«Кремль – жемқорлардың ордасы», – деп Ресейдi айыптаған АҚШ Батыстың энергетикалық қауiпсiздiгiн қамтамасыз етемiн деп құлшынып отыр

«Кремль – жемқорлардың ордасы», – деп Ресейдi айыптаған АҚШ Батыстың энергетикалық қауiпсiздiгiн қамтамасыз етемiн деп құлшынып отыр

«Кремль – жемқорлардың ордасы», – деп Ресейдi айыптаған АҚШ Батыстың энергетикалық қауiпсiздiгiн қамтамасыз етемiн деп құлшынып отыр
ашық дереккөзі
247

Өткен жексенбiде Мәскеудегi «Үлкен сегiздiктiң» қаржы министрлерi бас қосқан саммитте энергетикалық қауiпсiздiк мәселесi талқылануы керек едi. Алайда РФ өкiлi де, ВВП да Кремльдiң бұл мәселенi талқылауға рай бермегендiктен, еуропалық шенеунiктер өзге мәселенi қаузауға мәжбүр болды. Ал Ресейдi «газ саласында жемқорлыққа жол бердi» деп айыптап, аттандаған Ақ Үй өкiлдерi Батыс тарапынан қолдау таппады. Есесiне, экс-канцлер Шредердiң «мәрттiгi» мен «жомарттығының» арқасында «Үлкен сегiздiкке төрағалық ету мәртебесiне ие болған Кремльдiң ұпайы түгел…

«G-7» + Ресей…

Батыстың энергетикалық қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге бел буған АҚШ Ресейдi газ саласында жемқорлыққа жол бердi деп айыптады. Вашингтон тарапынан ресми мәлiмдеме жасаған өкiлдер: «Кеңестiк дәуiр кезеңiнде салынған газ құбырларын орталықазиялық аймақтағы табиғи газ нарығына қысым жасау мақсатында қолданып отырған Мәскеу барынша мол пайда табуды көздейтiн жемқорлық дендеген делдал ұйымдардың құрылуына жағдай жасауда» деп наразылық танытты. Өзге елдiң сыртқы және iшкi iсiне араласпаса «ас батпайтын» Буш әкiмшiлiгi осыдан 2 жарым ай бұрынғы Ресей мен Украина арасындағы газ бағасына қатысты туындаған дауға алаңдаушылық бiлдiрiп, Кремльдiң «Үлкен сегiздiкке» (G-8) төрағалық етуге лайықтылығына күмән келтiрдi. Берлиндегi Ғылым және саясат қорында Ресей мен ТМД елдерi проблемаларын зерттеушi профессор Эберхард Шнайдер: «2006 жылы «Үлкен сегiздiкке төрағалықтан Германия бас тартқандықтан, келесi кезектегi Ресейдiң еншiсiне тидi. Бұл экс-канцлер Герхард Шредердiң досына жасаған сыйы болатын. Әрине, Путин беделiнiң әлемдiк деңгейде артуына Шредер әрекетiнiң ықпал еткенi анық» дедi. АҚШ-тың Мемлекеттiк департаментi Ресеймен және оның еуропалық серiктестерiмен Кремльдiң энергоқорға қатысты ұстанып отырған саясатын өзгерту үшiн келiссөздер жүргiзудi қалаған. Алайда кәрi құрлықтың ресми өкiлдерi Мәскеудiң сауда саясатына араласуға мүдделi еместiктерiн мәлiмдедi. Вашингтон Кремльдiң табиғи газды Орта Азиядан сатып алатын бағасы мен Еуропаға тасымалдағаны үшiн талап ететiн бағаның арасы жер мен көктей екендiгiн айтады. Орталықазиялық газдың 1000 текше метрiн 50 долларға сатып алатын ресейлiк алпауыт – «Газпром» еуропалық елдерге 260 доллардан (1000 текше метр) сатады. Американың «The Washington Times» газетi арқылы қоғамдық пiкiр тудыруға тырысқан Вашингтонның өкiлдерi орталықазиялық газды сатумен және сатып алумен делдал мекемелер емес, «Газпромның» өзi айналысса, энергоқор құны әлдеқайда арзанға түседi» деген пiкiрде. Аты-жөнiн айтудан бас тартқан бiр шенеунiк: «Бұл фирманы («Газпромды» — Н.Ж.) ұйымдасқан қылмыстық топтар мен Кремльмен тығыз қатынастағы адамдар басқаратын көрiнедi» дедi. Ал украиндық тыңшылар «Росукрэнергоның» акция пакеттерiне кезiнде экс-президент Леонид Кучма әкiмшiлiгiнде қызмет еткен шенеунiк – Семен Могилевич ие деген күдiгi бар. С.Могилевич – АҚШ Федералдық тергеу бюросы мен Интерполдың iздеуiнде жүрген «жүгiрмек».

Ресеймен «тығылмақ» «ойнаған» еуропалықтар…

Түркiменстаннан Ресейге дейiн тартылған газ құбыры Қазақстан мен Өзбекстан территориясы арқылы өтетiнiн және Қазақстан мен Өзбекстанның Ресейге жеткiзетiн энергоқор көлемiнiң әлдеқайда аз екендiгiн айтқан француз банкирi Жером Гюйе: «Тығырыққа тiрелген орталықазиялық елдер Кеңестер Одағы салған газ құбырының кесiрiнен Ресейге толық тәуелдi болып отыр» дедi. Шынында да, еуропалықтарға энергоқорын тiкелей сата алмайтын орталықазиялық елдер Мәскеу қойған кез келген талапқа мойынсұнуға мәжбүр. «Үлкен сегiздiктiң» министрлерi мұнай тасымалының қауiпсiздiгiн қалай қамтамасыз етерiн бiлмей дал. Өткен аптаның соңында Мәскеуге жиналған «Үлкен сегiздiкке» мүше елдер өкiлдерi экономикалық проблемалар мен жоспарларды емес, Энергетикалық мәселелермен бас қатыруды көздеген едi. Бiрақ. Ол ойлары ақталмады. Себебi, Саммитте Франция энергоқорды тасымалдауға қатысты ұзақмерзiмдiк келiсiмге қол қоюға шақырды. Егер Кремль қарсы болмаса, еуропалық елдер Ресейдiң қосымша құбырлар салуына Дүниежүзiлiк Банктен қаржы алып беруге көмектеспек ойлары болған. Ұлыбритания, Италия мен Еуропалық Комиссия Париж тарапынан бiлдiрiлген ұсынысты бiрауыздан қолдады. Есесiне, Ресей еуропалықтардың бастамасына қырын қараған. Францияның қаржы министрi Тиерри Бретонның Ресейдi Энергетикалық хартия келiсiмiне қол қойдыруға тырысқан әрекетi де нәтиже бермедi. Ресейлiк саясатшы Дмитрий Тренин: «Ресей Еуропалық Одақ пен АҚШ-тың iнiсi деген мәртебемен келiспейдi. Ресейдiң қазiр екi одақтасы бар – мұнай мен газ» дедi. Путиннiң таяушығыстық дауды шешуге араағайындық жасауға мүдделiлiгiн батыстық сарапшылар әлемдiк аренаға әлемдiк держава ретiнде қайта оралғысы келетiндiгiмен түсiндiредi. Мәскеу – кезiнде бай елдер құрған париждiк клубта несие берушi емес, керiсiнше, қарыз алушы мемлекет. Сондықтан қаржылық мәселелердi талқылауда Кремльдiң «ыңғайсыз жағдайда» қалғаны белгiлi. Өткен аптада «Үлкен сегiздiктiң» Ресейден басқа 7 мүше мемлекетiнiң өкiлдерiнiң Лондонда бас қосуы Мәскеу үшiн «жығылған үстiне жұдырық» болған. АҚШ-тың қаржы министрi Джон Сноу «Орынбасарлар жиынынан» хабарым жоқ» деп ант-су iшкенмен, Кремль көңiлiне кiдi алып қалды. Айтпақшы, «сегiздiктiң» саммитiне Үндiстан, Қытай мен Бразилияның қаржы министрлерi шақырылған. Дүниежүзiнде энергоқорлардың ең iрi импортерi болып табылатын Үндiстанның қаржы министрi Чидамбарамның батыстықтар алдындағы екпiнi тау құлатардай болды: «Энергетикалық қауiпсiздiк мәселесiн энергоқор өндiрушi және тұтынушы мемлекеттер қатар отырып талқыға салуы керек. Кезiнде бұл мәселенi Халықаралық валюта қоры көтерген. Бiрақ соңы сұйылып кеттi. Энергетикалық қауiпсiздiк мәселесiн қайталаудан министр Сноу да жалықпайды. Шыққан нәтиже шамалы».

