Қазақты қуантатын әз Наурыз

Қазақты қуантатын әз Наурыз

Қазақты қуантатын әз Наурыз
ашық дереккөзі
1252
Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының жарық көргеніне бір жылға таяды. Ол мақалада ұлттың рухани жаңғыруының жайы жан-жақты баяндалғаны белгілі. Ұлттық жаңғыру – Ұлыстың ұлы күнінен басталуы тиіс емес пе?! Осыған орай, «Түркістан» газетінің жанындағы «Алдаспан» пікірсайыс алаңы ҚР Ұлттық кітапханасында «Наурыз мейрамын жаңа сипатта атап өтудің мәні» атты тақырыпта келелі кеңес өткізді. Оған елімізге танымал тарихшы, этнограф ғалымдар қатысып, пікірлерімен бөліскен еді. Жаңабек Шағатай: – Наурыз – ұлттық мереке. Біз 1988 жылдан бері Наурыз мерекесін атап келе жатсақ та, қалай тойлау үлгісін көрсете алмай жүрміз. Жалпы, Наурызды қалай ерекше атап өтуге болады? Мәселен, Қытайда жаңа жылды бір ай тойлайды. Биыл Алматыда да бір ай атап өтіледі делінді. Наурыз әр жерде әрқалай өтеді, бірақ бір ортақ идеяға негізделсе екен деген ой бар. 30 жылдан бері Ұлыстың Ұлы күнінің жалпыхалықтық сипатын қалыптастыра алмай қойдық. Ұлық мерекені шын мәнінде елдің есінде қалатындай атап өту қоғамда талай жылдан бері айтылып келді. Біз газет арқылы «Әр өңірде Наурыз парктері ашылса, онда ұлттық салт-дәстүрлер көрсетілсе, жас жұбайлар некелерін қиса, сәбилердің тұсауы кесілсе» деген ұсыныс жасадық. Тіпті, жыл сайын «Денсаулық», «Қазақстан» деген пойыздар кең байтақ жеріміздің түкпір-түкпірін аралайды. Сол сияқты осы мереке қарсаңында «Наурыз» пойызы алыстағы ағайынды аралап, ұмытылмас шара өткізсе, не кедергі? Әрі ол пойыздағы топтың ішінде әншілер, өнер қайраткерлері, спорт саңлақтары болса, ел-жұртпен қауышып, әсерлі кездесу ұйымдастырса, мерекенің маңызы арта түспей ме?! Ал Наурыз мейрамын жаңа сипатта атап өтуге байланысты сіздерде қандай ұсыныс бар? Мейлінше емен-жарқын түрде ортаға салып, ой бөліссеңіздер, мархабат.  Уақап Қыдырханұлы: – Наурыз десе, бала кезім еске түседі. Бала кезден аузымда қалған дәм де – наурыз көже. Тіпті, ұлт ретінде ең алғаш жаппай тойлаған мерекеміз де сол. Қазақта «Жаста қылған ғибадат – тасқа басқан таңбамен бірдей» деген тәмсіл бар ғой. Сонау 1961 жылы «Лениншіл жас» газетінде жүрген кезімде Наурыз туралы мақала жазғаным бар. Бірақ газетке жариялауға рұқсат бермеді. 1986 жылы шетелдегі қазақтарға тарайтын «Біздің Отан» деген газетке жұмысқа тұрдым. Бір жылдан кейін, яғни 1987 жылы Қызылордадан, 93 жастағы ақсақалдан келген Наурыз туралы мақаланы жариялап жібердік. Ал 1988 жылы Ұлыстың Ұлы күні Орталық партия комитетінің рұқсатымен алғаш рет атап өтілді. Міне, содан бері қазақ халқы ұлы мерекесімен қайта қауышып, дүбірлетіп тойлай бастады. Әуелгіде Наурыз күн мен түн теңелетін үш күн ішінде атап өтілетін. Тіпті, бұрын қазақтар өріс-қонысына, жағдайына қарай бір ай, тіпті екі-үш айға дейін созып жіберетін. Сондықтан Наурыз мейрамын – мұсылмандардың, не болмаса түркі халықтарының ғана мейрамы деген түсінік пайда болды. Шын мәнінде, мұның дінге қатысы жоқ. Діннен гөрі, ғылыми негіздер басым. Себебі бұрын Наурыз мейрамын түркі халықтарынан бөлек, гректер, үнділер де тойлаған. Өзім Ұлыстың ұлы күні жайында біраз зерттеу жүргіздім. Бәріміз айналып келгенде, этнограф-ғалым Мәшһүр Жүсіп Көпеевке тоқтаймыз. Оған сенсек, Нұх пайғамбардың кемесі Қазығұртқа келіп тоқтаған. Ал Құранда Нұх сүресінде топан су қалай алды, оқиға қалай өрбігені туралы айтылады. Әр халық өзінің аңызы бойынша, Наурызды өздеріне қарай икемдеп, бейімдеп әкетті. «Қазақ» газетінің 1914 жылғы 22 наурыздағы санында Әлихан Бөкейхановтың «Әлем күнтізбесінің тарихы мен мазмұны» атты мақаласында наурызды алғаш тойлаған Бабыл (Вавилон) мемлекеті дейді. Алаш қайраткері бұл мақаласында күн мен түннің теңелуі, жылдың басы наурыздан басталған дейді. Ал тағы бір мәлімет көздерінде, ертеде парсы патшалары тағына бір күн өзінің жақсы көретін құлдарын, кедейлерді отырғызған екен. Яғни, теңдік күні деген осыдан шықса керек. Өзім Наурыздың сипатын мына анықтамаға сыйдырдым. Айталық, қыс пен көктем қауышып, суық пен жылылық ауысып, қатып қалған тон жібігенде тоңып қалған жұрттың өңі де жібиді. Көкте күннің нұры төгілсе, жерде