Владыслав Соколовски: «ПОЛЯК ПЕН ҚАЗАҚТЫҢ ТАҒДЫРЫ ҰҚСАС»

Владыслав Соколовски: «ПОЛЯК ПЕН ҚАЗАҚТЫҢ ТАҒДЫРЫ ҰҚСАС»

Владыслав Соколовски: «ПОЛЯК ПЕН ҚАЗАҚТЫҢ ТАҒДЫРЫ ҰҚСАС»
ашық дереккөзі
209

Тоталитарлық жүйенiң қуғын-сүргiнiне ұшырап, басына қара бұлт үйiрiлгенде қазақ елiнен пана тапқан көп ұлттардың бiрi поляктар. Солтүстiк Қазақстан облысы Тарас Шевченко ұрпақтарының ең көп қоныстанған аймағы.Сәуiр айының он бiрiншi жұлдызында облысқа сапарлап келген Польшаның өкiлеттi елшiсi Владыслав Соколовски екi халық арасындағы рухани, достық байланысты әңгiмесiне арқау еттi.

Бiр күндiк қысқа сапары кезiнде облыс орталығындағы православие шiркеуiнде, католиктердiң әулие Троица ғибадатханасында, «Қызылжар мешiтiнде және тарихи-өлкетану мұражайында болып, облыс әкiмi Тайыр Мансұровпен сұхбаттасып үлгерген елшiнiң жергiлiктi зайырлы қауым өкiлдерiмен кездесуi терең әсер қалдырды.

— Қазақстанда елшiлiк қызметте жүргенiме бiр жарым жылдай ғана уақыт болған екен. Уақыт өткен сайын бұл елдi тереңiрек танып келемiн. Менiң бiр көз жеткiзгенiм, қазақ пен поляктың тағдыры ұқсас, — деп бастады әңгiмесiн елшi мырза, — Бiз де Ресей империясы құрамынан шығып азаттық алу үшiн қан төккенбiз. Он тоғызыншы ғасырдың бiрiншi жартысында еркiндiктi жырлаған поляк романтизмiнiң көрнектi өкiлi Адам Мицкевичтiң өлеңдерiн Абай Құнанбаев қазақ тiлiне аударған едi. Мен қанша iздесем де Абай өлеңдерiнiң поляк тiлiндегi аудармаларын таба алмадым.

Не айтары бар, ұлы ақынымызды шетел оқырмандарына осы уақытқа дейiн таныстыра алмай жүргенiмiз ешбiр ақталуға келмейтiн үлкен кемшiлiк. Кеңес дәуiрiнде ұлттық республика ақын-жазушыларының сарапталып, идеологиялық жағынан мiнсiз деп танылған шығармаларын мәскеулiк «Прогресс», «Радуга» баспалары шығарып тұрды. Бұл жас баланы тәттiмен алдаусыратқандай ғана саяси әрекет едi. Мысалы, 1975 жылы «Прогресс» баспасынан ағылшын тiлiнде шыққан Мұхтар Әуезовтiң «Абай жолының» көлемi 459 бет қана. Соның өзiнде осы қысқартылған нұсқаның он сегiз бетiн қазақты өркениетке жеткiзген орыс халқы дей келiп Абайды марксистерге әкелiп қосақтайтын «алғысөз» алып жатыр.

— Абай өлеңдерiн поляк тiлiне аударуға талаптанып жүрмiн. Жалпы поляк тiлiн Абай шығармаларының аудармалары арқылы үйренуге кеңес берер едiм, — дедi Владыслав Соколовски мырза өзi аударған Абайдың «Интернатта оқып жүр, талай қазақ баласы» деген өлеңiн поляк тiлiнде және алғашқы шумақтарын қазақ тiлiнде жап-жатық оқып берiп.

Поляк және қазақ халықтарының әдеби-мәдени байланыстарына Кеңес дәуiрiнiң идеологиялық шеңберi бөгет болып келсе, елiмiз азаттық алғалы тынысымыз кеңейе түскенi байқалады. Владыслав Соколовски мырза әйгiлi жазушы, ұлттық мәдени мұра жанашыры Роллан Сәрсенбаевтың шақыруымен Абайға арналған халықаралық конференцияға қатысқанын ризашылықпен еске алады. Өткен жылы «Атамұра» баспасынан Өтеген Күмiсбаевтың қазақ даласында айдауда болған поляк ақыны Адольф Янушкевич туралы жазған романы шығуы да қуанарлық оқиға.

Елшiмен кездесуде өзiм түйген тағы бiр ой маза бермейдi. Бiз осы уақытқа дейiн Еуропа өркениетiне қазақтың көзiн ашқан орыс мәдениетi деген ұғымнан аса алмай жүрмiз. Абай заманында тарихи, географиялық, саяси себептерге байланысты орыс тiлiнiң қазақ мәдениетiне ықпалы зор болғаны шындық. Бiрақ зымыран уақыт бiр орында тұрмайтыны сияқты, тiл де әлеуметтiк құбылыс болғандықтан тарихтың әр кезеңiнде халықаралық қатынастағы маңызын өзгертiп отырады. Социалистiк жүйе ыдырағаннан берi құлдырап кеткен орыс тiлiнiң бүгiнгi дәрежесiн еске алсақ, орыс тiлi арқылы ақын-жазушыларымызды әлемге таныту қиын. Поляк елшiсi бiр сөзiнде «Абай сол дәуiрде Польшада туған болса оның көзқарасы қалай қалыптасар едi?» деген сұрақ тастады да өз сауалын жауапсыз қалдырды. Абай заманында қазақ даласында ағылшынтiлдi орта болғанда ұлы ақынның әлем әдебиетiнде алар орыны бұдан да биiк болар едi ғой. Бiрақ, ештен кеш жақсы, әдеби мұраларымызды шет тiлдерiне ана тiлiмiзден нәрiн жоғалтпай, тiкелей аударатын кез жеттi.

Көңiл жабырқатарлық тағы бiр жай, Қызылжарға келген елшiлердiң көбi бiршама дәрежеде орысша сөйлейдi. Владыслав Соколовски мырза да мiнбеге көтерiлгеннен-ақ «орысша сөйлейiн бе, әлде поляк тiлiнде сөйлейiн бе» деп сұрап алды да залда отырған орыстiлдi көпшiлiктiң ыңғайына жығылып орысша сөйлеп кеттi. Бұл әсте де елшiлердiң қазақ тiлiне деген құлықсыздығынан емес. Бүгiнгi қалыптасып отырған психологиялық ахуал осы. Тiлiмiздi жан-тәнiмен орыстандыруға күш салып отырғандар алдымен жоғары лауазымды үкiмет адамдары. Сыртқы iстер министрлiгiне барса да, ресми қабылдауда болса да еститiнi орыс сөзi болса елшiлердiң не жазығы бар? Теледидарда қазақ төрелерiнен орысша сұхбат алып жүрген журналистердiң санасы да сол деңгейде ғана. Өз басым дүниенi дөңгелетiп тұрған керемет болса да ондай дүмбiлез шенеунiктермен орысша сөйлесуге арланар едiм. Тiлшiлерде де намыс болуы керек қой. Жалпы орысша сөйлейтiн ана тiлдi де, өзге тiлдi де бiлмейтiн қазақтардың ой-өрiсiнiң дамуы, болмыс-бiтiмi жағынан солтүстiктегi чукча, эвенк халықтарынан айырмашылығы жоқ. Сонда орысшаланып қандай биiкке шықпақпыз?

Елшiлердiң қайсысы болса да өзi қызмет ететiн елдiң тiлiне құрметпен қарап, үйренуге талаптанады. Қызылжарға алғашқы жылдары келген американдық «Бейбiтшiлiк корпусы» ерiктiлерiнiң ағылшындарға арналған қазақ тiлi оқулығын оқып жүргенiн көрiп өзiм де қуанғанмын. Қазiр шетелдiктерден мұндай талпыныс байқалмайды. Жалпы қазақ емес, Сыртқы iстер министрлiгiндегiлердiң де солтүстiк халықтары сияқты орысша сөйлейтiнiне олар да үйренген сияқты.

Марат ЕРМҰҚАНОВ

Серіктес жаңалықтары