ҚАЗАҚҚА ҚАНАТ БОЛҒАН ӘН НЕМЕСЕ «МЕНIҢ ҚАЗАҚСТАНЫМ» ӘНҰРАНҒА АЙНАЛСА...

ҚАЗАҚҚА ҚАНАТ БОЛҒАН ӘН НЕМЕСЕ «МЕНIҢ ҚАЗАҚСТАНЫМ» ӘНҰРАНҒА АЙНАЛСА...

ҚАЗАҚҚА ҚАНАТ БОЛҒАН ӘН НЕМЕСЕ «МЕНIҢ ҚАЗАҚСТАНЫМ» ӘНҰРАНҒА АЙНАЛСА...
ашық дереккөзі
347

Қазақ ұлтының жанын жаулап, адамдардың жүрегiне өшпестей iз қалдырған ғажайып сыршыл, нәзiк, көптiң көңiлiн бiрден баурайтын сиқырлы әндер халқымызда аз емес. Тiптi, уақыттың қатал сынынан өтiп, бүгiнгi бiзге жеткен әндердiң көбi аса құнды мұра, заманалардан үзiлмей жалғасқан қасиеттi уәзипа. Дегенмен, сол мол мұрамыздың iшiнде де жалтылдаған жаһұттай, ұлтымыздың тарихымен бiте қайнап, қанымызға кiрiгiп кеткен ерекше бiр әндер бар. Бiр кездерi Қаратауда туып-өскен әлдебiр қазақ келiншегiнiң зар-мұңы деп оқытылған «Елiм-ай» әнiн алайық. Осы әндi Қожаберген жырау Толыбайұлы шығарды деп тарихи шындыққа бiр табан жақындату үшiн де талай-талай уақыт қажет болды. Мейлi, осынау мәңгiлiк әндi кiмнiң шығарғанын талқыға салғалы отырғанымыз жоқ, ең бастысы, «Елiм-ай» айтылған жерде еш қазақ сай-сүйегi сырқырамай тұра алмайды, iле рухтанып, дүр сiлкiнедi. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдардан бергi қаһармандық ұраны, саналы Отан сүйгiштiктiң дүмпулi көрiнiсi. Ауыр мұң, ащы зар арқылы биiк сезiмдi, қайсарлық, өжеттiктi, ел бiрлiгiн, ынтымақты асқақтатқан мұншалық күрделi әрi ұмытылмастай ән, тiптi, әлем халықтарының тарихында санаулы-ақ. Осындай өшпес әндерiмiздiң бiрi және бiрегейi – Шәмшi Қалдаяқовтың «Менiң Қазақстаным» әнi! Мәтiнiне әуенi сай, жүрек қылын тербеткен соншалық сыршыл, iшкi иiрiмдерi өрлiкке толы әндi шырқаған сәтте осынау дүниеге қазақ болып келгенiңе қуанып, iштей мақтаныш сезiмi кернейдi кеудеңi.

Әрине, қазақ пен ән бiрге туған делiнедi және мұны көптеген өрелi музыка мамандары құптап, еш күмәнсiз келiседi. Сөйте тұра, ұлттық құндылығымыз ретiнде «Менiң Қазақстаным» әнiне халқымыздың мәдени өмiрiндегi шынайы орнын әлi күнге бере алмай келе жатқанымыз жоғарыда айтылған кертартпалықтың кесiрi.

Осынау қуатты әндi елiмiздiң Әнұраны етiп қабылдау мәселесi Тәуелсiздiктiң алғашқы күндерiнен-ақ көтерiлген болатын. Содан берi арада өткен он бес жылға жуық уақытта бұл өзектi жайтты сөз қылмаған қазақтiлдi басылым қалмады десек те шындықтан ауытқымағанымыз. Ол ол ма, сандаған биiк мiнберлер, құзырлы мекемелерде талай-талай қоғамдық, саяси, мемлекет қайраткерлерi «Менiң Қазақстанымды» елiмiздiң Әнұраны жасауды үнемi қайталап келедi. Өкiнiшке қарай, орайы келген iстiң орындалар түрi жоқ! Әйтпесе, қоғамымыз ресми емес түрде бұл әндi Әнұран ретiнде әлдеқашан қабылдап қойған! Балабақша балалары мен мектеп оқушылары сауық кештерiнде шырылдай шырқап, Елбасы Н.Назарбаевтың өзi де кездесулерiнде халықпен қосыла салтанатпен орындайтынына талайлар куә. Тiптi, елiмiздегi партиялардың басқосулары мен құрылтайларында да осы ән сәндi сарайлардың шатырын кернейдi. Қанат жайып, қалықтайды.

Биыл – 2005 жылы «Менiң Қазақстаным» әнiнiң құдiретi өзiмiзге ғана емес, әлемге танылды.

Иә, Тәуелсiз Қазақстанның ресми Әнұраны қабылданғанына да бiрталай жыл болыпты. Ол Әнұран да мемлекетiмiздiң нығаюына, қалыптасуына айтарлықтай үлесiн қосты. Өзiнiң тарихи рөлiн орындады. Iлгерi күнге бет алған Қазақстан үшiн ендi елiмiздегi бүкiл ұлттардың ой-санасын ортақ мүддеге бағыттайтын, ұйыстыратын, бүкiл қазақстандықтардың бойында өршiл рух, отаншылдық, шынайы патриотизм қалыптастыратын «Менiң Қазақстаным» әнi ғана Әнұран ретiнде ресми бекiтiлетiн уақыт түбегейлi келдi. Ендiгi мәселе тек Қазақстан депутаттарының қолында. Халық қалаулылары Үкiметке ресми сауал қоя ма, әйтеуiр, өз қолдарындағы билiктi пайдалана отырып, толғағы жеткен мәселенi оң шешуге күш салуы қажет. Бүкiл Қазақстан халқы басталғалы отырған Жаңа жылда бұл үмiт түбегейлi орындалып, айтулы күнге жүрегi жарыла қуанарына сенiмдi.

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары