Қараусыз бала – қоғамға нала

Қараусыз бала – қоғамға нала

Қараусыз бала – қоғамға нала
ашық дереккөзі
  Әлемде әр алты сағат сайын бір бала жоғалады екен. Халықаралық құқық қорғау ұйымдарының мәліметіне сүйенсек, жыл сайын Еуропа елдерінде 70 мың бала, АҚШ-та  1,5 млн бала, Ресейде 15 мыңға жуық бала із-түзсіз кетеді. Қазақстан аталмыш елдерден халық саны жағынан әлдеқайда төмен сатыда тұрса да, балалар мен жасөспірімдердің жоғалу көрсеткіші бойынша кем түспей тұр. Елімізде жыл сайын 1,5 мыңға жуық бала жоғалады екен. Олардың  жартысы сәті түсіп табылып жатса, қалғандары жөнінде мүлдем хабар-ошар болмайды. Ең сорақысы, табылған балғындардың тең жартысын ата-анасы жансыз күйінде құшақтайтыны. Бүгінде ата-ана баласын көзден таса қалдырудан қорқады. Өйткені елімізде балалар мен жасөспірімдердің жоғалуы, зорлық-зомбылыққа тап болу деректері тыйылмай тұр. ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика комитетінің дерегіне сүйенсек, 2017 жылдың алғашқы 4 айында 817 адамға іздеу жарияланған, олардың 141-і – балалар мен жасөспірімдер. Іздеу жұмыстарының нәтижесінде 119 бала табылды, қалғандарынан әлі күнге дейін хабар-ошар жоқ. 2010-2016 жылдары елімізде 4798 бала із-түзсіз кеткен. Құқыққорғау органдары олардың 4634-ін аман-есен қамқоршысына табыстады. Ал 77 баланың денесі табылды. Жақында ресейлік журналистер жүргізген зерттеу нәтижесі көрсеткендей, кез келген бейтаныс адамның аулада ойнап жүрген баланы ертіп кетуі үшін 20-30 секунд жеткілікті екен. Балалардың басым бөлігі тәжірибе кезінде санаулы секундтардың ішінде бейтаныс адамға еріп кете барған. Сондықтан бала құқығын қорғаушылар ата-аналарға баланың қауіпсіздігіне барынша мұқият қарауды ескертуде. Өкінішке қарай, біздің қоғамда жоғалған балаларды іздеп табу тек тәртіп сақшылары мен туған-туыстарының шаруасы деген түсінік қалыптасқан. Бірақ мұның қате түсінік екенін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Бұл – бүкіл әлем күресуге дәрмен таппай отырған мәселе. Кейбір дамыған елдерде бала жоғалса, оны табуға азаматтық қоғамның елеулі бөлігі жұмыла кірісіп жатады. Мысалы, 2007 жылы Португалияда үш жасында жоғалған ұлыбританиялық Мадлен Макканның есімін бүкіл Еуропа біледі. Егер кішкентай қызды полиция қызметкерлері ғана іздеп әрі бұл туралы бірді-екілі ақпарат құралдары ғана хабар таратқанда, жоғалған балалардың тағдыры жайлы көп адам хабардар болмас еді. Азаматтық қоғам мен интернет қолданушылар ұшты-күйлі кеткендер жөніндегі ақпаратты қолдап шықпаса, Мадленнің және сол сияқты өзге де жеткіншектердің ендігі тағдыры туралы ойлаудың өзі қорқынышты. 2014 жылдың 14 мамыры күні өткен Еуропа Лигасының матчында интернет қолданушылардың бірі футбол жанкүйерлерінің арасында отырған кішкентай қыздың Мадлен Макканға ұқсайтынын байқап қалады. Сөйтіп, ITV4 телеарнасының кадрын суретке түсіріп алып, әлеуметтік желіге жариялаған. Сурет тез арада қолданушылар арасына тарап, бұл қыздың қаншалықты Мадлен болу мүмкіндігі туралы мәселе қызу талқыға түседі. Жергілікті ақпарат құралдары жоғалып кеткен қыздарының тағдырына қоғамның осыншама назар аударуы ата-анасына дем бергені туралы жарыса жазды. Бізде Мадлен сияқты жоғалып кеткен бүлдіршіндер көп болғанымен, олар туралы көпшілік біле бермейді. Мамандардың ойынша, бұл көп жағдайда әлеуметтік желінің мүмкіндігін дұрыс пайдалана білмеудің және жоғалған баланы іздестіру амалдарын білмеудің кесірі көрінеді. Елде интернет қолданушылардың саны өскенімен, із-түзсіз кеткен балғындарды іздеуге, олар туралы мәлімет таратуға қатысты азаматтық қоғамның белсенділігі төмен. Қайсыбір жылы Алматы тұрғыны Александр Нам еріктілермен бірігіп, жоғалған балаларды іздестіруге арналған poiskdetei.kz сайтын ашты дегенді естігенде сең қозғалды деп қуанған жұрт. Алайда қаржылай қиындықтардың салдарынан портал көп ұзамай жабылып қалды.

Жоғалған балалар қайда жүр?

Биылғы жылдың басталғанына көп уақыт бола қоймаса да, айналасы үш айдың ішінде із-түзсіз жоғалған сәби, қарақшылардың қолынан қаза тапқан бүлдіршіндер, зорлық-зомбылық көрген өскіндер жайлы жайсыз хабардың талайын естіп үлгердік. Жуырда Жамбыл облысының тәртіп сақшылары Таразда 10 жасар балаға іздеу жариялады. Із-түзсіз жоғалған Денис Свиридов 5 наурызда үйден шығып кетіп, қайта оралмаған. Денис – қаладағы №2 орта мектептің оқушысы. Әлеуметтік желілерде таралған хабарламада бала жүру бағытын шатастырып, үйді таппай қалуы мүмкін делінген. Алайда мектеп пен үйдің арасын күнде жол қылған баланы адасты дегенге сену қиын. Ақпан айында Алматы облыстық ІІД екі жасөспірімге іздеу жариялады. 16 жастағы Александра Плигина мен 17 жастағы Нұрбек Сейітхан үйлерінен шыққан күйі қайтып оралмаған. Талғар ауданы, Ақтас ауылында тұратын 16 жастағы Александра үйінен 8 қаңтарда шығып кеткен. Ауылды түгел шарлап, қызын таба алмаған ата-ана оның үйге аман-есен оралатынынан күдер үзе бастаған. Ал Талдықорған қаласында тұратын 17 жастағы Нұрбек Сейітхан үйінен 2017 жылдың 16 желтоқсанында шығып кеткен. Қайда жүргені белгісіз. Іздеу жұмыстары әзірге нәтиже бермей отыр. Бұдан бөлек, жуырда талдықорғандық сақшылар тағы үш жасөспірімді сабыла іздеген. Олардың екеуі де үйінен қашып, ұзақ уақыт хабар-ошарсыз кетті. Өткен жексенбіде полицейлер олардың бірі – 2003 жылы дүниеге келген бозбаланы Алматыдағы базарлардың бірінен тапты. Жасөспірім өзі қатарлас балалармен бірге екі апта бойы көше кезген. Полициядағылардың айтуынша, ол үйінен бұрын да қашқан және осындай әрекетке 6 рет барған көрінеді. Ал із-түзсіз кеткен екінші баланы полицейлер облыс орталығындағы компьютер клубтарының бірінен тапқан. Белгілі болғандай, жасөспірім компьютер ойындарына тәуелділікке ұшыраған және үйінен кеткелі бері қаладағы түрлі клубтарда достарымен бірге ойынның қызығына батып жүрген. 2003 жылы дүниеге келген оқушы қыз да бұрын үйінен қашқан. Ол 13 күн бойы қалада қаңғып жүріп, полиция қызметкерлері арнайы ұйымдастырған рейд барысында ұсталған. Ювеналды полиция қызметкерлері қашқындардың үшеуін де тексерді. Тексеріс нәтижесі бойынша, балалардың ата-аналарына қатысты әкімшілік бағыттағы ықпал ету шаралары қолданылды. Өткен жылдың желтоқсан айында Қызылорда облыстық ІІД қызметкерлері ұйымдастырған рейд кезінде де із-түзсіз жоғалған 13 жастағы екі жасөспірім дін аман табылған еді. Олардың жоғалғаны жайлы хабар полицияға 11 желтоқсан күні келіп түскен. Аталған хабарлама бойынша іздестіру шаралары жүргізіліп, жасөспірімдердің тұрпаттық бейнесі жасалып, сыныптастарынан жауаптар алынды. Үйден кетіп қалуына себеп боларлық жайттар жан-жақты қаралып, баруы мүмкін орындар, ойын-сауық орталықтары, көлік жуу бекеттері, кафе-барлар тексерілді. Полиция қызметкерлері жүргізген рейдтік шараларының нәтижесінде жоғалған жасөспірімдер 13 желтоқсан күні сағат 13.45 шамасында Сабалақ саяжайы аумағынан кезбелікке салынып жүрген жерінен табылды. Полиция олардың ата-аналарына табыстап, балаларына деген бақылауды және жауапкершілікті күшейтіп, қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы шараларды арттыру қажеттігін қатаң ескертті. Бала қауіпсіздігіне келгенде шылбырды бос қоюға болмайтынын ата-ананың ұғатын кезі жетті. Өйткені еліміздің түкпір-түкпірінде орын алып жатқан түрлі оқиғалар баланы бақылаусыз қалдырудың соңы қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін екенін сан мәрте көрсетті. Мәселен, өткен жылдың сәуірінде Ақтөбеде жоғалған тоғыз жастағы баланың денесі өзеннен табылды. 13 сәуірде Жаңа Қоныс ауылында із-түзсіз жоғалып кеткен Біржан Ерсайыновты құтқарушылар, полиция, туыстары және еріктілер бір апта бойы іздеген. ТЖД басшысының айтуынша, іздеу жұмыстарына көктемгі жылы ауа райының әсерінен өзен суының көтерілуі, қатты ағысы және лай су кедергі келтірген. Жіңішке өзенінің суы төмендеген кезде құтқарушылар баланы қамыс арасынан тапты. Бейресми мәлімет бойынша, Біржан мұзға секірген, мұз жарылып, баланы ағыс алып кеткен. Бүлдіршіннің мұзға қайтып шыға алмайтыны және су температурасының төмендігі оның өліміне себеп болуы мүмкін дейді мамандар. Жуырда Шымкентте жоғалған 2 жасар сәбидің ата-анасы да баласының жансыз денесін құшты. Бөбектің денесі Қарасу өзенінің Бадамға құятын тұсынан табылды. 2 жастағы Әлинұр Ерболатұлы 11 наурыз күні Шымкентте тойхананың алдында жоғалып кеткен болатын. Іздеуге 100-ге тарта адам жұмылдырылды. Өкінішке қарай, құтқарушылардың баланы аман-есен ата-анасымен қауыштырамыз деген үміті ақталмады.

Тәжірибе құрбаны болған балалар

Әлемде түрлі саяси һәм ғылыми тәжірибелердің құрбанына айналған балалар да аз емес.  Мәселен, 1950 жылдары Израиль мемлекет ретінде қалыптасқалы бері елдегі балалардың жаппай із-түзсіз жоғалуы көбейген. Кейбір ақпарат балалардың ауруханаларға немесе балалар үйіне әкетілгенін көрсетеді (жергілікті биліктің қатысы болуы да ғажап емес). Тағы бір деректер балаларды түрлі тәжірибелер жасау үшін ата-аналарының келісімінсіз ауруханаларға, орталықтарға алып кеткенін мәлімдейді. Үш ресми зерттеу жоғалған балалардың көпшілігі көз жұмды деген қорытынды жасаған, бірақ жанұяларына өлім сертификаты берілмеген, қайда жерленгендері де айтылмаған. Босана сала медбикелер сап-сау баланы алып кетіп, сәлден кейін оны шетінеді деп хабарлаған оқиғалар да жиі болған көрінеді. Баласын жоғалтқан израильдік ата-аналардың ендігі үміті – ДНК тестке негізделген «MyHeritagе» (менің шежірем) зерттеуі. Ғалымдардың айтуынша, бұл зерттеу арқылы балалары жоғалған отбасыларға олардың тірі немесе көз жұмғанын (аурудан немесе басқа себептен), асырап алынғандығын білуге көмектеседі. Мысалы, 67 жастағы Варда Фокс ДНК тесті арқылы өзінің 1950 жылы шақалақ кезінде Йеменнен асырап алынғандығын білген. Фокстың туған ата-анасы көз жұмған. Бірақ жуырда ол туған апасымен қауышты. Варданың әпкесінің айтуынша, анасына медбикелер ауруханада қызының шетінегенін айтқан. 2016 жылы Al Jazeera жүргізген зерттеу барысында да осындай бірнеше шындық ашылған болатын. Мысалы, Гиль Грунбаум Холокосттан аман қалған ата-анасының шын мәнінде туған ата-анасы емес екендігін тек 1990 жылдары анықтаған. Бірнеше жылдан кейін Израильдің ресми органдарының қарсылығына қарамастан Гиль туған ата-анасы Тунистен қоныс аударған араб еврейлері екенін білді. Өткен жылдың жазында Иерусалимде мыңдаған отбасы бас көтеріп, шындықты білу мақсатында үкіметтен нақты шаралар қабылдауды талап етті. Бұған жауап ретінде Израиль үкіметі балалары із-түзсіз жоғалып кеткен отбасыларға ДНК тестін жасату үшін баласының қабірін ашуға рұқсат беретін заң қабылдады. Өткен айда 17 отбасы аталған рұқсатты алып үлгерді. Көбісі зерттеуден бір нәтиже болып, шындыққа бір табан жақындаймыз деп үміттенеді. Осыдан 1 жыл бұрын қоғам қыспағы астында қалған жергілікті үкімет 50 жыл бойы жасырып келген құжаттарды жариялады. Бұл құжаттарда куәгерлердің сөзі, балалар саудасының расымен болғанын айтқан (Израильдегі баласыз еуропалық еврейлерге немесе шет елдерге сатылған) медициналық қызметкерлер туралы ақпарат қамтылған. «Нәсілшілдік жоғарыдан таралып отырды. Олар балаларды «нашар» ата-анадан алып «жақсы» ата-анаға беріп жатырмыз деп ойлаған болу керек. Ал күннен күнге көбейіп келе жатқан дәлелдерге мән бермей, тып-тыныш отыра беру Израильдің халықаралық имиджіне нұқсан келтірер еді», ‒ дейді израильдік журналист Яль Цадок. Журналистің пікірінше, мемлекеттің осыншама уақыт шындықты жасырып, балаларынан айырылған отбасылардан кешірім сұрамай келуіне экономикалық мүдде себеп болған. «Шындық ашылған жағдайда үкімет арыз-шағымдардың астында қалып, миллиондаған шығынға ұшыраймыз деп қауіптенген», ‒ деп есептейді. Адам тағдырын ойыншыққа айналдырған қоғамның тағы қандай «сыр» бүккенін ойлаудың өзі қорқынышты...