ЕЛЕҢ ЕТПЕС, СЕЛТ ЕТПЕС...
ЕЛЕҢ ЕТПЕС, СЕЛТ ЕТПЕС...
Американың Орегон штатында Дж.Файнс деген азаматтың өзі Қазақстаннан алып келіп, асырап алған 10 жастағы қыз баланы зорлап, масқара іске барғаны туралы мәлімет Мәжілістің бірқатар депутаттарын дүр сілкіндіріпті. Бұл мәселені төменгі палатаның кезекті отырысында Уәлихан Қалижанұлы көтерді. Сосын ол өз әріптесі Тито Сыздықовтың тарапынан қолдау тапты. Мәселе Мәжілістің неке мен жанұяға қатысты жағдайларды талқылаумен айналысатын комитетінің қарауына берілген. Оның мүшелері енді тиісті өзгерістер енгізілгенше «Неке және жанұя туралы» заңның қолданылуына мораторий жариялауды ұсынып отыр. Бұл жайт АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігін де бей-жай қалдырмапты. Осы елдің елшісі сәуірдің 7-і күні «31-канал» телеарнасы арқылы сөйлеген сөзінде оған біраз көңіл аударып, тоқтала кетті.
Осы шатақты оқиға мен оған қатысты Мәжіліс депутаттарының қабылдаған шаралары туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көп айтылды. Қазір Қазақстандағы балалар үйлерінде 16 мың бала тәрбиеленеді. Оның 3 мыңы тұлдыр жетім. Шетелдік асырап алушыларға берілетін балалар — осылар. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі уақыт ішінде елімізде қаншама сәби ересектердің шешімімен осылайша жат жерге аттандырылған екен және олардың кейінгі жағдайы не болды екен? Осындай сұрақтың жауабын ести алмадық.
Бұл жерде қатты алаңдататыны мынау. Қазақстан — шет елде жамандыққа ұшыраған өз азаматтары мен қандастарын қорғауға мейлінше қабілетсіз ел. Әсіресе жат жерде тепкі көріп тіпті, өлтіріліп жатқан қазақтың мемлекетіміз тарапынан еш сұрауы жоқ. Мына көрші Ресейдің өзінде бірнеше қазақ айрықша нәсілшіл жексұрындардың қолынан ешбір кінәсіз қаза тапты. Осындай айуандық істегендер ұсталғанмен, сот тарапынан толығымен ақталып не жеңіл-желпі бұзақылық істеді деген айыпты ғана арқалап, оңай құтылып жатыр. Қазақстан билік орындарының, тіпті Парламентінің, оның ішінде Сенаты мен Мәжілісінің осындай ауыр және өзекті мәселені ресми түрде көтергенін бірде-бір рет естіген жоқпыз. Ал өткен бейсенбіде, сәуірдің 6-ы күні Санкт-Петербургте Африканың Сенегал мемлекетінен келіп оқып жатқан студент өлтірілгеннен соң, бүкіл Ресей дүр сілкінді. Өйткені, нәсілшілдік жауыздықтан талай жапа шеккен африкандықтар қандастары осылайша өлтіріліп жатқанда, қарап қалуға көнбейді. Еуропадағы, Америкадағы, тіпті бүкіл әлемдегі қара нәсіл өкілдері Ресейдегі билік орындарын осындай қылмыстарға қайта-қайта жол бергені үшін айыптап жатыр. Осы шудан қаймыққан Санкт-Петербургтың прокуратурасы бұл қылмысты салған жерден нәсілшілдікке негізделген қылмыс деп тануға көнді.
Ал үстіміздегі жылғы ақпанның 24-і күні сол Санкт-Петербургте тап сондай жағдайда қаза тапқан қазақ қызы Айнұр Бөлекбаеваны өлтіргендердің қылмысын құқық қорғау орындары жай бұзақылық деп қана бағалады. Бұған наразы болып, үлкен шу шығарып жатқан қазақ жоқ. Қазақстан үкіметі де, Парламенті де – Сенаты мен Мәжілісі де – үнсіз қалды. Бұны айтып отырған себебіміз мынау. Сол Америкаға қазір жыл сайын мыңға жуық тұлдыр жетім не тірі жетім бала әкетіліп жатыр. Олардың онда қандай жағдайға ұшырап жатқанына Қазақстанда алаңдап, жаны ашитын біреулер бар дегенге сенуден қалдық.
Өзіңіз көргендей, Қазақстан бұл тізімде 6-ыншы орынды иемденген. Салыстырмалы түрде алғанда және АҚШ-қа жақын жерде орналасқан Гватемала мемлекетін есептемегенде, әлемде Қазақстан Америкаға асырауға ең көп бала беретін ел екен. Сондағы айтқалы отырғанымыз не?
Америкаға Қытайдан тұспалды есеппен әрбір 257 мың адамның бірі, Ресейден 29 мың адамның бірі, Оңтүстік Кореядан 28 мың адамның бірі, Украинадан 43 мың адамның бірі біржолата берілген болса, Қазақстаннан ол жаққа 18 мың адамның бірі берілген екен. Яғни біздің еліміздің үлесі – ең жоғары үлес. Және осынысымен шектелгелі жатқан Қазақстан жоқ. Оны kazakhstan. adoptіon. com/foreіgn/kazakhstan сайтынан алынған мәліметтер негізінде құрастырылған және біздің елімізден АҚШ-қа асырауға әкелінген балалар саны өсіміне қатысты мына бір кестеден көруге болады.
Өздеріңіз көргендей, Қазақстаннан Америкаға бала апару динамикасы ұдайы өсіп жатыр. Қарқын мықты. 1999-2004 ж.ж. аралығында олардың саны 113-тен 843-ке дейін, яғни 7,5 есеге жуық өскен. Бұның бәрінің есебі Қазақстандағы тиісті ресми орындарда бар шығар-ау. Бірақ отандық баспасөз беттерінде жарияланғанын көргеніміз жоқ. Соған қарағанда, бұл онша ашық көрсетіле бермейтін ақпарат болса керек. Осы туралы мәселе көтергендегі мақсатымыз – сол балалардың қамы туралы мазасыз ойлар.
Жоғарыда Ресейден сол Америкаға жылына шамамен қанша баланың апарылып жатқаны туралы айттық. Ресейде, обалы не керек, бұндай ақпарат баспасөзде жиі жарияланады. Ол елдің балаларын АҚШ-қа апарғанда, олардың қандай жағдаймен ұшырасып жатқаны туралы Мәскеу теледидарлары мен газеттерінің американдық тілшілері ұдайы хабарлап тұрады. Тіпті, фильмдер түсіріліп, Ресейде көрсетіліп жатады. Қалай дегенде де, осы елден Америкаға апарылған балаларға қатысты кез келген шулы оқиға ресейлік қоғамдық пікір назарынан тыс қалмайды. Мәселен, жақында соңғы жылдары Ресейден асырауға апарылған балалардың ішінен осы күнге дейін 12 баланың өздерін асырап алған ата-аналары тарапынан өлтірілгені туралы мәлімет жария етілді.
Қазақстаннан Америкаға апарылып жатқан балалардың саны қазір сол Ресейден апарылып жатқан балалардың санынан шамамен 5 есе ғана кем екен. Олардың жағдайы не болып жатыр? Бәрі түгел аман ба? Көрші Ресейде ересек қазақ адамдары қайта-қайта жауыздықпен өлтіріліп жатқанда, бірде-бір рет «қыңқ» деп дауыс көтермеген Қазақстанның ресми билік орындары Батыс Еуропа мен Атлант мұхитының арғы жағындағы Америкаға асырылған бұрынғы қазақстандық тұлдыр не тірі жетім балаларды іздей қояды-ау дегенге сену өте қиын. Тіпті, мүмкін емес десе де болады.
Бізде ешкімнің ешкімге жаны аши қоймайды. Қазір сондай заман болды. Баяғыда қазақ жауда қалған бесіктегі баланы, тіпті сол жаудың қолына аяғы ауыр күйінде түскен әйелден туған нәрестенің өзін ақыры іздеп тауып, еліне қайтару жолында күш-жігерін аямаған. Өйткені, ол өз елінің азаматы және біреудің тұқымы болған ғой. Оны жаттың қолында қалдырып, қарап отыру қорлықтың қорлығы болған. Ал қазіргі жағдай, тіпті, басқаша. Шет елге, оның ішінде мұхиттың арғы жағындағы Америкаға бала асырудан әлемде Қазақстан салыстырмалы түрде бірінші орынға шыққан. Жасы әлі 10-ға толмаған болса, байғұс балада ерік те жоқ. Тек осы жастан асқан болса ғана, ол баладан келісімхат керек. Бірақ сол Америкаға әкетіліп жатқан балалардың дені – есі тіпті кірмеген нәрестелер. Қазақстаннан бала асырап алған АҚШ азаматтары арасында жүргізілген сұрастыруларға қарағанда, әрбір баланы заңдастырып алуға кететін бүкіл шығын 18 мыңнан 25 мың долларға дейін екен. Орташа деңгей – 21,5 мың доллар. Сонда, мәселен, 2004 жылы 843 баланы асырап алуға шығарған американдықтардың жалпы шығыны — 18 млн. 124,5 мың долларды құраған. Бұл, әрине, тіпті американдықтар үшін де аз ақша емес.
Бірақ кейін ол балаларының жағдайының не болғанына аса бас қатырып жатқан ешкім көрінбейді. Орегон штатында болған аталмыш оқиға да кездейсоқ назарға іліккен болса керек. Бірақ бұдан да тиісті сабақ алып отырған билік орындары көрінбейді. Сол баяғы парықсыздық, немқұрайдылық…
Аққали КӨПТІЛЕУОВ