“ЙОД ТАПШЫЛЫFЫ” ДЕГЕН НЕ?

“ЙОД ТАПШЫЛЫFЫ” ДЕГЕН НЕ?

“ЙОД ТАПШЫЛЫFЫ”  ДЕГЕН НЕ?
ашық дереккөзі
893

“Тұз астың дәмін келтіреді” деген бұрыннан келе жатқан сөз бар. Шындығында, кім болса да тұзсыз тамақты аузына татып ішпейді. Дегенмен, біз асты даярлап жатқанда оған қандай тұз қосқанымызға аса мән бере бермейді екенбіз. Сол себептен мамандар адам ағзасында йод тапшылығының шамадан тыс көбейіп отырғандығын йодталмаған тұзды пайдаланудың салдарынан деген тұжырымға сайып отыр. Сондай-ақ, йод тапшылығы адамның өсіп-жетілуіне көп әсерін тигізеді. Дегенмен, Қазақстан йод тапшылығы жағынан кейін қалған елдерге жатпағанымен, біздегі су, топырақ және өндірілетін өнімдердің құрамында йодтың мөлшері тым аз екен. Мұның нәтижесінде елдегі облыстардың он бірінде эндемиялық алқым (зоб) ауруы ушығып отырғанға ұқсайды. Әсіресе, Шығыс Қазақстан мен Оңтүстік өңірдің халқы аса ауыр жағдайға тап болуда. Бұл жерде орта есеппен алғанда бес адамның біреуі осы ауруға шалдығады екен. Сонымен қатар екіқабат әйелдердің арасында түсік тастау, мезгілінен бұрын босану, баланың дұрыс жетілмеуі, сәбидің дүниеге келгенде іштен ауру және өлі туылуы да жиі байқалады. Оның себебін N1 Алматы қалалық перзентханасының гинекология бөлімінің меңгерушісі Үмбетов Базарбай мырза былай түсіндіреді: — Нәресте ана құрсағында құрамы йодпен байытылған дәрумен және тағаммен қажетті мөлшерде қоректенбеген. Мұндай жағдайға жол бермес үшін әр әйел бала көтермес бұрын дәрігер-эндокринологқа қаралып, толық ем қабылдауы тиіс. Бүгінгі әйелдерде йод жетіспеушілік, қан аздық ерекше көбейіп кетті. Демек, йод жетіспеушілігі дертінен құлан таза, әбден айықпайынша, құрсақ көтеруге шешім қабылдау дұрыс емес. Эндокринолог-мамандар есепке алынған әр әйелдің ағзасында йодтың жетіспеуіне қарай, керекті дәрі-дәрмектердің қабылдауын талап етеді. Әрине, бүгінде йод тапшылығына арналған неше түрлі дәрі-дәрмек бар. Оның кез келгенін ішуге болады деген сөз жоқ, тек дәрігердің кеңесімен ғана қабылдау қажет. Егер болашақ ана йод тапшылығынан зардап шексе, баланың денсаулығына айтарлықтай қауіп-қатер төнеді. Яғни, әйел қауымы өмірге дені сау сәби әкелемін десе, баланың ертеңгі күнгі болашағын ойлайтын болса, осы бастан дұрыс ем қабылдағаны жөн. Сол сияқты, тек екіқабат әйелдер ғана емес, әр адам күніне орта есеппен 6 грамм мөлшерінде йодталған ас тұзын тұтынғаны қажет.

Осы мәселелерге қарай, 2004 жылы Денсаулық сақтау министрлігі йод тапшылығын жою және темір жетіспейтін анемияға қарсы күрес атты ортақ мәселеге арналған ұлттық конференцияны БҰҰ-ның балалар қоры мен Қазақ тағамтану академиясымен бірге өткізген болатын. Аталмыш халықаралық ұйымға осы күнге дейін аузын ашып келе жатқан Денсаулық сақтау министрлігі осы дәстүрді қайта қолға алып, қаңтардың екінші жартысында Қазақ тағамтану академиясының мамандары БҰҰ Балалар қорының қаржыландыруымен еліміздегі йод тапшылығын жою мақсатында арнайы зерттеу жүргізбекші. Бұл арнайы зерттеу жұмыстары кезінде йод тапшылығы бар елдерде тұратын балалардың интеллектуалдық дәрежесі өз замандастарына қарағанда 10-15 пайызға төмен болатынын анықтады. Демек, йод бала ананың құрсақта пайда болған кезінен аса қажет екен. Сол себептен, бұл мәселеге БҰҰ Балалар қоры айрықша назар аударып, йод тапшылығы бар елдерге қолдау көрсетуде. 2004 жылғы жүргізілген соңғы зерттеу кезінде жалпы қазақстандықтардың 80 пайызы йодталған тұзды тұтынатындығы белгілі болды. Не дегенмен, йод тапшылығы тек біздің ғана емес, көп елдердің ортақ мәселесі. Бұл орайда біздің мамандар да қарап қалған жоқ. Өткен жылы йод тапшылығынан пайда болатын аурудың алдын алу және тағамдық азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі мен сапасы туралы заңдар да қабылданғаны есімізде. Заң қағаз жүзінде қалып қоймаса да, Қазақстан йодты жаппай пайдаланатын елдердің қатарынан әлі күнге дейін көрінбей келеді. Негізінде жаппай йодталған тұзды қолданысқа енгізген елдердің санатына кіру үшін бұл көрсеткіш 90 пайызға жетіп жығылуы керек екен. Себебі, йод тапшылығын жоюдың негізгі жолдарының бірі — тұзды йодтау болып табылса, бүгінде әлемнің йод тапшылығы бар 90 елі бұл мәселені ас тұзын йодтау арқылы шешуге болатынына көз жеткізіп отыр. Соңғы кезде еліміз де халықаралық және үкіметтік емес ұйымдар, сондай-ақ, тұз өндірушілердің қауымдастығы арасында тығыз қатым-қатынасты орната отырып, бірқатар игі жұмыстар атқарып келеді. Өз тарапынан қарап қалмаған Үкімет те азық-түлікті міндетті түрде йодтауды нормативтік-құқықтық тұрғыдан бекітті. Осы нәтиженің барысы жайлы Қазақ тағамтану академиясының президенті Т.Шармановтың айтуынша, халықаралық ұйымдар тұз өндірушілерге тұзды йодтау барысының қатаң түрде бақылануын ескерте отырып, жүзеге асырып, оларға қолдау көрсеткен. Енді қаңтардың екінші жартысынан бастап БҰҰ Балалар қорының қаржыландыруымен академия йод тапшылығын жоюдың барысына арнайы зерттеу жүргізбек.

Осы уақытқа дейін тұтынушылар басқа елдің тұзын пайдаланып келген болса, қазір өзіміздің “Аралтұз”, “Павлодартұз” кәсіпорнында өндірілетін йодталған ас тұзын күнделікті тұрмысқа қолданады. Бұл кәсіпорындар кейінгі кездері Орта Азия елдерінің нарығына да қанат жайып, экспортқа шыға бастады. Сондықтан кез келген тұзды емес, йод тапшылығының алдын алатын, йодтандырылған тұзды қолдану қажет.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары