319
Көлік министрлігі құрыла ма?
Көлік министрлігі құрыла ма?
«Атамекен» ҰКП көліктік логистика бойынша қосалқы комитетінің төрағасы Ерхат Есқалиевтің айтуынша, елімізде жүк тасымалының ұлғаюмен кәсіби жүк тасымалдаушыларға деген сұраныс арта түседі.
Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан транспорттық-логистикалық инфрақұрылымын қолданудың тиімділігін арттыруға арналған баспасөз конференциясы өтті. Жиынға «Қоғамдық аудит» Ұлттық серіктестік платформасының қауымдастық төрағасы Мұрат Әбенов, «Транс-LOGISTICS Казақстан» транспорттық іскерлік журналының бас-редакторы Жанна Исингарина, «Қазақстан Темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ-ның вице-президенті Санжар Елубаев және Қазақстанның KAZLOGISTICS Көлік қызметкерлері Одағының бас директоры Қанат Әлмағамбетов қатысты.
Ерхат Есқалиев ескі менталитетті өзгертіп, алыс жерге тауар таситын көлік жүргізушілерін даярлау жұмысын қолға алу қажет екенін ескертті. Өйткені ел азаматтары көлік жүргізіп, жұмыс жасауды бойына ар санайтын тәрізді.
– Ашығын айту керек, бүгінде жүк тасымалы саласында жұмыс істейін көлік жүргізушілерінің жартысы – беларус, литвалық және тағы басқа елдің азаматтары. Олардың арасында қазақстандықтар аз. Неге? Осы мәселені зерделеп көрдім. Оның басты себебі – менталитетте. Кеңес кезінде осы салада өзге елдердің азаматтарынан құралған «клондайк» қалыптасты. Сосын қазақстандықтар көлік жүргізушісін мәртебелі мамандық деп санамайды. Еуропада олай емес. Әрине, бір уақытта кәсіби көлік жүргізушілерінің санын арттыру мүмкін емес. Дегенмен осыны іске асыру қажет. Себебі, Қазақстан арқылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» сияқты транзиттік жолдар өтеді. Соның арқасында жұмыссыздық мәселесін шешуге мүмкіндік бар, – дейді ол.
Оның айтуынша, жақында Білім және ғылым министрлігінде өткен кеңесте кәсіпкерлер кәсіби жүк тасымалдаушыларды даярлау мәселесін көтерді. Өз кезегінде министр аталған мәселені шешуге мүдделі екенін жеткізген.
– Былай қарасаң, көлік жүргізушісі куәлігін алу үшін көп уақыт та, арнайы білім де қажет емес. Дегенмен халықаралық тасымалмен айналысатын көлік жүргізушісі әрбір елдің заңы мен ережесін білуі керек. Сосын көлік құралының өзі қымбат тұрады. Бір жүк көлігінің өзі – 180 мың доллар. Оған тура сондай сомаға жүк артылады. Ондай шығындарды кез келген сақтандыру жүйесі көтере бермейді. Сондықтан осы санаттағы көлік жүргізушілерін даярлау шараларына баса назар аудару қажет, – дейді Е.Исқалиев.
Ал Қанат Әлмағамбетов көлік министрлігін қайта құру қажет екенін айтады. Өйткені Қазақстанда көлік саласы ішкі жалпы өнімнің 8 пайызын алып отыр.
– Дегенмен аталған көрсеткішті әлі де арттыруға болады. Жақында біз Литвада болдық. Ол жақта көлік саласының үлесі 13-15 процентті құрайды. Біз де осы көрсеткішке жетуіміз керек. Географиялық жағдайымызды барынша пайдалануымыз қажет. Сөйтіп, жүк тасымалын арттыруымыз қажет. Бұл істі жүзеге асыру үшін бұрынғы Көлік министрлігін қайта жаңғырту қажет. Ол бізге ауадай қажет. Жеріміз үлкен. Осыны тиімді падаланғанымыз дұрыс, – деді ол.