1032
ҚАЗАҚҚА “ДОМБЫРА АКАДЕМИЯСЫ” КЕРЕК
ҚАЗАҚҚА “ДОМБЫРА АКАДЕМИЯСЫ” КЕРЕК
“Күй – адамның ішінде жатқан, мүмкін ешкімге айтпайтын, сыртқа шығармайтын, өзі ғана анда-санда оралып есіне алып қоятын бір сыр сияқты» деп академик А.Жұбанов айтқандай, Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясы, ұлт аспаптар факультетінің ән-күй кафедрасының студенттері жақында ғана тапсырған мемлекеттік емтиханда сол асыл сырларын мемлекеттік бағаға салып бақ сынады.
Студенттердің емтихан тапсыру кезінде ұлттың күйші тұлғаларының орындаушылық, ұстаздық ерекшеліктері туралы да айтылды. Қазіргі сахнадағы орындаушылық отырып-тұру қалпы және мектеп оқушыларына өнер үйретудің негіздері туралы өз ойларын ортаға салды. Емтихан тапсыру барысында олар өз білімдерін ана тілімізде таза сөйлеп, еркін көрсете білді. Консерватория қабырғасында өткен бес жылда жастардың бойында халқымыздың өнеріне деген сүйспеншілік, қызығушылық қалыптасқаны байқалды, өз ұлтының өнерін еркін меңгерген студенттер бойынан парасаттылық, имандылық, кішіпейілділік, жеке тұлға болуға ұмтылушылық қасиеттер жалын атып тұрды. Домбыра өнерімен тәлім-тәрбие алған жастар сауатты, білімді, ерте есейген, ойлау қабілеті жоғары, әрқайсысы жеке тұлға сияқты көрінді. Жалпы білім мазмұнына домбыра өнерін енгізу қажет екенін осы консерватория студенттері мемлекеттік емтихан тапсыру барысында дәлелдегендей болды.
Қазақ жерінде қалыптасқан түрлі аймақтық күйшілік мектептердің өзіндік қайталанбайтын ерекшеліктерін терең талдап, орындау тәсілдерін, әсіресе, оның ішкі мазмұнында жатқан қағидаларды ажырата айтуы сүйсіндірді. Әуендік дыбыстарды орындау, оны тыңдармандарға жеткізу барысында олардың өзіндік жеке ерекшеліктерін талдай білді, тіпті ұқсамайтын дауыс ерекшеліктерін де жақсы ажырата алды. Домбыра өнерінен бастау алған сан түрлі жанрлар жыр, терме, ән, күй, айтыс, қисса дастан, толғаулардың мәдениетіміздің кешеніндегі өзара үйлесімдігін көрсетті. Домбырамен сүйемелдеу барысында кездесетін түрлі штрих, қағыс, саусақ басу (перне) әдіс амалдарының қырларын аша білді. Домбыраны құлақ күйге келтіру, құрылымы, сүйемелдеу, отыру қалпы (постановка), күй тарихы, ән айту т.б. ерекшеліктер туралы ғылыми түсінік-пайымдарын танытты.
Жасөспірімдердің анатомо-физиологиялық психологиялық ерекшеліктеріне негізделген музыка бойынша жұмыс жасау туралы өз пікірлерін ортаға салды. Оқушыларда кездесетін өтпелі кезеңде дауыс қою, есту, есте сақтау, ес түрлері туралы айтқан білімдері жоғары болды.
Жетісу, Арқа, Маңғыстау, Сыр, Батыс, Алтай Тарбағатай, өңірлерінде қалыптасқан Мұхит, Біржан, Ақан, Сегіз Сері, Батақтың Сарысы, Сүйінбай, Жамбыл, Нұрпейіс, Нартай, Нұртуған, Наурызбек т.б. өнер тарландарының творчестволық жолдарына талдау жасап отырды. Әсіресе, маңғыстаулық жеті қайқының күйші серілердің өнерлерін білетіндері қызғылықты болды.
Студенттердің жан-жақты күйшілік, әншілік орындаушылық өнерін меңгеруін педагогикалық, психологиялық сырларын терең білуін осы консерваторияда білім беріп жатқан ұстаздардың ұшан-теңіз еңбектері деп бағалауға болады.
Ол – әрі ұстаз, консерватория ректоры Ж.Әубәкірова, факультет деканы К.Сахарбаева, кафедра меңгерушісі Қ.Байбосынов, тәлімгерлік көрсеткен оқытушылар Р.Стамғазиев, С.Жанпейсова, А.Қосанова, Е.Қосбармақов, Қ.Тасбергенов, М.Әбуғазиевтердің ұстаздық шығармашылық табысы. Бұл көрсеткіш консерваторияның аға буын ірі ұстаздары Қ.Мұхитов, Т.Мерғалиев, Қ.Ахмедияров, А.Жайымов, А.Тоқтағанов, Б.Ысқақов, А.Үлкенбаева, М.Қалимбаева, З.Бисембаева, Ғ.Молдакәрімова, Д.Тұяқбаев, Б.Қосбасаров, Ш.Рауандина т.б. ұстаздардың үлгісі екені байқалып тұрды.
Мен өзім де домбыра философиясы, домбыра психологиясы, қазіргі сахнадағы домбырашының еркіндік қалпы (постановка), күй – рух атты зерттеу жұмыстарымның бағыттарының өзектілігін осы мемлекеттік емтихан тапсыру барысында кең көлемде аңғарғандай болдым.
Сөйтіп болашақ студенттер мемлекеттік емтиханды өте жақсы тапсырып, алда күтіп тұрған ұстаздық жолға дайын екендерін таныта білді. Бұл консерваторияда ғаламдану үрдісіне төтеп бере алатын білімді өнерпаздардың дайындалып жатқаны көрінді. Осындай білім ошағында алған инабатты, қазақи тәрбиелі түлек мамандар бүкіл қазақ мектептеріне аса қажет деген ризалық пайыммен емтихан қорытындысына жоғары баға берілді. Осы қазаққа бір «Домбыра академиясы» керек екен деген ойда қалдық…
Жасарал Еңсепов,
Мемлекеттік емтихан төрағасы