БАС ҚАЛАДА – ӘЛЕМДIК ДIН ЖИЫНЫ

БАС ҚАЛАДА – ӘЛЕМДIК ДIН ЖИЫНЫ

БАС ҚАЛАДА – ӘЛЕМДIК ДIН ЖИЫНЫ
ашық дереккөзі
198

Астанадағы Бейбiтшiлiк және келiсiм сарайында кеше-бүгiн үлкен жиын өтуде. Әлемдiк және дәстүрлi дiндер көшбасшыларының IV съезiне әлемнiң 40 елiнен 87 делегат қатысуда. Олар салмақты саясаткерлер мен дiнбасылар, белгiлi ғалымдар, сарапшылар және қоғам қайраткерлерi. Дiндер жиынын салтанатты түрде ашып берген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Әлемдiк және дәстүрлi дiндер лидерлерiнiң съезiн өткiзу – ХХI ғасырдағы әлемдiк құрылымның аса маңызды қағидаты ретiндегi жаһандық толеранттылықты қалыптастыру iсiне қосқан Қазақстанның ұлы сыйы!» деген ерекше баға бердi.

Бүкіл әлемнің дінбасылары бас қосқан жиын қарсаңында Әлемдік және дәстүрлі діндер ли­дер­лері Съезі Хатшылығының он бірінші отырысы өткен болатын. Онда сөз сөйлеген Сенат бас­шысы, Съезд Хатшылығының төрағасы Қайрат Мәми әлемнің түкпір-түкпірінен келген мәртебелі меймандарды Қазақ елінің бас қаласы құшақ жая қарсы алғандығын жеткізді. – Президентіміз Нұрсұлтан На­зарбаевтың осыдан 10 жыл бұрын кон­фессияаралық саммит өткізуге ша­қырған Үндеуінің сол кезде-ақ сіздердің жүректеріңізден жол тауып, бейбітшілік, қайырымдылық және әділеттік жо­лын­дағы дін­дердің жаһандық толыққанды диалогының бастауына айналғанына қуаныштымыз, – деді. Сондай-ақ Қайрат Мәми мырза маңызды жиынның дайындығына тұрақты түрде және белсенді атсалысқан делегациялар бас­шыларына риза­шылығын білдіре келе: «Біз ат­қарған жұмыс алдағы дінаралық саммитті лайықты өткізудің се­німді кепіліне айналады деген сенімдемін!» деді. Ол Қазақстан ұсынған «ізгіліктің үштағаны» – бейбітшілік, қайырымдылық және әділеттік орнауы үшін жаһандық диалогты нығайтуға бағытталған Президент Н.Назарбаевтың бастамасын қолдаудың маңыздылығын атап өтті. Өйткені «Қазіргі заманғы геосаяси қатынастарда діннің рөлі арта түскен. Ал Съезд бейбіт өмірді, қауіпсіздікті нығайтуда және әлеуметтік өркендеу жолында қоғамдық күштерді біріктіруі қажет. Жаһандық діндарлар жиналысының күн тәртібі бойынша, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының IV съезінің басты тақырыбы – «Бейбіт­шілік пен келісім – адамзат таңдауы» бо­лып белгіленген. Отырыстың қоры­тын­дысы бойынша «Діни лидерлер кеңесінің» құрамы мен «IV съезге қа­тысушылардың үндеуінің» жобасы бекітілді. Мұнымен қоса жаңадан құрылып отырған «Діни (рухани) лидерлер кеңе­сін» Хатшылық жиынына қатысушылар «Съездің басшылық діңгегі» деп баға­лады. Онда әлемдік жетекші діндер же­тек­шілері диалог құрмақ. Алқалы басқосу төрт секция бойынша жұмыс істеуде. Тал­қыға түсіп жатқан мәселелер – «Орнық­ты дамуға қол жеткізген дін басшы­ларының рөлі», «Дін және мульти­мәдениеттілік», «Дін және әйел: рухани құндылықтар және заманауи қатерлер», «Дін және жастар». Доктор Маджид Ибн Абд әл Азиз ат-Түрки: «Діни басшылар Аста­наға тек қазақ жерінде ғана емес, бүкіл әлемде бейбітшілік орнауы үшін жиналып отыр. Бұл жолғы съезде әйел мен дін, жас­тар мен дін, діннің жалпы рөлі туралы алқа құрып, ақылдаспақпыз. Одан бөлек әлемде бо­лып жатқан мәселелер талқыланады. Ал коммюникеде, бейбітшілікке бағытталған, терроризмге қарсы шешімдер айтылады» десе, Елбасының қабылдауында болған Канаданың экс-Премьер-министрі Жан Кретьен: «Бүгін мен Әлемдік және дәс­түрлі діндер көшбасшы­лары­ның съезіне қатысу үшін келдім. Діндер арасындағы үн­қа­тысу өте маңызды деп санаймын. Мұн­дай кездесулер ел ішінде тұрақтылық пен бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін ғана емес, сондай-ақ мемлекеттер арасында достық қарым-қатынастарды ор­нықтыру үшін қажет, – деп атап өтті. Сол сияқты Елбасының атына Иордания экс-Премьер-министрлері Абдель Салам Маджали мен Аднан Бадраннан арнайы келген хатта: «Бүгінде Қазақстанның мұ­сылман әлемінде көшбасшылық позицияға шыққаны сөзсіз. Бұған «Ғы­лым және технология: жетістік­те­рі мен перспективалары» атты Ислам әлемі ғылым академия­сы­ның Симпозиум-2012 аясында Қазақстан­ның жетекші ғалым­дары­ның сөй­леген сөздері дәлел. Қазақстанда болған барлық өзгерістер әлемдік өр­ке­ниеттің дамуына, әсіресе, Мұ­сыл­ман әлемі мен Батыс ара­сындағы үнқатысуды нығайтуға орасан үлес қосатынына күмәніміз жоқ», – делінген. Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­басшыларының IV съезі өз жұмысын бүгін қорытындылайды. Маңызды басқосу барысында мұ­сылман әлеміндегі діни мәсе­лелер барынша талқыға түсіп, лайықты ұсыныстар сарапқа салынуда.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары