ТОЙҒА ТАМАҚ ЖЕУ ҮШIН БАРАТЫНДАЙМЫЗ...

ТОЙҒА ТАМАҚ ЖЕУ ҮШIН БАРАТЫНДАЙМЫЗ...

ТОЙҒА ТАМАҚ ЖЕУ ҮШIН БАРАТЫНДАЙМЫЗ...
ашық дереккөзі

“Қазiргi жастарда ұят қалмады, ұлы да, қызы да арақ iшiп, шылым шегедi. Анашаға ауыз салғандары да кездеседi. Заман бұзылды ғой, заман бұзылды” — деп үлкендер бар кiнәнi жастарға арта салады. Сол жастардың осындай болып өсуiне үлкендердiң де кiнәсi көп деп ойлаймын. Әрине, барлық келеңсiздiктердiң қалыптасуын бiр-ақ нәрсемен түсiндiре салуға болмайды. Оған себеп өте көп қой. Менiң студенттiк шағым сексенiншi жылдардың бiрiншi жартысына тура келдi. Екiншi курста оқып жүргенде бiр жiгiттiң үйлену тойына бардық. Оның ауылы Алматы облысының бiр таулы ауданында екен. Шағын ғана ауыл. Ол кезде жастардың үйлену тойындағы столға үлкендер отырмайтын (бiз жақта солай едi). Ал ол ауылдың шалы мен кемпiрi түгел столда отырып, арақты сылқитады екен. Иектерiндегi шоқша сақалдары дiрiлдеп, мас болып, шалдардың өзiне лайықты төбелес шығарады. Төбелес деген аты болмаса, заты боқтасу, балағаттау, мықты дегенi мүжiп сүйектерiн бiр-бiрiне лақтырады. Кемпiрлер де мас, қалғып-мүлгiп дастархан басында отыр. Ондайды көрмеген жастар көзiмiз атыздай болып, аузымыз ашылып қалыпты. Ол кездерi бiздiң аталарымыз бен апаларымыз арақ дегендi ауыздарына алмайтын. Намаздарын оқып, оразасын ұстап, Құдайға құлшылық етiп жүретiн. Шақырған тойларға күндiз барып, той сыйлығын берiп, өз сыйларымен қайтатын. Қазақы салт-дәстүрiмiздiң қаймағы бұзылмаған оңтүстiк осындай едi. Қазiр шын мәнiнде бұлай мақтануымыз өзiмiздi-өзiмiз алдау сияқты. Қазiр қандай той болмасын (жылт еткеннiң бәрiн кiшiгiрiм тойға айналдырып жiберетiн әдет пайда болған) үлкендерден бата сұрап, сөздi алдымен сол кiсiлерге беремiз. Қолдарына арақ құйылған стақанды қоса ұстайтынымыз тағы бар. Ол кiсiлер де “қой” демей-ақ, қолдарына алып “ақ қылып” алып тастайды. Жетпiс-сексенге келiп қалған ақсақалдарымыз тойдың орта белiнде мас боп, былжырайды да қалады. Ақыл айтып отырудың орнына балаларымен, тiптi келiндерiмен стакан соғыстырып iшiп отыра бередi. Би басталған кезде өзi онсыз тар жердiң қақ төрiне шығып алып, жастарға билеуге мүмкiндiк бермейдi. Тойға келген қонақтардың барлығы сөзге шығын, той сыйлығын табыстап болғанынша тойдың тарқайтын уақыты да таяп қалады. Алқалы жиналысқа айналып кеткен тойдың ең соңында сөз сөйлеу кезегi жастарға да жетедi-ау әйтеуiр. Өздерi сөйлеп болған соң бiр-екi музыкаға билеп, арқалары қозып алған жастар тойдың “тым ерте” тарқағанына наразы болады. Сол себептi кей тойларда жастар қан-жоса төбелес бастап жiбередi. Тойхананың ыдыс-аяғы қирап, орындықтары сынып дегендей, той иесiнiң шығынын көбейте түседi. Жалғасын тауып жататын төбелестердiң соңы қайғылы оқиғалармен аяқталады. Бiздiң қазақта, әсiресе қазiргi күндерi той көп, Жастардың үйлену тойын тек жастардың еншiсiне ғана берсек қайтедi осы. Сiрескен қызметтестердi (ата-анасының), алыс-жақын жекжаттарды үйлену тойына шақырудың қаншалықты қажетi бар екен деп ойлаймын. Күйеу мен келiн өз жора-жолдастарымен ғана ойнап-күлiп, ән айтып, би билеп ғана тойласа қызық болар едi. Негiзi үйлену тойы қазақта тек қана жастардың тойы болып саналады. Жекжат шақырып, көкпар тартқызып жататын тойлардың жөнi бiр бөлек. Өзбек халқы өз салт-дәстүрлерiнде берiк халық екен. Әлi күнге дейiн орын-орнымен тойлайды. Солардан үйренсек жаман болмас едi. Тойдың басынан аяғына дейiн (тойға келгендер сөйлеп бiтемiн дегенше) тапжылмай столда отырған жастар самсап тұрған бөтелкiлердi ермек қылады да отырады. Соңғы кездерi тойға iшкiлiк iшу, тамақ жеу үшiн ғана келу әдетке айналғандай. Тоқсан ауыз сөздiң тобықтай түйiнi – үйлену тойын тек жастар тойы етiп өткiзуге тырыссақ. “Жиналыс” жасап, той сыйлығын жиып алу үшiн басқа тойлар да жететiн шығар.

Балтабек ТYЙЕТАЕВ