ЖАЛҒАН АҚПАРАТ АБЫРОЙ БЕРМЕС

ЖАЛҒАН АҚПАРАТ АБЫРОЙ БЕРМЕС

ЖАЛҒАН АҚПАРАТ АБЫРОЙ БЕРМЕС
ашық дереккөзі
325

«Интерфакс–Қазақстан» ақпараттық агенттiгi 20 желтоқсанда «Оңтүстiк Қазақстанда есiрткi саудасымен айналысқан молда мен оның жұбайы әшкерелендi» деген тақырыппен хабар таратты. Онда осы облыстың Сайрам ауданындағы Пахтакор ауылының 51 жасар тұрғыны мен оның жұбайы есiрткi сатты деген күдiкпен ұсталды делiнген.

ОҚО есiрткiге қарсы күрес басқармасы (ЕҚКБ) мен Өзбекстан Iшкi iстер министрлiгi қызметкерлерiнiң бiрлескен iс-әрекетi нәтижесiнде олардың ұсталғандығы жайлы ЕҚКБ «Интерфакс–Қазақстан» агенттiгiне сейсенбiде хабарлаған. «Молданың» аты-жөнi айтылмаған.

Осыған байланысты Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасы Сайрам ауданының бас имамы Рахматулла Жұмадiлдаевпен хабарласып, мәселенiң мән-жайына қанықты. Бұл ауданда халық тығыз орналасқан. Тұрғындарының денi өзбек ағайындар. Бiр ауданда ғана 120 мешiт болса, оның тоғызы жеке дiни бiрлестiк. Яғни Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасына қарамайды. Есiмi аталмаған «молданың» аты-жөнi белгiлi болды. Ол – Абдурашит Ахметов деген азамат екен. Ешқандай молда емес, мешiтке қатысы жоқ. Үйi өз алдына жеке дiни бiрлестiк болып есептелетiн мешiтке iргелес орналасқан. Қатардағы намазхан болуы әбден мүмкiн. Өзбек ағайындардың бiр ерекшелiгi дiнге жақын. Намаз оқитындарының көпшiлiгi басына сәлде орап, сақал қойып жүредi. Полиция қызметкерлерiнiң оны «молда» деуi содан шығар.

Жалпы нендей жағымсыз оқиғаға «молда», «имам», «Ислам», «мұсылман» атауларын қатыстырып, соның басты «кейiпкерiне» айналдыру секiлдi айла-тәсiл батыстық ақпарат құралдарына тән. Қазақ «Сынықтан басқаның бәрi жұғады» дейдi. Бұл бiздiң елдiң ақпарат құралдары үшiн де үрдiске айналып бара жатқаны өкiнiштi-ақ.

Баспасөз заңы бойынша кез келген хабар, дерек жете тексерiлiп, анық-қанығына көз жеткiзiлген соң көпшiлiкке ұсынылып жатса құба-құп. Әйтпесе сенсация қуып, елдi бiр елең еткiзiп дүрлiктiрiп қалу жеңiл өсек-аяң қуған көше басылымдарына абырой бермегендiгiн ескергенiмiз жөн болар.

Оңғар қажы ӨМIРБЕК, ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы

Серіктес жаңалықтары