АҚТӨС
АҚТӨС
Бөрібасар шабаланып, арс-арс үрді. Сырттан суыт келген ат дүбірі естілді. Iле:
– Есет! – деген дауыс шықты.
Дастархан шетінде жастыққа жантайып, шәй ішіп отырған ол денесін тіктеп, молдасын құрды да терезеден сыртқа көз тастады.
– Ербол ғой… Не болып қалды екен? – Кеседегі буы сыздықтай көтерілген күрең шәйді екі-үш ұрттап тауысты да, жіпсіген маңдайын сүлгіге сүртті. Сақманшыларға: – Сендер шәйға әбден қанып алыңдар. Қорада істейтін жұмыс көп, – деп орнынан тұрды. Ол сыртқа шығып кеткен кезде әйелі Нағима: «Ербол жәй келіп, жәй кетсе мақұл-ау…» – деп күңк етті.
Ерболдың үстінде көнелеу шолақ тон. Астында қарагер. Тұяқтары қызғаннан ба тыпыршып бір орнында тұра алар емес.
– Ереке, аттан түсіп, шәй ішіңіз, – деді ол.
Тобылғы сапта қамшысын бүктеп ұстап, бүйіріне таянған ол:
– Есет, ізетіңе рахмет! Асығыспын. Оның үстіне таңғы ас емес қой. – Жұлқынған қарагердің тізгінін тартып қойды.
– Ендеше жол болсын!
– Кеше анау сайда бием жайылып жүр еді. Қасында торы тайы жүрген. Кешкісін айдап келуге баламды жіберсем, орнында жоқ екен. Қас қарайғанша төңіректі қарап таппадық. Қазір де біраз жерді шарладым. Қасқыр да көбейіп кетті ғой. Соларға азық болды ма дейін десем, шашылған сүйектерін көрмедім. Сенің көзіңе түспеді ме?
– Кеше кешкісін ақ пен қызылдың арасында анау тұстан соңына тайын ерткен биені көзім шалып қалды. Бет алысы Ақбұлақ. Сол жақтан табасыз.
Ерболдың қату қабағы жазылып, өңі шырайланып сала берді. Шайдай ашық көк жүзіне қарап:
– Сәуірдің басы мұндай жылы болар ма. Жаздың бір күніндей жадырап, арқаны жіпсітіп, буынды босатып тұрғанын қарашы, – деп омырау түймелерін ағытты. Қарагерін тебіне бергенде, көзі есік жанында тұмсығын бауырына тығып жатқан Ақтөске түсіп, тізгінін тартты. Миығынан мырс етіп:
– Есет, мына құлағы салпиған итіңнің дені сау ма. Қашан келсем де осылай бұйығып жатқаны. Соған қарағанда көженің соры-ау. Мен мұндай өлімтік итті әлдеқашан-ақ атып тастар едім, – деді.
Есет табан астында не дерін білмей үнсіз кідіріп қалды. Намыстан өңі лезде сұрланып, Ақтөске ажырая қарады. Өйткені оның келім-кетімге бейжайлығы, өзіне ілесіп үйден ұзап шықпайтыны, түнде малды күзетпейтіні рас еді. Ербол тағы да шырт түкіріп:
– Ал жақсы, Есет… Мен кеттім… – деп тебініп, тізгінді жіберді. Қарагердің жал-құйрығы желбіреп, атырылып алға ұмтылды. Бөрібасар арсылдай үріп, соңынан ілесе жүгіріп, біраз жерге дейін ұзатып салды.
Есет ашуын баса алар емес. Ерболдың әлгі мысқылы өңменінен өтіп, жанын жеп барады. «Сені көзге күйік қылғанша, жаныңды жаһаннамға жіберейін» – деп кіжініп үйге кірді де, жалғыз ауыз мылтығын алып шықты. Ұңғысына оқ салып, қаннен-қаперсіз жатқан Ақтөске «Тұр!» – деп қатты жекіп, керзі етігінің қайқайған басымен арт жағынан шірене тепті. Ақтөс қатты соққыны ауырсынып шәу ете қалды. Орнынан сүйретіле тұрып: «Не жазығым бар еді?» дегендей иесіне мөлие қарады. Есет тағы тебуге ыңғайлана бергенде құйрығын бұтының арасына жиырып, бүкшеңдей жортып, тас лақтырым жердегі күл төгілген төбешікке барды. Тұмсығымен жер иіскеп, жатарға ыңғайлы орын іздеді. Есет оны мылтықтың қарауылына алып, көздеп сәл тұрды да шүріппесін басты. Гүрс еткен жойқын дауыс даланы жаңғыртты. Ақтөстің қыңсылаған аянышты үні шықты. Басын жамбасына дейін бұрып, бір орнында айналшықтап, жата қалды. Тілімен жамбасын жалап, қыңсылаумен болды. Үйдегілер үдере сыртқа шықты. Олар не болғанын біле алмай аңтарылып тұрғанда, қолында бір үзік наны бар бес жасар Самғат пен ұртына қант салған үш жасар Асқат та есіктің табалдырығынан аттап, бұларға қарай жүрді. Үстерінде помази көйлек. Аяқтарында қоңылтаяқ киген кішкене бәтеңкелері бар демесең, бұттары тырдай жалаңаш. Екеуі Нағиманың етегіне оратылып, ересектерге жалтақ-жалтақ қарай берді. Нағима өрекпіген жүрегін ұстап:
– Есет, итті неге аттың? – деді үрейлі үнмен.
– Қап, әттеген-ай! Мүлт кеткенімді қарашы.
Сақманшының бірі күліп:
– Жездеке, қартаяйын дегенсіз ғой! – деп қағытты.– Бұл оспақ та оған қамшыдан бетер тиді. Мылтықты буынынан қайырып, түтінденген ұңғысын үріп жіберді.
– Нағима, үйден тағы бір оқ әкел, – Ол зіл тастай сөйледі.
– Ит те болса Самғат пен Асқаттың бір ауық ойнайтын ермегі ғой. Атпа, – деді әйелі.
– Бос сөзді қой. Оқты әкел, – деп едірейді.
– Қыңсылаған Ақтөс жанын қоярға жер таппағандай, орнынан әзер тұрып, артқы бір аяғын көтере үш-төрт қадамдай жерге шойнаңдап барды да қайта жатып, жарасын жалады. Самғат сонда ғана бір сұмдықтың болғанын түсінгендей «Ақтөс» деп итке қарай жүгірді. Оның соңынан Асқат та томпаңдай жөнелді.
Оқ сан еттің терісін бір сүйемдей осып өтіпті. Сабалақ жүнінің арасынан жылымшылап қан ағып тұр. Самғат қыңсылаған иттің басын құшақтай сипады. Көзінен аққан жасты көріп:
– Ақтөс, аяғың ауырып жатыр ма? Мә, мына нанды жеші, аяғыңның ауырғаны қояды,–деп қолындағы нанды аузына тосты. Жарасы сыздап, жанына батып тұрғанда, нанды қайтсін. Тұмсығын алып қашып, санын жалай берді.
– Асқат, күл әкеп Ақтөстің аяғына сеп,– деді Самғат. Оның кішкене уысына қаншалықты күл сияды дейсің. Қолдарымен жымқыра ұстаған болмашы күлді иттің жарасына шашып төкті. Ақтөстің басынан, арқасынан сипап отырған Самғат оны күлге бірнеше қайтара жұмсады. Күл жараны қалыңдап жапқанда ғана қан қара қошқылданып, ұйысып тоқтады. Ит басын алға созған екі аяғының үстіне салды.
Есет өкініп:
– Тағы бір атып, сілесін қатыруым керек еді. Мыналардың кедергі болуын қарашы,–деп кіжінді.
Сол кезде сақманшы Жарқын:
– Есаға, дөкейлердің бірі келе жатыр,–деді. Қозыкөш жердегі биік қырдың құлама қара жолымен соңына болмашы шаң қалдырып, сұр түсті “УАЗ” құлдилап келеді екен. Есет жанында тұрған Нағимаға мылтықты ұстатып.
– Орнына апарып қой да, дастарханыңды әзірле, – деді. Сақманшыларды ерітіп, қораға қарай беттеді. Сұр көлік әне-міне дегенше ағызып келіп, қора алдына бірақ тоқтады. Кабинадан кебеже қарын колхоз зоотехнигі Берік Мыңбаев түсті.
Ол Есетке:
– Бай, мал-жан аман ба? – деп быртиған қос қолын созды. Қалтасынан блокнотын шығарып, төлдеген қой мен қозы санын, өлім-жітімін сұрап, жазып алды. Есет оны үйге шақырды. Жайшылықта түстеніп, Нағиманың жылы-жұмсағынан жеп, ащы суынан ішіп аттанатын ол бұл жолы асығыстық танытты.
– Бай, шәй ішіп, жайғасып отыруға уақыт жоқ. Бізге жаңа ғана облыс орталығынан хабар жетті. Түс қайта ауа райы күрт бұзылады екен. Өрістегі сақмандарды ертерек қораға қамап, екі күн қолдан азықтандырғандарың жөн. Мен әлі өзіңмен іргелес отарларға барып, осы хабарды жеткізуім керек, – деп жедел жүріп кетті.
Жарқын:
– Бәсе, екі аяғым түні бойы қан қақсап еді. Ауа райының бұзылатынына көрінген екен ғой,– деді жабырқау үнмен.
Есет батыс жақ көкжиекке көз тікті. Жайыла қанаттанып келе жатқан будақбудақ қара бұлттарды көріп, тіксініп қалды. Әдетте сол жақтан бұлт қылтиып көрінсе, күн реңі өзгеріп сала беретін. Ол көмекшілердің екеуін тездетіп атқа қондырды да тұстұста жайылып жүрген ірі сақмандарға жіберді. Қалған екеуіне қора ішіндегі бөліктердің сынып, құлағандарын тұрғызып, төл жайғастыратын клеттердің төсеніш самандарын ауыстыруды тапсырды. Өзі сырттағы жем салатын ағаш астауларды арбаға артып, қораның ауласына кіргізуге кірісті. Ондайда Нағима қарап қалған ба. Зоотехниктің тез жүріп кеткенінен секемденіп, қораға жүгіре басып жетті. Екі шелекпен іштегі кесілген доңғалақтарға су құйып, бірінен соң бірін толтырып жатты. Олардың ит жанындағы балалармен ісі болмады. Әй қу тіршілік-ай! Қат-қабат жұмысқа қарбаласып, Самғат пен Асқатты мүлдем ұмытты.
Әуелі сумаңдап, сұр жыландай ысылдап, суық жел жетті. Артынша ашулы аюдай аунақшып, дөңбекшіген түйдек-түйдек ауыр қара бұлттар аспанды тұтас жапты. Қиғаштай ұшқындап түскен қар қиыршықтары сәт сайын көбейіп, қалыңдай берді. Жел де құтырып, ышқына соқты. Айнала төңіректен қаңбақ шөп домаланып, жөңкіп барады. Сақманның алды жетті. Қора маңы азанқазан, у да шу. Енесінен адасқан қозылар, төлін іздеген қойлар жамырай маңырап, қораның ұзын дуалын жағалап, қайырғанға көнбей олай да былай да қашып, көмекшілерді әлекке салды. Сақманның сол бөлігін қора ішіне кіргізіп , жайғастырғанша екінші бөлігі де келді. Тағы да жанталас. Қиыршық қар беттерін сабалап, көк долы жел кеуделерінен итеріп, мал қайыруға мұрша берер түрі жоқ. Жан-жақтарынан айқайлап жүріп, әзер дегенде бұл бөлікті де қораға кіргізді.
Есет қораның жел жұлқылаған үлкен есігін жауып, сыммен байлады.
– Саттар, енді аттарды қораның шеткі бөлігіне жайғастырайық,– деді қарлыққан дауысымен.
– Мен ас әзірлейін.–Нағима сырт киімінің жағасын көтеріп, үйге қарай асыға басты.
Олар аттардың ертұрмандарын алып, үстеріне жабуларын жауып, дорбаларымен жем беріп жатқанда, Нағима алқынжұлқын жетіп келді. Өңі боп-боз. Көзінде үрей бар.
– Есет, үйде балалар жоқ,–деді ентіге сөйлеп.
– Жоғы қалай?–Ол елең етіп, аттақырға шөп салғалы айырға қолын соза берді де аңтарылып тұрып қалды.–Үйдің айналасын қарадың ба?
– Бір емес, бірнеше рет айналып шықтым. Апырай , боран алып кетпесе жарар еді. Жүрегім әлденеден шошып тұр, – деп дегбірсізденіп, безек қақты. Басқа көмекшілер де жиналды.
Есет қатуланып:
– Қайдағыны айтпа. Осы қора маңында жүрген болар. Қане іздейік.– Өзі бастап сыртқа шықты. Ұйтқи соққан боран бет қаратар емес. Олар екіге бөлініп қораны айналып, жақын маңдағы сай-салаларды да қарады. Қолдарымен ауыздарын көлегейлеп, ауық-ауық дауыстауда.
– Самғат!… Қайдасың?!
– Асқат!… Қайдасың?!
Ұлыған жел: “С–а–м–ғ–а–т! А–с–қ–а–т!” деп ала қашады. Кейде ызыңы жылаған баланың үніне ұқсап, алаң көңілді елең еткізеді. Осы тұстан шықты-ау деп сүрініп-қабынып жетіп барса, көделі шөптен басқа ештеңені көре алмай дал болады.
Олар тағы бір түйіскен кезде Жарқын:
– Есаға, атпен іздемесек алысқа бара алмаймыз, – деп дауыстады. Абыржыған Есетте сабырдың жұрнағы да қалмапты. Ойын қорқынышты күдік жеңе бастаған тәрізді. Дем жетпегендей омырау түймелерін ағытып, тағатсыздана:
– Иә, солай істейік, – деді.
Олар атқа мініп, жел бағытымен үшке бөлінді. Төңіректі тінтіп, қайтып оралғанша түннің жарымы болды. Өңдері суық сорғаннан қабарып, үйге кінәлі жандардай еңселері түсіп кірді. Жарқынның салыңқы мұртына сояулана мұз қатыпты. Нағиманың тотыққан жүзін жас жуған. Булыға жылап, мұрнын қайта-қайта тартып, ісінген көзінің сорасын орамалының ұшымен дамылсыз сүртуде.
Олар таңды тағатсыздана күтті. Түні бойы ешқайсысы да көз іліндірмеді. Бар төзімдерін тауысып, сазарып, бозарып барып таң жарықтық та атты-ау әйтеуір. Жынынан айырылған бақсыдай дауыл да басылып, жеңіл желкемге көшіпті. Әйтсе де таңғы аяздың салқыны бар. Малшылар қайта атқа қонды. Суырынды қар ой-шұқырды тегістеп қасаттанған. Ат тұяғынан жападай болып, морт-морт сынады. Олар түске дейін талай жерді шарлады. Балалар ізім-қайым жоқ. Самғат пен Асқаттың соншалық алысқа кетердей қауқары қайдан болсын. Олардікі жан далбаса еді.
Түсте зоотехник Берік келді. Есік алдында сүлесоқ тұрған Есетке әдеттегідей:
– Бай, – деп қолын соза бергенде ол ернін ғана жыбырлатып, сырт айналып үйге кіріп кетті. Түнерген қабағынан бір жайсыз жағдайдың болғанын сезді. «Апырай, кескіні қандай жаман еді. Кешегі боранда малдан айырылып қалмаса жарар еді мынау», – деп ішін жиырып қалды. Көмекші Саттар оған болған жайды қысқа баяндады.
– Мен мұны колхоз басшыларына хабарлайын, – деп Берік кідірмей көлігіне мінді.
Түс қайта қораға екі жүк автокөлігі тоқтады. Қораптарында отыз қарадай колхозшылар бар. Бәрі топ-топқа бөлініп, жан-жаққа тарап, балаларды іздеуге кірісті. Сай-сала мен қопа-қамысты түгел сүзді. Балалар көзге түспеді. Қас қарая олар да аттанып кетті.
Нағима бұдан әрі өзін ұстай алмады. Аш бүйірін таянып, солқылдап, дауыс шығара жылады.
– Самғатым!… Асқатым!…Қос құлындарым менің… Мен бейбақты қайда қалдырып кеттіңдер? – Оның күңірене шыққан шерінен үй ішіндегілердің сай сүйегі сырқырады. Көңілі бостар көздеріне жас алып, сыртқа беттеді. Есеттің де құр сүлдесі қалған. Қасірет қайғыдан езіліп отыр. Сонда да ерік-жігерін жинап:
– Нағима, күдеріңді үзгендей неге күңіренесің? Балалардың өлігін көргеніміз жоқ қой. Көз жасыңды тый, – деді зілді үнмен басу айтып.
Нағима шап ете қалды.
– Жыламағанда күлейін бе? Оларды қасқыр жеп кетпесе, көкке ұшып кетті ме? Тым болмаса сүйектерін тауып бер. — Есеттің қос қарынан ұстап жұлқылады. – Ел ортасынан да екі қолға бір жұмыс табылатын еді. «Мал, мал» деп қылқылдадың да тұрдың. Қане шыққан мүйізің? Малдан тапқан пайдаң осы ма? – Ашынғаны соншалық дауысы ащы шықты.
Нағиманың зар-запыран сөздері жүрегін өртеп, шыбын жанын шыжғырып барады. Құдайым-ай, жаны күйген шерменде не демейді. Болмаса Есет қайбір жетіскеннен жер басып тұр. Әкесі осы колхоздың қырық жыл малын бақты. Өзі де малдың ортасында өсіп, ер жетті. Отау иесі болды. Қолына шопан таяғын ұстағанда мұндай сормаңдай боларын біліп пе. Енді міне, екі бірдей баладан айырылып сілейіп тұрысы мынау. «Ауыл болып жабылып іздегенде табылмаған балаларды маған қайдан тап дейсің сен», – дей жаздап барып, өзін-өзі тежеді. Үндемегені дұрыс болды. Анаға баладан артық кім бар. Ол тізесін бүгіп, үй қабырғасына арқасын сүйеді.
Олар тағы бір таңды осылай атырды.
Сақманшылар ашық алаңға жал-жал етіп шөп шашты. Қорадан қойларды шығарды. Арнайы клеттердегі жаңа туылған төлдердің төсеніш самандарын ауыстырды.
Ақ пен қарасы айқын көрінген таудың ұшар басынан шашырап күн шықты. Аяз сынды. Ұлы сәскеде астына керқұла ат мінген Қайнардағы шопан Таңат келді. Атын бағанаға байлап, есіктен басын сұқты. Ол балалардың жоғалғанын кеше зоотехник Беріктен есітіпті. «Қазаны бөлектің, қайғысы бөлек» деп жым-жырт жата беруге дәті бармай жеткен беті осы екен. Үйдегілер сәлемін салқын алды. Киіп-жарып қал-жағдай сұрауға ыңғайсызданып, үнсіз отырды. Мұндайда ауызға ретті сөз де түспейді ғой. Қарсы алдындағы Саттарға қабақ астынан қарап еді, ол болар-болмас басын шайқады. «Демек балалардан дерек жоқ». Өткен екі түн үміттен гөрі күдікті күшейтіп жібергендей. Аздан соң Таңат тамағын кенеді.
– Есет, анау терең сайдың ернеуінен сенің Ақтөсіңді көрдім. Жақын барып едім, жатқан жерінен тұрып, үсті-үстіне үріп жақтырмады. Жанында аппақ қардан басқа қарайған ештеңе жоқ. Өзі әбден тоңса керек. Тұла бойы дір-дір етеді. Екі жақ бүйірінің қабысқанына қарағанда аш-ау. Оң жақ жамбасын қатты затқа соғып алған ба, жүніне қан қатыпты, – деп қою қара мұртын сипады.
Есет басын жәймен көтеріп, енжар үнмен:
– Боранмен маңып кеткен де.Оның барынан жоғы, – деп қолын сілтей салды.
Ол неге бұлай деді. Түк түсінсе бұйырмасын. Сонда да:
– Ақтөс осында келем десе жолды білмейді емес. Ал онда біреу байлап қойғандай, неге тапжылмайды? Соған таңым бар. Сен иесісің ғой. Жүр бірге барып көрейікші.
– Жанында ештеңе болмаса несіне жүр дейсің. Сандалғаным аз еді. – Ол басын тағы төмен салды.
Нағима оған алара қарап:
– Әй,Есет! Отырған жеріңе жабысып қалдың ба? Неге кежегең кейін тартып, бармаймын дейсің. Әлде Самғат пен Асқат алдыңа көктен түсе ме? – деп көз жасына ерік берді.
Таңат та тақымдап:
– Есет, мынау тұрған жер ғой. Қарап отырғанша барып қайтайық, – деп қолқалады.
Ол амалсыз көнді. Зіл тартып, сырқыраған денесін жер таянып, зорға көтерді. Мас адамдай теңселіп барып, бойын түзеді. Таңат: «Бекер қинадым-ау сені» деп ойлап, аянышпен қарады.
Қос атты жақындағаннан бұйығып жатқан Ақтөс орнынан тұрып, шоқиып отырды. Бөтен кісінің қасынан иесін көріп үрмеді. Бар денесі дірдек қағып, бұларға жәутеңдей қарайды. Желге кесе көлденең жатқан екен. Онысы қары басылған орнынан анық көрініп тұр. Ық жағын суырынды қар дөңестеп тастаған. Таңат қамшысымен иттің айналасын шола нұсқап:
– Міне, жанында ештеңе жоқ. Ал бұл анау көрініп тұрған қораға неге қайтпайды? – деді де Ақтөске үңіліп. – Әлде жаралы аяғымен жүре алмады ма?
Есет жан-жағына басын бұрды. Күн сәулесімен шағылысып, көз қарығын аппақ қардан басқа дәнеңе де жоқ. Кеше түнде мына терең сайдың табанымен жүріп отырып, сонау басына дейін сүзіп шыққаны есінде. Өзін сандалтуға себепші болған Ақтөске тыжырынып:
– Жаңа үйден мылтығымды асына шықпағаным-ай. Мұны көзге күйік қылғанша атып тастар едім, – деді ызаға булығып.
Олар аттың басын кері бұрды. Тебініп ұзай бергені сол еді Ақтөс қайта-қайта үрді. Таңат тізгінін тартып:
– Аяғынан жүре алмай тұр. Обал ғой. Атқа өңгеріп үйге алып кетейік, – деді.
– Қажеті жоқ. Осында сүйегі қалсын, – деп жүре берді.
Ақтөс дамылсыз үрді.
– Есет, мынау бізге кетпеңдер деп тұр ғой. – Таңат аттың басын тағы ірікті. Жүйкесі тозған Есет шарт сынды. Атының басын Ақтөске қарай шұғыл бұрып, ашумен сауырын қамшысымен тартып жібергенде жануар ытқи жөнелді.
– Қазір мен оның маңдайын айырайын.
– Есет, ұрма! – Таңат соңынан шапты.
Ат тұяғымен қағып өтердей бастырмалата келіп, Ақтөстің сүйегі ырсиған жон арқасын дырау қамшымен осып жіберді. Қамшы жанына қатты батқаны соншалық Ақтөс шәу етіп, екі-үш аунап түсті.
– Өй, әкеңнің… – Есет тағы да атын өңмеңдете ұмтылып, қамшысын үйіріп көтергені сол еді, ат сүрініп омақаса құлады. Есеттің қамшысы бір жаққа, өзі бір жаққа ұшты. Жер тіреген қолы әлгі ит жатқан жердің дөңес қарына кіріп кетті. Алақаны әлдеқандай жұмсақ затқа тигендей болды. Шошынып тез тартып алды да , жүресінен отырды.
Таңат атынан түсіп:
– Есет, жайсыз құладың-ау. Бір жерің ауырып қалған жоқ па? – деп аптыға сөйлеп, үстіне жабысқан қарын қақты.
– Таңат, мына қардың астында бір нәрсе бар секілді, – деді жүрексініп, батылсыздау үнмен.
– Қане, ашып көрейік.
Екеуі қолдарымен суырынды қарды жан-жақтарына ысыра бастады. Әуелі астынан кішкене бәтеңкелер көрінді. Одан әрі баланың жалаңаш аяқтары, содан соң тұтас денесі аршылды. Қазаншұңқырда оң жақ қырынан жатыр. Үстінде жалғыз помази жейде. Екі қолы мен көгеріп ісінген екі аяғын жиырып бауырына алыпты. Есет өз көзіне өзі сенер емес. Ақыл есінен айырылған жандай сәл үн-түнсіз тұрды да иегі кемсеңдеп:
– Бұл менің Самғатым ғой, – деп баланы көтеріп алды. – Самғат, көзіңді ашшы!.. Мен әкеңмін!.. – Үні тарғылданып шықты. Мұздай денесі былқ-сылқ еткен бала кірпіктерін сәл ғана қозғағандай болды. Таңат:
– Жаны бар екен. Суықтан талқысып жатыр. Тез қойыныңа алып, жылыт, – деді. Есет күпәйкесі мен ішкі киімдерінің түймелерін ағытып, Самғатты жып-жылы қойнына салды.
Таңат аз ғана ойланып:
– Маған енді бәрі де түсінікті болды,– деді.
Есет көзінен еріксіз аққан жасты жеңімен сүртіп, Самғатты қымтай ұстап, шоқиып отырған итіне қарай жүрді.
– Ақтөс, мен пақыр сенің қасиетіңді білмеппін. Біреудің сөзіне иланып, намыстан жарыла жаздап, атып тастағым келді-ау. Сенде тіл болмағанмен, ақыл бар екен. Кешір мен пақырды! – деп басынан сипамақшы болып қолын соза бергенде Ақтөс ыршып кейін шегінді. – Сені мылтықпен көздеп атқан көзім шықсайшы. Сені қамшымен ұрған қолым сынсайшы, – деп өзін-өзі кеше алмай опынып жатқанда, Таңат шалажансар баланың қатты әлсірегенін, үйге жеткізіп тездетіп жылы суға шомылдыру керектігін ескертіп, атына қолтығынан демеп мінгізді. Олар үйге қарай желе жортқанда, соңдарынан Ақтөс үш аяғымен шойнаңдап ілесті.
Самғатты көрген Нағима есінен тана жаздап, ыстық құшағына алып, мауқын басты. Ана жүрегінің жылуы мен айналып-толғанған мейірімі кеудесіне жан бергендей Самғат көзін ашты. Сақманшылар ошақтағы қазанға су құйып, от жақты. Баланы жылы суға шомылдырып, аузына екі-үш қасық сүт құйды. Сонда ғана ес жиған Самғат анасын танып, әлсіз қолымен мойнына асылды.
Қып-қызыл шартабақ күн көкжиекке таянғанда колхоз басқармасының төрағасы Ысмайыл Жаппаров келді. Аудан орталығындағы жиналыстан шығып, осында тура тартыпты. Мән-жайға қанығып:
– Асқатты мен табамын, – деп кесіп айтты.
Зоотехник Берік:
– Ысеке, күллі ауыл болып іздеп, таба алмаған баланы сіз қалай таппақшысыз? – деді күмәнді жүзбен қарап.
– Сендер қалай іздеудің тәсілін білмегенсіңдер? – деп іске кірісті. – Берік, жүргінші автокөліктерді анау құлама қырдан бері қарай жіберме. Қысқасы, мен матордың үндерін естімейтін болайын. Ал сен Таңат, мені Самғатты тапқан сай жиегіне алып бар. Арғысы менің шаруам. – Ол сырт киімдерін ауыстырды. Екеуі бір атқа мінгесіп, әлгі қазаншұңқырға жеткенде даланы қараңғылық тұмшалаған еді.
– Таңат, Ерсіннің қорасын білесің ғой. Содан бері қарай осы жерді маңайлап өтетін жол бар. Сол жолмен сирек болса да автокөліктер жүреді. Қора тұсынан соларды айналма жолға сал, – деп тапсырып, аттандырды.
Ысмайыл шұқыр жанына молдасын құрып отырды. Жан-жағына көз жіберді. Батыс жақ бетте, алыстан жалғыз шам көрінеді екен. «Демек бала Дәркембайдың қорасына қарай жүрген. Оған бораннан жете алмасы да хақ. Қасқырдан аман болса ол осы маңайда» деп ой топшылап, орнынан тұрды. Жылтылдаған жалғыз шамды бетке алып, сайға түсті. Тас қараңғы түн. Айнала жым-жырт. Алқара аспанда жұлдыздар жымыңдайды.
Ол шөкелеп отырып, құлақ түрді. Әлдеқайдан, әлдебір мақұлықтардың дыбыстары талып естілетін секілді. Қар үстіне етбеттей жатып тың тыңдады. Әлгі әр алуан дыбыстар анығырақ шықты. Бірақ баланың үніне ұқсамайды. Ол орнынан тұрып, тағы да он қадамдай алға жүрді де жер бауырлап жата қалды. Тағы да сол дыбыстар. Денесін жерден тік көтеріп алса, әлгі түн тіршілігі иелерінің хабаршылары зым-зия жоғалады. Ол осы тәсілін бірнеше рет қайталап, ілгері жылжи берді. Белден асып, қою қараңғылық ұйыған тағы бір сайға түсті. Мұнда қыстың ызғарлы аязы тұрақтап қалғандай, суықтан тұла бойы тітіркенді. Жер тіреген жалаңаш қолдары домбығып тоңайын деді. Ол күртік қарды уысымен қарпып алып ысқылады. Алақандары жан кіргендей жылынып, еріген қар суын сілкіледі. Содан соң тағы да жылжып, жата қалды. Кенет құлағына әлдеқандай бір өзгеше дыбыс жеткендей болды. Қасқыр бөлтірігінің әлсіз қыңсылы секілді. Жоқ, қалтырап тоңған аш мысықтың жалынышты үні сияқты. Кейде қарсақтың ұйлыққан күшіктерінің қыңсылы тәрізденді. Не де болса жақын жерде. Үн шыққан жаққа қарай жүрді. Тап алдынан таудай болып қарауытқан үйінді кездесті. Ұстап көріп еді қаңбақ шөп екен. «Е,е жел айдап келген ғой». Әлгі үн солардың арасынан шықты. «Қасқырдың бөлтіріктері-ау. Iні осында болды ғой. Апырай, баланы бөлтіріктеріне жемтік етпесе жарар еді». – Қорқынышты ойдан тұла бойы түршікті. Жылжуға жүрексініп тұрып қалды. «Қап, әттеген-ай! Бағана қорадан қолыма таяқ ұстай шықсамшы. Ең құрығанда пышақ та алмаппын», – деп өкінді. Артынша «Қасқыр інінде болса, ендігі бөлтіріктерін қорғап, маған шабар еді. Азық іздеп жорытып кеткен ғой», – деп өрекпіген жүрегін басты. Айналасын қармана түртінектеп жүргенде, ұзындығы құлашқа жуық таяқ ілінді. «Нар тәуекел, не де болса көрейін»– деп жолынан қаңбақтарды аршып, ыңырсыған жерге жақындай түсті. Енді бір сәтте тап қасына жеткендей болды. Таяғын созып, түрткілеп байқады. Бөлтіріктің бос денесіне тиген тәрізді. «Бұларда не қауқар бар дейсің» деп сақтана ақырындап қолын созды. Бөлтірік дегені басқа секілді. Енді батылданып, үстін жапқан қаңбақтарды олай-былай лақтырып, қарауытқан бірдеңеге еңкейе үңілді. Бүк түсіп, бұты жалаңаш бала жатыр.
– Асқат! – деп дауыстап жіберді.
Баланың ыңыранған әлсіз үні шықты. Денесі мұздай екен. Ол күпейкесін шешіп, Асқатты орап алды да үш шақырымдай жердегі қораға қарай беттеді.
Қорыққан мен қуанған бірдей демекші Асқатын көрген Нағима көз жасын тыя алар емес. Бір күліп, бір жылайды. Екі ұлын бауырына қысып, құмарта иіскеп, өбіп жатыр, өбіп жатыр. Асқатты да жылы суға шомылдырып, аузына сүт тамызды. Аздап әлденген соң, Ысмайыл оларды көлігімен Есік қаласындағы ауруханаға алып кетті. Сол кезден бастап шопандар әлгі екі сайға ат қойды. Бірін Ақтөс, екіншісін Бала табылған сай деп атады. Ал Ақтөс иесі Есеттің ерекше қамқорлығына бөленді. Аяғын өзі емдеп, азығын өзі алдына қойды, сылап-сипаудан жалықпады.
Бір айдан соң Самғат пен Асқат ауруханадан сауығып шықты. Отбасы қуанышқа толды. Есет бір ірі қарасын құрбандыққа шалып, көрші-қолаңды, ауыл-аймақты түгел шақырды. Дастархан басында отырғандар болған жайды есітіп:
– Апырай, Ақтөс пен Ысмайыл болмағанда, сол сайлардың басқаша, жаман аталып кетуі де мүмкін еді-ау, – деп бастарын шайқады.
Көлбай Адырбекұлы