22 Наурыз 2018, 18:33 1952 0 Спорт Әсел ӘНУАРБЕК

Ел сүйсінген Елдос

Екатеринбургте өткен «Үлкен дулыға» турнирінде 60 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін дзюдошы, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, Әлем чемпионы Елдос Сметов алтыннан алқа тақты.

Турнирдің чемпионы атанған отандасымыз финалда ресейлік Ислам Яшуевпен белдесіп, қарсыласын уақытынан бұрын таза жеңді. Ал Елдос алғашқы айналымда тәжік балуаны Мехрзод Суфиевті, екінші белдесуінде бразилиялық Эрик Такабатені жеңген болатын. Жартылай финалда Сметов француз балуаны Валиде Хиярмен белдесіп, оны да жеңді. Жарыстың басынан-ақ Елдос Сметов қарсыластарына өзінің бабында екенін көрсетті. Аяғындағы ауыр жарақатына байланысты талай жарыстан сырт қалған Елдос Сметовтің «Үлкен дулыға» турнирі – биыл қатысқан алғашқы додасы.

Ең алғаш рет Елдос 1998 жылы небәрі 6 жасында Алматы қаласында өткен республикалық чемпионатта жеңімпаз атанды. Бала күнінен спортқа бейім дзюдошы жетінші сыныпта Астана қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорттық мектеп интернатына қабылданады. Бірақ екі жылдан кейін болашақ чемпион Алматы қаласындағы спорттық интернатқа ауысып, жастар арасындағы республикалық чемпионаттарда бақ сынай бастайды. Алғашқы ел біріншілігінде қола медаль, келер жылы күміс медальді еншілеген Елдосты бапкерлер жоғары бағалап, Германияда өтетін жарыстардың біріне аттандырады. Мұнда да сенімді ақтаған жас спортшы осыдан кейін Азия чемпионатына қатысады. Азия елдері арасында өткен біріншілікте ол ел үмітін толық ақтады. Дәл сол жылы жастар арасында өткен әлем чемпионатына қатысып, жеңіс тұғырынан көрінді. 2010 жылы Мароккода өткен әлем чемпионатында Елдос Сметов 55 келі салмақта өнер көрсетсе, 2011 жылы Кейптаундағы әлемдік біріншілікте 60 келі салмақта бақ сынады. Бұл жолы Елдостың қанжығасына біріншіліктің қола медалі бұйырды. Әрине, спортшыға бір жыл ішінде басқа салмаққа ауысу оңай болған жоқ. Өйткені дзюдо спортында салмақ үлкен рөл атқарады.

2012 жылдан бастап Елдос Сметов ересектер арасындағы Қазақстан ұлттық құрамасында өнер көрсете бастады. Әуелде Елдостың ересектер арасында белдесуге салмағының  тым  жеңіл екендігі кедергі болды. Техникасы жеткілікті болғанымен, Елдос қарсыластарынан салмағының аз болуы нәтижесінде жеңілетін. Алайда бұл жайттар ешқашан спортшы жігіттің сағын сындырған емес. 2013 жылы Елдос Бангкокта өткен әлем чемпионатына қатысты. Сонда қола медальге қол жеткізген дзюдошы өзінің оңайлықпен берілмейтіндігін көпке дәлелдеді. Дәл осы жылы Елдос ел қоржынына  талай  алтын жүлде  салды. Түркияның Самсун қаласында өткен Гран при мен Грузия астанасы Тбилисидегі Еуропа кубогында күміс медаль, Польша астанасы Варшавадағы дзюдодан өткен Еуропаның ашық кубогында алтын медаль иеленді.

 

Соңғы жаңалықтар