Қырғызстан: Төңкерiс пе, бұлғақ па?

Қырғызстан: Төңкерiс пе, бұлғақ па?

Қырғызстан: Төңкерiс пе, бұлғақ па?
ашық дереккөзі
336

«Қырғызстандағы билiктiң ауысуы төңкерiстiң нәтижесiнде жүзеге асырылды ма, әлде бұлғақтың ба? Әлем назарын өзiне аударған сол оқиғаны қалай атауға болады? Жаңа билiк елдiң саяси, экономикалық, әлеуметтiк ахуалының жақсаруына ықпал еттi ме? Осы және басқа да сұрақтар төңiрегiндегi пiкiрсайыс кеше Алматыда өткiзiлген «Қырғызстандағы саяси процестер: нәтижесi мен келешегi» атты халықаралық конференцияда сөз болды. Қазақстандағы Орталықазиялық демократияны дамыту қоры ұйымдастырған бұл шараға қазақстандық және қырғызстандық ғылыми-зерттеу институттары, қоғамдық-саяси ұйымдар, мемлекеттiк органдар, дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдар өкiлдерi қатысты. Конференция барысында ҚР Президентiнiң кеңесшiсi Игорь Романов, Қырғызстанның Жоғарғы Кеңес депутаты Жантөре Сатыбалдиев, қырғыз елiндегi Әдiлеттiлiк пен даму партиясы саяси кеңесiнiң төрағасы Мұратбек Иманалиев, Қырғызстанның экс-президентiнiң қызы Бермет Ақаева мен басқа да екi елдiң ресми тұлғалары, саясат қайраткерлерi мен сарапшылардың саяси, экономикалық және әлеуметтiк салаға қатысты жасаған баяндамалары негiзiнен Қырғызстан мен Орталық Азия аймағындағы елдердiң саясатының төңiрегiнде өрбiдi. Сонымен қатар орталықазиялық саяси және экономикалық интеграция, осы аймақтағы елдердiң бiрiгуiне мүмкiндiк бермей отырған кедергiлер, қоғамдағы кеңiнен қанат жайған жемқорлықпен күрес, қырғыз елiндегi инвестициялық ахуал, азық-түлiк қауiпсiздiгi мәселелерi, энергетика саласындағы қазақ-қырғыз қарым-қатынасының сан қыры жан-жақты талқыланды. Әсiресе, орталықазиялық аймақта кейiнгi кездерi кеңiнен орын алған «түрлi-түстi төңкерiстер» мен сол төңкерiстердiң елдiң саяси, экономикалық және әлеуметтiк саласына деген ықпалы қызу пiкiрсайысқа арқау болды.

Сарапшылар пiкiрiнше, соңғы 10 жылдан берi күн тәртiбiнен түспей келе жатқан Орталық Азия аймағындағы республикалардың бiрiгуi туралы мәселе әр мемлекеттiң жеке мүддесiн өзге елдiң мүддесiнен жоғары қоятындығынан және өзара бәтуашылдық келiсiмдерге келе алмауының салдарынан. Өз кезегiнде Қырғызстан дамуына макроэкономикалық тұрғыда сараптама жасаған ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгi, Экономика институтының жетекшi маманы Болат Құсайынов мырза қырғызстандық нарықта Қытай, Ресей және Үндiстаннан гөрi Қазақстан кәсiпкерлерiнiң аса тиiмдi екендiгiн, сондықтан келешекте осы мәселенi ескерген жөн екендiгiн айтты. Бiздiң тарапымыздан қойылған «Қазiргi таңда қырғыз нарығына дендей енуге ұмтылған қазақ кәсiпкерлерiнiң алдынан шығып жатқан кедергiлер Қазақстан мен Қырғызстанның экономикалық ынтымақтастығының келешегiне селкеу түсiредi. Кейiнгi кездегi мәселелердi, әсiресе, қазақстандық «Альянс-Банк» төңiрегiнде орын алған проблемаларды сарапқа салсақ, президент Бакиев қазақ кәсiпкерлерiн Қырғызстанның қақпасынан да қаратпауға жантасалып жатқандай әсер қалдырады. Аталған проблемалар қашан шешiмiн табады?» деген сауалымызға Бермет Ақаева соңғы 2 күннiң iшiнде осы сұраққа қатысты мәселелер жүйелене бастағанын және қабылданған шешiм «Алянс-Банктiң» ұпайына шешiлгенiн, есесiне, қырғыз кәсiпкерлерiнiң қай жерде де құқықтары аяққа тапталып, мүмкiндiктерi шектелiп жатқанын мәлiмдедi. Ал депутат Ж.Сатыбалдиев Қырғызстандағы шетелдiк банктердiң 80 пайызын қазақстандық банктер құрайтынын айтты.

Жарты күнге созылған конференция барысында жинаған ақпараттың бiраз күнге азық болары анық. Себебi, терең сарапталған әрбiр тақырыптың соңы қызу пiкiрталасқа ұласып, жан-жақты талқыланды.

Орталықазиялық демократияны дамыту қорының бас директоры Еркiн Тұқымов мырза¬ның айтуынша, жыл соңына дейiн Украина, Грузия секiлдi «түрлi-түстi төңкерiстi» басынан кешiрген елдердiң қазiргi саяси, экономикалық және әлеуметтiк ахуалынан хабардар ететiн конференциялар ұйымдастырылатын көрiнедi.

– Еркiн Уалитханұлы, бүгiнгi шараны ұйымдастырудың басты мақсатына тоқталсаңыз?

– Негiзгi мақсат – посткеңестiк кеңiстiкте не болып жатқандығына көз жеткiзу. Өйткенi, орталықазиялық аймақтағы саяси, экономикалық және әлеуметтiк ахуалға әркiм әрқалай баға бередi. Терең бойламайды. Қазiргi саяси режим бiр қатенi бiрiнен кейiн бiрi неге қайталайды? Егер тосын әрi күтпеген жағдайларға құрылса, әңгiме басқа. Бiрақ бұл жерде бәрi айқын, саналы түрде жасалып отыр. Ал шын мәнiсiндегi демократиялық өзгерiс жасалған жоқ. Мүмкiн бүгiнгi таңдағы саяси құбылыстар демократиялық серпiлiстердiң алғашқы қадамы шығар. Бiрақ ауқымы тар өзгерiстердiң құлашын кеңге жаятыны күмәндi. Мен Қырғызстандағы жағдайдың бiзде қайталанбағанын қалар едiм.

– Дәл сондай жағдайдың қайталануы мүмкiн бе?

– Төңкерiстi халық жасамайды. Оны жасайтын – iшкi және сыртқы тұрақсыздықты тудыруға мүдделi белгiлi бiр топтың өкiлдерi. Ол үшiн қыруар қаржы мен ондаған мың наразы адамдарды құрал ретiнде пайдаланудың да аса қажетi жоқ.

– Сiздiңше, тұрақсыздықты қалыптастыруға талпынғандар кiмдер? Халықаралық сарапшылар әлемге билiк жүргiзуге жанталасқан АҚШ-ты кiнәлайды…

– Ішкi ахуалды соншама аспанға шарықтатудың қажетi шамалы! Әрине, кез келген жағдайда iшкi ахуалдың ықпалы болатыны анық. Бiрақ оған сыртқы жағдайдың да әсерi мол. Бiржақты пiкiр айту – қателiк. Мысалы, Қазақстанның АҚШ-та төңкерiс ұйымдастыруы мүмкiн бе? Жоқ! Себебi, Америкадағы саяси жүйе тұрақтанған. Ішкi факторлардың ықпалы да күштi емес. Ал саяси тұрғыда әлсiз мемлекетке әсер ету өте оңай.

– Қырғыз қонақтар конференцияда Қырғызстан басшылығы ұстанып отырған үлттық саясаттың жоқтығын сынға алды. Осы мәселенi отандық сарапшылар да жиi көтерiп жүр. Жалпақшешейлiкке ұрынатын Қазақстан АҚШ-ты да, Батыс та, Қытай мен Ресейдi де «ренжiтiп» алмауға тырысып бағады. Нақты ұстаным керек сияқты?

– Бұл ұлттық саясатқа емес, iшкi саясатқа жатады.

– Мейлi, солай-ақ болсын делiк…

– Бұл мәселеде Қазақстан сәл өзгешелеу. Қазақстан ешқашан антиамерикалық немесе америкалық, антиресейлiк немесе ресейлiк бiржақты бағытты ұстанған емес. Бiресе Вашингтонның, бiресе Ресейдiң қолтығына тығылған Өзбекстан әлемдiк беделiне нұқсан келтiрiп алды. Ал Назарбаев керiсiнше, кез келген мәселеде тепе-теңдiктi сақтай бiлдi. Әлемдiк қауымдастық алдында Қазақстан беделiнiң жоғары болуы да осының нәтижесiнде. Күнi кеше АҚШ мемлекеттiк хатшысы Кондолиза Райстың кiмдi қолдайтынын ашық бiлдiруi де тегiн емес.

– Мұның астарында экономикалық мүдде жатқан жоқ па?

– Әрине, бар! Экономикалық мүдделер барлық жерде бар. Бұл бiр жағынан – табиғи заңдылық та.

– Астарында белгiлi бiр мүдде жатқан мәселеде нақтылықтың болмайтыны немесе екiншi кезекке ысырылып қалатыны белгiлi…

– Қандай нақтылық?! Кез келген мемлекеттiң, АҚШ-тың да, Қазақстанның да ұлттық мүдделерi бар. Егер мүдделер бiр арнаға тоғыса бiлсе, мемлекеттердiң басшылары бiтiмгершiлiк келiсiмге келе бiлсе, мәмiлеге келдi деген осы.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары