АРИЕЛЬ ШАРОНҒА БІРЕУ ӨМІР, БІРЕУ ӨЛІМ ТІЛЕЙДІ

АРИЕЛЬ ШАРОНҒА БІРЕУ ӨМІР, БІРЕУ ӨЛІМ ТІЛЕЙДІ

АРИЕЛЬ ШАРОНҒА БІРЕУ ӨМІР, БІРЕУ ӨЛІМ ТІЛЕЙДІ
ашық дереккөзі
396

Израильдің саяси сахнасында ұзақ жылдар бойы үстемдігін жүргізген 2 көсемнің бірі бүгінде – 77-де (Ариэль Шарон), бірі – 82-де (Шимон Перес). 1973 жылы құрған Еңбек партиясының тізгінінен айырылып қалған Перес оңшыл бағыттан бас тартып, центристік бағытқа бет бұрған Шаронның шашбауын көтеруге дайын отыр. 77 жастағы израильдік премьер үстіміздегі жылдың 28 наурызындағы парламенттік сайлауда жеңіске жетуден үмітті. Саяси және әскери мансабының соңғы кезеңдерінде табиғатына мүлде қарама-қайшы келетін әрекеттерімен әлемді ғана емес, талай жылдан бері жанында жүрген үзеңгілестерін қайран қалдырған Ариэль Шарон ауруханада жатыр. Біреу өмір тілейді, біреу — өлім…

Ариэль Шаронның саяси сахнадан уақытша болса да, шетке шығып қалуын палестиналық саясаткерлер әртүрлі қабылдады. Палестиналық әкімшілік басшысының орынбасары Набиль Шаат Шаронның дерті қазіргі бейбітшілік бағытқа кері әсерін тигізетінін мәлімдесе, палестиналық премьер-министр Ахмед Куреи: «Шарон ажал құшса, Израиль үшін ғана емес, Таяу Шығыс үшін орны толмас қаза болмақ» деді. Ал Палестинаның Еңбек министрі Гассан Хатиб керісінше, аймақтағы бейбітшілікке де, қауіпсіздікке де Шарон қол жеткізе алмағандықтан, оның қазасы бейбіт келіссөздерге айтарлықтай ықпал етпейді деп есептейді. Израильдік премьерді «әлемдегі ең әлсіз көсем» деп айыптаған «ХАМАС» тобының өкілі: «Шаронның дерттен айығып кеткенінен гөрі өлгені бүкіл аймаққа әлдеқайда тиімді» деп салды. Палестина халқы осылайша өзара қызылкеңірдектікке салынып жатқанда, иерусалимдік дәрігерлер ес-түссіз жатқан Шаронға шипа болар емін жасап бақты. Оған операция жасаған нейрохирург Иосиф Коэн Шаронның аяқтан тұрып кету мүмкіндігі өте жоғары екендігін айтқанмен, премьерлік таққа қайта отыруына күмән келтірген болатын. Алайда 77 жастағы премьер 2006 жылдың 28 наурызына жоспарланып отырған парламенттік сайлауға қайта түсетінін алдын ала мәлімдеген еді. Сондықтан израильдік үкімет басшысының жақтастары мен үзеңгілестері: «Оның ойынан айнып қалуы мүмкін емес» дейді.

«Жерді иелеріне қайтару керек»

1967 жылдың маусымында генерал Моше Даян Израильдің бірінші премьер-министрі Давид Бен-Гурионды тікұшақпен көкке алып ұшты. Мақсат – шау тартқан премьерге кәрі Иерусалим мен соғыстың нәтижесінде қол жеткізген аумақты (Иордан өзенінің батыс жағалауы) көрсету. Өз жеңісіне масаттанған өркөкірек генерал Бен-Гурионнан мақтау күткені анық. Алайда тікұшақтан түскен бетте премьер генералдың қолынан шап береді: «Басып алған жерді иелеріне дереу кері қайтару керек. Тек осылайша ғана бейбітшілікті сақтап қалуға болады». Бен-Гурионның айтқанымен келіскендер аз болды, есесіне, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» мамыражай тірліктен де мән қашты. II Дүниежүзілік соғыстан кейін Израиль мемлекетінің құрылуы – Жер шарына тарыдай шашырап кеткен еврейлер халқын халықаралық деңгейде мойындатып, олардың Отанын құруды мақсат еткен сионистік қозғалыс мүшелерінің ең басты жетістігі. Алайда Израиль құрылғаннан-ақ палестиндіктерден құралған Палестинаны азат ету ұйымы өкілдері мен еврейлердің араб көршілері арасында бітпес жер дауы басталды. Израиль құрылған күні-ақ оған қарсы соғыс ашқан Египет, Иордания, Сирия мен Ливан әлі күнге қарулы күресі мен шабуылын тоқтатқан жоқ, Өзгенің жерін тартып алу арқылы мемлекет құрған еврей халқы сан соғыстан көз ашпады. Арада 50 жылға жуық уақыт өткенде «Ликуд» партиясын басшылыққа алған мүдделі топ – оңшылдар Израильдің топырағын барынша сақтап қалу жолында аянбай күресетіндіктерін мәлімдесе, Шарон басшылық ететін және Перес қолдайтын центристер кезінде басқыншылықпен тартып алынған жердің белгілі бір бөлігін қайтаруды көздейді. Сарапшылар: «Шаронның палестиндіктерге жерін қайтарып беруге деген құлшынысы әділдіктен емес, Израильдің келешегіне қатер төнеді деген қауіптен туындап отыр. Өйткені, Газа секторы мен Иордан өзенінің батыс жағалауында түбі араб палестиндіктердің демографиялық тұрғыда күн санап өсіп келе жатыр. Ариэль ерте ме, кеш пе, Израильде тұратын палестиндіктер күшейіп кетсе, «сақал сұраймын деп жүріп, мүйізінен айрылып қалған» тоқал ешкінің кебін киемін деп қорқады. Сондықтан А.Шаронның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Гиора Эйландтың: «Бұл аймақта Израильдің аса маңызды жоспары мен мүддесі болмағандықтан, аталған аймақты босату бастамасы салыстырмалы түрде алғанда, онша ауыр соққан жоқ» деп мәлімдеуі бекер емес. Израильдік билік халықаралық сарапшылардың «Халықаралық құқық тұрғысынан алғанда, Газа секторы мен Иордан өзенінің батыс жағалауында 400 мың еврей 1967 жылдан бері заңсыз тұрып жатыр» деген ескертуін қабылдамай тастады. Есесіне, үй-жайын тастап, өзге жаққа қоныс аударуға қарсы болған еврей отбасыларын Газа секторынан күш қолдану арқылы шығару өз партиясының кейбір мүшелері мен үкіметтік коалицияға мүше басқа партиялар өкілдері тарапынан қатаң сынға ұшырады. Оның үстіне, «бұл не қылған батпан құйрық?..» деп Шаронның шешіміне секемдене қараған палестиндіктер израильдік премьердің әрекетінде бейбіт келісімге келуден гөрі «айттым – бітті, кестім – үзілді» деген доқ көрсету бар екендігін айтады. «Біржақты бастаманың астарында екіжақты тиімді келіссөз жүргізу емес, айтқанына көндіріп, айдағанына жүргізуді көздеген диктаторлық мақсат жатыр» (Израильмен келіссөздердегі палестиналық делегацияның жетекшісі Саеб Эрекат).

Сергелдеңге салған сайлау

Шаронның дертінен есеңгіреп қалған еврейлер «Елдің ертеңі не болады?» деген сауалмен бас қатырса, палестиндіктер үстіміздегі жылдың 25 қаңтарына жоспарланып отырған парламенттік сайлаудың әлегі мен елдің ішкі саясатында орын алған дағдарыстарға алаңдайды. Израильдік үкімет Иерусалимнің шығыс бөлігінде тұратын палестиналықтарға ПА парламенттік сайлауына қатысуға рұқсат берді. Бірақ ел Конституциясына сілтеме жасаған изралиьдік билік пен полиция қызметкерлері сайлауға өзін-өзі ұсынған тәуелсіз үміткерлер – Ханан Ашрави мен Мұстафа Баргутидің Шығыс Иерусалимде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуіне үзілді-кесілді қарсылық білдірді. Палестинаның президенті Махмуд Аббас егер қаланың арабтар көп шоғырланған шығыс бөлігінде сайлауалды кампания жүргізілмесе, парламенттік сайлаудың басқа бір күнге белгілеуге мәжбүр болатынын мәлімдеді. Шындығына келсек, палестиналық биліктің израильдіктер тарапынан көріп отырған құқайы бір бұл емес. Өйткені, билік тізгінін ұстап отырған «ФАТХ» тобы парламенттік сайлауда «ХАМАС» қозғалысы өкілдерімен болатын бәсекелестікке төтеп беруі тиіс. Ал израильдік билікті әбігерге салған тәуелсіз кандидат Ханан Ашрави отандастарын ақылға келуге, сондай-ақ, сайлаудың нақты мерзімін белгілеуге шақырды: «Бізде (Палестинада – Н.Ж.) ішкі саяси ахуалдың ширыға түскенін және заңның сақталмайтынын жақсы білеміз. «ФАТХ»-тың ішіне іріткі түскені де ешкімге жасырын емес. «ХАМАС»-тың билікке өршелене ұмтылғаны да көпке құпия емес. Бірақ барлық проблеманы шешу және оның алдын алудың бірден-бір тиімді жолы әділ де ашық сайлау өткізу екендігін естен шығармауға тиіспіз».

Шарон палестиндіктерден қорқады

Израиль премьер-министрі Ариэль Шарон 1928 жылы сол кезде британдықтардың қол астында болған Палестинада дүниеге келген. Мал шаруашылығы саласында үлкен тәжірибесі бар, ауқатты тұратын және Иерусалимнің мұсылмандар шоғырланған бөлігінен үй салған Шарон 1990 жылдары (тұрғын үй жөніндегі министрі қызметінде жүргенде) осыдан 50 жылдай бұрынғы басқыншылық кезінде еврей әскерилері күштеп тартып алған жерлерге израильдіктердің көптеп қоныстануына ықпал етті. Сонымен қатар оның есімі 1982 жылы Ливанға бағытталған басқыншылық әрекеттермен де тығыз байланысты. Қорғаныс министрі қызметінде жүрген ол израильдік әскерилерге Палестинаны азат ету ұйымының базасы орналасқан Бейрутке (Сабр мен Шатил лагерлеріне) басып кіруге және Израильдің одақтасы болып табылатын жүздеген палестиндік босқынды жаппай қыруға бұйрық береді. Алайда келесі жылы израильдік әскери трибунал «жанама түрде кінәлі» деп тапқандықтан, Шарон отставкаға кетуге мәжбүр болады. Израильдегі арнайы құрылған комиссия мүшелері тіпті, Шаронның жоғары лауазымдық қызметке қайта келуіне қатаң тыйым салған еді. Жолында кездескен талай қиындыққа мойымай келе жатқан Шарон өзіне «қатігез саясаткер», ал екі ұлына «жемқор, парақор» деген айыптың тағылғанына қарамастан, алдағы парламенттік сайлауда жеңіске жетуден дәмелі.

«Даудың басы…»

2005 жылдың қаңтарында палестиндік көсем Ясир Арафаттың қазасынан кейін (Арафат 2004 жылдың 11 қарашасында 75 жасында Францияда көз жұмды) ұйымдастырылған автономияның президенттік сайлауына палестиналық билік басындағы «ФАТХ» фракциясының атынан түскен үміткер Махмуд Аббас президенттікке дейін премьерлік қызметті атқарған болатын. 1969 жылдан бері Арафаттың оң қолы болған Аббасты ел Әбу Мазен деп те атайтын. Көптеген халықаралық сарапшылар пікірінше, талай бейкүнә жанға ажал құштырған палестиндік қарулы бас көтерулерді қатаң сынға алған және Израильмен арадағы бейбіт келіссөздер процесін жаңғыртқан Махмуд Аббас – санасы сергек саясаткер. Аббастың қазіргі таңдағы басты мақсаты – бейбіт келісімге бейбіт әрекеттер арқылы ғана қол жеткізілетініне отандас қарулы топтардың көзін жеткізіп, еврейлерге жасалынатын шабуылдарды тоқтату. Махмуд Аббас 1935 жылы қазіргі Израильдің солтүстік аумағындағы Сафед қалашығында туылған. 1950 жылдардың соңында Арафатпен бірге Палестинаны азат ету ұйымы құрамындағы ең негізгі саяси топ – «ФАТХ»-ты құрады. 1970 жылдары Израильдің солшыл бағыттағы саясаткерлерімен байланыс орнатады. 1993 жылы Ослода қол қойылған бейбіт келісімнің авторы да Аббас болатын. Өкінішке қарай, 2000 жылдың қыркүйегінде Шаронның Иерусалимдегі әл-Акса мешіті, яғни, палестиндіктер үшін Мекке мен Мәдинадан кейінгі үшінші қасиетті жер саналатын Харам-әл-Шариф мешіті аумағындағы аудандарды аралауы Ослодағы еврейлер мен палестиндіктер арасында басталған бейбіт келіссөздердің күл-талқанын шығарды. Осло келісімінің негізінде Палестина автономиясының (ПА) әкімшілігі құрылады. ПА премьер-министрлігінің қызметінде ұзақ уақыт отыра алмаған Аббас 2003 жылдың қыркүйегінде отставкаға кетеді. Арафаттың қазасынан кейін президенттік таққа отырған Аббас министрлер кабинетін жасақтауды Ослодағы бейбіт келісім авторларының бірі, қазіргі ПА премьер-министрі Ахмед Курейге тапсырады.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары