«ЖIГIТТЕР»: БIЗДI ТАНЫМАЛ ЕТКЕН «ЕРКЕ ҚЫЗ»

«ЖIГIТТЕР»: БIЗДI ТАНЫМАЛ ЕТКЕН «ЕРКЕ ҚЫЗ»

«ЖIГIТТЕР»: БIЗДI ТАНЫМАЛ ЕТКЕН «ЕРКЕ ҚЫЗ»
ашық дереккөзі
993

Қазақ талантқа кенде емес. Қазақтың, «Әу демейтiн қазақ жоқ» деген қағидасы және бар. Бұлбұл әншiсi де, төкпе жыршысы да, сал-серiсi де, шебер күйшiсi де бар қазақтың. Аузын ашса көмейi көрiнетiн аңқылдаған жайдары қазақтың маңдайына өнердi Құдай аямай-ақ берiптi. Әсiресе, сызылта салған әнi мен төгiлте шерткен күйiнiң жөнi бiр басқа.

Бүгiнде осынау киелi ән өнерiмiзге тағы бiр жастар қадам басыпты. Бұлардың өзге әншiлерiмiзден айырмашылығы, бiреу емес төртеу. Төртеуi де қылшылдап тұр. Жастары 21-22-нiң үстiнде. Бастарының қосылып, квартет құрғандарына да көп уақыт болмаған. Небары үш жыл. Үлкен кәсiби сахнаға шыққандарына бар-жоғы бiр жарым жыл болыпты. Соған қарамастан, қазақ эстрадасында өзiндiк қолтаңбалары қалыптасып үлгердi.

Ердос, Айдар, Бағлан және Еркiн есiмдi төрт жiгiт Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстiк Қазақстан мемлекеттiк университетiнде оқып жүргенде топ құрады. Квартеттiң алғашқы орындаған әнi – Мыңжасар Маңғытаевтың «Iздедiм сенi» атты әнi болыпты. Бiрi – музыкалық бiлiм беру факультетiнде, ендi бiрi – мұнай және газ факультетiнде оқитын, қалған екi әдебиетшi жiгiттiң басын бiр арнаға тоғыстырған өнерге деген құштарлық болса керек. Оны өздерi де жасырмайды.

«Студент атанбай жатып-ақ, бiз бiр-бiрiмiзден алыстап кеткен жоқпыз. Ауданаралық сайыстардан жеңiмпаз болып, облысқа барғанда төртеумiздiң басымыз қосылып, облыс сахналарында бiрге өнер көрсететiн едiк. Кейiн Алла Тағала бiздi университетте қайта жолықтырды», – дейдi Бағлан. Оңтүстiк Қазақстан облысының екi ауданынан болса да, облыстық сахналарда бiрге жүрген жас әншiлер университеттiң қабырғасында жүрiп, ұстаздары Әдiлхан Нұрмағанбетовтiң арқасында бас қосады. Өнердi сүюден, өнерге ғашықтықтан пайда болған квартеттiң алғашқы нәтижесi де жаман емес. 2003 жылдың 17 ақпанында 1-шi республикалық «Арай» жас эстрада әншiлерiнiң байқауында алғаш тұсауларын кесiп, жүлделi орынға ие болады. Сол байқауда екiншi орынды иемденген квартет лауреат атанады. Сол жылдың қазан айында жыл сайын Шымкент қаласында өткiзiлiп жүрген Шәмшi Қалдаяқов атындағы Халықаралық ән байқауына қатысып, гран-придi иемденедi. Осылай ән әлемiне қанат қаққан төрт жiгiт мәдениет пен өнердiң ордасы саналатын Алматыдан бiр-ақ шығады. Оңтүстiк астанаға келгелi берi де «Жiгiттердiң» табыстары жаман емес. Бақытжан Алдиярдың «Ерке қызы» мен Мұхтар Қуандықтың «Бәрi де сен үшiн» атты әндерiне түсiрiлген бейне-клиптерi де сәтсiз емес.

Квартеттiң аты неге «Жiгiттер» деген сауалымызға:

– 2003 жылы «Арай» фестивалiне қатысатын кезде топтың атын жазыңдар деген соң, аяқ астынан «Жiгiттер» деп жаза салғанбыз. Кейiн өзгертемiз деп ойлап едiк, бiрақ осы атау өзiмiзге ұнап қалды. Сосын өзгертпестен, осы қалпында қалдырғанды жөн көрдiк,–дейдi «Жiгiттер».

«Жiгiттер» квартетi күн-түн демей, еңбек етуiнiң арқасында жаңа ән-альбомын жарыққа шығарды. Альбомға он алты ән кiрген. Оның тең жартысы жаңа және осыған дейiн танымал болып үлгерген әндер. Олардың iшiнде «Ерке қыз», «Бәрi де сен үшiн», «Арман-ай», «Жаңа жыл», «Арыс» деген шығармаларының жөнi бiр басқа. Сондай-ақ, «Бұлбұлым» сияқты халық әнi мен ауыздан-ауызға тарап кеткен «Жеңеше» сияқты көше әнi тағы бар. Ән-альбомды «Ерке қыз» атауларының да жөнi бар. Өйткенi, «Жiгiттер» өздерiн көпшiлiкке танымал еткен «Ерке қыз» деп бiледi.

– Менiң ойымша, бұл топтың басқалардан ерекшелiгi – жiгiттердiң барлығы ауылдан шыққан қазақы азаматтар. «Ел iшi –өнер кенiшi» екенiне тағы да бiр рет жұртшылықтың көзiн жеткiзгiмiз келедi,–дейдi квартет продюсерi Ерғали Әбдiрайымов. Жаңа ән жинағының жарыққа шығуына атсалысқан әрi топтың тұрақты демеушiсi «Заңғар» акционерлiк қоғамы көрiнедi. «Жiгiттердiң» әндерiн тыңдап, алғашқы тырнақалды дүниелерiне сүйсiнген ағалары квартетке демеушiлiк танытуды өздерi қолдарына алыпты.

Еркiн, Айдар, Бағлан және Ердостың алға қойған мақсаттары өте көп. Әзiрге «Жiгiттер» өнер атты киелi топырақты нық қадаммен аттаған сияқты.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары