946
САҒЫНЫШҚА ТОЛЫ ДОС КӨҢІЛ...
САҒЫНЫШҚА ТОЛЫ ДОС КӨҢІЛ...
Сынаптай сырғып, аялдаусыз зымырап бара жатқан уақыт! Енді бірер жылдан соң, (2008) біздің КазГУ-ді тәмәмдағанымызға да отыз жыл толады екен!
Біртуар Баукең – Бауыржан ата айтпақшы: «враги (смерть) и по нашим квадратам бьют». Айнагүл Әлдибекова (ақын Шәймерден Әлдибековтың қарындасы), Мұса Рахманбердиев… Енді міне Төрехан Рәмбердінің бақилық болғанына жылдың жүзі толыпты. Сол КазГУ-дің журналистика факультетін қырық жігіт, он қыз бітірдік. Ол — сонау 1878 жылдың жазы еді. Қатарымызда Тұрсынай Оразбаева, Заида Елғондиева, Серік Тұрғынбеков, Мұса Рахманбердиев, Мереке Құлкенов, Әбдібек Қоңырбеков сынды тәп – тәуір танылып қалған ақын — жазушыларымыз болатын. Қазіргі кезде «Егемен Қазақстанда» Марат Аққұлов, Шымкентте Әбдібек Қоңырбеков газеттерде қызмет атқарып жүр. Төрехан біздің топқа соңғы курстарда күндізгі бөлімнен ауысып келді. Түркістаннан екен. Танысқан сәттен өмірінің соңына дейін фамилияма ұйқастырып «Төретаев – Телетайп» деп атап өтті. Екеуміздің арамыз бірнеше ай ғана болатын, мен одан «кәрілеумін». Оның «Телетайпына» мен де қолма қол нақты жауап қайтара қоямын. Оның арты – мәз, күлкі! Соның бір парасы: Мына, Қабең Төретаев, Тақ-тұқ еткен Телетайп, дегеніне: Ақын ең, беу Төрехан Рәмберді, Өзіңді жұрт ақиық қыран көрді. Ару жырды аяусыз өкпелетіп, Қызықтап, қуып кеттің бұраңбелді – дейтінмін. Төкең әзілқой, тапқыр, юморы терең болатын. Бір жолы бір қыздан мынадай бір тілім хат жіберіпті: «Қабылбек көке! Мына қызға қолдан келгенше, көп көңіл бөліп көмектессең жөн болар еді. Телефондап таба алмадым, хабарласарсың. Сәлеммен «көкең» Төрехан. 18.04.2000 жыл» Сәлемдемесін оқып бола сала күліп жібердім. Үлкен қаланың бір қиырында жүрген Төкеңнің де таныс күлкісін естігендей болдым. Төрехан мейлінше зерек, соны нәрселерді ойлап тапқыш, айтқыш, есте сақтау қабілеті өте жоғары шын мәніндегі талантты жан болатын. Өз қарым-қабілетіне сенгендіктен болар ешкімнің атақ-даңқына, алған «алпыншақ-салпыншақтарына» (М.Байғұт), марапат, сый-сыяпаттарына қызғанбақ түгіл, қызықпайтын да. Есесіне өзіне ұнаған тұстас, аға буын ақындардың жырларын қиналыссыз жатқа оқи беретін. Қасым, Төлеген, Мұқағали, Қаныбек, Нармахан, Өмірбай ақындардың ең шұрайлы жырларынан үзінді оқығанына талай куә болғанмын. «Көңілшек келіншектей есебі енді, Соңыңнан талай, талай өсек ерді…» – Жақсы, ә, — деді бірде. – Кімдікі? – Қаныбектікі ғой, «Түркістан» деген өлеңінен, бірақ бұны ешкім, ешуақытта баспайды-ау, – деді күрсініп. – Нарағаң сөзбен сурет салатын сирек ақындардың бір ғой – дейтін. – Бірақ, аз жазады. Мүмкін, сонысы дұрыс та шығар. Алуаның азы – шырын емес пе? Көбі – жүрек айнытады. Жасыратыны жоқ, мамандығым журналист болса да, мен газет-журналдарда қызмет істеген жоқпын. Жас кезімнен өлең жазсам да, онымды жұрттан жасырып ұстайтынмын. Ақиқатын айтқанда әртүрлі тапсырыстар беріп, өлеңге тартқан, талай тақырып беріп соны түгел дерлік өзі басқарып отырған, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің әдебиет және мәдениет бөлімі арқылы жариялатқан Төкең еді. Ол көп ізденетін. Оқыған білгендерін санасына берік тоқитын. «Күндей шалқу» деген тіркесті алғаш қолднған Қасым Аманжолов екенін тұңғыш рет Төреханнан естідім. Кейінірек шындығында солай екеніне көзім жетті. «Григориан күнтізбесі» туралы мақаласы тереңдігімен, жан-жақты қазбалана зерттеуімен ерекше есте қалды. Мұндай жәдігерлік сынды сирек кездесер суреттеме, очерк, мақала, көсемсөз, өлеңдер Төкеңде мейлінше мол еді. Әсілі, қаламгер ден қойып діттегенін кез келген жанрда жаза алатын және әдемі жазушы еді. Еркін сілтейтін, тың тұжырымдар тиянақтайтын. Ойлы образдар, сәулелі сезімге толы суреттер салатын. Мінекей төмендегі өлеңге көз салыңызшы: «Бұрқырап бұлақтардан, Күміс шаң шудаланып. Сарқырап шуақтар да, Жатқандай шулап ағып. Мамырдың тұр төсіне, Сәскенің қызуы өтіп. Гүлдердің күлтесінен, Шық ұшты ызың етіп. Моншағын шашып апты, Жартастар сүртіп терін. Шашырап шашыратқы, Шаншылып кірпіктері. Шаршысы жыртылады, Көлеңке жарда аунаған. Майса бел құлпырады, Түлкідей қарға аунаған. Күмбездің бер жағында, Бозторғай дабыл қақты. Талдысу аңғарында, Дүрлігіп сағым жатты. Аспанның аран шетін, Ақ құйын бұрғылайды. Тобылғы тор ән шертіп, Тобығын ұрғылайды. Топ арқар тұяқ қадап, Асықтай тәйке тұрған. Сәскеде сияқты алап, Шарада шайқатылған. Ақ самал алақашпа, Тылсымды үркітуде. Мелшиген қара тасқа, Шақ қап тұр тіл бітуге!» («Сәске») «Тас бұлақтың суындай, сылдырап өңкей келісім» деген нақ осындай болар-ау. Ал бұл сонау жалын жүрек, жалау көңіл студенттік жастық шақтың жемісі десек иланасыз ба, жоқ па? Осы сияқты «Бір мүшелге толғанда» деген ғажап өлеңі болатын. «Төрехан – қазіргі сері Ақан», – деуші едім. Лекцияларға ат ізін сирек салатын. Диплом жұмысын жазуға төрт ай беріледі. Өзім алғашқы бір-екі айда тап-тинақтай етіп жазып, үш дана етіп мұқабалатып қойдым. Одан дипломның жазылу жайын сұрасам: «Кіріспе» деп тақырып жаздым да, кіріспей жүрмін» дейді жайбарақат жымиып. Сол кіріспеген күйі төрт ай өте шықты. Кесте бойынша ертең қорғауы керек. Бұл бүгін шала бүлініп машинкаға «диктовка» жасады. «Басымда «пісіріп» алғанмын» дейді. «Осынша ұзақ пісіресің бе, бізді де күйдірдің ғой», – десек, пәруайы пәлек: «Осыдан беске қорғаймын», – деп қояды. Айналайын үшіңнің өзін беске балайық дейміз ғой баяғы. Не сиқыры барын, атақты темірдей қатал профессор Темірбек Қожакеевтің өзі еңбектің құндылығын айрықша атай отырып, «бес» қоялық деген уәж айтты. Ең қызығы, Төкең мінбеде диплом жұмысы жайлы өз ойларын айтып қорғап жатыр. Ол диплом баспаханада түптеліп желімі кеппей жатыр. «Оу, жұмыс қайда?» – дейді мемлекеттік комиссия мүшелері: Қазір, міне, міне кеп қалады дейді Төкең сабырлы қалпын бұзбай. Сол жұмыс алар бағасын алып болған соң жетті-ау ақыры желімі сорғалап кеппеген күйі. Диплом қорғар алдында мемлекеттік емтихан «Ғылыми коммунизмнен», бұл сынақтан мен бес алдым. Ұстазымыз Өмірсерік Шәріпов бетімнен сүйіп: «Еңбегімді ақтадың, жарайсың», — деп өзі беске тапсырғандай қуанды. Соның бәрін көріп тұрған Төкең: «Кеттік Қабеке», – деп жылы жымиып тұр, – Сенің бесіңді жуамыз». Содан Алматы өзенінің бойындағы жыпырлаған «Сары сауын сиырлардың» бауырына жайғасып, ысталған алтын сары балдай балықпен, сап-салқын тобылғы торы сыраны баппен сыздық татқанымыз-ай, сондағы… Сөйтіп рақат кеше бастағанымызда: – «Сөйлеп отырыңыз, Қабеке, – дейді ол сыпайы сызылып. – Не сөйлейін, тост күтіп тұрмысың? – деймін мен. – Жоқ-ә, «беске» білгеніңнен айта отыр, құлаққа құйып, санаға сіңіріп ала берейін. Досым сұрап тұрғанда несіне бәлсінейін, білетін ақпардың ақ бозының басын қоя бердім дейсің емін-еркін. Қоштасарда, Төкең әлгі «Ғылыми коммунизм» оқулығы мұқабасының түр-түсі қандай екенін тиянақтап сұрап алды… Ертеңіне толықсыған толыққанды «төрт» алғандығына куә болдық. Адал жары Пәкизаның Төкеңмен жарасты жұп екендігіне көзіміз шүбәсіз жеткен-ді. Қанша жыл қатар жүріп, қапталдаса ғұмыр кеше жүріп екеуінің «ищай» дегенін естіген емеспіз. Қашан келсең де ашық-жарқын, күліп қарсы алып, жансала күтіп, жарқырай шығарып салушы еді. Пәкизаны қатты сыйлайтын, жан-жарының да Төкең дегенде шығарда жаны басқа сияқты көрінетін. Адал жұптың шынайы сыйластық шырайы анық байқалатын. «Күн партияның» күні батар кезеңінде облыстық партия комитетінің идеология бөлімінде қатар қызмет атқардық. Обкомның ауласында қызметкерлерге арналған дербес асханадан 15-20 минутта түстік тамақ ішіп алған соң шахмат, домино, стол тенисін ойнап жатқан жұрт. Төкең сол кезде жылыстап жоқ болып кетеді. Бір күні «осы қайда барады екен» деген оймен аңдыдым. Ол бірден үшінші қабаттағы кабинетін ашып, ішке енді, есікті ішінен құлыптады. Бірер минуттан соң мен есікті тақылдаттым да бөлім меңгерушісінің дауысына салып: «Іште екеніңді білемін, есікті ашыңыз!» дедім. Бірер мезеттік тыпыр-тыпырдан соң есік ашылды. Төкеңнің қолында қалың газет тігінділері, мені көрді де күліп жіберіп, газетті ұзына қатар тізілген столдарға қайтара қойып жатыр. «Түс кезінде ұйықтауын ұйықтамайсың ғой, бірақ газет тігінділерін көрген адам осыны жастық етіп ұйықтайды екен деп ойлап қалады да» – деп көсіліп жата кетті. Төреханның «Егемен Қазақстанның» меншікті тілшісі қызметі ерекше есте қаларлық материалдарға толы болды. Шымбайын шындық шыжғырған кейбір шенеуніктер сотқа жүгінбек болып, қаншама рет қоқан-лоққы жасағаны да жадымыздан шыға қойған жоқ. «Жақсының жүрген жері – ойын-күлкі демекші, Төкең кез келген жағдайдан күлкі туындатып отыратын. Сол «елуінші жылғылардың» бір өкілі жазушы, журналист Слам Нұрмағанбетұлы «Қаламгерлер қалжыңы» атты алты баспа табақтан тұратын кітап шығарды. Ол кітап «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 80 жылдығында тойға келгендерге тарту-таралғы ретінде таратылды. Сол кітапта «Төрехан айтты» деген бір қатар қалжыңдар орын алыпты. Соның біреуі мына төмендегідей: «Бірде Төрехан жұмысқа көңілді келді. Көзі күлімдеп, бірнәрсе айтқысы келгендей, бірақ ешнәрсе демейді. Мен орнымнан тұрып едім, жаныма келіп қатарласа тұрды, тіпті кимеліп барады. — Немене сонша иықтасып, жер жетпей тұр ма, арырақ тұрсай! – дедім. — Өзің ғой, — деді ол, — аяғымды басып кете жаздадың. Түкке түсінбей аяғына қарасам, су жаңа етік киіп келген екен.» Сынаптай сусыған уақыт-ай! Төкеңсіз де бір жыл өтіп қалыпты-ау. Өткен жылы көктемде, Төкеңнің жаназа асында өмірімде тұңғыш рет қаралы жиында қаралы еске алу сөзін айтып едім. Айтпасам болмастай көрінген. Енді араға жыл салып, егіле еске алу жолдарын жазып отырмын. Жазбасам болмастай сезілді. Қайтыс боларынан үш-төрт күн бұрын Астанадан арнайы келіп бақилық болған анама көңіл айтып, жұмыс кабинетімде ұзағырақ отырып, жаңадан тағайындалған қызметінің жай-жапсарын бажайлап баяндап еді. «Қабеке, сөйтіп елудің бел ортасына келгенде бастық болып жатырмын» деген. Жоба-жоспарларымен бөлісіп, Астанаға келгенде хабарлас деп ұялы телефонын берді. Қайта-қайта құшақтап, «қайғыра берме, қаның тасып кетеді» деп қамқор пейілін білдіріп еді, қайран дос… «Күлімдеген көзіңді, әзілдеген сөзіңді сағындық, Төке! Егілгеннен, езілгеннен не шара? Өзің жасай алмаған жасыңды, өзің көре алмай кеткен рәт қызығыңды адал жарың мен періштедей перзенттеріңе бұйыртсын» дейміз-дағы. Өміріңде ешқашан, ешқайда асықпай көздерің күлімдеп, жылы жымиысты, жылуарлы қалпыңнан танбай қос жұдырығыңды кезек-кезек үрлеп қойып, қым-қуыт, қат-қабат тірліктің берекесіздеу сапырылысына салқын, сабырлы қалпыңда әжуалай қарап тұрған сияқты көрінуші едің. Тал бесіктен жер бесікке неге асықтың екен? Жақсылар Жаратқанға да керегірек пе екен? Пейіште нұрың шалқығай, досым!Қабылбек ТӨРЕТАЙҰЛЫ