ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ: МАРАФОН БАСТАЛДЫ

ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ: МАРАФОН БАСТАЛДЫ

ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ: МАРАФОН БАСТАЛДЫ
ашық дереккөзі
360

Халықаралық қауымдастық та, iшкi-сыртқы күштер де Қазақстандағы президент сайлауы ешқандай сенсациясыз, айғай-шусыз өтедi деген болжам айтуда. Сарапшылар қазiргi президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басым дауыспен бiрiншi кезеңде-ақ жеңiске жететiндiгiне күмәнсiз. Ал оппозицияның атынан президенттiкке түсiп жатқан Жармахан Тұяқбай Нұрсұлтан Назарбаевтан кейiнгi дауысқа ие болуы мүмкiн деген болжам айтылғанымен, бүгiнде билiк оның Назарбаевтан кейiн келуiне кедергi тудыратын әкiмшiлiк шаралар қолдануы мүмкiн дегендi айтады. Сондай-ақ, Назарбаевтан кейiнгi дауысқа ие болатын адамның бiрi ретiнде Ә. Бәйменовтiң де есiмi аталады. Қалай дегенмен де, соңғы 4 үмiткердiң арасында екiншiлiкке талас болатыны айдан анық.

АҚШ мемлекеттiк хатшысы Кондализа Райспен кездеcуiнде сайлаудың әдiл өтуiне кепiлдiк беретiндiгiн айтқан Елбасы кез-келген үмiткерге БАҚ-тан теңдей мүмкiндiк берiлетiндiгiн және бақылаушылардың көп болатындығын айтқан.

ЕҚЫҰ (ОБСЕ) және ТМД елдерiнен келетiн бақылаушылардың саны – ұзақ мерзiмге 36, қысқа мерзiмге 400 болатындығы белгiлi болды. Бақылаушыларды аккредитациядан өткiзу сайлауға 5 күн қалғанда аяқталады, яғни 28 қараша. Астана да негiзгi назарды ЕҚЫҰ бақылаушыларына аударатын болады. Өйткенi, дәл осы ұйым өкiлдерi 2004 жылғы Мәжiлiс сайлауының әдiл өтпегендiгiн айтып, Қазақстан билiгiн қатты сынаған. Сондай-ақ, ЕҚЫҰ өкiлдерi елдегi «Сайлау» электронды жүйесiне де күмәнмен қарайтындықтарын айтқан. Ал, ТМД елдерiнен келген бақылаушылар былтырғы Мәжiлiс сайлауына да, «Сайлау» электронды жүйесiне де дұрыс баға берген едi. ТМД-лық бақылаушыларды бастап келген Владимир Рушайло «елде ешқандай әкiмшiлiк бұзушылыққа жол берiлмедi» деген қорытынды жасаған. Бұл жолы Қазақстан үшiн ТМД-ының емес, ЕҚЫҰ-ның өкiлдерiнiң берер бағасы аса маңызды. Өйткенi, Қазақстан – 2009 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуге үмiткерлердiң бiрi. Бұл үшiн ЕҚЫҰ өкiлдiгi Қазақстандағы президент сайлауының әдiл өтуi көп маңызды iстiң шешiлуiне мұрындық болады деген.

Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) төрағасы Оңалсын Жұмабеков: «ЕҚЫҰ аса көп бақылаушыларын, 436 адамды жiберудi көздеп отыр. Бiздiң оларға қояр талабымыз, мүмкiн болса орысша бiлетiндерiн жiберсе деймiз», дегендi айтты.

Кондализа Райстың Қазақстан билiгiн аса қатты сынап-мiнемегенi билiктiң алаң көңiлiне сенiм орнатқандай. Қазақстанда сайлау қалай өтсе де, басым дауысты Назарбаевтың алатындығына сенiм мол. Дегенмен, үгiт-насихат басталмай жатып-ақ, Қазақстанда оппозицияға қысым көрсетiле бастады деген әңгiме желдей есiп жүр. Айталық, Алматы қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Байдiлдиновтың шағымы бойынша оппозициялық газет «Свобода слова» және «Жұма-таймстың» өткен аптадағы нөмiрлерi тәркiленiп жойылса, «Свобода слованың» осы аптадағы №34 саны да Медеу аудандық iшкi iстер басқармасы тарапынан тәркiленген. Сондай-ақ, оппозицияның ешқандай электронды ақпарат құралының жоқтығы оның халықпен жақын тiлдесуiне де мүмкiндiк бере алмасы анық. ОСК барлық үмiткерге теңдей дәрежеде мүмкiндiк берiлетiндiгiн айта отырып, үгiт-насихаттың қаржысын мемлекет төлеуге кепiлдiк беретiн 4 ақпарат құралын анықтады. Олар – «Егемен Қазақстан», «Казправда» және «Қазақстан» телеарнасы мен «Қазақ радиосы». Оппозицияның күмәнi аталған БАҚ-тарға қол жеткiзе аламыз ба, жоқ па?! Жақын арада аталған БАҚ басшылары журналистермен кездесу өткiзiп, кез-келген үмiткердi алаламайтындықтарын айтқан. «Казахстанская правда» газетiнiң президентi Олег Квятковский оппозицияның үмiткерi Жармахан Тұяқбайдың ресми тiркелгендiгi жайында бiрiншi бетке хабарлама бергендiгiн айтып, ешкiмдi бөле-жармаймыз дедi.

Әлеуметтiк төлемақыларды көбейткенiнiң салдарынан, Қазақстанда соңғы кезде инфляцияның өршуi, Алматы маңайында заңсыз жер басып алу, баспаналарын сақтап қалу үшiн наразылық акцияларын өткiзу сияқты толқулардың әлсiн-әлсiн болып тұрғанына қарамастан, сарапшылар қандай да бiр саяси толқулардың немесе революцияның болуын жоққа шығарып отыр. Сондай-ақ, елде ұлттық фактор да орын ала қоймасы анық. Бұл елдiң ұлттық құндылықтарды қажетсiнбей отырғанынан емес, сайлануға үмiткерлердiң ешқайсысының ұлттық мәселенi ту етiп ұстамай отыруына қатысты. Сондықтан, алдағы сайлау бұның алдындағы сайлаулар сияқты бейбiт әрi ешқандай сюрпризсiз өтедi деген болжам расқа айналады.

Бiр қызығы, оппозиция да, билiк те сары түстi таңдапты. Грузия оппозиционерлерi күлгiн түстi ту етiп көшеге шықса, Украина – қызыл-сары түспен революция жасаған. Қырғызстанда каштан революцияның түсiне айналған. Ал, қазақстандық оппозиция бұл жолда сары революция жасаймыз деген үмiтпен сары түстi ту көтерудi жөн санаған. Бiрақ, оппозицияның таңдаған түсi билiктiң де ең сүйiктi түсiне айналыпты. Сөйтiп, билiктi жақтаушылар да сары түстi ту етiп көтеруге дайын отыр. Ал, полиция сары түстi жалау көтергендердi оппозиция өкiлдерi екен деп қуғынға салып жүргенде, олар билiктiң жақтаушылары болып, полицияның өзiн шатастырған. Назарбаевтың сайлау штабының адамдары оппозиция бiздiң түсiмiздi ұрлап алды деген мәлiмдеме таратқан. Қалай дегенмен де, түстiң бiрыңғай болуы, оппозицияның шарасыздығын танытса керек.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары