Ерасыл ӘБІЛҚАСЫМОВ: АҚЫЛДЫ БИЛIК ДҰШПАНЫН ДОС ЕТЕДI

Ерасыл ӘБІЛҚАСЫМОВ: АҚЫЛДЫ БИЛIК ДҰШПАНЫН ДОС ЕТЕДI

Ерасыл ӘБІЛҚАСЫМОВ: АҚЫЛДЫ БИЛIК ДҰШПАНЫН ДОС ЕТЕДI
ашық дереккөзі
729

Парламент депутаты Ерасыл Әбілқасымовтың президенттік сайлауға түскенге дейінгі және кейінгі көзқарастарынан біраз өзгеріс байқағандай болдық. «Бұл сайлаудан жеңілдік. Келер сайлауға тың күшпен бару үшін жақсылап дайындалуымыз керек» деп, оппоненттері Тұяқбай мен Бәйменовке үн тастаған Әбілқасымов өзін «парламенттегі жалғыз оппозиционерге» теңейді. Біздің Әбілқасымовпен арадағы сұхбатымыз сайлау науқаны жайында, онда пайдаланған технологиялар жөнінде және биліктің төңірегіне шоғырланған топтар жайлы өрбіген еді.

— Сонымен, Ерасыл аға, Президентті сайлау науқаны тарих қойнауына сүңгіп барады. Алайда, Сіз бен Мэлс Елеусізовті дауыс бөлу үшін ғана сайлауға түсті деген сөздер желдей еседі…

— Олай емес. Мен билік партиясынан емеспін. Мен — коммуниспін. Сосын, тәуелсіз депутатпын. Төрт жылда мен позициямды еш өзгертпегенмін.

Тек өзімнің жеңбейтініме алдын-ала көзім жетті. Бірақ, халыққа жеңбеймін деп айта алмайсың ғой!

— Онда неге сайлауға түстіңіз?

— Сайлауға түсуіме екі жайт әсер етті: біріншіден — Коммунистік партияның имиджін көтергім келді, екіншіден — мен өзімді сынап көрейін деп едім. Өйткені, депутат ретінде көп болса, бес-ақ пайыз адам таниды, онда да оңтүстік жақтың адамдары біледі. Президенттікке кандидат болған соң, танымалдылығым арта түсті. Қазір қай жерге барсам да, мені танып жатады, үшіншіден — бүкіл Қазақстанның жағдайын аралап өзім көрейін деп ойладым. Енді, мұндай мүмкіндік қашан туады?

Мен дауыс бөлу үшін барғам жоқ. Ең көп дегенде он пайыз, ең аз дегенде бес пайыз дауыс аламын деп ойлағам. Бірақ, ол ойлағаным болмады. Ал өзім мүше Коммунистік партияның бұл сайлаудан жеңілген себебі: бізде адам аз. Мүшелеріміздің көбісі қарт адамдар. Ақша жоқ. БАҚ жоқ.

— Сіз сайлау кампаниясына жүз елу мың доллар қаржы бөліпсіз. Орталық Сайлау комиссиясының сіздерге бергені аз-маз ақша еді. Қалған ақшаны қайдан алдыңыз?

— Орталық Сайлау комиссиясы 5 миллион теңге бөлді. Жол шығыны деп тағы да 100 мың теңгедей берді. Қалған ақшаны, 14 миллионға жуық теңгені демеушілерім берді. Құдайға шүкір, достарым бар. Бірақ, 14 миллион теңге деген басқа кандидаттардың сайлау науқанына жұмсаған қаржысымен салыстырғанда көп емес. Мысалы, Назарбаев 248 млн. 400 мың теңге жұмсады. Тұяқбай 184, 5 млн.теңге жұмсаған. Бәйменов 164, 5 миллион теңге жұмсаған. Сонда бұлар сайлау кампаниясына менен 15-20 есе артық ақша бөлген.

