саулық жоқ, бiрден халық әнiнiң мақамына салып алған: «Әй, аппағым-ау, сенен жақсы адамды таппадым-ау» деп әндетiп тұр. Әндетiп бастағанынан-ақ, ақша сұрайын деп тұрғанын сезе қойдым. Арғы жағынан телефонисткалардың «Ой, что вы поете, говорите быстрее» деген сөздерi естiлiп жатыр. Ол кiсi оған қоя ма, ақша керек, менiң көңiлiмдi осылай жұмсартпаса, ақшаның болмайтынын өзi де сезiп тұр. Әйтеуiр, не керек, үш шумақтан тұратын өлеңдi соңына дейiн айтып шықты ғой. Кейiнiрек, сол өлеңдi қаз-қалпында қағазға түсiрiп алдым. Оспанхан аңқылдаған, қолы ашық, жомарт адам едi.

– Ол кiсiнiң қолы ашықтығына сiздiң ренжитiн де кездерiңiз болды ма?

– Ренжiген де кезiмiз болды ғой. Бала-шағаң болған соң, ренiш те болып жатады. Кейде ақша жетпейдi, кейде бiрнәрсенi сатып алғың келедi, сонда қаржы таба алмай қиналасың. Қанша жыл пәтерде жүрдiк. Соған қарамастан, үйiмiзден қонақ арылмайтын. Кейбiреулерi жұмысына iздеп барады. Жұмысына iздеп барған жерлестерiн, ауылдастарын өзiмен бiрге ертiп, үйге алып келетiн.

– Бүгiнде халыққа белгiлi тұлғалар да дастарханыңыздан жиi дәм татқан шығар…

– Иә. Мұқағали, Шәмшi жиi келетiн. Мұқағали екеуi бiрiнiң жұмысына бiрi iздеп барып, көбiне бiрге жүретiн. Оның үстiне бiздiң балаларымыз да бiрге оқыды. Екеуi де N12 мектепте оқыды. Кейде сабақтан соң, үйге келiп, бiрге дайындалып, қонып қалатын да кезi болатын. Шәмшi аға да үйге жиi келетiн. Ол кiсiнiң әндерiне жазған өлеңдерi менде сақталмапты. Соның ноталарын алайын деп, Шәмшi ағаның үйiне хабарласып, әйелiнен сұрап едiм, «Мен қайдан бiлейiн? Оның қайда жатқанын кiм бiлсiн?» дедi. Оспанның өлеңдерiне жазылған әндердiң өзi бiр кiтап. Соның барлығының басын құрап, кiтап шығарайын деп ойлағам.

– «Көңiл қалды достан да, дұшпаннан да,

Көңiл қалды мысықтан, тышқаннан да,

Көңiлiм қалғаны жоқ әйелiмнен,

Алып қалды кiнәсiз ұсталғанда..».–дейдi Оспанхан аға. Қайда ұсталып қалып жүр?

– (Күледi). Оспанханға ұқсайтын бiр адам бар екен. Қазiр ол кiсiнiң көзi тiрi. Iшкен кезде айықтырғышқа түсiп қалады екен де, сондай кездерде көбiне өзiн «Оспанхан Әубәкiровпын» деп, Оспанның атын пайдаланады екен. Екеуiнiң түрлерi қатты ұқсайды. Атын ұмытып қалыппын. Аты-жөнiн жазып алуым керек едi. Сондай айықтырғышқа түсiп қалғанның бiрiнде, үйге милиционер келiп тұр. «Кеше Оспанхан Әубәкiров ұсталып қалып едi» деп қояды. Оспанның үйде болғанын жақсы бiлем. «Егер ол кiсi кеше үйде болса, қайда ұсталып қалады? Кiм ұстайды?» деп шамырқанып жатырмын. Сөйтсек, ұсталған Оспан емес, соның атын пайдаланған әлгi кiсi екен. Кейiнiрек, оны әлгi адамның өзi айтып бердi. Содан кейiн ғой, Оспанның қалжыңдап, жаңағы өлеңдi жазып жүргенi…

…Сарғайған қағаздарға көз жүгiртiп отырып, байқағаным, көбiнiң асығыс-үсiгiс, машинаның iшiнде, жолда жазылғаны көрiнiп тұр. Менiң бұл ойымды Нұрсұлу апа да қоштап:

– Iссапарларға жиi шығатын. Сондай кездерде ойына оралған шумақтарды ұмытып қалмайын деп, кез-келген қағазға шимайлап, жаза бередi екен. Кейiн бiр реттеп алармын деп ойлайтын болса керек. Iс-сапардан келген соң, үстөлiнiң үстiне қоя салады. Соның бәрi жоғалып кетпесiн деп, мен буып-түйiп сақтай бердiм. Олардың бәрiн қайта көшiрiп, реттеуiм керек едi. Қолымнан келсе, кiтап қылып шығарсам ба деп ойлаймын.

– Оспанхан ағаның мерейтойы Алматы облысында, ағаның туған жерiнде өтiптi деп естiдiк. Сiзге облыс әкiмi темiр тұлпар мiнгiзiптi…

– Жазушылар одағы ағаңды есiне де алмады. Олар әлi үндемей жатыр. Ағаң 1934 жылы туылған ғой. Оның жетпiске толғанына да екi жыл өтiп кеттi. Мерейтой Алматы облысының әкiмi Серiк Үмбетовтiң тiкелей мұрындық болуының арқасында өттi ғой. Әйтпесе, ол кiсiнi ешкiмнiң еске алары көрiнбейдi. Жазушылар одағын күте беретiн болсам, созыла беретiн түрi бар.

– Оған дейiн ешкiм хабарласып, жетпiске толыпты ғой деген жоқ па?

– Ешкiм хабарласқан жоқ. Жалғыз Көпен iнiсi ғана жүгiрiп жүрдi. Көпен облыс әкiмiне барып: «Ағамыздың мерейтойы өтiп барады. Солай да, солай» деп айтқан екен, Серiк Үмбетов келiсiмiн берiп, тойын өткiзiп бердi.

– Ағаның мерейтойына тым болмағанда кiтаптары да шығарылмады ма?

– Биыл екi томы «Қазығұрт» баспасынан жарық көрдi. Ендi екi томы шығуы керек. Оның да шығуына себепкер болған Ғаббас аға. Сол кiсi жоғарғы жаққа хат жазып, жанталасып жүрiп, төрт томдығына рұхсат алды ғой. Үкiметтiң рұхсат бергенi төрт том ғана болған соң, көп дүниелерi сыймай қалды. Оның аудармаларының өзi қаншама. Жарық көрмей жатқан сықақтары, интермедиялары бар. Оспан аудармаларды да көп жасады. Әзиз Несиннiң «О дүниеден келген хаттар», «Шекарадағы үй» деген еңбектерiн аударды. Қуыршақ театрына арнап жазған пьесаларының өзi бiр кiтап. Сол дүниелерiнiң кейбiрiн «Қазақ әдебиетiне», «Жас Алашқа» алып барамын. Көшiрiп, бастырып апарам. Шықпаған, кiтапқа түспеген дүниелерiнiң көбi сарғайып жатыр. Кем дегенде алты кiтап болса деп ойлап едiм. Оған рұхсат бермедi.

– Көпен ағаның естелiгiнен Оспанхан ағаның автобуста баласын көрiп, өтiрiк танымай қалғандығы туралы оқығаным бар едi. Кейiн аға баласына сол қалжыңын мойындаған шығар…

– Ағаң қызық адам едi ғой. Бiр күнi балам сабақтан келе салды да, менен: «Мама, папам үйде ме?» дейдi. «Үйбай-ау, не болды? Үйде папаң» деп қоям. «Азамат келсе, папаң ешқайда шыққан жоқ деп айт» деп алдында маған айтып қойған. «Жаңа автобуста бiр кiсiнi көрдiм. Папамнан айнымайды. Киiнген киiмiне дейiн ұқсайды. «Папа» деп амандасып, қасына барсам, «Қайдағы сенiң папаң?» деп айтты. Сосын ыңғайсызданып қалдым. Бiрақ, мама, менiң папама қатты ұқсайды» деп таңданысын жасыра алмай балам тұр. Не керек, сөйтiп, Оспанхан баласының есiн шығарыпты.

– Сiздi ше? Бұлай қалжыңдап алдаған жоқ па?

