“Қара алтын”: жауһар мен қауқар
“Қара алтын”: жауһар мен қауқар
Кез келген мемлекетті бүкіл әлемге танытатын өзінің құндылығы болады десек, біздің елімізде де сол құндылықтардың бір бөлігін жерасты қазба байлықтары құрайды. Елбасымыз “экономикамыздың басты локомотиві” деп баға берген мұнай арқылы еліміз алдыңғы қатарлы 10 мемлекеттің қатарына қосылып үлгерді. Сол арқылы біздің елді төрткүл дүние танитындай болды. Мұнай саласын жақсарту мақсатындағы жүргізілген реформалар өз деңгейінде жүзеге асырылып жатыр. Еліміздегі мұнай өнеркәсіптері жыл сайын жаңа қарқынмен дамып келеді. Қазіргі кезде ел экономикасында байқалған оң өзгерістердің дені мұнай саласында екені және рас. Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты, талай жыл “Ембімұнайгаз” өндірістік филиалын басқарған Нұрпейіс МАҚАШҰЛЫМЕН болған сұхбат осы саланың бүгінгі таңдағы даму-өркендеу барысы туралы.
– Нұрпейіс Мақашұлы, ғасырға жуық тарихы бар мұнай өндірісі ел экономикасына барынша қозғау салып, жыл өткен сайын жаңа қарқынмен өрістеп келеді. Әр нәрсеге уақыт сыншы десек те, кеңестік кезеңмен салыстырғанда тәуелсіздік алған он төрт жыл ішінде еліміздің мұнай өндірісі саласында қандай өзгерістер байқалды?
– Еліміз егемендік алғалы бері талай өзгерістерді, талай қиыншылықты бастан өткеріппіз. Бірақ, сол қиыншылықтар өз еңсемізді тіктеп, болашақ бағытымызды, жүрер жолымызды айқындап алуға көмектескенін де айта кеткен абзал. Әрине, кеңестік кеңістіктегі ел экономикасын әлемдік деңгейдегі орны айрықша маңызға ие, мақсат-мүддесі айқын бүгінгі таңдағы әлеуметтік-экономикалық жағдаймен салыстыруға мүлде келе қоймас. Жаратқан иенің жазиралы кең байтақ жерімізге берген ерекше сыйы–“қара алтынның” қасиетті қазақ жерінің ырыс-несібесін арттырудағы, жұрттың әл-ауқатын жақсартудағы рөлі қаншалық зор маңызға ие екендігін соңғы жылдары әсіресе Каспий төңірегіндегі әңгіменің үдей түсуімен әбден байланыстыруға болар еді.
Экономикалық мәселе бүгінгі таңда қоғамдағы ең негізгі салаға, адам өмірінің деңгейін ажыратар өзекке айналып отырған кезде мұның бойына қуат дарытар қантамыры іспеттес мұнайға деген талап пен тәртіпті ендеше елдік мәселе деп қарау лазым. Бұл реттен келгенде, ел экономикасын тиімді реформалау бағытында да біршама ауыз толтырып айтарлықтай қыруар жұмыстар атқарылуда. Аз уақыт ішінде экономиканы өркендету жолында түрлі нарықтық реформалар жүзеге асырылып, елімізге шетелдік инвестиция көптеп тартылуда.
Бұның бәрі нені көрсетеді? Бұл ең алдымен, жаңадан бой көтеріп, еңсе тіктеген жас мемлекеттің хал-қауқарының өсіп, тәжірибелі елдер экономикасы деңгейіне дейін көтерілуіне барынша күш салу мақсатынан туындаған еді. Өткен жылдарға көз жіберген Елбасымыз биылғы халыққа Жолдауында: –“Ол жылдар біздің мемлекетіміздің ұстанар бағыты мен алдына қойған мақсатын айқындаған жылдар болды. Осындай сын сағаттарда байқаусызда жіберілген бір ағаттық іс пен бұрыс шешім еліміздің алдағы бағыт-бағдарын мүлдем басқа арнаға бұрып, елеулі өзгеріске ұшыратуы мүмкін еді”, – деген болатын. Расында сол кезде қалт жіберген қандай да бір ағаттық шешім ел экономикасына орасан зор шығын әкелер еді. Сол себепті, ел игілігі –”қара алтынды” тиімді пайдалану–тек экономиканың ғана емес, мемлекеттің болашақта ұстанар саясатын айқындап берді десек, артық айтпайтын шығармын.
– Астанада өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің басқосуынан кейін әлем назарының Каспий аумағында туындап жатқан мәселелерге барынша ауа түскені, ал бұл туралы әлемдік қауымдастықта түрлі пікірлердің қылаң беріп қалып жатуы да мәселеге байыпты үңілуді қажет етері сөзсіз. Мұндай алаңдаушылықтар шет мемлекеттердің мұнай өндірісінен гөрі әлдебір саяси мақсатты көздеуінен туындап отыр деуіміз керек пе?
– Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің басшыларының кездесуінен кейін, шынында да алуан түрлі пікірлер мен көзқарастардың байқалып қалғанын айту керек. Қазіргідей жаһандану заманында кез келген мемлекет үшін саяси мәні аса зор осындай мәселелер төңірегінде дәл мұндай көріністің айқын байқалып қалатындығын жоққа шығармасақ та болады. Сәті келіп тұрса, әркім өз “қоржынын” бөтеннің игілігімен толтыра түсуге қашан да бейім тұрады. Дәл осындай көрініс басқосудан кейін Каспий теңізі төңірегінде ерекше байқалған еді. Десек те, бір кездегі кеңестік кеңістікте орналасқан мемлекеттердің бірі –Қазақстанның саяси аренаға шығуы арқылы ең алдымен, өзінің дербес үні мен алға қойған мақсат-мүддесін барынша жан-жақты саралап, айқындап алғандығы, айналамыздағы әр мемлекеттің “миының қатпарында” жатқан ойын дөп басып табу арқылы екі таразының басын тең ұстауды, түйткілді дүниенің түйінін абайлап шешу арқылы ымыралыққа жол ашуды мақсат тұтқандығы қуантады. Еліміздің игілігіне көз тігіп отырған кейбір көршілес мемлекеттердің қым-қуыт саясатының шеңгеліне ілінбей, тек еліміздің тыныштығы мен бірлігіне зиян тигізбейтін мақсатты көздеу – Елбасы ұстанған саясаттың басты арнасы екені және аян. Ал бұл ұстаным еліміздің басқа ел алдындағы деңгейінің қандай болу керектігіне қозғаушы күш болары анық.
– Мұнай саласына қатысты жасалып жатқан жобалардың ел экономикасының өркендеуіне тигізер ықпалы қаншалықты?
– Бүгінде Қазақстанның әлемдік өркениет өркешінен ойып тұрып орын аларлықтай деңгейге жеткендігін дәлелдейтін кез жетті. Бұл тұрғыда экономиканың басты қозғаушы күш екендігін де ұмытпаған жөн. Ал экономиканың күшті қарқын алуына өз кезегінде тиімді қабылданған заңдар мен дер уақытта жасалынған жобалар да ықпал еткені даусыз. Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырына келсек, оны қазіргі таңдағы ең тиімді жоба ретінде бағалауға болады. Сол арқылы біз Әзірбайжан арқылы Ақтаудан экспортқа шығарылатын мұнайдың мөлшерін арттыруға мүдделі болып отырмыз. Көршілес Қытай мемлекеті мен Қазақстан арасындағы байланысты кеңейту мақсатындағы Атасу-Алашанқай бағытындағы жоба да біз үшін аса маңызды жоба болып есептелініп келді. Көпшілікті өзіне қаратып отырған Каспий теңізі біреу болғанымен, оның байлығы – “қара алтынды” тең бөліскісі келетін мемлекет бірнешеу. Осы мемлекеттердің әрқайсысы да өз кезегінде өздеріне тиесілі үлестің қомақты көлемде болуын барынша қарастырып бағатыны белгілі. Сол себепті, теңіздің құқықтық мәртебесін айқындауда нақтыланған батыл позиция ұстанып, осы жолдағы істерді неғұрлым тиянақты атқару аса маңызды. Қазақстанның көпвекторлы саясаты өзінің геосаяси жағдайын, экономикалық, саяси мүддесін басқа елдермен өзара татулық, сенім, шекаралық тұтастық негізінде тіршілік жасауға негіздеп отыр. Көпвекторлы саясат мұнай саясатын жүргізу үшін де тиімді.
– Қазіргі таңда сізді мұнайға қатысты не нәрсе көбірек алаңдатады?
– Мұнай – халқымыздың игілігі үшін бізге Құдайдың берген несібесі. Десек те, сол несібені біз қаншалықты дұрыс пайдаланып, қаншалықты бағалай алып жатырмыз? Міне, осы сауалдар мені жиі толғандырады. Әрине, оның бәрі бірінші кезекте тек өзімізге байланысты. Осы байлықты тиімсіз ысырап қылу ең әуелі жер қойнауы байлығының таусылуына әкеліп соғатынын естен шығармасақ деймін. Қазір онсыз да Мақат, Құлсары, Доссор кен орындары мен Ескен, Байшонас, Қошқар, Комсомол кеніштерінде мұнайдың мүлдем сарқылуға шақ қалғаны жанымызды жабырқатар еді. Ал “Ембімұнайгаз” өндірістік филиалының кеніштерінде 75 миллион тоннадай ғана қор қалғандығы анықталды. Егер мұнайды бұдан кейін де жылына 3 мың тоннадай тиімсіз пайдалана берсек, 20 шақты жылда бұл жерде мұнайдың тіптен сарқылып, таусылуына әкеліп соғатынын ұмытпаған жөн. Сондықтан да қазір ел игілігіне айналып отырған мұнайға жай көзбен қарамай, оны тек шикізат күйінде ғана пайдаланбай барынша тиімді өндіріп өңдеуге де зор мән берілуі қажет.
– Ал осы мәселеге мемлекет тарапынан қаншалықты көңіл бөлініп отыр?
– Бүкіл әлемдік экономикалық аренаға кеңінен танымал болған елдер қай кезде болмасын басқа елдермен жақсы қарым-қатынас орната отырып, бірінші кезекте “ең алдымен, өз еліме қай жағынан пайда әкелсем, экономикаға игілік пен нәр әкелетін әне бір бұлақ көзін өз жеріме қалай бұрып алсам” деген мәселе төңірегінде бас қатыратыны белгілі. Десек те тек өзгенің игілігіне ғана көз тіге бермей, өз игілігіңді тиімді пайдалануға да көп көңіл бөлінсе екен дейміз. Мұны ең алдымен мұнай саласына байланыстырып айтқан жөн. Өз мемлекетімізге пайда әкелудің бірден-бір жолы – мұнайды тек шикізат күйінде ғана сатып емес, оны өңдеп, түрлі өнімдерді өндіріп, қымбатқа сату ел экономикасы үшін аса тиімді болмақ. Осы тұрғыда біршама игі жұмыстар да атқарылып жатыр. Солардың бірқатарына тоқтала кетсек, қазіргі таңда елімізде “Аджип” консорциумы, “Қарабатан” мұнай-газ өңдеу зауытын салу қолға алынуда. Бұдан басқа осыдан 2 жыл бұрын “Шеврон техсаконың” полиэтилен, пластиктік трубалар жасау зауыты іске қосылған болатын. Сонымен бірге бүгінде Атыраудағы мұнай өңдеу зауыты қайта жобаланып, жан -жақты кеңейтіліп жатыр. Егер осындай жұмыстар алдағы уақытта да лайықты деңгейде атқарылатын болса, онда жоғарыдағы біз көтерген мәселенің өз шешімін табуына жол ашылар еді. Бұрын мұнайдан керосин, мазут, кокс секілді 6-7 өнім түрі ғана шығатын болса, зауытты жаңа үлгіде қайта жобалаудан кейін оның 25-ке тарта түрі, сонымен бірге матор майлары мен 95, 96 маркалы бензин шығарылатын болады. Қазір біз өзімізге қажетті мұнайды көптеп шығарудамыз. Десек те, мұнайдың битум секілді ауыр түрі жер қойнауында әлі де қалып қойып отыр. Егер қаржы бөлініп, мұнайдың осы түрлерін сыртқа шығаратындай жаңа технология сатып алынып, оны іске қосатын болсақ, экономикамызға едәуір табыс алып келеді.
Сонау 90-шы жылдары химия зауыты жұмыс істеп, одан этилен, пропилен газдары алынып, басқа да химиялық заттар шығарылатын. Енді алдағы уақытта мемлекет тарапынан қаражат бөліп, осы зауытты қайтадан жандандырсақ, бұл да мемлекет экономикасына пайда әкелетін тетік болар еді.
– Атыраудың ел экономикасының өркендеуіне қосып отырған үлесінің қандай екендігі көпшілікке белгілі. Экономикамыздың басты қозғаушы күші саналатын да Атырау секілді “бар” аймақтар. Алайда басқа қалалардың осындай “донорларға” алақан жая беруі, масылдық мінезді одан бетер өршітіп алғандай ма?
– Расында бұл қазіргі таңда әсіресе, мұнай саласында жүрген азаматтардың көпшілігін толғандырған түйткілді мәселе деуге болады. Үнемі осындай жолмен жүре берсек, әрине масылдық мінез өршімек түгіл, “жегі құрттай” кеулеп кетуі де ғажап емес. Себебі қазір донорды мейлінше “сора беру” тәсілі көп қырсығын тигізуде. Бір ғана Алматыны алайық, мемлекеттік бюджетке төленетін қаржының әуелі 30 миллиард, одан әрі 45 миллиард, кейін тіптен 90 миллиардқа дейін көтерілуі масқара емес пе? Яғни, қанша көп тер төксең, берерің де соншама өсе түседі деген сөз. Мұндай масылдық пиғыл туғызатын құрылым елдегі ахуалды түземейді, керісінше кіріптар облыстардың санын көбейте түседі. Олардың басындағы мәселе осылай біржақты шешіліп отырғандықтан әлгіндей көмекке зәру өңірлер бұл қиындықтан, яғни өзгеге кіріптар күйден қалай шығу керектігі туралы әсте ойланып жатпайды. Бұл жерде айта кету керек, елде осындай жағдайдың қалыптасып кеткеніне біріншіден өзіміз кінәліміз. Неге дейсіз ғой? Біздің өз кезегімізде басқаға қол жая беруді жаман әдетке айналдырып алған осындай аймақтардың өздеріндегі кездесіп жатқан күрделі мәселелерді қалай шешіп, қиындықтан құтылу үшін нендей істер атқарып жатқанын білуге бас қатыруымыз шамалы. Оның есесіне “кедейшілік жағдайындағы артта қалған аймақ қой, қайта көбірек берейік” деп жанталасып жатамыз. Сондықтан да мен бұл мәселеге тек біржақты қарау, “донор” қалалардан тек ала беру саясаты қате деп айтар едім. Біздің әлеуметтік-тұрмыстық деңгейі төмен, артта қалған аймақтарға ұдайы көмек беріп, қолдау көрсетіп қана қоюымыз жеткіліксіз. Сол себепті біз, депутаттар өз тарапымыздан олардың сол қиындық атаулыны жеңіп шығуы үшін не істеулері керек екендігіне ерекше мән беріп, кемінде алдымыздағы он жылдың әлеуетін көре білуіміз де керек. Донорлардан өз керегімізді ала бермей, олардың мүдделері де назардан тыс қалмаса игі еді. Әйтпесе, алынар қаржының жылдық кірістен асып кетіп, маңдай тердің текке шашыла бергені кімге ұнасын? Сондықтан қандай да бір мәселеге тек біржақты қарау ел экономикасына кері әсер етпесе, алға бастырмасы анық.
– Сайлаушылар сіздей халық қалаулысымен кездескен кезде көбіне қандай мәселелерді алға тартады?
– Сайлаушыларды толғандырар мәселелер әртүрлі. Көпшілігін мазалап жүргені–ауылдағы ауыз су тапшылығы, жарық, газ секілді күнделікті тұрмысқа қажетті ең бір өзекжарды мәселелер. Ал олардың тағы да маңыздыларына тоқталсақ, сайлаушыларды бұл өңірді келешекте еркін экономикалық аймақ ету, сондай-ақ, Солтүстік Каспий қайраңындағы байлықтың жай-күйі қатты толғантады. Бірақ та бұл әлі де болса жан-жақты сараптау мен таразылауды қажет ететін өткір мәселелер.
– Қазіргі таңда мұнайшылардың мұң-мүддесі қалай қорғалуда? Мұнайлы аудандағы халықтың әлеуметтік жағдайы қандай?
– Атырау облысы ел экономикасына қаржы әкелетін донор аймақ болып саналғандықтан басқа облыстармен салыстырғанда, ол бүгінгі күні өте бір айрықша және де өзінің ел қалтасына құйып отырған ұшан-теңіз табысы мен тікелей сол үлесіне лайық өзіне тиесілі “сыбағасын” алуға мүдделі өңір. Басқаша айтсақ, бұл облыс қазір елдің “сауын сиырына” айналып кеткендей. Ол арқылы мемлекет бюджетінің қоржынына жыл сайын қомақты қаржы келіп түсуде. Мысалы, 2004 жылы мемлекет қоржынына 252, 2 млрд. теңге құйылса, ол өз кезегінде мемлекеттік бюджеттің 26 пайыздық көрсеткішін көрсетті. Ал, биылғы 2005 жылы ол көрсеткіш 33 пайызды құрап отыр. Яғни осы жылы мемлекет бюджетінің қоржынына 400 млрд. теңге көлемінде кіріс түсіпті. 2006 жылы да бұл көрсеткіш жоғарыламаса, төмендемесі анық. Осы аймақтың бүкіл республикалық көлемде инвестиция тартудағы жалпы үлесі 35,7 пайызды құрап отыр. Ал ол жоғары көрсеткіш саналады. Жалақылары қанша жоғары болғанымен бұл облыс кедейшілік деңгейі жағынан республика бойынша алдыңғы орында. Біріккен ұлттар ұйымының Атырау облысында жүргізген есебі бойынша жалақы көрсеткіші мен жалпы ұлттық өнімнің көлемі қанша жоғары болғанымен, бұл облыстағы кедейшілік деңгей 29,1 пайызды көрсетіп отыр. Ал туберкулезбен ауыратындар санының көптігі жағынан Атырау облысы республика бойынша 2-ші орында тұр. Сонымен бірге ана мен бала өлімі жағынан ең жоғарғы көрсеткішті көрсеткен аймақ ретінде тіркеліпті. Бір қарағанда нарық саласындағы басты байлық саналатын мұнай көптеп өндірілгеннен кейін мұнда тұратын халықтың әлеуметтік жағдайы да басқаларға қарағанда жақсы болып көрінуі мүмкін. Бірақ шын мәнінде облыстағы жағдай мүлдем ондай емес. Аймақтың әлеуметтік жағдайын өз көзімен көріп, жан- жақты таразылап келсе, бұл жерге ешкім де өз еркімен қоныс аударғысы келмес еді. Себебі онда тұратын халықтың әлеуметтік жағдайы көңілге жылылық ұялата қоймайды. Әрине, мұнайшылар жағдайының жақсы болатыны жасырын емес. Бірақ Атырау облысы халқының 20 пайызы ғана мұнайшылар, ал қалған тұрғындардың қарапайым жұртшылық екенін де ұмытпаған жөн. 20 пайызды құрап отырған мұнайшылардың орташа жалақысы 90-100 мың теңге болса, ал қалған 80 пайыз әлеуметтің орташа жалақы көлемі небары 10-12 мың теңге ғана. Осы жерде бізді ерекше қынжылтатыны, мұнайлы өлкеге талаптың тым қатал қойылып отырғандығы. Қанша “бай” өлке саналғанымен бұл жерде күн көру басқа қалаларға қарағанда қиындық туғызуда. Басқаша айтсақ, қазіргі нарық бұл аймаққа шеңгелдей “тырнағын” оңдырмай-ақ батыруда. Бір ғана жәйтті алайық, мәселен, Атырау базарындағы ет бағасы Астана, Алматы секілді ірі қалаларға қарағанда әжептеуір жоғары. Бұл қарапайым мысалдың артынан үлкен мәселенің басы қылтиып тұрғанын көруге болады. Ол мемлекеттік бюджетті қайта жоспарлау мәселесіне байланысты.
Одақ кезінде географиялық, экологиялық, табиғи-климаттық және әлеуметтік ерекшелігіне байланысты республикамыздың кейбір аймақтарына белгілі бір аймақтық коэфициент белгіленіп келді. Зиянды заттардың атмосфераға көп мөлшерде таралуы жағынан Атырау Қарағанды және Павлодар облыстарынан кейінгі 3-ші орында тұр. Соның әсерінен ана мен бала өлімі мен туберкулез секілді ауру түрлері кеңінен етек жайып кетті. Оған Азғыр және Тайсойған секілді ядролық, әскери сынақ аймақтарын қосыңыз. Ал, ауыз су мәселесі өз алдына жатқан үлкен бір мәселе. Сол себепті де су тазалайтын құбырлар жүйелерін қайта жобалау мәселесін дұрыс жолға қою жағын көп кешіктірмей қолға алған жөн. Әрине мұндай ауқымды мәселелерді шешуге едәуір қомақты қаржы керек. Десек те экономикамызға көп пайда әкелетін мұндай аймақтардан тек ала беру жағын ғана ойламай, сол жерде тұратын халықтың әлеуметтік жағдайы мен жанайқайына да құлақ асып, көп көңіл бөлініп отырса, “қара алтынның” қауқары халықтың қабағындағы мұң мен кірбіңді шаюға қаншалық жетіп немесе жетпей жатқан олқы тұсын анық бағамдар едік.