Тіпті, Елеусізовтің өзі 27 миллион теңге жұмсапты. Елеусізов менен көп қаржы жұмсаса да, алған дауысы менікінен аз. Соның өзі жетістік емес пе? Біздің парламентте 116 депутат бар. Солардың ішінен Уәлихан Қайсар екеуміз ғана түстік. Ол енді дауыс жинай алмаған соң, тіркелмей қалды. Мәжілісте 67 депутат бар. Мықты болса, солар сайлауға түспей ме? Ерасыл Әбілқасымов пен Бәйменов ғана түсті. Енді, Бәйменов депутаттардың өкілеттігін мойындамай, Парламентке келмей қойды. Осы күнге дейін келмей жүр. Оны енді Дариға шақырды, келер-келмесін көреміз.

— Д.Назарбаеваның Бәйменовті Парламентке шақырғанын қалай түсінесіз?

— Шындығында да оның айтқаны дұрыс болмады. Басқаша сөзбен айтуы керек еді. Басқа партияларға қаратып, «өте аз дауыс алдыңдар. Сондықтан, өз орындарыңды біліңдер!» деп айтқаны дұрыс болмады. Қазір Дариғаның қолында адам мен ақша ресурсы жеткілікті. Жеті жылдан кейін ондай бола ма, жоқ па, ол белгісіз. Сондықтан, өзіңмен бақталас болатын адамға олай деп алдын-ала айтып, төмендеткен дұрыс емес. Дариғаның қылығы олардың ашуына тиді деп ойлаймын. Бәйменов өте сауатты жігіт. Президенттің әкімшілігін басқарды, министр болған. Қазақшаға да, орысшаға да жүйрік. Оның болашағы бар. Билік ақылды болса, оппозицияның бәрін таптамай, оларды өзіне тартуы керек.

— Орталық сайлау комиссиясы сайлау қорытындысын хабарлаған кезде, сіз «бұл сайлауда әкімшілік ресурстар қолданылды» деп көңіліңіздің толмағандығын айтқансыз. Бірақ, арада екі-үш күн өтпей жатып, президентке құттықтау жеделхатын жолдадыңыз, әрі оппоненттеріңізді бұл сайлаудың қорытындысын мойындауға шақырдыңыз. Ал сайлау әділ өтпеді деген ойыңыздың жұрнағы да көрінбеді. Бұл екі-үш күнде сіздің позицияңыздың өзгеріп кеткендігін білдірмей ме?

— Жоқ, бұл арада менің позициям өзгерген жоқ. Сайлау қорытындысы бойынша, президент жеңді. Ал, оны халық қолдады. Президент 90 пайыз ала ма, 80 пайыз ала ма, не болса да, ол жеңді. Сондықтан, біз оны мойындауымыз қажет. Негізі, жігіт-жігіт болуы керек қой. Екі кандидатқа жолдауымның мәнісі де осында. Мейлі, Тұяқбай 6 пайыз емес, 15 пайыз, Әбілқасымов 0,4 пайыз емес, 5 пайыз алсын делік, ал содан бірдеме өзгере ме? Президенттің жеңгені бәрібір көрініп тұр ғой. Ал соңғы қорытындыны жариялаған кезде, 91 пайыз деген көрсеткіш мені таңдандырды. Өте көп қой. Жүз адамның тоқсан бірі дауыс берді дегеніміз, сұмдық секілді. Бұл демократиялық қағидаларға кері әсер ететін, авторитарлық мемлекеттерге тән жайт. Сондықтан, 90 пайыздан артық дауыс алды дегенге сену қиынырақ. Мен өзімді айтпай-ақ қояйын, мысалы, Жармахан бүкіл оппозицияның басын біріктірді, оның командасында бұрындары үлкен лауазымды иеленген адамдар бар: бірі президент әкімшілігінің жетекшісі, президент кеңесшісі болды. Өзімен қосқанда екі спикер, министрлер, елге белгілі бизнесмендер бар. Ал бұлардың артында адам жоқ дегенге ешкім сенбейді. Олардың соңында бірқауым ел бар. Қаржыдан құралақан емес. Сайлау кампаниясына қыруар қаржы жұмсады. Міне, осының бәрін белден басып, оларға аз дауыс бергені шындығында да әділетсіз болды.

Олар 6, 6 пайыз дауыс алып жатқан кезде, мен өз пайызыма қанағат еттім. Болмаса, менің де айқай шығаруыма болар еді ғой. Себебі, депутаттыққа түскен кездің өзінде бір округтан 50 мыңнан астам дауыс жинағам. Ал сонда бүкіл Қазақстаннан 21 мың дауыс жинады деген әрине, көңіліңе келеді екен. Менің өз сайлаушым өзіме қарсы шықты дегенмен бірдей ғой бұл. Күлкілі жағдай. Мұнан өзге маған дауысын беретін коммунистер бар бізде. Бірақ, қарсы шығуды жөн санамадым. Не болса да, Назарбаев жеңді. Сондықтан, оны қолдайық деп айттым. Сайлауға екі күн қалғанда мен брифинг өткізіп, журналистерге президент жеңеді деп айтқам. Ел-елді араладым ғой. Сонда, президенттің халық дауысының 2/3 алатындығына көзім жетті. Онан да көп алғандығына қатты таң қалдым.

— Бұл сайлауға әкімшілік ресурстар кірісті деп айтуға болды ма?

— Әрине, кірісті. Бірақ, оны қанша дәлелдесең де, пайда жоқ. Былай-ақ айтайыншы: әкімшілік сайлау науқанына мына жолдармен кірісті:

Біріншіден, президент облыстарды аралаған кезде, оған мыңдап тұрып адамдарды жинап берді. Кездесуге жұртты тоқпақтап апарады. Оны өзіміз де көрдік.

Екіншіден, бұларды жарнамалайтын биллбордтар әр облыста, әр көшеде, әр мекемеде жапсырылып тұрды. Ал менің бүкіл Қазақстан бойынша бар-жоғы жиырма-ақ биллбордым болды. Оның өзін көрінбейтін жерлерге іліп қойды.

— Ал соңынан дауысты санағанда, әкімшілік ресурстардың қатысы болды деп айта аласыз ба?

— Мен айтып болайын да бәрін. Сонымен, үшіншіден, бақылаушылардың көпшілігі Назарбаев тарапынан болды. Партиялар президентті қолдайтын Одақ құрды ғой. Міне, бақылаушылардың дені сол Одақтың адамдары еді. Бақылаушылар арасында біздің коммунистер болмады. Жармаханның адамдары бірен-саран. Сайлау комиссиясы жеті адамнан құралса, соның бәрі де биліктің адамдары. Орыстарда мынадай бір «Не важно как проголосовать, а важно как посчитать» деген сөз бар ғой. Міне, әңгіме қайда. Сайлау учаскесінде өз адамың толып отырса, билік махинацияны қалай жасаушы еді?

Біріншіден, жаңағы қыстырма (открепительное) куәлік арқылы, тіркету арқылы адамдардың санын көбейтіп, дауыс жымқыруы мүмкін. Оны тексеріп жатқан ешкім жоқ.

Екіншіден, кейбір адамдарға екі-үш қыстырма куәлігінен берді. Дауысты жымқыруға көмектесетін бұл құрал да әкімшілік ресурсқа жатады ғой.

Дауыс санаған кезде, әркім қалай санаса да өзі біледі деу қиынырақ енді. Бақылаушылар қарап тұрады ғой. Бірақ, көп жерлерде олар қашықта тұрып қадағалады.

Сайлау аяқталысымен протоколды жұртқа беруі керек еді. Ал протоколдар берілген жоқ. Мұның өзі де сол шикіліктен хабар береді. Тұяқбайдың адамдары мың жарым учаскеден-ақ протоколды алдық деп сотқа беріп жатыр ғой.