мұздың көбесі сөгіледі. Ең алдымен, Наурыз – теңдік күні. Бұл кезде күн мен түн теңеледі, ұл мен құл теңеледі, қыз бен күң теңеледі. Бай мен жарлы жарасып, хан қарашаның халін ұғады. Сондай-ақ, Наурыз – пәктік күні. Бұл күні реніштер ескерілмейді, жәбірлеуге дес берілмейді, әділдік салтанат құрып, әлімжеттік тасада тұрады. Наурыз – тазалық күні. Киім кірден арылып, қораның қақпасы ашылып, қоқыс атызға тасылады. Әр үйдің ауласы тазартылып, айнала жаңартылады. Наурыз – еңбек күні. Бұл күні бұлақ біткеннің көзі ашылады, ұста біткеннің көрігі басылады, айналаға тал егіледі, айдалаға дән себіледі. Қорадағы арық-тұрық өріске, соқа-сайман егіске шығарылатын тамаша кезең. Жаңа көштің көлігі байланып, жаңа төлдің көгені сайланатын шақ. Бәрінен де, Наурыз – тоқшылық күнінде әбдіренің аузы ашылып, сүрдің семізі асылады, қазан оттан түспейді, әр үй көп көже істейді. Бұл күні алғашқы уыз қатырылып, соңғы сорпа сапырылады. Әр үйде «сен іш, мен іш» десіп, бәрінен жомарттық қасиеті есіп тұрады. Мұнымен қоса, Наурыз – тілек күні. Жұрт бір-біріне «көк тәңірі нұрыңды аяма, жер тәңірі ырысыңмен аяла, ақ көп болсын, көк мол болсын, елді ырыстан арылтпа, жерді жемісінен тарылтпа, әділ ханды тағынан тайдырма, әз-халықты бағынан тайдырма, досқа амандық, қасқа жамандық бер, бәлекет қашық жүрсін, берекет тасып жүрсін, басыма бас қос, жасыма жас қос, асыма ас қос, досыма дос қос» деп тілек айтады. Соңғы кезде «Наурыз – тек көже ішіп қана қайтатын мейрам ба?!» деген пікір дауға айналды. Наурыздың атрибуты – көже ғана емес. Оның үстіне алаңда, аулада тігілген қазақ үйлерге кіріп, дәм тату – қарапайым халыққа бұйыра қоймайды. Яғни, ол үйлер көпшілікке тігілмеген. Қойқайып әкімдер кіреді, шалқайып арнайы шақырылғандар табалдырығынан аттайды. Ал қарапайым жұрт, жас балалар есіктің жабығынан сығалайды. Әлеуметтік теңсіздіктің оты бетке ұратын осы жер. Ал этнографиялық салттарды өткізуге болатын шығар, бірақ бір ай емес, үш күн тойласақ та жететін сияқты. Тағы бір нәрсе, бала кезімде ақсақалдар Наурыз мейрамын тойлауды тұрмысы төмен, қарапайым үйден бастайтын еді. Бұл да ұлыс күнінің теңдікке негізделгенін дәлелдей түседі. Әлімғазы Дәулетхан: – Шынында, Наурыздың қасиетін қашырып жібердік. Өлгенді тірілтіп, өшкенді жаңғырту оңайға түскен жоқ. 1986 жылғы жастардың намысы мен екпінімен келген тәуелсіздіктің арқасында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы да қайта келді. Бірақ неге осы мерекені тарихи мәнінен айырып, науқанға айналдырып жібердік? Өкініштісі сол, көп жерде «өткіздік» деген белгі үшін ғана қалай болса, солай атап өтеді. Көбінесе оның қызығын шенеуніктер, жандайшаптар ғана көрді. Осылайша, Наурыз мейрамының тарихи мәні күңгірттеніп, көп науқанның біріне айналды. Сондықтан бұл мәселе дер кезінде көтерілді. Бұған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының да жаңғырығы әсер еткен шығар, екінші зиялы қауымның көкейінде көптен жүрген көкейкесті мәселенің қоғамдық деңгейде көтерілгеніне қуандым. Бізде билік бір жақта, халық бір жақта. Біз бар мәселені бірлесіп атқару дәрежесіне әлі жете қойған жоқпыз. Өзімізді өзіміз алдауды қою керек. Наурыз мерекесін қалай атап өту керек? Бұл дәстүрлі және идеологиялық мәселе. Уақаңның айтқан дүниесі – мәңгілік. Уақап аға айтқанын іске асыратын болсақ, Наурыз өзінің мәртебелі орнына қонады. Айталық, кейбір қалада көшеде тегін бауырсақ таратылады дейді. Бұл не? Балабақшаның балаларын алдаса, бірсәрі. Мұндай нәрсемен халықты алдауға болмайды. Қасиетті мерекенің қадірін қашырып қайтеміз? Наурыздың мәртебесін қалай көтере аламыз? Бұл – бүкіл халықтық, мемлекеттік жұмыс. Әуелі қазақ халқының мәртебесін көтеру керек. Шын мәнінде, қазақ тілін мемлекеттік тілге айналдыратын тетіктерді іске қосу қажет. Елбасы Үкімет, Парламент отырысы қазақ тілінде өту керек деді. Бұл – құптарлық жайт. Бірінші, қазақ тілінің мәртебесін көтермей, Қазақстанда идеология өз орнына келмейді. Екінші, қазақ халқының 44 пайызы – ауылда. Халықты қайыршылықтан, жұмыссыздықтан құтқару керек. Ол үшін жаңадан қабылданып жатқан заңдарды жүзеге асыруға тиіспіз. Онсыз ешқандай науқан да, ұран да нәтиже бермейді. Қазақ халқының экономикалық, әлеуметтік жағдайы дұрысталмай, Наурыз өз деңгейінде өтпейді. Үшінші мәселе, салт-дәстүрден ажырап қалдық. Бүгінгі жастар бағзыдан келе жатқан дәстүрді де біле бермейді. Сондықтан санадан өшуге шақ қалған салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты жаңғырту қажет.  Нұрмұхан Жанұзақұлы: – Қытайдың Үрімжі қаласынан көшіп келдім. Қазақ болған соң, Наурыз десе жүрегім елжіреп қоя береді. Өйткені Наурыз – қазақтың жаңа жылы. Наурыз – қазақтың есеп күні. Бала кезімізде әкелеріміз қанша рет наурыз көже ішкізсе, сонша жастасың деп есептеген. Наурыз – топан су басылғаннан кейінгі, екінші бір тіршіліктің басталуы. Демек, Наурыз – мейірімнің, тіршіліктің тойы, адамзат ынтымағының тойы. Наурыз мерекесі – қазақтың ұлттық төл мерекесі. Наурыз мейрамының мазмұны ұлттық сипатта болу керек. Қалай дейсіз ғой?! Біз 70 жыл ішінде көп нәрсені жоғалтып алдық. Қарапайым «ассалаумағалейкум» деп амандасуды да ұмыта бастадық. Меніңше, ұлттық тәрбиені қайта жаңғыртуымыз керек. Сондай-ақ, қоғамда ұлтымызға жат әрекеттер көп. Наурыз мейрамын пайдалана отырып, ұлттық тәрбиені жүргізу қажет. Біздің ұлттық болмыс-бітімімізді, жаратылысымызды қалпына келтіре алсақ, әрі оны Наурыз мерекесімен байланыстырсақ, жақсы болар еді. Самат Өтениязов: – Қазақ тойлайтын Наурыздың басқа ұлттардағы мерекеден бір айырмашылығы – көрісу. Бұл – айрықша дәстүр. Бізде ұлттық мейрам бөлек, Жаңа жыл бөлек. Ұлттық мейрамның күні белгіленген. Сондықтан 1988 жылы Наурыз мейрамын атап өтудің өзі үлкен оқиға болды. Сол кезде Әнуар Әлімжанов Орталық партия комитеті басшыларына «Наурыз – діни мейрам емес. Халықтың жаңа жыл мейрамы», – деп, тәптіштеп түсіндірген. Егер солай айтпағанда, бәлкім төл мейрамымызға кеш қол жеткізетін бе едік, кім білсін?! 1992 жылы Түркияда болған кезімізде, бізге наурыз дегенді мүлдем айтуға тыйым салды. Себебі Наурыз – шейіттердің мерекесі деген түсінік қалыптасып кеткен көрінеді. Тек жаңашылдық, Көктем мерекесі деп айтуға ғана мүмкіндік берді. Содан бір-екі жылдан кейін Түркия бүкіл түркітілдес ұлттарды Наурыз мейрамымен құттықтағаны есімде. Бүгінде Наурыз қазағы қалың аймақта 4 күн тойланады. Яғни, 13 наурыздан басталады. Табиғаттың мейірімі түскен күні міндетті түрде қар жауады. Таңертең жауған қар түс әлетінде еріп кететін. Мұны Наурыз-ақшақар деп атайды. Ал еліміздің батыс өңірі 14 наурыз – Көрісу күнінен бастап кетеді. Самарқан, Бұқара, Иран 21 наурыздан бастап тойлайды. Ал бертін келе, наурыз тойын атап өтуде асыра сілтеушілік пен ысырапшылық көп болып кетті. Аязды күні әнші, биші қыздардың алаңда өнер көрсетуі, одан кейін ауырып қалуы жиі орын алды. Екінші, баланы бесікке салу, үйлендіру, құда түсу, т.б. театрландырылған көріністер мезі қылды. Біреулер сыртымыздан бетін шымшып: «Қазақтар дәл осы күні үйленген бе?!» деп күлді де. Негізі Наурыз мейрамына жеті түрлі тағамнан жасалған көжеден бөлек, мерекелік концертті қоссақ болады. Ал әлгіндей көріністер – ұят нәрсе. Әлімғазы Дәулетхан: – Біздің бүгін Наурыз мейрамы деп жүргеніміз – Ұлыстың ұлы күні. Наурыз кейін парсы мәдениетінің ықпалымен келген атау. Ұлыс – халық. Демек, Ұлыстың ұлы күні деген атауды қайта сіңіру керек. Қасымхан Бегманов: – «Этнографпен әңгіме» деген кітабым шыққан. Сонда Жағда Бабалықұлы: «1924 жылы Кеңес үкіметі арнайы қаулы шығарып, Наурызды тойлауға тыйым салған. Бірақ халық оны тыңдаған жоқ. Халық ауыл-ауылдарда Наурызын тойлап жүрді», – деп айтады. Бүгінгі күні Наурыз өтіп жатқан жерге барсаң, шақырылмаған қонақ сияқты болып қаласың. Бір топ шенеуніктер, тағы басқа лауазымды қызметкерлер үлкен киіз үйлерге жайғасып, үкіметтің, халықтың есебінен жасалған көжені өздері ішіп шығады. Ал халық сыртта құрғақ бәліш жеп жүреді. Осының бәрі менің жанымды ауыртады. Сондықтан «бұл мерекеде халық үшін не істеуге болады?» деген ой мазалап, 8 жылдан бері «Дәстүр» этнографиялық журналын шығарып келеміз. Наурыз мерекесін жаңа ұлттық үлгіде ауқымды етіп өткізу жөнінде ҚР Мəдениет жəне спорт министрі Арыстанбек Мұхамеди­ұлының ұсынысы көптің көкейіндегісін қозғап, жер-жерде құптарлық, оңды пікір айтыла бастады. Бұл мәселе дер кезінде көтерілгеніне қуандым. Міржақып Дулатовтың 1923 жылы «Еңбекші қазақ» газетіне жазғаны бар. «Қазақтың жалғыз мерекесі бар. Ол – Наурыз» делінген сол мақалада. Бұл мәселе туралы Ахмет Байтұрсынов та, Әлихан Бөкейханов та жазды. Осының бәрін сұрыптай келе, қалған мерекеміз қайда кетті дегенді ойлана бастадым. Қазақ даласын түгел аралаған адаммын. Бір нәрсе іздедім. Бірақ не нәрсе іздегенімді өзім де толық түсінген жоқпын. Оңтүстігіңізді де, солтүстігіңізді де, шығысыңызды да араладым. Бірақ мен жоғымды батыстың даласынан таптым. Отпантауға бардым. Сол жерден іздегенімді таптым да, көкірегім жылады. Кезінде осы маңда Бүркітбай деген Моңғолиядан келген бүркітші бар еді. Сол бүркітшінің аты мен бүркітін суретке түсіріп, журналымыздың бірінші бетіне жариялайын деген ой болған. Сөйтіп, бірде әлгі кісіге: «Суретке түсіріп алайын, атыңызды қарғытыңыз» десем, «ат қарғи алмайды» дейді. Ат екі аяғын көтере алмайды, жем дұрыстап жемеген ғой. Өзінің үш бүркіті бар екен. «Бүркітіңіздің қанатын көтеріңізші...» десем, олар да қанатын жая алмайды. Сонда да, әзер дегенде атты қарғытып, бүркіттің қанатын жайғызып, суретке түсіріп алдым да, журналдың алғашқы бетіне бердім. Ал Отпантаудың басына шықсам, жүз бүркітші тұр. Еріксіз көзіме жас келді. Барлығы табиғи. Қамшы өретіндер, домбыра жасайтындар да бар, бүркітшілер бірінен бірі өтеді. Атбегілер, аттың түрлі әбзелдерін жасайтындарды да тез табасыз. Қазақ ұйысып отырған Оңтүстік Қазақстан облысына Асқар Мырзахметов әкім болып тұрғанда, саябақтардың санын арттырды. Сол азамат Шымкент қаласында әдет-ғұрып, салт-дәстүр орталығын ашты. Бүгінде ол орталықтың қаншалықты дәрежеде жұмыс істеп жатқанын айта алмаймын, бірақ ол жұмыс істейді. Бүкіл Қазақстан бойынша салт-дәстүрді бағалап, зерттеп отырған бірден бір мекеме. Бүгінгі көтеріліп отырған мәселеге байланысты менің ұсыныстарым бар. Біз көп нәрсені жоғалттық. Мәдениет және спорт министрлігінің басқа шаруасында жұмысым жоқ, екі жұмысын жоғары бағаладым. Біріншісі, «кешегі көрісу күнін қалпына келтірейік, бүкілхалықтық дәрежеге көтерейік» деген бастамасы. Одан кейін министрліктің «Наурыз мерекесін қалай өткіземіз?» деген бастама көтеруі де игі іс болды. Қазақ халқында жеті саны – қасиетті сан. Сондықтан Наурызды 7 күн тойласақ деген ұсыныс айтқым келеді. Наурызды 7 күн тойлап, жетінің бәрін байланыстыра келе, ғылыми жүйеге түсірсек деген ұсынысым бар. Сосын бізде наурыз көженің жасалуының өзін бір ізге түсіру керек сияқты. Наурызда құрбандық шалмайды деп жатады. Бірақ бізде Наурызда да мал сойылады. Тігілген киіз үйлерге барсаңыздар, әкімдерінің алдына бас әкеліп тартады. Мал соймаса, басты қайдан әкеледі?! Менің ұсынысым – наурызды 7 күн тойлау, наурыз көже әзірлеуді бір ізге түсіру және мейрамды халыққа жақындату, әсіресе, балаларға жақындату. Мерекеде ең алдымен, бала қуануы керек. Қазір бала қуанатын мереке қалған жоқ. Белгілі этнограф Жағда Бабалықұлының: «Жерұйық» деген қоғамдық ұйым құрғанбыз. Сол қоғамның көмегімен Наурыз тойын тойлауды 1987 жылы бастадық. Колбин үлкен қателік жасап алды да, соның артынан қазаққа көңіл бөліп, рұқсат еткен сыңай танытып, біршама дүниелерді жасауға мүмкіндік туғызды. Мен ол уақытта «Жер­ұйық» қоғамдық ұйымы басшысының орынбасары болдым. Кәдімгідей жалақы алатын едік. Сол 1987 жылдан тәуелсіздік алғанға дейін Наурыз тойын біз жүргізіп отырдық», – деген сөзі әлі жадымда жатталып тұр.  Ғалия Теміртон: – Ғалым болсам да, этнография жөнінде сіздерден артық айта алмаспын. Бірнеше жыл бұрын «Қазақтың көне заманнан келе жатқан дәстүрлі сөздері, ұғымдары, категориялары» деген бес томдық энциклопедия шықты. Наурызды бірнеше күн тойлау туралы сөз болды ғой осы жерде. Сол энциклопедияда Наурызға байланысты арнайы он шақты бет берілген. Сонда «Наурызнама тойы» деген ұғымға анықтама беріледі. «Наурызнама тойы – Наурыз мерекесіне қатысты негізгі ұғымдардың бірі. Әдетте, ел ішінде аса бай, дәулетті адамдардың наурызды той қылып өткізуін наурызнама дейді. Наурызнама тойы бір аптаға созылып, сегізінші күні тойға келгендер тарай бастайды». Бүгінгі үлкендер, ақсақалдар осы дәстүрді қолға алса, жалғастырса деген ойым бар. Өзім ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар комитетінің мүшесімін. Наурызды бүгінде ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралары тізіміне кіргізді. ЮНЕСКО тарапынан олар бұл мерекені қадағалап отыру керек. Бірақ менің түсінгенім, бүгінде мерекенің өту тәртібі дұрыс қадағаланып отырған жоқ. Ұлттық дәстүріміз жайында өзіміз басымызды қосып, нақты ойларымызды айтпасақ, Наурыз күнтізбелік мерекелердің бірі болып қала береді. Бұл – шындық. Қазақ наурызды парсыға қарап тойлай бастаған жоқ қой. Наурызды қазақ халқы көне заманнан тойлайды. Бұл мереке – қазақ халқы үшін жаңа жыл, жылдың бастауы. Өзім Арқалықтың қазағымын. Біз жақта наурыз айы – суық, малды қасқыр талап жататын қиын уақыт. Бала кезімнен есімде, наурызда мал төлдей бастағанда, аналарымыз уыз пісіретін. Біз қазір уызды ұмыттық. Соны біраз насихаттау керек тәрізді. Тәуелсіздік алғанымызға 26 жылдан асты, бірақ осы күнге дейін нағыз қазақтың дәстүрін, ғұрпын насихаттайтын, әспеттейтін бірде-бір институт болған емес. Ұлттық киімдерді, ұлттық дүниелерімізді, құндылықтарымызды насихаттайтын орталық қажет. Айжамал Құдайбергенова: – 14 наурыз – Көрісу күнінен басталған Наурыз мерекесі құтты болсын! Батыс өңірдегі көрісу күні арнайы мерекелік шара есебінде Қазақстанда қабылданған жоқ. Бірақ халық оны тойлап кетті. Наурызды жылдың басы деп есептейтін қазақ халқы айдың астрономиялық күнтізбесін бастады. Наурыз мерекесін тойлауға келетін болсақ, сол үш күннің өзі дұрыс. 21,22,23 наурыз күндері бекер белгіленген жоқ. Оны жеті күн тойлау керек деген пікірге қосылып, не қарсы шыға алмаймын. Ал енді Наурызды айлап тойлау деген дұрыс емес деп есептеймін. Қалай десек те, ел еңбек етуі керек. Бір ай той тойлап жүрсең, еңбек қайда қалады? Наурызды қайтсек мағыналы атап өтеміз? Қазіргі кезде елде ғана емес, бүкіл әлемде өзгерістер орын алып жатыр. Мерекелердің жаңа түрлері пайда болуда. Біз жаңа жыл мен Наурызды салыстырамыз. Соның ішінде Наурыз мерекесінің мәртебесін арттыру керек деген ойлар туып жатыр. Алаш зиялысы Міржақып Дулатов қазақ халқында тек Наурыз мерекесі бар екендігін айтады. Наурыз мерекесінің қазақ жерінде тойлана бастауы кешегі «Наурыз» сөзінің пайда болуына байланысты емес. «Наурыз» сөзі кейіннен енді де, «Ұлыстың ұлы күні – Наурыз» деген сөз бірге топтасып кетті. Бұған дейін ежелгі дәуірдегі шатқалдардан күннің суретін көретін болсақ, отқа табыну, пұтқа табыну көріністері көз алдыңызға келеді. Әрі бұдан жаңа іс-әрекеттердің басталатындығы, өткенге өкінішпен қарамай, жаңаша ойлау керектігін ұғасыз. Аққа аузымыз жетті, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағынан өттік. «Ұлыстың ұлы күні» деп нақ осы наурызды айтуының себебі де, табиғаттың ерекшелігіне қатысты. Наурыздың мемлекеттік деңгейдегі мәнін көтеру үшін, наурызды жаңа жылдың бастамасы деп есептету үшін, оның мәні мен маңызын өзіміз ғана түсініп қоймай, өзгелерге түсіндіре білуіміз керек. Күн мен түннің теңескен кезінде әрбір адамды «Наурызды қалай қарсы алса, солай өтеді...» деген секілді наным-сенімге сендіре білген жөн. Мұндай әдет-ғұрыптарды енгізе алатын болсақ, Наурыз мерекесінің мәнін арттыра алатын едік. Наурыз мерекесін тойлауда қандай өзгеріс жасауға болады? Наурыз мерекесі – отбасын құра алмай жүрген, жесір болып қалған немесе жарымжан адамдарға көмектесу күні. Өзбектерде «махалла» деген бар. Ол үлкен кісілердің, ақсақалдардың қордаланған мәселелерді қарастыратын орны. Қиын жағдайға түскендерге көмектесіп, қателік жасағандарды шешетін ақсақалдар кеңесі деуге болады. Менің ойым, әрбір ауылда, әрбір ауданда осындай ұйымдар болатын болса, ел-жұрт айналасындағы адамдарды танитын еді. Осындай ұйымдардың арқасында жұрт бір-бірінің қателігін кешіріп, хан мен қара, бай мен кедей теңесетін күн болар еді. Саябақтар ашылса, сол саябақтарға «Наурыз» деген атау берілсе деген ұсыныстар айтылды. Сол саябақтарға тал егуді шын мәнінде қолға алсақ ше?! Балабақша, мектептерде, өзге білім ордаларында Наурыз мерекесі театрландырылған көріністер түрінде ғана емес, шынайы әрекет есебінде көрсетіле бастаса, қандай тамаша! Киіз үй тігіп, «Кім қандай наурыз көже дайындады екен?!» деп аралап, дәмін татып шығу басты міндет болмауы тиіс.  Ерлан Төлеутай: – Наурыз жөнінде келелі ойлар айтылып жатыр. 1988 жылы басы таудай боп басталған Наурыз мерекесінің аяғы қылдай болып барады. Бұл мереке қазір халықтық сипат ала алмай отыр.  «Ұлыстың ұлы күні» дегенді жиі айтамыз. «Ұлыс» деген «мемлекет», демек, мемлекеттің ұлы күні. Ол уақытта хан мен қара, бай мен жарлы теңеледі. Ал қазір соның бәрі бастапқы мәнінен айырылып, Наурыз жасанды мерекеге айналып барады. Өзім Орталық Қазақстанның қазағымын. Еліміздің біраз өңірлеріндегі Наурыз мерекесін көріп келе жатырмын. Сол мереке кезінде қарапайым халықты аяймын. Қара халық бүрсеңдеп, киіз үйдің сыртында жүреді. Біздің жақта ол кезде қатты суық болады ғой. Қара халық киіз үй тігеді, тамақ дайындайды, ұлттық киім іздейді. Әкім-қаралар 50-60 жылдығында сыйға алған шапандарын киіп келеді. Жұрт барын алып келеді де, әлгі шенеуніктердің аузына тосады. Шенділер төрге жайғасады, қара халық соған көже тасиды, қазы-қарта асып береді. Біз Наурызды сол шенділерді күтетін мерекеге айналдырып жібердік. Осы менің жаныма батады. Осылайша, бұл мереке халықтық сипатынан айырылды. Халық көшеде ерсілі-қарсылы жөңкіліп жүреді. Не оларды киіз үйге де кіргізбейді. Киіз үйдің алдында күзет тұрады. Сонда бұдан кейін Наурыздың қандай мерекелік маңызы қалды? Ең алдымен осыдан құтылуымыз керек. Кейде Наурыз мейрамында киіз үй тігуді де қою керек пе деп ойлаймын. Өйткені барлық ауыр жүк халықтың арқасына түседі. Халықтың мерекесінде халық демалмайды. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы үйсін Төле бидің заманында Наурызды тойлау өзінің шыңына жеткендігін жазады. Үйсін Төле бидің уақытында Наурыз нағыз Ұлыстың ұлы күні болып қалпына келген екен. Сол кезде бүкіл қазақ халқы тұтас Сырдың бойында отырды. Орыстың зерттеушілері «Сырдың жоғарғы ағысын Ұлы жүз, ортаңғы ағысын Орта, төменгі ағысын Кіші жүз мекендейді» деп жазады. Наурызды тойлау сол 1-2 млн қазақ үшін ыңғайлы болған. Оңтүстік жақта наурыз айында қара жер бусанып жатады, көк қылтиып шығып, жұрттың көңілі көтеріңкі болады. Ал Қарағанды облысында тойлап көріңіз, қара суық думандатуға мүмкіндік бермейді. 1991 жылы Қарағанды облысы Наурыз мерекесін сәуір айында тойлап, ат шаптырып, көкпар тартып, керемет думан өткізді. Қазір Наурыз мерекесіне халықтық сипат беруге күш салу керек. Біз Жаңа жылды мемлекеттік деңгейде тойлаймыз. Елбасы бас арналар арқылы Қазақстан халқын құттықтайды, тілек айтады. Елімізде Жаңа жылдың мемлекеттік мәртебесі бар. Ал Наурыз мейрамы әлі де жетім баланың тойы сияқты. Ешкімге керегі жоқ. «Наурыз деген бәле болды ғой» деп өткізіп жатқандай әсер аласың. Шаттанып жүрген адамды көрмейсің. Биліктің өзі осыған баса назар аударып, өз мерекем демейінше, Наурыз халықтық мереке болмайды. Тіпті, осы күні шенеуніктер қарапайым халыққа бір қызмет істеп, табақ тасыса ғой, шіркін?! Сонда ғана билік өкілдері мен қарапайым халықтың арасында байланыс орнайтын ба еді, кім білсін?! Біз осы жерде айғайлап-айғайлап қоямыз, газет-журналдар жазады. Ал бізге мұны реттейтін қоғамдық институттар керек. Бізде қоғамдық институт деген атымен жоқ. Біздің ұлттық құндылықтарымызды көтеретін қоғамдық институттар көп болып, шенеуніктерді арадай талап жатса, олар да именер еді. Атының өзін әлі де дұрыстап қоя алмай жүрміз. Ұлыстың ұлы күні ме, Наурыз ба, білмейміз. Дұрысы – Наурызнама ғой. Осындай дүниелерді реттеп, халықтық сипат беру керек. Ешбір мерекені ән мен күйсіз өткізбейтіні тағы да белгілі. Оғыз қағанның заманындағы Наурыз тойында қобызшы ханның жанына отырып, 362 тармақты күй тартқан екен. Бұл халық пен биліктің арасындағы бірлескен символ секілді ғой. Біздің билік те Наурыз салтанатына осындай бір дүние ойлап табуы керек.   Уақап Қыдырханұлы: – Орыстың жаңа жылының жаңғырығы өшпей, дәрежесі орнынан түспей, Наурыз биігіне көтерілмейді. Ерлан Төлеутай: – Наурыз балалардың мерекесіне айналмайынша, өз қалпына келмейді. Жаңа жыл неге балалардың сүйікті мерекесі? Өйткені ол мерекеде балалардың көңілін көтеретін, оларға сыйлық үлестіретін Аяз ата мен Ақшақар бар. Бізде Қызыр ата дайын тұр емес пе?! Соны дұрыс пайдалана білуіміз керек. Сол арқылы Наурызды балалардың мерекесі қылып, балаларға сый дайындау қажет. Тәттігүл Қартаева: – Наурыз туралы дау-дамайдың көп екендігін осы жердегі әңгімелерден-ақ аңғаруға болады. Ал бұл дау-дамайды, Наурызға қатысты ақ-қараны жаһандану үрдісі енбеген, инновация келмеген, сол Наурыздың қаймағы бұзылмаған кезде өмір сүріп, соны көзімен көргендердің жазып кеткен қолжазбалары ғана шешеді. Наурызға қатысты ең басты қолжазба, ол – Омар Хайямның қолжазбасы. Себебі Омар Хайям наурызды күн мен түннің теңелетін уақытына теңестірген, күнтізбені қалыптастырған, ХІ ғасырда сол күнтізбені жасауға қатысқан тұлға. Ол 1079 жылы күн мен түннің теңелетін уақыты деп Наурызға тоқтаған. Оған дейін парсы абыздары күнтізбені дұрыс есептемегендіктен Наурызды, жаңа жылды тойлау жылдың әр уақытына ауысып отырған. Көктемге, жазға, тіпті күздің қыркүйегіне де сәйкес келген кезі болған. Бірақ ол күнтізбе дұрыс болмай, халықтан салық жинайтын уақыт дұрыс шешілмегендіктен, күнтізбені қайта жасау қолға алынған. Ол күнтізбені жасауға бірнеше жұлдызшылармен бірге Омар Хайямның өзі де қатысқан. Омар Хайямның «Наурызнама» атты қолжазбасының түпнұсқасы Германияның президенттік кітапханасында сақтаулы тұр. Қазақ тіліне аударылғанына бірнеше жыл болды, бірақ біз соны дұрыс насихаттай алмай келеміз. Тіпті, сол Омар Хайямның қолжазбасын жыл сайын баспасөзде қайталап бассақ, халыққа оқытсақ, артық болмайды. Екінші басты бағыт қып алатынымыз – өзіміздің жұлдызшылардың қолжазбасы. Біздің ХІХ ғасырда өмір сүрген Қазыбек атты басты есепшіміз болған. Оны батыс өңірде «Қазыбектің Наурызы» деп айтады. Неге? Ол атақты жұлдызшы, есепші болған. Наурызға байланысты жазып кеткен қолжазбасы бар. Қазыбектің күнтізбесі жайлы орыс тіліне аударып жазған Әбубәкір Диваев. Атақты башқұрт ұлтының өкілі ХІХ ғасырда қазақтың жерінде болып, тілін үйреніп, ел-елді аралап, Қазыбектің күнтізбесі жайында жазып, газетке жариялаған болатын. Үшінші – Абайдың «Наурызнама» жайлы қолжазбасы. Біз жаңа «Наурыздама» деп жазған Абай дедік. Біздің ұланғайыр жерімізде диалектілер, аймақтық ерекшеліктер көп. Бір өңірде «наурыздама», енді бірінде «наурызнама» дейді. Бірақ екеуі де наурызды тойлауға байланысты. Мәшһүр Жүсіптің қолжазбасы да ерекше рөл атқарады. Мәшһүр Жүсіп өзінің көзі тірісінде бала күнінен бастап көз жұмғанға дейін көрген-білгеніне сүйеніп, Наурыздың қалай өтетінін жазып кеткен. Ол кезде ескі Юлиан күнтізбесі ғой. Біз Григориан күнтізбесін 1918 жылдан бастап қолданысқа енгіздік. Ал Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы наурыздың тоғызында жаңа күн, жаңа жыл басталатындығын айтады. «Қазақ» газетінің алғашқы бетінде жыл сайын наурыздың тоғызы күні халықты жаңа жылымен құттықтау лебізі берілген. Наурыз – айдың аты емес, жылдың басындағы күннің аты. Оны айдың атына қазақ халқы айналдырды. Неге айдың атына айналдырдық? «Наурыз» негізінен парсы сөзі. «Наурызнама» деген де парсы сөзі. Сол парсы сөзін қабылдап, байырғы түркілер өзімізге енгізді. Наурыз – жылдың басындағы күннің аты. Қазақшаға аударғанда «ұлы күн», «жаңа күн» деген мағына береді. Ал енді «ұлыс» деген сөз парсы тілінен «жыл» деп аударылады. Демек, «Ұлыстың ұлы күні» «жылдың басындағы бірінші күн» деген мағынаны береді. Қазақтар Наурызды, яғни жаңа жылды бірнеше күн тойлаған. Сол бірнеше күн тойлауын біз бір ай деп айтамыз. Бұл – қазақтың әсірелеп, теңеп айтуынан туындаған. «30 күн ойын, 40 күн тойын тойладық» деп айтып жатамыз ғой. Бұл 70 күн той тойланды деген сөз емес. Байырғы күнтізбелік халықтық білімде жылдың басы 9 наурызға сәйкес келді. Содан кейін Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жазбасында наурызнаманы қалай атап өтетінін жазып кеткен. Ал Омар Хайям парсы елдерінде Наурыздың қалай өтетінін жазады. Парсы елдерінде де Наурызды тойлау 7-8 күнге созылған. Бірақ Омар Хайямның жазбасы отырықшы мемлекеттер қалай атап өткеніне тоқталған. Отырықшы мемлекеттерде Наурызды патшалар атап өткен. Сондықтан Омар Хайям Наурыз мейрамының патша сарайына сәйкес сән-салтанатын жазса, ал Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы көшпелі қазақтың Наурызнамасын жазған. Қазақтың Наурызының өз ерекшеліктері бар. Өзбек, қырғыз, әзірбайжандар мен парсылардың Наурызды мирас еткенін айтамыз. Бірақ олардың дені отырықшы мәдениетті халық. Олардың басты жоралғысы бойынша ғұрыптық асы да – наурыз көже. Бірақ оларда наурыз көже арпа мен ашыған айраннан жасалады. Ал қазақтың наурыз көжесінде сүр еттің қосылуы көшпелі тұрмыспен, қазақтың басты шаруашылығы – мал шаруашылығы болуымен байланысты. Наурыз көжеге қосылатын сүр ет – қыстан қалған сүр ет. Бұл қазақтың қысты аман-есен шығарып салуын паш етеді. Себебі наурыз көже – ғұрыптық ас. Осыны естен шығармаған жөн. Аталған жазба деректердің бір легін алашордашылардың жазба деректері құрайды. Олардың өмір сүрген кезеңі қазақылықтың бұзылмаған кезімен тұспа-тұс келеді. Олар сол Наурыздың тойлануын көздерімен көрген азаматтар. Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллиннің жаңа жылға қатысты өлеңдерін оқысақ, біз Наурызға қатысты дау-дамайдың шешімін табамыз. Бізде қазір сәуір айында, төлдің аяғы ширап қалған уақытта Наурыз мерекесін тойлап жүр. «Наурыздың 22-сінен сәуірдің 22-сіне дейін бір ай Наурыз тойланады екен» деп өзіміз ереже шығарып алдық. Бірақ бұл дұрыс емес. Наурызды сәуір айында тойлауды тоқтату керек. Басты мәселе – әлемдік статусы бар мерекені өз уақытында тойлау. Кенжехан Мұхамедиқызы: – Мектепте сурет пәні бойынша сабақ беремін. Қазақтың ұлттық ою-өрнегінен бастап, сәндік қолданбалы өнерін оқушыларға насихаттап жүрген адаммын. Ұлттық асыл қазынамыз – қазақтың қолөнерімен ұзақ уақыт бойы айналысып келемін. Тәрбие – тал бесіктен. Біз шәкірттерге ата-бабадан жалғасқан мұраны айнытпай, бұлжытпай үйретуге тиіспіз. Бізде түрлі салалық мемлекеттік телеарналар бар. Сол арналарды ашып қарасаңыздар, тек өз бағыттарында ғана хабар таратады. Менің ойымша, Наурызды мемлекеттік деңгейге көтерудің бір жолы – телеарна ашу. «Наурыздан наурызға дейін» немесе «Наурызнама» деген атаумен телеарна ашып, сол арна арқылы қазақтың асыл қазынасын, ұлттық құндылықтарын насихаттасақ, қандай ғанибет болар еді. Осы отырған азаматтар сол телеарнадан ақыл-кеңестерін айтып, ой-пікірлерімен бөліссе, тұшымды дүниенің бәрі жастардың бірі болмаса, бірінің құлағына телеарна арқылы жетер еді. Тыңдаған бала келесі біреуіне айтады, тіпті болмаса, ертеңгі өз ұрпағына айтады. Біздің жұрт 8 наурыздың өзіне алдын ала дайындала бастайды ғой. Ал Наурыз мейрамын театрландырып өткізе ме, басқаша форматты таңдай ма, бұл әркімнің өз дайындығына байланысты. Бір ескеретін жайт, барлық отбасында осы мерекеге деген ерекше ілтипат қалыптасқанда ғана мереке өз биігіне көтеріледі. Алматы қаласында жыл сайын «Алма мерекесі» ұйымдастырылады. Сол мерекеде алманы қандай шаруашылықта өсірді, қалай өсірді деген сынды мәселелер қаралады. «Гүл мерекесі» деген де бар. Ал біздің наурыз көжеміз сол гүл мен алма секілді бола алмай ма? Осыны қолға алсақ, ұлық мейрамда осындай күн белгілеп, телеарна арқылы насихаттасақ, ең болмаса бір адам өз үйінде көріп отырса да, үлгі болар еді. Көлбай Адырбекұлы: – Әлгінде Уақап ақсақал көне заманда наурызды әлемнің көптеген елдері мерекелегенін, кейінгі ғасырларда мұсылман елдері еншісінде қалғанын айтты. Мұсылмандар Наурызда құттықтауды әуелі көршілерінен бастайды. Ал көрші кім? Шариғатта алдыңнан қырық үй, артыңнан қырық үй, оң жағыңнан қырық үй, сол жағыңнан қарық үй көршіге саналады екен. Демек бір ауыл, бір бауыр деген сөз. Ұлыстың ұлы күні – Жаңа жыл басы. Наурыз айында қар кетіп, жер көгеріп, гүлдер шешек атып, табиғат оянып жаңарады. Наурыз мерекесінің ауқымы кең. Ол жайында аз айтылған жоқ. Қазақ «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» дейді. Үш күндік мерекеде әр отбасы өз ауласына тал отырғызса, бабалар аманатын орындап қана қоймай, Наурыздың шырайын кіргізер еді. Жаңабек Шағатай: – Ұлыстың ұлы күні туралы көкейдегі біраз ой айтылды. Ұлттың басын біріктіру – мерекенің басты сипаты. Наурызды қалай, қай деңгейде атап өтуге байланысты тың ұсыныстар ескерусіз қалмайды деген пікірдеміз. Ұлыс оң, ақ мол

Серіктес жаңалықтары