YКIМЕТ YЙIНДЕГI АУЫС-ТYЙIС
YКIМЕТ YЙIНДЕГI АУЫС-ТYЙIС
Мәдениет, ақпарат және спорт министрі Ермұхамет Ертісбаев өзі басқаратын министрліктің жартысынан көз жазып қалды. Өйткені, Президент бұл министрліктің құрамын өзгертіп, Туризм және спорт министрлігіне енші алып берді. Туризм саласының бұған дейін Сауда және индустрия министрлігінің құрамында болғанын еске саламыз. Министрліктерді қайта жасақтау процесі «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» Конституциялық заңы аясында жүзеге асқан. Жаңа министр болып Темірхан Досмұханбетов тағайындалды.
Негізі, спорт саласы Темірхан Досмұханбетовке аса таңсық емес. Ол кезінде Жастар ісі мен спорт министрлігінің тізгінін ұстаған шенеунік. Бұл министрдің билік баспалдақтарында жүріп өткен жолына қарап, Досмұханбетовке бір креслода екі реттен отыруды тағдыр жазып қойған ба дейсіз. Өйткені, ол Президенттің іс басқарушысы қызметін де екі рет атқарған. 2003 жылдың ортаңғы шені мен 2004 жылдың наурыз айына дейін Досмұханбетов Астана қаласының әкімі де болды. Бірақ, әзірше ол қызметін бір-ақ рет атқарды. Астана қаласын басқарып тұрған кезінде Досмұханбетов қазақтың Һарун Рашиді болайын деп-ақ қалған екен. Әкімдер әншейінде қаланы аралағанда нөкерлерімен жүретін болса, Досмұханбетов жалғыз өзі қала базарын аралап шығып, көргендері мен түйгендерін кейіннен ортаға салып, қаланың біраз шенеуніктеріне сес көрсетіпті. Сөйтсек, қала әкімінің түрін шырамытпаған базар жанындағы автотұрақ күзетшілері кәдуілгі қала тұрғынына көрсететін «сый-сияпатын» Досмұханбетовтің алдына жайып салған екен. Досмұханбетов болса, базарды «ұстайтындарға» шүйлігіпті.
Астананы Алматының дәрежесіне көтеру үшін біраз күш салмақ болып, тырысып-ақ бағыпты. Астанадағы қызмет ету саласындағы бағаның Алматымен салыстырғанда екі-үш есе қымбат екендігі әкімге ұнамапты. Базардағы азық-түлік өнімдерінің, такси қызметінің удай құны да әкімнің назарынан тыс қалмапты. Арзан үй құрылысын жүргізу және Есілдің сол жағалауын ретке келтіру жөніндегі Президенттің тапсырмасын орындауға бел шешіп кірісіпті. Тіпті, «Егер осы мәселелерді шешпесем, өз еркіммен отставкаға кетемін» деген екен. Бірақ, ол отставкаға кетуге мәжбүр болған жоқ. Оны Президент әкімшілігі қайта шақырып алды. Досмұханбетовтей кадр Президент әкімшілігіне қажеттірек болды ма, жоқ әлде, өзге де қырлары әсер етті ме, әйтеуір оған қала әкімі лауазымымен қоштасуға тура келген.
Министрдің алдындағы ендігі міндеті үлкен. Спорт саласының ақсап жатқанын айтудан жақ талды. Қазақстан спортындағы толып жатқан өзге мәселелерді былай қойғанда, спортшыларымыз кешегі қысқы Олимпиадада бір медальға қол жеткізе алмай, елге салдары суға кеткен қалпында оралды. Туриннен тек «Dolce&Gabanna» (сән үйі) модельерлерінің «Қазақстан спортшыларының киімдері өте сәнді болды» деген сөздерін ғана алып келді. Мұны спорт комитеті жар салып жұртқа жария етті де. Олимпиаданың сән көрсететін дефиле еместігін ескерсек, біздің спорт саласының тізгінін ұстағандардың арзан мақтауға мәз болғанын байқадық. Бұл Досмұханбетовтың назарында болатын жайт.
Министрді жаңа креслосына отырғызған премьер Ахметов «Туристік кластерді дамыту Үкіметтің басымдықтарының бірі» деп ескертті. Досмұханбетов премьер-министрдің «туризмді дамыт» деген сөзін жерге тастай ма, жоқ әлде, орындай ма, ол жағы әлі белгісіз. Ал спорт саласына жаңалық әкелетініне күмәніміз жоқ. Өйткені, Досмұханбетов бұл саламен баяғыдан таныс қой…
Болат Өтемұратов дегенде көз алдыңызға бірден президент әкімшілігі еске түседі. Өйткені, Болат Жәмитұлының атқаратын қызметі қашан да Президенттің өзімен тікелей байланысты. Бұл жолы да Өтемұратов Президенттен алыстап кетпеді. Елбасы өз жарлығымен оны іс басқарушысы қызметіне тағайындады. Яғни, ол Досмұханбетовтің орнын иеленді. Бұған дейін де Өтемұратов Елбасының көмекшісі, Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы қызметтерін атқарған. «Тәжірбиелі аппаратшы» деген атты осы Президент әкімшілігін төңіректеп жүргендігі себепті иеленсе керек.
Соңғы кезде Өтемұратов Президент жанынан құрылған Азаматтық қоғам құру және демократияландыру жөніндегі Ұлттық комиссияның төрағасы болған. Былайғыда НКВД деген атауы қорқынышты болып көрінгенімен, есесіне, оның төрағасы Өтемұратовтың атын сарапшылар жағымды жайттармен байланыстырады. «Билік пен оппозицияның арасындағы көпір» деп атайды.
2004 жылдың соңында құрылған Ұлттық Комиссияның төрағасы қызметін күні бүгінге дейін атқарған Өтемұратов қоғамдағы күштер арасында диалогтың болуы қажеттігін тынбай айтып келе жатқанын ескеруіміз керек. Оппозицияға алакөзімен қарамайтынын Өтемұратов көптеген жиылыстарда көрсетіп-ақ жүрді. «Егер біз Ұлттық комиссияны диалогтың құралы ретінде қарастыратын болсақ, кез келген оппозицияның сөзіне құлақ асып үйренуіміз керек. Оппозиция ұсыныстарының арасынан қоғам үшін тиімді дегенін алып, пайдалануымыз қажет. Келісімге келіп, бірге жұмыс істеудің уақыты жетті. Мен оппозициядағы азаматтарды олардың өзге идеяның жетегінде жүргендігіне қарамастан өте сыйлаймын» деген сөзіне қарап, оның бойындағы либералдық қасиеттерді көруге болады.
Бірақ, Өтемұратов «радикалды» оппозицияны Ұлттық комиссияның жұмысына тарта алмағандай.
Өтемұратов Парламенттің бақылау өкілеттігін күшейту керек деген. Мәжіліс депутаттарының санын көбейтіп, оның 50 пайызының бір мандатты округтардан, 50 пайызының партиялық тізіммен сайлануының дұрысырақ екендігін алға тартты. Оның баспасөз беттеріндегі пікірлеріне сүйенсек, өзі басқарған Ұлттық комиссия екі жыл бойында ел аймақтарын аралап жүріп, халықтың саяси реформаларға деген көзқарасын електен өткізген. Соңғы екі жыл оны тәжірбиелі аппаратшыдан қоғамдық саясаткерге айналдырған.
«Астананың жылы кабинеттерінде отырғаннан, елді аралаған тиімді болды» дейді Өтемұратов. Бірақ, Болат Жәмитұлына енді Астанадағы жылы кабинетінде отыру қажет шығар. Өйткені, Президенттің іс басқарушысы қызметін атқара жүріп, аймақтарды аралудың жолы енді түсе қоймас.
Қамалтин Мұхамеджанов қоршаған ортаны қорғау министрлігінің тізгінін ұстағанда, «Мұхамеджанов Самақова сынды адуындау емес» деп жазған едік. Бірақ, әрине бұл қолынан іс келмейді дегеніміз емес еді. Тек инвесторлардың тегеурінді, тіреулі келетіндігі себепті оларға қатысты адуынды саясат ұстанатын адамның қажеттігін ғана тілге тиек еткенбіз.
Алайда, жазғанымыз дәл келіпті. Қоршаған ортаны қорғау қиынға соқты ма, жоқ әлде, табиғатты былғауға келгенде алдарына жан салмайтын, бірақ, түк болмағандай қалып танытатын инвесторлармен жұмыс істеуді негізсіз деп тапты ма, әйтеуір тағайындалғанына 2 ай толар-толмастан, Қамалтин Мұхамеджанов Елбасына қызметтен кету жөнінде өтініш берді. Бірақ, Мұхамеджанов екі ай сайын қызмет ауыстыратын шенеуніктер қатарынан емес еді. Ол Қарағанды облысын 7 жылға жуық басқарған. Қарағанды облысымен қоштасу Мұхамеджановқа оңай тимепті деген ақпараттар да бар. Біздіңше, қоршаған ортаны қорғау министрлігі Мұхамеджанов үшін уақытша кезеңнен өту үшін белгіленген орын болғандай. Ал кейіннен бұл министрлікті ұзақ уақытқа басқаратын адамның уақыты келгенде, Мұхамеджановқа орнын беруден басқа амал қалмаған.
Гүлнәр Мұқанова