— Сіз Тұяқбай мен Бәйменовке жолдау жолдағанда, «Біз қазірден бастап бірігуіміз керек, келесі сайлауға дейін бірге дайындалуымыз қажет» дедіңіз. «Біз» деген сөзге неге қатты көңіл бөлдіңіз?

— «Біз» деп айтқан себебім, шынымды айтсам мен оларды аяп кеттім. Өйткені, олар осы сайлау науқанына соншама көп қаржы жіберді. Алайда, оларынан түк шықпады. Ал, мен бар-жоғы 13 млн.теңгеден астам соманы жұмсадым. Барлығын қосқанда, 150 мың доллар кетті. «Бірігейік» деген себебім: бұл мемлекетте Назарбаевтан мықты адам жоқ екен. Енді, сайлауға қатысып, оны ешқайсысымыз жеңе алмадық қой. Мейлі, 91 пайыз алмаса да, 60 пайыз, 70 пайыз алатын еді. Бірақ, бәрібір ол жеңер еді.

Алайда, өмір болғаннан кейін… Қазір ол жеті жылға президент болып сайланғанымен, кейіннен ол сайлана алмайды. Жетпіс екі жарым жасқа келгенде, оған конституция құқық бермесе, президенттік сайлауға қатыса алмайды. Әлгі Ертісбаев «Назарбаевтың жеті жылдан кейін де қайта сайлануға мүмкіндігі бар» деп айтыпты ғой. Жеті жылдан кейін болатын нәрсені болжау қиын нәрсе. Сайлауға бір жыл, жарты жыл қалғанда бұлай деп айтса, ойлануға болатын еді. Ал әлі жеті жылдық мерзім тұрмақ, инаугурация болған жоқ. Ертісбаевтың бұлайша алдын ала-айтқаны ұят.

Ал мен Тұяқбай мен Бәйменовті бірлікке, ақылға шақырдым.

Жармахан Тұяқбайдың оппозицияның басын құрағандығына бір-ақ жыл болды. Ал президенттің маңайында көптеген топтар бар. Олар қазірден күреске дайындала бастады. Біреуінің артында мол ақша бар, келесі біреуінің соңында партия бар. Ендігі біреуінің соңында медиа-ресурстар, келесі біреуінің артында әкімшілік ресурс бар. Ал ең бір қызығы, бұлар қазірден-ақ, орыстар айтпақшы, «шкуру не убитого зверя делят». Бүгіннен бастап, өзара таласты бастап жіберді.

— Нақтырақ…

— Кеше ғана «Асар» партиясының лидері «Неге жеті жылдан кейін менің президенттікке түспеуім керек екен?» деп айтты. Сонан кейін, экологиядан хабары болмаса да, Қайрат Сатыбалды экологиялық партия құрды. Енді, КНБ-нің адамы екені оның маңдайында жазылып тұр ғой Фамилиясы Сатыбалды болғанымен, оның да Назарбаев екенін жұрттың бәрі біледі. Дариға кешегі құрған Коалицияның әлі де іс атқара беретіндігін айтты. Оның себебіне келсек, жақында Мәжіліс таратылып, қайтадан сайлау өткізілуі мүмкін. Ол сайлау 2007 жылдары болатын шығар деп топшылап отырмын. Өйткені, сайлау өтуі үшін алдымен Конституциялық Кеңес шешім шығарады, «Ескі Конституция біраз жыл қызмет етті. Енді өзгерістер қажет. Қандай өзгерістің енгізілетіндігі жөніндегі мәселелер қаралуы керек. Елді демократизациялау туралы Ұлттық комиссия бар емес пе. Назарбаев ол комиссияны бекер жинады дейсіз бе? Назарбаев мықты стратег. Алдын-ала ойлағанды жақсы көреді.

Президент жеті жылдық билікті тағы да өз қолына алды. Енді, ол қонышынан басады. Саяси реформалар жасайды. Түрлі партияларды біріктірген блок ертеңгі күні Мәжіліске, Үкіметке өз адамдарын өткізбек. 2007 жылдары ауыл, қала әкімін сайлайды. Ал менің болжамым бойынша, бұлар сол сайлауларды өткізіп алғанша бірігіп жұмыс істейді. Бірақ, ішінде бақталастық міндетті түрде болады. Әр партия өз адамын өткізуге күш салады. Дариға Парламенттегі төрт адамымен ғана қанағаттанып жүр дейсіз бе? Әрине, ол бұған риза емес. Парламентте «Отан» партиясының 53 депутаты бар. Ал «Асардікі» төрт-ақ адам. Дариға енді, өз адамдарын көбейтуге барын салады. Саяси күрес болғандықтан, мұнда тұрған ештеме жоқ. Тек мұның барлығы да Президенттің қолдауымен жүзеге асады.

— Блоктың ішінен іріп бастау процесі қашан басталуы мүмкін?

— Бір-бірімен араздасу процесі үш-төрт жылдан кейін басталады. Өйткені, ол кезде бұлар әкімдерді, депутаттарды сайлап алады ғой. Ал ол уақытта президенттік сайлаудың да ауылы жақындап қалады. Президенттік сайлауға түсу үшін дайындыққа бір жылдық уақыт жеткіліксіз екен. Ол үшін кемінде үш жыл қажет екенін өзім де көрдім. Егер сенің дайындығың мықты болмаса, қанша партияң, ақпарат құралдарың болса да, жеңіске жете алмайсың. Оны мына «Асардың» тәжірбиесі көрсетті ғой. «Асар» бар-жоғы жарты жыл-ақ жарнама жасады емес пе? Жарты жыл бойы жарнамасын эфирден түсірмесе де, Дариға өзі айтқандай, Парламенттен елу пайыз орынды ала-алмады ғой. Елу пайызды иелену үшін кемінде үш жыл жұмыс істеу керек. Сол президенттік сайлауға үш-төрт жыл қалғанда, бұлардың арасы іриді. «Отаның» да, «Асарың» да, қазір тіпті АИСТ болып жүрген аграрлық партия мен азаматтық партиялар да екіге айырылады. Негізінен, осы аграршылдар мен азаматтық партияның сорпасы қосылмайды ғой.

— Бірақ, қосылып жүр ғой!

— Өйткені, ақшаның әсері, жоғарғы жақтан тапсырма бар. Өзіңіз ойлаңызшы, қашаннан бері, ауыл шаруашылық адамы мен индустриалды саланың адамының көздегені бір болған? Оның үстіне, индустриалды сала бізде шетелдіктердің қолында. Шетелдіктер мен ауыл адамының ауызы қашаннан бері бір еді?

— Саяси реформалар биліктің өзіне қалай әсер етуі мүмкін деп ойлайсыз?

— Негізі біздің мемлекеттің құрылымы унитарлы ғой. Мәселенің барлығын шешетін президент. Біздегі биліктің үш тармағының арасында ең сорлысы Парламент. Ештемені де шеше алмайды. Тіпті, бюджетті қадағалай алмаған соң, қойсайшы енді! Қазіргі Парламенттің өзі биліктікі, жасанды Парламент. Депутаттар заң қабылдар кезде халықты ойламастан бұрын, биліктің айтқанына кұлақ салады. Сондықтан, біздің мемлекетті дағдарыс күтіп тұрған жоқ. Енді мына бір тұрғыдан қарайықшы: жақында Ғалымжан Жақиянов бостандыққа шығады. Ол шықты дегенше, жарнамасы молаяды дей беріңіз. Ал оппозицияның қазіргі көшбасшысы Жармахан Тұяқбай екендігін ескерсек, адам деген бір нәрсеге бір үйреніп қалса, оны жібергісі келмейді. Ал ертең Ғалымжан келген кезде, ол қуыстана бастайды. Сол себептен, менің ойымша оппозицияның өзі үшке бөлінеді:

Бірінші топ – Жақияновтың соңынан ереді;

Екінші топ – Жармаханның соңынан ереді;

Үшінші топ – алдыңғы екі топқа да қосылмайды. Олар билікке қайтадан кетеді. Соңғы топ негізінен ақшасы жоқтардан құралады. Ендігі президенттік сайлауға дейін әлі жеті жыл бар. Оппозицияның ішіндегілер 40-50 жас аралығындағы адамдар. Олар оппозицияда жүргеннен гөрі, әлі де 10-15 жылын билікте өткізгенді жөн көреді. Міне, сондықтан да, олар билікке, портфельге сатылады.

Сөйтіп, оппозицияның қарасы азаяды. Оппозицияда қалғандарының өздері бір бірімен бақталасып кетеді. Жақиянов Тұяқбайдан кем қызмет істеген жоқ. Тұяқбайдан кейін болғанды, ол әрине қаламайды.

— Мен сізден саяси реформалардың билікке тигізетін әсері жөнінде сұраған едім. Сіз оппозицияға бұрып әкеттіңіз. Саяси реформалар жүргізілсе, ол биліктің онан әрі нығаюына ықпал ете ме, жоқ әлде, оған кері әсерін тигізе ме?

— Негізі, бұл реформалар билікке еш пайда әкелмейді. Өйткені, саяси реформалар президенттің құқығын азайтады ғой. Бірақ, бұған президент көне ме, жоқ па, бұл әлі белгісіз. Әрі бұл Үкіметтің де ықпалын кемітеді. Қазір Үкімет үлкен ықпалға ие. Енді, премьердің өзін бүкіл Парламент болып, шақырып, келтіре алмағаннан кейін не дейсіз?

Сол себептен, олар да бұған қарсы күресіп бағады деп ойлаймын. Бұл саяси реформалардың ең жоғарыда отырған адамдарға кері әсер ететіні сөзсіз. Ал халыққа өте пайдалы. Бір ғана мысалы: жоғарыдағыларды былай қойғанда, жергілікті әкімдердің өздері ойларына не келсе, соны жасайтын болды. Мен оны Құлмахановтың мысалымен-ақ айтайын. Ол Алматы облысының әкімі болып тұрған кезде, ойына келгенін жасады ғой. Халықты өзіне қарсы көтерді. Екінші бір мысал: сайлау кезінде әкімдердің өкілеттігін көзіммен көрдім. Оңтүстік Қазақстан облысында алты кездесуімнің үшеуін үзіп жіберді. Әдейі ұйымдастырғызбайды немесе болғызбайды. Міне, бұл саяси реформалар сол сияқты әкімдерді шектейтін болады.

— Сіз кеше ел аралап келдіңіз. Халықтың әл-ауқаты қалай екен? Сіздің сайлауға дейінгі және кейінгі көзқарасыңызда өзгеріс бар ма?

— Ауылдарда, тек аудандардың орталықтары ғана көтеріліпті. Бұрын екі жүз жиырма аудан орталықтары болған. Қазір жүз алпыс аудан қалған. Бізде сонда алпыс аудан жоғалған. Содан қалған орталықтар ғана тіріле бастапты. Мысалы, мен сайлауға үш ауданнан түссем, соның бірі – Гвардия ауданы. Сарыөзек ауданының орталығы құлпырып кетсе, Гвардияның орталығы Қоғалы құлазып тұр. Тұп-тура Чешенстанды еске түсіреді. Алпысқа жуық шағын қалалар бар. Мен Жаңатаста болдым. Қала құлазып қалған. Көрер көзге қораш. Бұрынғы колхоз, совхоздар бөлімшелер өте қиын ахуалда.

— Сонда «аса жоғары қарқынмен» дамып келе жатқан ел экономикасының ауылдарға еш әсер етпегені ғой!

— «Ауыл жылдары» ештемені шешкен жоқ. Мен үш жылға шақталған «Ауыл жылы» бағдарламасын бес жылға созуды ұсынған едім. Бірақ, білмеймін… Президент айтып жатыр ғой. Ақшаны тағы да бөлеміз деп…

Ауыл тұрғындарының көпшілігі бала-шағасын асыраймын деп қалаларға көшкендіктен, ауылдар қазір босап қалған ғой. Үлкен қалаларға келген жұрт енді люмпен болып жүр. Бар мен жоқтың арасында. Ашаршылықтың аз-ақ алдында. Қазақстанды аралағанда, мұндай қиын жағдайды өз көзіммен көрдім. Әсіресе, батыс облыстарының ахуалы нашар екен.

Ең қызығы сол, Қазақстан байлығының (қазынасының деп түсінген абзал шығар) жетпіс-сексен пайызын беретін облыстардың ахуалы өте қиын. Ат төбеліндей мұнайшылар шетел компанияларына, инвесторларға жұмыс істеп, ақша табады екен. Қалғанының бәрі ауыр жағдайда.

— Инвестор демекші, сіз екі-үш ай бұрын, Испат-Карметтің қожайыны Лакшми Митталға Қарағандыдағы Британ колониаторларының тәжірибесінің қалай аяқталғанын түсінсін деген ыңғаймен Ғабит Мүсіреповтің «Оянған өлке» кітабын сыйлыққа жіберіпсіз. Үндітекті Ұлыбритания тұрғыны сыйлығыңыз үшін сізге алғыс айтқан жоқ па?

— Ешқандай жауап болған жоқ. Қараша айының соңында мен Теміртауға барып, кездесу өткіздім. Сол кездесуде үш жүз адам ғана жиналыпты. Менің кездесуім сағат бестің кезінде басталса, Испат-Кармет басшылығы сағат төртте, зауытта істейтіндер мен қаланың адамдарын жинап, он бес мың адамдық митинг өткізген. Менің кездесуімді бөлу үшін ұйымдастырылғаны көрініп тұр. Ал менің кездесуім үшін бөлген жері қаланың шетіндегі балалар үйінің ғимараты. Сұп-суық, жарығы жоқ зал. Мен Митталға қарсы біраз сөздер айтып бастасам, залдан әдейі дайындап қойған адамдары қарсы шығып, арандатып, менің аузыма қақпақ болмақ болды. «Бізге жақсылық жасап жатыр» дейді. Сосын мен ашуланып, «Митталды қолдайтындар залдан шығыңдар» деп едім, залдың жартысы кетіп қалды.

— Осыдан бір жыл бұрын біздің газетке берген сұхбатыңызда: «Енді депутат болып сайлансам, ісім Машкевичпен болсын» деген едіңіз. Бірақ, сіздің еш бір әрекетіңіз байқалмайды ғой?

— Жоқ, олай емес. Сіз менің Еуразиялық Өнеркәсіпшілер қауымдастығына қатысты депутаттық сауал жасағанымды естімедіңіз бе? Мен қыркүйек айында оған қатысты депутаттық сауал жолдадым ғой!

— Жауап келді ме?

— Жоқ, болмады. Оған жауап болмайды да. Бір шағын жауапсымақтар келеді. Жалпы, біздің мемлекеттегі тірлік мынадай: Отандық компаниялар туралы сауал жолдасаң, жауап келеді, үлкен олигархтар, президенттің маңайында отырған адамдар туралы сұрастырсаң, маңайына жолатпайды. Ал шетелдік компаниялар жайлы сұрастырсаң, коммерциялық құпия деп, тіпті, бермейді. Машкевичтің өзі де шетелдік қой. Оның жанындағы Алимжанов, Шодиев те шетелдіктер.

Ал кеше Болат Әбішев «ҚазМұнайГаз» туралы депутаттық сауал жолдап жатыр ғой, оның бәрі менен қалған депутаттық сауалдар. Мен ол жайлы талай рет айтқам. Жауап түгілі, дәнеме де алған жоқпыз. Ал Әбішев өзіне PR жасауы үшін сол депутаттық сауалды жолдапты. Бұрын мелшиіп, үндемей жүрген депутаттар аяқ астынан мәселе көтерсе, оның артында міндетті түрде «заказ» тұрады.

Соған байланысты, біздің Парламенттің қызметі, құзыреті өзгермейінше ештеме де өзгермейді.

— Сіздің Парламент депутаттарынан көңіліңіз қалған сияқты ғой!

— Қайта былтырғы депутаттар жақсы еді. Шынымды айтсам, мен соларды сағынып жүрмін.

— Оппозицияшыл депутаттарды ма?

— Иә, оппозицияны сағынып жүрмін. Бұрын Парламентте сол Тоқтасынов, Әлібаев, Әбділдин, Макалкин, Земляновтармен айтысатынбыз. Қазіргі Парламентте ондай адамдар мүлде жоқ. Осындай оппозиция болса, әрнәрсені талқылап, халық көп нәрсені білетін болады ғой. Қазір Парламенттегі ең үлкен оппозиционер — Әбілқасымов.

— Парламенттегі оппозицияға тыным бермейтін өзіңіз едіңіз ғой!

— Оларды кетірген мен емес қой. Оларды Парламентке қайта өткізбей қойған билік. Мына билікке мен айтар едім: «Парламентте оппозицияның болғаны дұрыс». Қайта халық талқыға түсетін жайттардан хабардар болып отыруы керек, ол үшін ашық айтатын адамдар болуы қажет. Кемшіліктерін айтып отырмаса, билікте прогресс болмайды. Билік кейде: «Оппозиция керек» деп айтады. Бірақ, айтып алады да, олардың жолдарын кес-кестейді. Оппозицияны таптамай, оған жағдай жасап, тыңдау керек. Келесі жылы саяси өзгерістер жасалынып бастаса, Парламентке оппозицияны келтіру керек. Қажет болса, Парламентті қайта таратсын. Бірақ, Парламентке келетін партиялар шын мәнінде әділеттті, бақталас сайлаудан өтуі керек.

— Сіз Қазақстан партияларына мүше жандардың аса көптігіне күмән келтіріп депутаттық сауал жолдаған едіңіз. Әсері болды ма?

— Еш әсері болмады. Қазір партиялардың адам қолын жинауы жайлы есебі өтірік. Мысалы, Әбділдиннің Коммунистік партиясында көп болса, бес мың адам бар. Косаревтің партиясының өзінде адамдардың саны елу мыңға жетпейді. Жететін болса, мен кешегі сайлауда кемінде елу мың дауыс алар едім. Билікке не керек? Оларға оппозицияның күші неғұрлым аз болса, соғұрлым жақсы. «Асарың» да, «Отаның» да билікке жағымды партиялар. «Отанның» қолында әкімшілік ресурс, әр ауданда, облыста өз адамдары бар. «Асар» партиясының қолында медиа-ресурстар бар. Бұған қоса, Дариғаның президенттің қызы деген статусы бар. Азаматтық партия мен аграрлық партия ақшамен жұмыс істейді…

Нәрікбаевтың партиясы мен Жағанованың партиясында адам саны он мыңнан аспайды. Ғани Касымовтың партиясында да адам жоқ. Өтірік тізім жинап берген. Рас болса, маған келіп дәлелдесін.

— Сұхбатыңызға рахмет. Сізге табыс тілейміз!

Әңгімелескен Гүлнәр МҰҚАНОВА

Серіктес жаңалықтары