– Түрлi қалжыңдары болды ғой. Оның қайсiбiрi есте қалды дейсiң. Ағаң жақсы киiнгендi ұнататын. Қарындасы Самарқандтағы сауда институтын бiтiрiп келген соң, Казпотребсоюзға жұмысқа тұрды. Содан ең бiрiншi айлығына, ағасына қап-қара тон сыйлады. Қымбат-ақ тон. Соны бiр күнi ағаң моншаға киiп барыпты. Жуынып-шайынып шықса, iлiп қойған жерiнде тоны жоқ дейдi. Оның орнына жұп-жұқа қара пальто iлiлуi тұр екен. Содан не керек, моншаның қарауылшысынан сұраса, «Я не знаю, никто ничего не брал» деп мойындамай қойған ғой. Ол кезде бiз СМУ-15-те тұрамыз. Содан үйге телефон шалды. «Моншадан шықтым. Киетiн киiмiм жоқ. Маған ескi пальтомды әкеп бер» дейдi. «Тоның қайда?» десем, «Бiлмеймiн, бiреу ауыстырып алып кетiптi. Моншадағылармен салғыласып тұра берем бе? Тезiрек киiмiмдi алып келшi!»,–дейдi. Содан ескi пальтосын апарып, үйге алып келдiм. Бiр қызығы, елдiң бәрi құмар болды ма, басқалардiкiн емес, әйтеуiр Оспанханның киiмiн алып кететiн. Тағы бiрде, «Лениншiл жас» газетiнде жұмыс iстейтiн кезi. Қаламақы алып, соны жуайын деп, мейрамханаға барады. Үстiнде жап-жаңа голландиялық пальтосы мен басында ондатр құлақшыны болатын. Онда газеттiң редакторы Сейдахмет Бердiқұлов. Содан тойлатып, мейрамханадан шықса, пальтосы мен құлақшынын «қағып» кетiптi. Таксимен үйге келiп тұр. Жанында Сейдахмет аға бар. «Келiн, айналайын, Оспанханға ұрыспа.. Бiздiң киiмiмiз тұр, Оспанханның пальтосын алып кетiптi. Бiз бiрдеңе қылып, алып берермiз»,– дейдi. Не дейсiң? Елдiң көзiнше ұрысып, таласып жатпайсың ғой..

Бiрде Шымкентке iссапарға барды. Басшылар Оспанхан мiнiп жүрсiн деп, жеке көлiк берiп, шопырына ары-берi алып жүрудi тапсырады. Шопырдың бала-шағасы көп, жағдайы онша мәз емес екен. Сол көлiктi кетерiнде шымкенттiктер Оспанханға сыйлайды ғой. Сонда Оспанхан басшылардың көзiнше: «Маған сыйлаған машинаны мына жiгiтке беремiн. Сендер мен кеткен соң, тартып алып жүрмеңдер» деп тапсырып, кiлтiн шопырдың қолына ұстатып кетiптi.

– «Машинаны берiп жiбердiң» деп сiз ренжiген жоқсыз ба?

– Жоқ. Онда бiздiң машинамыз болатын. Жетi мың сом ақша жинап, жеңiл машина сатып алғанбыз. Мектепке онда аз ақша аз кететiн. Үлкенiнiң киiмiн, ортаншысы киедi. Көп киiм сатып ала бермеймiз. Тамақты да асханадан емес, үйге келiп iшедi. Содан артылғанын жинап жүрдiк қой. Сол сатып алған машинаны небәрi алты-ақ ай айдады. Ақырында авария болып, теплотрассаға түсiп кетiптi.

– «Самолетпен жарысамын деп, көзiме қарамаппын» дейтiн кезi ме?

– Иә, иә. Екi күн болды хабар жоқ. «Бұл не болды екен?» деп уайымдап жатырмын. «Өзi бiр хабар беретiн уақыты болды ғой» деп қоям. Әбден уайымға батырып, екi күннен соң, телефон шалып тұр. «Осындай жағдай болып қалды. Машинаның не болғанын бiлмеймiн? Шұңқырда қалған. МАЙ қызметкерлерi шығарып аламыз деп айтқан» дейдi. «Машинасы құрсын, өзiң қалайсың?» деп жатырмын. «Жағдайым жаман емес. Қатты соғылды бiлем, басым ауырады»,– дейдi. «Асықпай айдамайсың ба?» деп ұрысып жатсам, маған: «Қайта соның iшiнде өзiңнiң, бала-шағаңның болмағанына қуанбайсың ба?» деп өзiмдi кiнәлайды. Ауруханада жатып, машинаны сатып алатын Николой деген жiгiттi тауып алыпты. «Николай деген жiгiттi таптым. Машинаны сол сатып алатын болды» дейдi. Ауруханадан шыққан соң, машинаны алып келдi ғой. Сау тамтығы қалмаған. Әйтеуiр, жарты құнынан аз бағаға сатып жiбердiк қой.

– Оспанхан ағаның қаламақысы көп болатын ба едi?

– Ақшаны көп табатын. Ақша алған күнi бухгалтериядан бастап, бәрiне бiр-бiрден үлестiрiп, содан қалғанын ғана үйге алып келетiн. Одан қала берсе, жолдастарымен жууға ресторанға кетiп қалатын. Сосын ренжисiң ғой. Мен ренжiсем: «Ренжiмешi. Әлi ертең-ақ, мынадай (сұқ саусағымен тамағын керiп қойып) ақша болады. Ақша деген не ол? Бiзде әлi-ақ пiшен ақша болады» деп жұбататын. Қайтыс боларының алдында бiр қаламақысына маған алтын бiлезiк сатып алып келiптi. «Мына бiлезiктi ешқашан қолыңнан тастамай, тағып жүр. Менi ұмытпай, қолыңа тағып жүр» деп едi.

– Әлi тағып жүрсiз бе?

– Әлi күнге қолымнан тастағам жоқ. 14-апрельде ағаңның қайтыс болғанына 20 жыл толды. Ағаң қайтыс болғанда күн өте ыстық болды. 28-29 градус болған шығар. Сүйегiн туған жерi Үшбұлаққа апарып қойдық. Ол жерде үлкен ұлымыз Азматымыз да жатыр. 38 жасында қайтыс болып кеттi. Одан жалғыз Тамаша деген немеремiз бар. Сол Тамаша мына кәдiмгi әзiл-сықақ отауы «Тамашамен» жасты. Тамаша деген әжемiз болған. 90-ға келiп қайтыс болды. Оспанханнан кейiн қайтыс болды. «Тамаша» деп әзiл-оспақ отауының атын Оспанхан ағаң қойған.

– Нұрсұлу апа, сiздi «Мектеп» баспасында жұмыс iстейдi деп естiп едiк…

– Оспанхан ағаң қайтыс болып кеттi. Кенже ұлымыз он үш жаста. Алған айлығым жетпейдi. Онда «Мектеп» баспасы бүгiнгiдей үлкен емес, шағын ғана баспа болатын. Қазына деген апаң бар. Сол кiсi маған: «Күндiз жұмысыңды iстей бер. Кешкiсiн боссың ғой. Сол кешкi уақытыңды пайдаланып, бiр мезгiл еден жуғанда тұрған не бар? Айлығыңды уақтылы алып тұрасың» деп ақыл-кеңесiн бердi. Айлығы жетпiс сом екен. Онда консерваторияда жұмыс iстейтiнiмдi жасырдым. Еңбек кiтапшамды сұрағанда, «Оспанхан барда жұмыс iстеген адам емеспiн»,–деп айтуға ұялдым. Ол кездерi қосымша жұмыс iстеуге болмайтын. Консерваторияда әннен сабақ берем. Түстен кейiн жұмыстан келемiн де, киiмiмдi ауыстырып, басқа киiммен, баспаға келем. Пенсияға шыққаныма да бiрталай жыл болды. Жұмысты тастайын десем, директорымыз бар, барлығы үйренiп қалыпты. Уақтылы барам, бәрiн тазалап, жинап үйге қайтам. Келесi жылы жетпiске толам. Мүмкiн сол кезде қоятын шығармын. Жалпы, баспа маған жаман болған жоқ. Өткенде ағаңның мерейтойына директордың орынбасары барып, үстiме қамзолын кигiзiп, орамалын байлап, түгелдей бiр айлық жалақымды қолыма ұстатып, машинама көрiмдiгiн берiп қайтты. «Мектеп» баспасының маған жасаған жақсылығы орасан-зор. Әр кезде де қуанышыма-қайғыма ортақтасып келедi.

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА

Серіктес жаңалықтары