Түркiмен газы қымбаттайды

Польшаның премьер-министрi Казимеж Марцинкевич Еуропалық Одақ пен НАТО-ны энергетикалық қауiпсiздiк туралы келiсiмге қол қоюға шақырды. Ал Еуроодақтың төрағасы Жозе Мануэл Баррозу ЕО мен АҚШ арасында энергетикалық салаға қатысты келiсiм енгiзу қажет дейдi. Баррозудың пiкiрiнше, егер энергетикалық дағдарыс туа қалса, АҚШ та, Батыс та қатар зиян шекпек. Қит етсе, шоқпарын ала жүгiретiн АҚШ Еуропаға ұсыныс жасады: «Ресейдi тезге салып алайық». «Табиғи газ тасымалдауда жемқорлыққа ұрынды» деп Кремльдi айыптаған Вашингтонды энергоқорының басым бөлiгiн орыстардан тасымалдап отырған Еуропа қолдамады. Сондықтан болар, Ақ Үй өкiлi: «Бiз Ресейге қарсы емеспiз. Тек әдiл де ашық сауданы қалаймыз» деп «ағынан жарылды». «Бәрi де уақыттың еншiсiнде» деген пiкiрдегi Еуропа, әйтеуiр, бiр үмiттiң жетегiнде: «Бәлкiм «Газпром» ақылға келетiн шығар…» (үстiмiздегi жылдың басында Кремльдiң кесiрiнен Еуроодаққа мүше бiрқатар елдердiң инвесторлары Катар, Ангола, Нигериямен газ саласына қатысты ұзақмерзiмдiк келiсiм жасауға мәжбүр болған едi). Ал ресейлiк сарапшылар болса, «2020 жылға қарай Еуропа газға деген тұтынушылық қажеттiлiгiнiң 60-70 пайызын сырттан тасымалдауға мәжбүр болады. Құны арзан газ бен мұнайдың дәуiрi әлдеқашан аяқталған» деп шалқайып отыр. Саммитте ВВП Германия, АҚШ, Канада, Жапония, Ұлыбритания, Италия мен Францияның қаржы министрлерiне жанар-жағар майды Таяу Шығыс елдерiнен емес, Ресейден тасымалдауға ұсыныс бiлдiрдi. Алайда бүгiнгi таңда табиғи газды өндiру көлемiн ұлғайтып, оны еуропалық нарыққа жеткiзудi қамтамасыз ету қажеттiлiгi туғандығын айтқан Еуропалық Одақтың Энергетикалық саясат жөнiндегi комиссары Андрис Прибалгс ресейлiк газ өндiру мен газ құбырлары саласында шетелдiк инвесторларға жағдай жасауға шақырды: «Энергетикалық қауiпсiздiк мәселелерiн шешу ауадай қажет. Тек Ресей инвестицияға жағдай жасағанда ғана энергетикалық қауiпсiздiк туралы сөз қозғауға болады». Орыстарға батыл әрi ашық талап қоя алмай, дымы құрып отырған кәрi құрлықтың қаупi негiзсiз емес: «Газпром» Еуропалық Одаққа мүше 25 елдi табиғи газбен қамтамасыз етуге қауқарсыз. Сондықтан энергоқорды еуропалық нарыққа тасымалдайтын балама жолдар табу керек не ресейлiк энергетикалық салаға шетелдiк инвесторлардың барынша көптеп енуiне мүмкiндiк беру керек. Энергетикалық дағдарыс қаупi бұрын КСРО құрамында болған кейбiр елдерге де туып тұр. Күнi кеше ғана орыстармен керiсiп қалған украиндар тағы шу шығарды. 2006 жылдың 4 қаңтарында Ресеймен арада қол қойылған келiсiмде 6 қосымша талаптар бар көрiнедi. Ол талаптардың iшiнде «украиндардың келiсiмiмен, олардың газ сақтайтын қоймалары мен энергоқорды тасымалдайтын құбырлары 25 жылға Ресейдiң тұтынуына берiлуi тиiс» деген бап бар. Оның үстiне, бастапқы «мың текше метрiне – 95 доллар» деген келiсiм 2006 жылдың ортасына дейiн ғана бекiтiлген болып шықты. «Украина 2030 жылға дейiн 1000 текшеметр газды 100 шақырымға дейiн тасымалдағаны үшiн 1,6 доллар алады» деген талап та украиндардың төбелерiнен жай түсiргендей болды. Айтпақшы, 2006 жылдың күзiнде түркiмен газының 1000 текшеметрi бұрынғыдай 65 доллардан емес, 100 доллардан сатылмақ. Бұл туралы ел президентi Сапармұрат Ниязов мәлiмдедi. Демек, күнi кеше ғана орыстар отынсыз және жарықсыз қалдырған украиндардың жүйкесi тағы да бiр рет сынға түспек. Қазiрдiң өзiнде «аузы күйген үрiп iшедiнiң» керiн келтiруге мәжбүр боп отырған Киев Ниязовты ниетiнен қайтаруға тырысуда. Сарапшылардың көпшiлiгi үстiмiздегi жылдың 26 наурызындағы парламенттiк сайлаудан кейiн украиндар ресейлiк-украиндық ұзақмерзiмдiк газ келiсiмiне қол қояды» деген болжам айтуда.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары