АЛҒАШҚЫ ЕҢБЕК АҚЖАН МАШАНИДІКІ ЕДІ
АЛҒАШҚЫ ЕҢБЕК АҚЖАН МАШАНИДІКІ ЕДІ
Біздер, осы хатты жолдаушылар «Түркістан» (16.03.06.) және «Қазақ әдебиеті» (17.03.06.) апталықтарында «Түркістан-Ақпарат» агенттігі таратқан әл-Фараби мен Бейбарыс зиратына топырақ салынғаны туралы хабарды оқығанда алған екі ұдай әсерімізді, тіпті ризашылығымыз бен қоса пұшайман күй кешкенімізді айтуды жөн көрдік. Айтпаса сөздің атасы өледі деген.
Басқаны айтпағанда адами өркениеттің талас тудырмайтын екі ұлы ұстазы бар. Бірі – ескі дүниенікі. Ол – Аристотель. Екіншісі –жаңа замандікі. Ол – әл-Фараби. Кейде әл-Фарабиді Шығыстың Аристотелі деп те, екінші ұстаз деп те дәріптейміз. Бұл – Аристотельдің ұлы бабамыздан мың жылдай бұрын туғандығынан болса керек. Бұл – бір.
Екіншіден, бүтін Араб мәдениетін Шыңғысханның соғыс жойқынынан сақтап қалған қас батыр ұлы қолбасшысының бірегейі Бейбарыс та түркі перзенті ғой. Осы екі ұлы бабамыздың зираты Сирия жерінде жатыр. Демек қазіргі ұрпақ өкілдері барып, ұлы бабалар зиратына туған жер топырағын салып мінажат етіп жатса – оған қалайша ризашылық білдірмеске?! Алайда, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) төрағасы Бас муфти Әбсаттар қажы Дербісәлінің басқаруымен жасақталған арнайы экспедицияның ұлы баба әл-Фараби зиратына ат ізін салғаны туралы ақпаратта ұлы бабасының мәңгілік мекенін кешегі қасаң идеология үстемдік еткен замандағы барлық қиындықты жалғыз көтеріп, тәуекел етіп іздеп тапқан, бүгінде бақилық Ақжан әл-Машанидің есімінің бір ретте аталынбауы, онымен 30-40 жыл қызметтес болған біздерді бұл қалай дегізіп пұшайман күйге түсірді. Тіптен, осы ақпаратта Фараби мен Бейбарыс бабалар зираты жаңа ғана табылғандай, әсер қалдырады. Мәселен осындағы араға 1056 жыл салып ұлтымыздың ұлдары Ұлыстың ұлы күні қарсаңында өз Отанына оралып жатқан ұлттық рұхты оятып жібергендей-ақ» (Ертісбаев әл-Фарабиді менсінбей ме? «Жас Алаш». 24.03.2006ж) деген сөздерді қалай түсінуге болады?!..
Ақжан аға ұлы бабасының қашан дүние салғандығын қай жерде жерленгенін бізге айтып жүретін. Бірақ оны іздеп баруға мүмкіндігінің жоғын біріміз білдік, біріміз білген жоқпыз. Мысалы, Ақаң баба зиратын алғаш тауып, мінәжат етіп қайтқан сапарына бару үшін, (дәлірек айтсақ кезекті туристер тобының тізіміне кіргізілу үшін) сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Д.Қонаевқа арнайы баруға мәжбүр болған-ды. Сөйтіп ағамыздың баба зиратын іздеу сапары 1968 жылдың қыркүйегінде болып еді.
Бұл сапардың маңызын ағамыз «әл-Фараби және Абай» кітабының 26- бетінде былайша түйіндейді:
«әл-Фарабидің ғылыми өмірі араб елдерінде Бағдат-Мысыр-Шамда өткені белгілі . Ұлы ғалым, Дамаскіде жерленген. Демек оның бірінші Отаны, туған жері – Отырар – Түркістан болса, екінші отаны – Араб елі, Таяу Шығыс. Сондықтан да ұлы ұстаздың жүрген жерлерінде болып, көзбен көру отандастары үшін зор ғанибет. Сонымен қатар оның қойылған зиратын тауып, оған белгі қойсақ, тіпті керемет. Онда біз әл-Фарабидің нағыз мұрагері болар едік-ау!…».
Ақжан аға бабасының зиратына барғандағы бір арналған күнгі оқиғаны аталмыш кітаптың 38 бетінде былай суреттейді:
«… Таңертең менің турист достарым тегіс базарға кетті. Мен жалғыз өзім ғана қонақ үйде қалдым… Машина айтқан уақытында келе қойған жоқ. Уақыт өткен сайын менің мазам кетуде, күн батуға жақындап қалғанда…»Бұдан әрі Ақаң «Қаланың солтүстік-шығыс жақ бетіндегі кіші қақпа – Баб ас Сағирға» барады. «… Күзетші бізге әл-Фараби қабірін көрсетті. Айналасы сәл алшықтау жерде жатқан жұпыны сырты цементпен сыланған. Басқа ешнәрсе жоқ.
«Мұның әл-Фарабидікі екенін Сіз қайдан білесіз? Ешбір белгі жазу жоқ қой? – деп сұрадым.
Күзетшінің айтуынша белгі оның басында бұрын болған. Жер сілкінісі кезінде құлап қалыпты… Айналасында тұрған мынау қабірлердің бәрінің де белгілері құлаған. Бірақ Сіз бұның әл-Фарабидікі екеніне ешбір шүбә келтірмеңіз, өйткені бұл зиратта жатқан адамдардың бәрі дәптерде тіркеулі, кімнің қай жерде жатқаны белгілі дейді».
«әл-Фараби қабырын, зиратты дереу суретке түсірдік. Өйткені сол кезде күн батуға жақын еді» деп ол баба зиратына барған тәулік мезгілін дәлме-дәл болжауға мүмкіндік береді. Ол 23 қыркүйек 1968 жыл сағат кешкі 8-9 арасы. Ақаң баба басында отырып толғанысын былайша қойын дәптеріне түсіреді:
«Түркістан мен Шам арасын жақындатқан бабамыз,
Басыңа келді ұрпағың, ақылды дария данамыз.
Араб, парсы, түрікте сізді білмес жан бар ма?!
Басқалар да таниды, тарихқа көзін салғанда.
Зират айлап басында,
Елден іздеп келген ем.
Тәберік етіп бір уыс,
Топырақ алдым мен сенен.
Мағауия мешіті,
Сан ғасыр бастан кешірген.
Қасыңда әлі тұр екен.
Дарса-Салам ол мекен.
Торқалы мекен тоғысқан,
Тоқсан тарау жол екен…
Сізге де мекен болыпты,
Ел басын қосқан сол мекен…
23 қыркүйек, 1968 ж.».
Ағамыздың бабаның зиратын тапсам деген арманы, енді оның басына ескерткішті қалай қойғызсам деген арманымен алмасып, сол сапар соңында пайда болса керек. Ақаң осы ойын дәл сол күні Дамаскінің бір құрметті азаматының қонақтарға жәйған дастарханында айтады. Аталмыш кітаптың 40 бетінде сөз кезегі өзіне тигенде аға: «Сирия мен қазақ елі – ежелден араласы бар достас ел. Біз ескі достық ізімен жаңа достық көңілімен келіп отырмыз… Бейбарыс сұлтан біздің елден шыққан адам. Сол кісі өзінің жанын шүберекке түйіп ел басына күн туғанда Сирия елін қорғады.
Оның алдында осы елде болып ұстаздық еткен…
әл-Фараби осы қалада жерленген. Мен бүгін сол кісінің қабірін тауып алып суретке түсіріп қайттым. Сонда менің көңіліме келген нәрсе, сіздерге деген азырақ өкпем бар….» деп баба қабырының әлі жәйдақ жатқандығын айта келіп, араб достарының «… осы іске ат салысар деген үмітін» білдіреді.
Арабтар жағынан сөйлеген Дадуш мырза: мың жыл ішіндегі жүздеген жер сілкінісінен кейін елінің енді ғана ес жинай бастағандығын еске ала келіп: « … Кейін бір айналып келгеніңізде әл-Фарабидің басында ескерткіш болады» деп уәде етеді. «Айта кетейік, – деп, ойын жалғайды аға араға 25 жылдан соң жазылған аталмыш кітабында – Сол уағадасын олар орындапты». Бұл хабарды Ақжан ағамыз ресми мекемелерден емес, 1995 жылы Дамаскі-Иерусалим-Бағдат қалаларында өткен Бүкіл Ислам қауымы жиналысына барып қайтқан, өзін Ақаңның шәкіртімін деп санайтын, тараздық азамат Әмір-Бек Есенбайұлынан естіп біліп еді. Осылайша өзінің арманындай тілегінің орындалғанын естіген ағамыз: «Демек ендігі баратындар мен сияқты әл-Фараби зиратын іздеп шатыспай бірден таба алады» деп сол қуанышын кітабына жазып та кеткен-ді.
Құрметті Әбсаттар қажы! Кіндік Азияда фарабитанудың атасы саналатын Ақжан ағамызды көзден кетсе де ұлтымыздың рухын жаңғыртқан ұлы тұлғалардың санатында көңілден өшпейтіндігіне күманданбаймыз.
Б. Рахышев, академик,
М. Батырбеков, профессор